Рубрика: Әлем жаңалықтары

  • Қытай 10G байланысын іске қосты

    Қытай 10G байланысын іске қосты

    Huawei China Unicom компаниясымен бірге Қытайда 9800 Мбит/с жоғары интернетке қосылу жылдамдығын қамтамасыз ететін жоғары жылдамдықты 10G желісін іске қосты.

    Бұл үй желілері үшін стандартты жылдамдықтан асып түседі. Жаңа желі өткізу қабілеттілігін едәуір арттыруға мүмкіндік беретін 50G PON технологиясын пайдаланады.

    Енді әрбір пайдаланушыға 10G жылдамдығы қолжетімді және желідегі кідіріс айтарлықтай төмендейді.

    Қазір Қытайда 5G ұялы байланысы кеңінен қолданылады. 4 млн-нан астам базалық станция бүкіл елді қамтамасыз етіп тұр. Үкімет Ұлттық цифрландыру стратегиясының аясында 10G енгізу мақсатында 168 пилоттық жобаны қаржыландырған.

    Ал, 10G сынақтан өтіп жатқан Сюньань аймағының пайдаланушылары бұрын олардың Wi-Fi желісі бірнеше құрылғылармен күресіп келгенін, бірақ қазір барлығы басқаша жұмыс істейтінін айтты.

  • Рим Папасы көз жұмды

    Рим Папасы көз жұмды

    Рим Папасы Францисктің өмірден озғаны туралы ТАСС ақпарат агенттігі хабарлады.

    Кеше ғана Пасха жексенбісінде Папа Франциск дәстүрлі батасын беру үшін Ватикандағы Әулие Петр алаңына жиналған сенушілердің алдына шыққаны хабарланған еді.

  • АҚШ пен Украина минералдар меморандумына қол қойды

    АҚШ пен Украина минералдар меморандумына қол қойды

    Украина мен Америка пайдалы қазбалар жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

    Бұл туралы Украина экономика министрі Юлия Свириденко мәлімдеді.

    Бүгін АҚШ-пен экономикалық әріптестік туралы ортақ келісімге бір қадам жақындадық. Украина мен Америка Құрама Штаттары біздің топтардың конструктивті ынтымақтастығын және екі халық үшін де тиімді болатын келісімді түпкілікті рәсімдеуге деген ниетті бекітетін меморандумға қол қойды. Алда – келісім мәтінін нақтылап, қол қою кезеңі тұр, – деп жазды Свириденко Facebook парақшасында.

    Еске салайық, Трамп аталған келісімге келесі бейсенбіде қол қойылатынын жария еткен болатын.

  • Прокурор Атамбаевқа 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады

    Прокурор Атамбаевқа 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады

    Бішкекте Кой-Таш ауылындағы 2019 жылдың тамыз айындағы оқиғаларға байланысты сот ісі жалғасуда. Мемлекеттік айыптау Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевқа және оның жақтастарына 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұрады, деп хабарлайды Настоящее Время.

    Атамбаев пен оның бұрынғы оққағары Қанат Сагымбаевқа 11 жыл, ал экс-депутат Равшан Жээнбековке, бұрынғы кеңесші Фарид Ниязовқа және жақтасы Фархат Баабиевке 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы сұралды. Сонымен қатар, бұрынғы депутаттар Асель Кодуранова мен Ирина Карамушкинаға және экс-пресс-хатшы Кундуз Жолдубаеваға үш жыл сынақ мерзімі тағайындалуы мүмкін.

    2019 жылдың 7-8 тамызында Кой-Таш ауылында Атамбаевтың резиденциясына шабуыл жасалып, оны тергеуге жеткізу әрекеті кезінде бір адам қаза тауып, 175 адам жарақат алды. Атамбаевқа бірнеше ауыр айыптар тағылды, соның ішінде кісі өлтіру, тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру, билік өкілдеріне қауіп төндіру, заңсыз қару айналымы және сыбайлас жемқорлық.

    2020 жылы Атамбаев 11 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. 2023 жылы сот оған шетелде емделуге рұқсат берді, бірақ ол Қырғызстанға қайтып оралмады.

  • Мәскеу полициясы қырғыз мигранттарын моншада 5 сағат бойы азаптаған

    Мәскеу полициясы қырғыз мигранттарын моншада 5 сағат бойы азаптаған

    10 сәуірде Мәскеу полициясы қырғыз мигранттары барған «Бодрость» моншасына рейд жүргізіп, келушілерді соққыға жыққан.

