Рубрика: Әлем жаңалықтары

  • Ғалымдар мәңгілік батарея жасап шығарды

    Ғалымдар мәңгілік батарея жасап шығарды

    Ұлыбритания ғалымдары мәңгілік қуат беретін батарея жасағанын жариялады. Ол бірнеше мың жыл жұмыс істей алады. 

    The Engineer порталының хабарлауынша, серпіліс авторлары Бристоль университетінің және Ұлыбританияның атом энергиясы жөніндегі басқармасының (UKAEA) қызметкерлері. Олар мыңдаған жылдар бойы энергия қуатын сақтауға қабілетті әлемдегі бірінші батарея жасап шығарды.

    Бұл радиоактивті ыдырау нәтижесінде электр энергиясын өндіру үшін көміртегі-14 радиоактивті изотопын қолданатын алмасты батарея деп аталады. Зерттеу тобының айтуынша, әзірлеме аз қуатты құрылғыларды шексіз дерлік қуаттандыруға мүмкіндік береді.

    Мұндай батареяларды медицина саласында (кардиореттеуші және көз импланттарында), сондай-ақ экстремалды жағдайларда, мысалы, ғарышта жұмыс істеу үшін қолданылатын құрылғыларда қолдануға болады.

    «Бұған дейін бұндайды ешкім жасаған емес. Біз сізге батареяларды ауыстыруды ұмыттыратын технологияны ұсына аламыз, өйткені бұл адами стандарттар бойынша сөзсіз мәңгілік жалғасады», — дейді Бристоль университетінің профессоры Том Скотт.

  • Макрон 2027 жылға дейін президент қызметін атқара береді

    Макрон 2027 жылға дейін президент қызметін атқара береді

    Франция президенті ұлтқа жасаған үндеуінде, Мишель Барнье үкіметіне сенімсіздік білдірілгеніне қарамастан, өз қызметін мерзімінің соңына дейін жалғастыруға ниетті екенін айтты

    Макрон өз сөзінде «бес жылдық мандатқа ие екенін» атап өтіп, «соңына дейін толық орындап, мемлекеттің сабақтастығын, институттардың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететінін» айтты. Сондай-ақ, Макрон оппозицияны сынға алып, олар «тек президенттік сайлаулар туралы ғана ойлап отыр» деп мәлімдеді.

  • Елшілік Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтарға үндеу жасады

    Елшілік Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтарға үндеу жасады

    Қазақстанның Оңтүстік Корея Республикасындағы елшілігі қазақстандықтарға үндеу жасады.

    «Корея Республикасы президенті Юн Сок Ельдің әскери жағдай енгізуіне байланысты Корея Республикасында жүрген Қазақстан азаматтарын сабырлық сақтап, жергілікті биліктің ұсыныстарын орындауға және көпшілік іс-шаралардан аулақ болуға шақырамыз», — делінген хабарламада.

    Қазақстан азаматтары төтенше жағдай кезінде жедел байланыс үшін мына нөмірлерге хабарласа алады: +8210-6572-9311.

    Еске салайық, бұған дейін Сеулде қақтығыстар басталғаны хабарланған болатын.

  • Нью-Йоркте 17 жастағы хоккейші матч кезінде қайтыс болды

    Нью-Йоркте 17 жастағы хоккейші матч кезінде қайтыс болды

    17 жасар хоккейші Коннор Касин АҚШ-та қайырымдылық матчында қайтыс болды. Спортшы матч кезінде есін жоғалтып, мұзға құлаған, деп хабарлайды Report агенттігі The New York Post басылымына сілтеме жасап.

    Басылымның мәліметінше, «Лонг-Айленд Шаркс» жастар құрамасының ойыншысы матч арасындағы үзіліс кезінде есін жоғалтқан. Матч оның өткен жылы жол апатынан қайтыс болған сыныптасы Сабрина Навареттиді еске алуға арналған болатын.

    Көрермендер мұзға жүгіріп шығып, дәрігерлер келгенше спортшыға көмектесуге тырысқан. Хоккейші ауруханаға жеткізілген, дәрігерлер оның жаны үзілгенін анықтаған.

    Әзірге өлімнің себебі анықталған жоқ.

  • Қытай соты мемлекеттік банктің бұрынғы басшысын өлім жазасына кесті

    Қытай соты мемлекеттік банктің бұрынғы басшысын өлім жазасына кесті

    Қытай соты мемлекеттік ірі банктің бұрынғы басшысын өлім жазасына кесті. Ол жемқорлық және несиені заңсыз беру баптары бойынша кінәлі танылған, деп хабарлайды Xinhua Finance сайты. 

    Айыпталып отырған Лю Ляньгэ актив көлемі жағынан әлемдегі ең ірі бес банктің қатарына кірген Қытай банкіне басшы болған.

