Рубрика: Аймақ

  • Ақтау қалалық сотының бұрынғы басшысы 9 жылға сотталды

    Ақтау қалалық сотының бұрынғы басшысы 9 жылға сотталды

    Ол пара беріп, алаяқтық жасады деп айыпталды. Шайдуллин 20 миллион теңгеге сотталушыға үкімді жеңілдетуге уәде берген.

    Оған қатысты сот төрт айға созылды. Бастапқыда бұл істі Ақтау қалалық соты қарап, кейін Мұнайлы аудандық сотына берілген.

    «Бүгін Мұнайлы аудандық сотында Бауыржан Шайдуллинге қатысты іске нүкте қойылды. Оған тоғыз жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оның серіктесі – сот орындаушысы Ринат Жанахметов 8 жылға сотталды. Бұрынғы судьядан мемлекет кірісіне оның банк ұяшығынан табылған 16 миллион теңге тәркіленді.

    Ал, жәбірленушілердің сотталушылардан 1 миллион теңге талап еткен талап арызын сот қараусыз қалдырды», – делінген хабарламада.

  • «Айтбек Амангелді бастаған қорғаушылар Шерзаттың отбасын іспен таныстырмаған» – Жан Ахмадиев

    «Айтбек Амангелді бастаған қорғаушылар Шерзаттың отбасын іспен таныстырмаған» – Жан Ахмадиев

    Талғарда кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың ісіне қатысты алдын ала тыңдау бойынша сот отырысы басталады.

    Сот отырысы Талдықорғанда орналасқан Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтіп жатыр.

    Соттың Талдықорғанда өтуінің себебін Шерзаттың отбасының адвокаты Мейірман Шекеев күдіктілердің көбісі осы Талдықорғандағы уақытша ұстау изоляторында отырғандығымен түсіндірді.

    Алдын ала сот отырысынан бұрын журналистерге пікір берген азаматтық белсенді Жан Ахмадиевтің  айтуынша, айыптау фактісі бойынша 9 күдікті бар.

    «Күдіктінің біреуі кәмелеттік жасқа толмаған. Бұзақылық ісі бойынша сотталатын болса айыппұл төлейді немесе 6 жылға бас бостандығынан айырылады. Тергеу барысына көңіліміз толмайды. Осыған дейін бұл іспен айналысқан қорғаушылар болды. Әсіресе, Айтбек Амангелдінің біраз қателігі болған сияқты. Мұны мен емес, Қаржаубай Нұрымовтың отбасы айтып отыр. Тіпті, оларды іспен таныстырмаған да. Тек біздің командаға келгеннен кейін ғана істің мән-жайымен таныса бастады. Қаржаубайдың отбасы бүгінгі сотқа дайын деп те айта алмаймын», – деді Жан Ахмадиев.

    Оның пікірінше, жәбірленуші тарап соттың ашық өткенін қалаған. Алайда, Жоғарғы сотқа «Бишімбаевтың соты сияқты өткізейік» деген ұсыныс жасағанмен, бас тартыпты. Оған себеп – күдікті тарап соттың ашық болмауын қалаған.

    Ал сот процесінің Талдықорған қаласында өтетіні туралы: «Бұл іс негізі Талдықорғанда емес, Қонаев қаласында өтуі керек еді. Меніңше, құқық қорғау органдары мұнда біраз журналистер келмей қалады деп ойласа керек. Басқа ешқандай болжам жоқ»,  – деп жауап берді азаматтық белсенді Жан Ахмадиев.

     

     

    Посмотреть эту публикацию в Instagram

     

    Публикация от SONA.KZ — НОВОСТИ КАЗАХСТАНА (@sonanews.kz)

  • Шымкентте есірткі сатып жүрген кәсіби футболшы мен актер ұсталды

    Шымкентте есірткі сатып жүрген кәсіби футболшы мен актер ұсталды

    Қазақстанның бірнеше өңірінде есірткі қылмысы бойынша бірнеше адам ұсталды.

    Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Шымкент қаласында 1,5 кг а-PVP синтетикасымен Орталық Африка азаматы ұсталды. Ол есірткіні Telegram арқылы сатқан.

    Күдікті Қазақстанға 2020 жылы табыс табу мақсатында келген. Оның жергілікті футбол командаларының бірінде ойнағаны анықталды.

    Сонымен қатар Ақмола облысында 45 жастағы ер адам ұсталды. Оның жол сөмкесінен шамамен 2 кг гашиш табылды. Ол бұрын отандық сериалдардың бірінде қылмыстық топ басшысы ретінде рөл сомдаған.

    Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірхан.

  • ​Түркістан облысында бұрынғы әйелін кепілге алған азамат сотталды

    ​Түркістан облысында бұрынғы әйелін кепілге алған азамат сотталды

    Өткен жылы Сайрам ауданының тұрғыны бұрынғы әйелінің үйіне баса көктеп кіріп, балаларын көрсетпей жүргені үшін мойнына пышақ тақап, өлтіремін деп қорқытқан.

