Рубрика: Әлем жаңалықтары

  • Ким Чен Ын силиконға қарсы соғыс жариялады: КХДР-де пластикалық операция жасағандарға түрме жазасы қарастырылған

    Ким Чен Ын силиконға қарсы соғыс жариялады: КХДР-де пластикалық операция жасағандарға түрме жазасы қарастырылған

    Солтүстік Корея билігі кеудесін үлкейтуге арналған операциялармен күресті күшейтті. Енді мұндай пластикалық оталар үшін әйелдер мен дәрігерлер еңбек лагерьлеріне жіберілуі мүмкін, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Metro басылымының мәліметінше, елде екі әйел мен оларға ота жасаған дәрігер сот алдында жауап берді. Ол Қытайдан контрабандалық жолмен әкелінген силиконды пайдаланып, операцияларды үйінде өткізген.

    «Социалистік қоғамдағы әйелдер буржуазиялық мінез-құлыққа еліктеп, капиталистік әрекеттер жасауда», — деді прокурор сотта.

    Барлығы «антисоциалистік әрекет» жасаған деп танылып, еңбек-түзеу лагеріне жіберілуі мүмкін.

    Осы оқиғадан кейін Солтүстік Кореяның әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі дене бітімі өзгерген әйелдерді тексеруден өткізуді міндеттейтін нұсқау шығарды.

    Құжатта «социалистік қоғамдағы әйелдер буржуазиялық идеологияның ықпалына түсті» делінген.

    Бұған дейін КХДР билігі джинсы шалбар, татуировка мен «капиталистік» шаш үлгілеріне тыйым салған болатын.

  • Филиппинде жойқын жер сілкінісі мен үшінші тайфун: ондаған адам қаза тапты

    Филиппинде жойқын жер сілкінісі мен үшінші тайфун: ондаған адам қаза тапты

    Филиппинде табиғи апаттар жалғасуда. Себу провинциясында болған магнитудасы 6,9 жер сілкінісінен 22 адам көз жұмды, деп хабарлайды Sona.kz The Guardian-ға сілтеме жасап.

    Жерасты дүмпулерінің эпицентрі Бого қаласынан 17 шақырым жерде болды. Қираған ғимараттардың астынан аман қалғандарды іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Жолдар мен үйлер қирады, электр желілері мен су жүйесі істен шыққан.

    Билік дерегінше, Сан-Ремихио қаласында алты адам, оның ішінде үш жағалау күзетшісі, бір өрт сөндіруші және бала қаза тапты. Қайталанған дүмпулер мен қараңғылық құтқару жұмыстарын қиындатуда.

    Сонымен қатар, елді бір апта ішінде үшінші тайфун шарпыды. CGTN дерегінше, Филиппинде соңғы үш тайфуннан қаза тапқандар саны 37-ге жеткен.

    Филиппин Тынық мұхиттағы «От белдеуі» аймағында орналасқандықтан, мұнда жиі жер сілкінісі мен жанартау атқылауы тіркеледі. Елге жыл сайын шамамен 20 тайфун мен дауыл соғады.

  • Бангкоктың ортасында алып воронка пайда болды: көшенің бір бөлігі 50 метрге дейін құлап түсті

    Бангкоктың ортасында алып воронка пайда болды: көшенің бір бөлігі 50 метрге дейін құлап түсті

    Таиланд астанасы Бангкокта ірі техногендік апат тіркелді, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап. Ваджира ауруханасының алдында жер опырылып, диаметрі шамамен 30×30 метр, тереңдігі 50 метрге дейін жететін алып шұңқыр пайда болды.

    Оқиға 24 қыркүйек күні күндіз болған. Алдын ала деректерге сәйкес, опырылған аумаққа полиция бөлімі орналасқан ғимарат пен салынып жатқан метро нысаны да кірген. Қалалық билік шұғыл түрде эвакуация ұйымдастырып, аурухана пациенттері, полицейлер және жақын маңдағы үйлердің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді.

    Ресми мәлімет бойынша, адам шығыны мен жарақат алғандар жоқ. Қазір құтқару және инженерлік қызметтер аумақты қоршауға алып, топырақтың әрі қарайғы қозғалысын тексеруде.

    Сарапшылардың айтуынша, апатқа жол төсемінің қатты шөгуі мен жер асты қабатының тұрақсыздығы себеп болуы мүмкін. Қалалық әкімдік оқиғаның нақты себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрған.