    2023 жылы ол Компартиядан шығарылып, биыл ақпанда қамалған. Оған 121 млн юаннан (шамамен 16,8 млн доллар) астам пара алды деген айып тағылды.

    Сот үкімі екі жылдан кейін орындалады. Үкім бойынша, оның бүкіл мүлкі тәркіленген. Қытай заңы бойынша кейінге қалдырылған өлім жазасы өмірлік түрме жазасымен алмастырылуы мүмкін.

  • Қырғызстанда электронды темекіге тыйым салынды

    Қырғызстанда электронды темекіге тыйым салынды

    Көрші ел президенті тиісті заңға қол қойды. Енді мұнда электронды темекі әкелгендер мен оны пайдаланғандар айыппұл арқалайды. Бұл туралы 24 kz жазды.

    Жеке тұлғалар үшін оның мөлшері – 10 мың сом. Бұл біздің ақшамен 57 мың теңгеден асады.

    Заңды тұлғалар 6 есе көп төлейді. Тыйым салынған затты елге алып кіргендер үшін жаза қатаң. Олар үшін ірі мөлшерде айыппұл, бір жылға дейін түзету жұмыстары, бір жыл белгілі бір іспен айналысуға тыйым салу және екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
     

  • Әлемде құс тұмауы таралып жатыр

    Әлемде құс тұмауы таралып жатыр

    АҚШ-тың Калифорния штатында алғаш рет жаңа туған нәрестеден құс тұмауы анықталды.

    Осыған дейін, вирустың таралуы тек ересек адамдарда кездескен болатын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдары мамандары ауруға бей-жай қарамауға, мал және құс шаруашылығымен айналысатын фермерлерге сақтануға шақырады.

    АҚШ-тың Калифорния штатында алғаш рет H5N1 типті құс тұмауы жаңа туған сәбиден анықталды. Инфекция ауруларды бақылау және алдын алу жөніндегі Федералды орталықта расталды. Мамандар баланың инфекцияны қалай жұқтырғанын анықтау үшін, отбасы мүшелерінен сынақтар алды. Нәтиже теріс болды. Дегенмен, өзге де респираторлық вирустар болуы мүмкін дейді дәрігерлер.

    Жалпы жыл басынан бері, құс тұмауын 55 адам жұқтырған. Оның 29-ы Калифорния штатынан анықталды. Осыған қарамастан, халық үшін инфекцияның таралу қаупі төмен болып қала береді, дейді штат билігі.

    Негізінен вирус құстармен және малмен байланыста болатын фермерлер үшін өте қауіпті. Бірер апта бұрын құс тұмауын канадалық жеткіншек жұқтырды. Ол Британдық Колумбия провинциясының тұрғыны. H5N1 вирусын жұқтыру көзі әлі анықталған жоқ, бірақ бала вирусты жұқтырмас бұрын, ит-мысықпен ойнаған. Артынша, бірден қызуы көтеріліп өзін жайсыз сезінген. Көзі қышып, жөтелі ұлғайған соң ауруханаға жатқызылды. Әзірге жағдайы қалыпты, дәрігерлердің бақылауында.

    Жалпы бұл аймақта жабайы құстар арасында құс тұмауының 26 жағдайы тіркелген. 1960 жылдары ашылған құс тұмауы вирусы ұзақ уақыт бойы адамдарға қауіп төндірмеді. Алайда жағдай 20-ғасырдың аяғында түбегейлі өзгерді. 1997 жылы Қытайдың Гонконг қаласында виурстан алты адам көз жұмды. Содан бері құс тұмауы Азиядан Еуропаға, АҚШ-қа және Африкаға ет-сүт өнімдерін сату арқылы тарады.

    Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, кейінгі 2 онжылдықта 23 елде құс тұмауын 800-ден астам адам жұқтырып, 463 адам қайтыс болған.

  • Украинадағы соғыс: Путин шұғыл мәлімдеме жасады

    Украинадағы соғыс: Путин шұғыл мәлімдеме жасады

    Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың Украинаға Ресей аумағына алыс қашықтықтағы қару арқылы шабуыл жасауға рұқсат бергені туралы түсініктеме берді.

    «Медузаның» хабарлауынша, Путин Украина қарулы күштерінің ATACMS зымырандарымен Ресейге шабуылды жасағанын мәлімдеді. Осыдан кейін «қақтығыс жаһандық сипатқа ие болды», бірақ бұл «арнайы операцияның» барысына еш әсер етпейтінін жеткізген.

    «Біздің әскерлер байланыс шебінің барлық бағытында сәтті алға жылжып келеді. Алдымызға қойған барлық міндеттерді орындаймыз», – деді Путин.