     Бұл туралы сол күні моншада болған қырғыз азаматтары мәлімдеді. Әлеуметтік желіде сол күні болған оқиғаның видеосы да тарады.

    Мәскеуде бір айдан астам уақыт такси жүргізушісі болып жұмыс істеп жүрген Әлихан 10 сәуір кешке ағасымен және немере ағасымен бірге моншаға барған. Шамамен жарты сағаттан кейін олар әлдекімдердің есікті қалай сындырып жатқанын естіген және дүрбелең басталған.

    «Адамдар үрейленіп, қашуға тырысты. Біз де қашуға тырыстық, бірақ ешкімнің шығуына мүмкіндік бермеді. Кейін бәрін ұра бастады. Кім ұрып жатқаны түсініксіз — басыңды көтеруге де мүмкіндік жоқ. Олардың қолдарында таяқшалар мен электр шокерлер болды. Барлығын асүйге жинады. Күші бар деген еркектерді бөлді, ал әлсіз не арық көрінгендерді бір бөлмеге қалдырды. Сақалы бар адамдарды жеке алып кетті. Бір ер адамның мұртының жартысын сол жерде қырып тастады. Ол қарсылық көрсеткенде, бетінен ұрды. Біз не үшін ұрып жатқанын түсінбедік — ешкім құжаттарды сұраған жоқ. Бір адам орнынан тұрып, себебін сұрады, оған «Бізге тек сендер ұнамай тұрсыңдар» деп жауап берді», — деді ол.

    Әлиханның айтуынша, ұрып-соғу шамамен бес сағатқа созылып, полицейлер түрлі қорлық көрсеткен.

    «Біреуінің қалтасынан насыбай тауып алды. Сөйтіп сол насыбайды бәрінің аузына тығып, жегізді. Кейбірін қол күрестіріп, жеңілгендерді соққыға жықты. Кейбірінің құжатын жыртып тастады. Киімшең болғандарды бассейнге секіртті. Кейбірінің қалтасындағы ақшаны тартып алды. Бір адамға жарты келі ащы бұрыш жегізді» – дейді Әлихан.

    Оның айтуынша, бес сағаттан соң полицияның лауазымды адамдары келген. Олар болған жайтты туралы сұрақ қойған кезде мигранттарға ешкім тимеген. Куәгердің сөзінше, моншада 60-қа тарта қырғыз азаматы болған. Кейін олардың бәрін түрлі полиция бөлімдеріне алып кеткен. Әлиханды 1-2 сағат ұстап, босатқан. Ал оның күйеу баласы Байназарға айыппұл салған. Ол не үшін айыппұл салғанын түсінбеген.

    Жогорку Кенеш депутаты Жанарбек Ақаев Қырғызстан Мәскеудегі моншада болған оқиғаға назар аударуы керек екенін айтты.

    Осы оқиғадан кейін Ресейдің Қырғызстандағы елшісі Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлігіне шақырылып, оған нота тапсырылды.

    «Ресей тарапына құқық қорғау органдары жүргізген іс-шаралардың негіздері туралы ақпарат беру туралы ресми нота табысталды», – делінген хабарламада.

  • ChatGPT әлемдегі ең көп жүктелген қосымша атанды

    ChatGPT әлемдегі ең көп жүктелген қосымша атанды

    2025 жылдың наурызында ChatGPT қосымшасы TikTok пен Instagram-ды басып озып, әлем бойынша ең көп жүктелген қосымша болды. Appfigures дерегінше, бір айда ChatGPT 46 миллион рет жүктелген — бұл ақпанмен салыстырғанда 28 пайызға көп.

    Instagram екінші, TikTok үшінші орынға түсті. Ал үздік ондыққа WhatsApp, Telegram және Threads та енді. Барлығы 339 миллион қосымша жүктелген — бұл алдыңғы айдан 40 миллионға артық.

    Қосымшаның танымалдығы Studio Ghibli стиліндегі сурет генерациясы мүмкіндігінің жаңаруымен және дауыстық режимнің жетілдірілуімен байланысты. Сонымен қатар, визуалды контент модерациясы жеңілдеген.