  • Конор Макгрегор Ирландия президенттігіне түспек

    Конор Макгрегор Ирландия президенттігіне түспек

    UFC-дің бұрынғы қос чемпионы Конор Макгрегор Ирландия президенттігіне кандидат болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Спортшы бұл туралы әлеуметтік желіде жарияланған бейнеүндеуінде айтты. Ол мәлімдемесін Ирландия премьер-министрі кеңсесінің алдында жасап, халыққа тікелей жүгінді.

    «Президент болған жағдайда, халық талқыламаған бірде-бір заңға қол қоймаймын. Егер бюллетеньде менің атымды көргіңіз келсе, жергілікті кеңес мүшелеріне хабарласып, менің кандидатураымды ұсынуды талап етіңіздер», — деді Макгрегор.

    Оның айтуынша, елде үкімет 200 күннен астам уақыт бойы толық құрылмаған. Бұл жағдай қауіпсіздікке, халықтың тұрмыс сапасына және жалпы әлеуметтік көңіл-күйге кері әсер еткен.

    Макгрегор баспанасыз балалар санының өсуіне ерекше назар аударып, оны биліктің балаларды қорғау жөніндегі міндеттемелерін орындамай отырғанының айғағы деп атады. Сондай-ақ ол мигранттар легінің артуын, туризмнің азаюын және көше қылмыстарының өсуін сынға алды.

    Ирландиядағы президент сайлауы 2025 жылдың 24 қазанында өтеді. Қазіргі мемлекет басшысы Майкл Д. Хиггинстің өкілеттігі 11 қарашада аяқталады. Заңға сәйкес сайлау осы күнге дейінгі 60 күн ішінде өтуі тиіс.

    Кандидаттарды ұсыну 5 қыркүйектен 24 қыркүйекке дейін жалғасады. Дауыс беру құқығына 18 жасқа толған және елде тіркелген азаматтар ие.

  • «Ең мейірімді судья» қайтыс болды

    «Ең мейірімді судья» қайтыс болды

    88 жасында американдық судья Фрэнк Каприо өмірден өтті. Ол әлемге әділдігімен әрі мейірімділігімен танылды.

    Ресми Instagram парақшасында Каприоның ұзақ уақыт бойы ұйқы безі қатерлі ісігімен күресіп, өмірден өткендігі айтылды.

    Ол адамдарға деген ерекше көзқарасы үшін «ең түсіністікпен қарайтын судья» атанды. Әлеуметтік желілерде оның соттағы жылы шырайлы бейнежазбалары миллиондаған қаралым жинады.

    Жақындары Фрэнк Каприоны тек құрметті судья ғана емес, сонымен қатар сүйікті жар, әке, ата, дос ретінде есте сақтайды.

  • Өрт Түркияны шарпыды: Османияда орманшы қаза тапты, эвакуация жалғасуда

    Өрт Түркияны шарпыды: Османияда орманшы қаза тапты, эвакуация жалғасуда

    Түркияда орман өрттері: бір адам қаза тапты, жүздеген адам эвакуацияланды

    Түркия аумағында ондаған аймақты шарпыған ірі орман өрттері болып жатыр, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

    Ресми дерекке сәйкес, ең қайғылы жағдай Османия провинциясында тіркелді. Өрт сөндіруге бара жатқанда өрт сөндіру көлігі аударылып, орманшы Адем Назым Демирель көз жұмды. Тағы төрт әріптесі жарақат алып, дәрігерлердің бақылауында.

    Өрттер Кахраманмараш, Измир, Чанаккале, Эдирне, Маниса, Болу және басқа да аймақтарда әлі де жалғасуда. Чанаккаледе 2 220 адам эвакуацияланды, оның 237-сі теңіз арқылы. Барлығы 139 адам зардап шеккен, төртеуі ауруханада жатыр.

    Өртті сөндіруге жүздеген өрт сөндіруші мен еріктілер, сондай-ақ әуе және жерүсті техникасы жұмылдырылған. Билік тұрғындарды ерекше сақ болуға, табиғатта от жақпауға және өрт белгілері байқалған жағдайда дереу хабарлауға шақырады.

  • Трамп үйсіздерді Вашингтоннан көшіруді ұсынды

    Трамп үйсіздерді Вашингтоннан көшіруді ұсынды

    АҚШ президенті Дональд Трамп үйсіздердің ел астанасынан «тез арада» кетуі тиіс екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform.кz-ке сілтеме жасап. Ол қаланы қауіпсіз әрі көрікті ету жоспарын таныстыратынын айтты.