    Сонымен қатар, Путин Ресейдің Днепрге орта қашықтықтағы «Орешник» баллистикалық зымыранымен жауап соққысын жасағанын растап, сынақтың сәтті өткенін айтты.

    «Алдағы сынақтар Ресейге төнетін қауіпке байланысты болады. Егер жағдай ушығатын болса, біз де табанды түрде жауап қайтарамыз. Біз ашық, жария түрде, қарсыластан қорықпай жауап қайтаратын боламыз. Өйткені мұндай қаруға қарсы басқа шаралар жоқ. Қолданыстағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мұндай зымырандарды ұстап қала алмайды», – деді Ресей президенті.

    Сондай-ақ, Путин соққы ядролық емес гипердыбыстық жабдықтағы баллистикалық зымыранмен жасалғанын нақтылады. Ресей орта және шағын қашықтықтағы зымырандарды қолдануды жоспарламағанын, алайда АҚШ-тың осындай әрекеттеріне жауап ретінде бұл шешім қабылданғанын атап өтті.

  • Қазақстандықтарға Украинадан кетуге кеңес берілді

    Қазақстандықтарға Украинадан кетуге кеңес берілді

    Дипломатиялық өкілдік Украинадағы қазақстандықтарға елден кетуге кеңес берді.

    «Украинада артиллериялық атқылау мен әуе шабуылдарының жиілігінің артуына байланысты, қауіпсіздік мақсатында Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігі Қазақстан азаматтарына белсенді ұрыс қимылдары жүргізіліп жатқан жерлерге жақын аумақтарды қалдыру немесе Украинадан кету мүмкіндігін қарастыруды ұсынады»,- делінген ақпаратта.

    Елшілік барлық азаматтарды әуе шабуылы туралы ескертуді елемеуге және дереу баспаналарға баруға, өздерінің қауіпсіздік шараларын сақтауға және ресми органдардың ұсыныстарын орындауға шақырады.

    «Украинадан Қазақстанға бару үшін Қазақстан Республикасының азаматтары жерүсті бағыттарын: Польша немесе Молдова арқылы, одан әрі коммерциялық әуе қатынасын пайдалана алатынын ескереміз. Польша арқылы кеткен жағдайда Қазақстан азаматтарында Шенген визасы болуы керек. Молдоваға кіру үшін виза қажет емес».

    Сондай-ақ, дипломатиялық өкілдік байланыс телефондарымен бөлісті:

    • Елшіліктің консулдық бөлімінің байланыс телефондары: +38(044) 4831596, +38(044) 4891031.
    • Қазақстан азаматтарына арналған сенім телефоны (төтенше жағдай кезінде): +380673470408.
  • WhatsApp пен Instagram-ды Meta-дан бөлу талап етілді

    WhatsApp пен Instagram-ды Meta-дан бөлу талап етілді

    Вашингтон округтік сотының судьясы Meta-ны монополияға қарсы айыптау бойынша АҚШ Федералдық сауда комиссиясына (FTC) келуге міндетті деп шешкен.

    FTC компанияны Instagram және WhatsApp-ты сатып алу арқылы әлеуметтік медиа нарығына үстемдік етті деп айыптайды. Агенттік бұл екі қызметті Meta корпорациясынан бөлуді талап етеді, деп жазды The Verge.

    Meta-ға қарсы талап арыз 2020 жылы қозғалған. Онда компания Instagram мен WhatsApp-ты бәсекелестікті тұншықтыру үшін сатып алды деген болжам бар. Бастапқыда талапты қанағаттандырудан бас тартқаннан кейін FTC 2021 жылы өзгертілген шағым түсіріп, судья Джеймс Боасберг оны қанағаттандырды, — деп хабарлады басылым.

    Сәуір айында Meta соттан FTC-тің талап арызын тоқтатуды сұрады, бірақ Боасберг негізінен FTC пайдасына шешім қабылдады.

    The Verge басылымына берген түсініктемесінде Meta өкілі Кристофер Сгро сот процесі Instagram және WhatsApp-ты сатып алудың тұтынушылар үшін пайдалылығын дәлелдейтініне сенім білдірді.

    Монополияға қарсы сот ісі президент Дональд Трамптың әкімшілігі тұсында қозғалғанына қарамастан, журналистер АҚШ-тың қайта сайланған басшысының жанжалды одан әрі ушықтыра түспесіне сенімді. Оның жаңа әкімшілігі IT нарығындағы бірігулер мен сатып алуларға жұмсақтық танытады деп күтіп отыр.

    Еске сала кетсек, Metaverse-ті іске қосқаннан кейін Марк Цукербергтің байлығы 6 есе артып, 201 миллиард долларға жеткен болатын.