    Аталған азамат бұған дейін сотты болған, лудоманиямен ауырғанына байланысты ажырасқан. Күдікті жәбірленушінің туыстары мен құқық қорғау қызметкерлерінің ескертулерін тыңдамай, оны пышақпен қорқытып аулада тұрған автокөлікті өзіне басқартып, ол жерден бой тасалаған.

    Сол күні арнайы іс шара жүргізу барысында күдікті Шымкент қаласында ұсталып, жәбірленуші кепілден босатылды.

    Сот барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушыны бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сот жоғарыда аталған мән-жайларды ескере отырып, алдыңғы үкім бойынша өтелмеген 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасын ішінара қосып, түпкілікті 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

    Сот үкімі заңды күшіне енген.

  • Ақбөкен өлексесі 14 мыңға жетті

    Ақбөкен өлексесі 14 мыңға жетті

    Кеңгір су қоймасында жиналған ақбөкендердің 14 мың өлексесі жойылды.

    Ұлытау облысындағы Кеңгір су қоймасының Водосброс және Спутник саяжайы маңында ақбөкен өлекселерін жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Залалсыздандыру жұмыстарына 145 адам және 67 техника қатысқан.

    «Кеңгір су қоймасын өлекселерден тазарту жұмыстарын төтенше жағдайлар органдарының қызметкерлері арнайы техникалармен жүргізіп жатыр. Жергілікті тұрғындар да елді мекендерді өлекседен тазартуға үлес қосып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Іс прокуратура органдарының ерекше бақылауында», – деп хабарлады облыстық прокуратура.

    Кеңгір су қоймасы – өңірдегі энергетика мен суландырудың негізгі су реттегіші. Су қоймасы 1952 жылы салынған, оның көлемі 319 млн текше метр болады.

  • Қонаевта 28 отбасы қоныс тойын тойлады

    Қонаевта 28 отбасы қоныс тойын тойлады

    Қонаев қаласында кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы отбасыларға пәтер кілттері табысталды. Тұрғындарды қоныс тойымен құттықтаған қала әкімі Асхат Бердіханов:

    «Қонаев қаласында тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүруде. Онымен қоса, халықты баспанамен қамту мәселесіне де аса ден қойылуда. Былтырдан бері 165 отбасыға пәтер кілттері табысталса, бүгін 28 отбасы қуанышқа кенелейін деп отыр. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, біртуар азаматтарымыздың 90-100 жылдығы тойланып, Жұмысшы мамандықтар жылына орай бірқатар іс-шаралар жүзеге аспақ. Осы атаулы күндермен қатар сіздер де көптен күткен пәтерге ие болдыңыздар. Шаңырақтарыңыздың іргетасы мықты, керегесі кең болсын! Ішінде тек қана татулық пен береке, қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын!», – деді.

    Қуаныш иелерінің атынан Ғалия Момбекова сөз алып, жиналған жұртқа ақжарма тілегін арнады.

    «Біз секілді жанұяларға қолдау көрсеткен Президентімізге, облыс әкімі мен қала әкіміне алғысым шексіз! Бұл күнді өте ұзақ күттік! Іштей толқып, кеудемді керемет сезімдер билеуде! Әр жанұяға биылдан қалмай, үйлі болуын тілеймін! Той тойға ұлассын!», – деді ол.

    Айта кетейік, бұл пәтерлер жекешелендіру құқығынсыз жалға беріледі. Жалға алу құны барша азаматқа қолжетімді.

  • Қостанайда «Сергек» жүйесі талапқа сай жұмыс істемеген

    Қостанайда «Сергек» жүйесі талапқа сай жұмыс істемеген

    Себебі — қалаға орнатылған «Сергек 2.1» жүйесі сертификатталған нұсқаға сай болмаған. Сот компанияның техникалық талаптарға сәйкестігін дәлелдейтін құжаттар ұсынбағанын айтты.

    Ал компания сот шешімімен келіспейді. Олар құрылғының тек сыртқы көрінісіне қарап шешім шығару дұрыс емес екенін айтып, апелляция дайындап жатыр.

  • Шу қаласында көпқабатты үй өртеніп, 180 адам эвакуацияланды

    Шу қаласында көпқабатты үй өртеніп, 180 адам эвакуацияланды

    Кеш хабарланғандықтан, өрт үлкен аумақты қамтыды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді.

     «Өрт сөндірушілер келген кезде өрт үйдің шатырына таралып кеткен еді. Кеш хабарланғандықтан, өрт үлкен аумақты қамтып үлгерді. Қызметкерлер өртті сөндіруге кірісті. 180 адам эвакуацияланды. Сондай-ақ 4 газ баллоны далаға шығарылды. Өрт орнында үздіксіз су беру ұйымдастырылды. Оқиға орнынан 1 шақырым қашықтықта мектеп базасында эвакуациялау пункті ашылды. Қабылданған шаралардың арқасында оттың бесінші қабатта орналасқан пәтерлерге таралуына жол бермей, 750 ш. м. алаңда сөндірілді», – делінген өңірлік ТЖД хабарламасында.

    Өрт салдарынан зардап шеккендер жоқ.

    Қазіргі таңда өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр.