    Мемлекет басшысының сөзінше, үйсіздерді астанадан алыс аймақтарға көшіру жоспарланып отыр. Қылмыс жасағандар қамауға алынады. Бұған дейін, шілде айында, Трамп үйсіздерді ұстау рәсімін жеңілдететін жарлыққа қол қойған еді. Сондай-ақ өткен аптада қалаға қылмыспен күресу үшін федералдық агенттерді жіберу туралы тапсырма берген.

    2022 жылы ол үйсіздерді қаладан тыс, санитарлық және медициналық жағдайы қамтамасыз етілген уақытша лагерьлерге орналастыруды ұсынған болатын. Ал Вашингтон мэрі Мюриэл Баузер соңғы екі жылда зорлық-зомбылық қылмыстарының деңгейі соңғы 30 жылдағы ең төменгі көрсеткішке жеткенін атап өтті.

  • Францияда соңғы 76 жылдағы ең ірі орман өрті тіркелді

    Францияда соңғы 76 жылдағы ең ірі орман өрті тіркелді

    Францияның оңтүстігінде соңғы онжылдықтардағы ең ірі орман өрті тіркелді, деп хабарлайды Sona.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

    Reuters агенттігінің мәліметінше, Од департаментіндегі өрт 15 мың гектар орманды шарпыған. Бұл аумақ Париж қаласының көлемінен де үлкен. Елдің ішкі істер министрі Брюно Ретайо бұл өрт көлемін Францияда соңғы бірнеше жылда тіркелген барлық орман өрттерінің жалпы аумағымен салыстыруға болатынын айтты.

    Франция премьер-министрі Франсуа Байру жағдайды «мысалсыз апат» деп атап өтті. Елде мұндай масштабтағы табиғи апат соңғы рет 1949 жылы тіркелген.

    Өртті сөндіруге жүздеген өрт сөндіруші мен әуе техникасы жұмылдырылған. Әзірге өрттің нақты себебі анықталған жоқ.

  • Сауд Арабиясында аттракцион екіге бөлініп кетті — 23 адам жарақат алды

    Сауд Арабиясында аттракцион екіге бөлініп кетті — 23 адам жарақат алды

    Сауд Арабиясының Таиф қаласында аттракцион апатқа ұшырап, кем дегенде 23 адам зардап шекті.

    Бұл туралы Sona.kz Nur.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

    Жергілікті ақпарат көздерінің мәліметінше, аттракционның тірегі жоғары жылдамдықпен артқа серпіліп, қарама-қарсы тұрған адамдарға соғылған. Кейбірі ауыр жарақат алса, басқалары биіктіктен құлап, түрлі дене жарақатын алған.

    Куәгерлер жағдайды «қорқынышты және түсініксіз» деп сипаттады. Оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция қызметкерлері дереу жетіп, тергеу басталды.

  • АҚШ-та АИТВ-ге қарсы екпе мақұлданды: тиімділігі – 100%-ға жуық

    АҚШ-та АИТВ-ге қарсы екпе мақұлданды: тиімділігі – 100%-ға жуық

    АҚШ-та АИТВ-нің алдын алуға арналған жаңа препарат – “Ленакапавир” мақұлданды. Препарат FDA тарапынан Yeztugo атауымен тіркеліп, клиникалық зерттеулерде жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Профессор Алмаз Шарманның айтуынша, жылына екі рет егілетін бұл екпе бірде-бір әйелде АИТВ жұғу дерегін тіркемеген. Препарат шілде айында ДДСҰ-ның жаһандық профилактикалық жоспарына енді.

    “Бұл – өте маңызды қадам. Ұзақ әсер етеді, қолдануға ыңғайлы, стигманы жеңуге көмектеседі”, – дейді Шарман.

    Екпе 120 елде қолжетімді болуы мүмкін. Ондағы бағасы жылына небәрі $25–46 болады. Алайда дамыған елдерде бұл дәрі жылына $44 000 тұруы ықтимал.

    ❗Айта кетейік, “Ленакапавир” – толыққанды вакцина емес, бұл – кешенді стратегияның бір бөлігі. Вируспен күресте жаппай тестілеу мен әлеуметтік қолдау маңызды болып қала береді.