  • АҚШ-тың Украинадағы елшісі отставкаға кетті

    АҚШ-тың Украинадағы елшісі отставкаға кетті

    АҚШ-тың Украинадағы елшісі Бриджит Бринк отставкаға кетіп, Вашингтонға оралады. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Тэмми Брюс мәлімдеді, деп хабарлайды АА.

    Дипломат Бриджит Бринктің үш жыл бойы қақтығыс жағдайында қызмет атқарғанын атап өтті. Ол өз жұмысын жоғары деңгейде орындағаны үшін алғыс білдіріп, оған сәттілік тіледі. Алайда, елшінің отставкасының себептері туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілмеді. Брюс АҚШ-тың Украина мен Ресей арасындағы қақтығысты тоқтату бойынша күш-жігерін жалғастыратынын айтты.

    Сонымен қатар, АҚШ азаматтары арасында Ксения Карелина Ресейде бір жылдан астам уақыт қамауда болғаннан кейін тұтқындар алмасу нәтижесінде жақын арада өз еліне оралады. Брюс АҚШ-та Стивен Хаббардтың жағдайы да назардан тыс қалмайтынын атап өтті, ол әлі де Ресейде қамауда отыр. Президент Трамп пен Мемлекеттік хатшы Рубио барлық әділетсіз ұсталған американдықтарды босату үшін жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді.

  • АҚШ-та Siemens өкілдігінің басшысы отбасымен бірге қаза тапты

    АҚШ-та Siemens өкілдігінің басшысы отбасымен бірге қаза тапты

    Нью-Йорк қаласында жеке тікұшақ апатқа ұшырап, Siemens компаниясының Испаниядағы филиалының бас директоры Агустин Эскобар, оның жұбайы мен үш баласы, сондай-ақ ұшқыш қаза тапты.

    Тікұшақ Гудзон өзеніне құлаған. Оқиға ұшқаннан көп ұзамай болған.

  • Дональд Трамп Қытай тауарларына баж салығын 125%-ға дейін арттырды

    Дональд Трамп Қытай тауарларына баж салығын 125%-ға дейін арттырды

    АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан келетін тауарларға импорттық баж салығын 104%-дан 125%-ға дейін көтеретінін айтты.

    Бұл ретте Трамп басқа елдерге қатысты кедендік баж салығына үш ай үзіліс жасады.  Осы уақыт аралығында АҚШ-қа импортталатын барлық тауарға 10%-дық тариф қолданылады.

    «Қытайдың әлемдік нарықтарға құрметсіздік көрсетуіне байланысты Қытайдан алынатын тарифтерді 125%-ға дейін көтеремін. Бұл шара дереу арада күшіне енеді. Бәлкім, алдағы уақытта Қытай АҚШ-ты және басқа елдерді алдауға болмайтынын түсіне жатар», – деп жазды АҚШ президенті Truth Social желісінде.

    Оның сөзінше, әлемнің 75-тен астам елі Вашингтоннан тарифтер бойынша келіссөздер жүргізуді сұраған. Енді бұл мемлекеттерге қатысты қосымша баж салығын енгізу мерзімі шегерілмек. Тиісті мерзім 90 күнге созылады.

    Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт 10%-дық тариф  Қытайдан басқа барлық елге қолданылатынын баса айтты.

    АҚШ Сауда министрі Говард Лютниктің сөзінше, төрткүл дүние президент Трамппен бірге әлемдік саудадағы жағдайды түзеуге дайын.

    «Ал Қытай басқа жол таңдады», – деп мәлімдеді Лютник.

  • Дженнифер Лопес Қазақстанға келеді

    Дженнифер Лопес Қазақстанға келеді

    Бұл туралы әншінің Instagram желісіндегі ресми дереккөзден белгілі болды.

    Америкалық актриса және әнші Дженнифер Лопес гастрольдік сапары аясында 1 тамызда Астанада Astana Arena-да өнер көрсетеді.

    Тур 1 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін жалғасады. Ол әлемнің 17 қаласын қамтиды, соның ішінде: Анталья мен Ыстанбұл, Мадрид пен Барселона, Будапешт, Варшава, Бухарест, Әбу-Даби және т.б. бар.

    — Барлық халықаралық JLovers үшін айтарым, мен осы жазда бірнеше таңдаулы орында өнер көрсетемін. Сахнаға қайта оралып, бәріңізді көргенше асықпын. Бұл таңғажайып жаз болады, — деп түсіндірді Дженнифер Лопес алдағы тур туралы.