  • «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да 28 жоба пайдалануға берілді

    «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да 28 жоба пайдалануға берілді

    Жетісу облысының Қытаймен шекаралас аумағындағы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында бүгінге дейін 28 жоба пайдалануға берілді, тағы 40-тан астамы іске асырылу сатысында.

    Тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 113,3 млрд теңгеден, ал белгіленген жобалардың жиынтық құны 682 млрд теңгеден асады. Аймақта қазірдің өзінде 1000-нан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды. Бұл туралы жуырда Панфилов ауданында ұйымдастырылған пресс-тур барысында белгілі болды.

    Журналистер «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА-дағы инвестициялық жобалармен танысты. Оның аумағында күн панельдерін, болат бұйымдарын, тоқыма өнімдерін, құрама жем, подгузник, кофе және тағы басқаларын шығару өндірісі жолға қойылғалы бірнеше жыл болған.

    «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да Сингапур брендімен танымал «MacCoffee» 3х1 шай және кофе шығаратын «Empire Manufacturing Kazakhstan» ЖШС компаниясы 6 млрд теңгеден астам сомаға инвестициялық жобаны іске асыруда. Дайын өнім Қазақстанның ішкі нарығына жеткізіледі, содан кейін бірқатар таяу шетелдерге экспортталады.

    Ал «Майами Solar» ЖШС компаниясы күн батареяларын өндіруге 1,260 млрд теңге инвестиция салды. Зауытта 67 адам жұмыспен қамтылған. Күн панельдерін шығаруда еуропалық ең озық технологиялар мен жабдықтар қолданылады. Жобаның қуаттылығы жылына 100 Мвт күн панелін өндіруге жетеді. Барлық өнім АҚШ пен Еуроодаққа мүше елдерге экспортталады. Алғашқы дайын тауар легі наурыз айында АҚШ-қа жөнелтілді.

    Арнайы экономикалық аймақта орналасқан нысанның бірі – жылдық қуаты 60 мың тоннадан асатын «SSA Feed Mills» ЖШС құрама жем зауыты. Бір айда мұнда жүгеріден, бидайдан, бидай кебегінен, арпадан, соядан және т. б. 20-дан астам шикізат түрінен 250 тоннадан астам сапалы өнім шығарылады.

    «Standard Steel KZ» ЖШС металл плиткаларын, гофрленген тақтайшалар мен металлосайдинг шығарады. Жобаның құны — 37 млрд теңге. Толық қуатына шыққанда зауыт тәулігіне 10 тонна металл бұйымдарын өндіреді деп жоспарланып отыр.

    Баспасөз турының соңында тілшілер қауымы Қазақстан-Қытай шекарасындағы Алтынкөл теміржол станциясына барды. Бұл теміржол магистралі – еліміздің көлік саласының халықаралық маңызы бар орасан зор жобасы, әрі Қазақстан мен Қытай арасындағы екінші теміржол өткелі. Станция тасымалдау көлемін ұлғайта отырып, Қытайдан Еуропаға, Парсы шығанағы мен Орталық Азия елдеріне мыңдаған контейнерлер жібереді.

    Атап өтсек, бүгінгі таңда «Қорғас — Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында 70 қатысушы тіркелген. Оның ішінде 28 жоба пайдалануға берілді, тағы 40-тан астамы іске асырылу сатысында. Тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 113,3 млрд теңгеден, ал белгіленген жобалардың жиынтық құны 682 млрд теңгеден асады. Аймақта қазірдің өзінде 1000-нан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды, жаңа өндірістер іске қосылғаннан кейін олардың саны 5000-нан асады деп күтілуде. Өндірілген өнім көлемі 81,6 млрд теңгені, ал түрлі деңгейдегі бюджеттерге түсетін салық түсімдері 9 млрд теңгеден асты.

  • Теміртауда қарт кісіні аяусыз ұрып-соққан жасөспірімдер қамалды

    Теміртауда қарт кісіні аяусыз ұрып-соққан жасөспірімдер қамалды

    Теміртау қаласында қарт кісінің үйіне баса-көктеп кіріп, ұрып-соққан жасөспірімдер екі айға қамауға алынды.

    Теміртау қаласында зейнеткерге қатысты жасалған құқыққа қайшы әрекеттер фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабы 3-бөлігінің 3) тармақшасына (тонау) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

    Күдікті ретінде танылған 9 адамның барлығы, оның ішінде  кәмелетке толмаған 7 адам, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 131-бабына сәйкес ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қатысты Теміртау қалалық соты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.

    Бұлтартпау шарасының ең қатаң түрінің таңдалуына қылмыстың ауырлығы негіз болды.

    «Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауапкершілік он төрт жастан бастап туындайтынын атап өту қажет.

    Қазіргі уақытта іс бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды, жан-жақты және объективті тергеу жүргізілуде.

    Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамауына байланысты күдіктілердің ата-аналарына қатысты да қылмыстық іс қозғалды. Бұл факті бойынша бөлек тергеу жүргізілуде.

    Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге ақпарат жария етуге жатпайды», — делінген облыстық прокуратура хабарламасында.