Рубрика: Аймақ

  • Риддер қаласында жұмыс уақыты бір сағатқа шегерілді

    Риддер қаласында жұмыс уақыты бір сағатқа шегерілді

    Кеншілер шаһарында мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар және әлеуметтік қызметтер үшін жұмыс кестесі өзгерді. Енді жұмыс күні сағат 08:00-ден 17:30-ға дейін жалғасады. Ал түскі үзіліс 12:00-ден 13:30-ға дейін белгіленді.

    Демек, осындай жаңашылдық облыстағы 13 қала, ауданның 12-сінде енгізілді. Бұл бастама еңбек үдерістерін оңтайландыруға және аймақтың климаттық жағдайларын ескере отырып, жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған. Алайда бұл өзгеріс мектептердің, балабақшалардың және медициналық мекемелердің жұмысына әсер еткен жоқ.

    Риддерліктердің пікірінше, жаңа жұмыс кестесі ыңғайлы.

    «Бұл – дұрыс және уақтылы шешім. Біріншіден, таңертең қараңғыда жұмысқа бармайтын болдық. Екіншіден, таңғы уақытта өнімділік жоғары, жұмыс істеу жеңілірек әрі жылдамырақ», – дейді қала тұрғыны Ляззат Шаяхметова.

    Риддер қаласы әкімінің орынбасары Болат Акужанов жаңа жұмыс кестесі тұрғындармен мұқият талқыланғанын атап өтті. «Біз жергілікті халықпен бірқатар кездесу өткізіп, бұл мәселені жіті талқыладық. Қала тұрғындары бастаманы қолдады», – дейді ол.

    Еске салсақ, бұған дейін Катонқарағай ауданында жұмыс уақыты бір сағатқа кері шегерілгені хабарланған.

  • Жамбыл облысында екі ағасы 6 жыл бойы зорлаған 13 жастағы қыз босанды

    Жамбыл облысында екі ағасы 6 жыл бойы зорлаған 13 жастағы қыз босанды

    Балалар омбудсмені Динара Зәкиева зорлық-зомбылықтың құрбаны болған балалар туралы айтты.

    «Жақында Жамбыл облысына барып, 13 жасында босанған қызды көрдім. 6 жыл бойы оны екі ағатайы зорлап келген. Түркістан облысында 13 пен 15 жас аралығында босанған 16 кәмелетке толмаған қыз балалар тұратын орталықта болдым. Олардың барлығы да ағаларының, ағатайларының және де басқа туыстарының тарапынан зардап шеккен. Көбі оларға қарсы қылмыс жасалып жатқанын түсінбеген. Олар барлық бала бүкіл отбасында осылай өмір сүреді деп ойлады», – деді омбудсмен Сенатта өткен дөңгелек үстелде.

    Оның сөзінше, әлемдік тәжірибеде зорлық-зомбылықтың алдын алудың әртүрлі тәсілдері қолданылады. Десек те, барлық профилактикалық шаралар отбасымен жұмыс, балалардың өзін-өзі қорғауы, ақпараттандыру, тиісті инфрақұрылымның болуы, құқықтық базаны нығайту секілді маңызды тетіктерден тұрады.

    Динара Зәкиева ел бойынша 112 отбасын қолдау орталығы ашылғанын айтты. Тағы 109 ауданда осындай орталықтарды құру жұмыстары жалғасып жатыр.

  • Түркістан облысында 22 адам сушидан уланды

    Түркістан облысында 22 адам сушидан уланды

    Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қалалық орталық ауруханаға сушидан уланған 22 адам жатқызылды.  Оларға «тағамдық токсикоинфекция» диагнозы қойылған.

    «Ем қабылдап жатқан науқастардың жағдайы қалыпты. Барлығы оқшауланған палаталарға жатқызылып, ем тағайындалды, дәрі-дәрмек жеткілікті», – деп мәлімдеді басқарма.

    Осы жағдайдан кейін Түркістан қаласының полиция басқармасы дәмхананы мөрлеп, жауып тастады. Адамдардың жаппай улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

    Ондағы қызметкерлердің медициналық кітапшалары болмай шықты. Кейбірінің құжатының мерзімі өткені анықталды. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Ал жағдайы біршама жақсарған науқастар үйіне қайтарылды.

  • Қонаевтағы Бөлек ата кесенесі мемлекетке қайтарылды

    Қонаевтағы Бөлек ата кесенесі мемлекетке қайтарылды

    Аталған нысанды орналастыру үшін алаңы 1,5941 га жер учаскесі 2004 жылы Қапшағай қаласы (қазіргі Қонаев) әкімінің қаулысымен жеке меншікке «Бөлек батыр Жалайыр» Қоғамдық қоры ЖШС-не берілген.

    Ал 2022 жылғы 26 тамыздағы Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен «Бөлек батыр Жалайыр» қоғамдық қоры мәжбүрлі түрде жойылған. Арада бір жыл өткен соң нысан иесіз мүлік ретінде есепке алынған.

    Осыған байланысты Қонаев қаласының әкімдігі сотқа жүгінген. Әкімдік нысанды иесіз және коммуналдық меншікке түскен деп тану туралы уәж айтқан. Ал үшінші тұлғаның өкілі бұл талаппен келісіп, мемориалды кешеннің маңызы зор және оны күтіп ұстау үшін шығындар қажет екенін, қазіргі таңда кешеннің қараусыз екенін көрсеткен. Сот ҚР қолданыстағы заңнамаларына сәйкес, әкімдіктің талабын қанағаттандырып, нысанды мемлекет меншігіне қайтаруды ұйғарды.

    Бұл кешен мәдениет бөлімінің иелігіне өтіп, мемлекет қорғауында болады.

  • Талдықорғанда көп балалы ана кісі қолынан қаза тапты

    Талдықорғанда көп балалы ана кісі қолынан қаза тапты

    Қылмыстық іс туралы сол ауылдың тұрғындары хабарлаған. Ал осы оқиға бойынша Orda.kz редакциясы Жетісу облысының полиция департаментінен жауап алды.

    «Ескелді ауданының полиция бөлімі ішімдік ішу кезінде жасалған кісі өлтіру туралы қылмыстық істі тергеп жатыр. Күдікті ұсталды және қамауда отыр. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында», – деп жауап берді олар.

    Сондай-ақ, құқық қорғау органдары алкогольді шамадан тыс пайдалану қайғылы салдарға әкелуі мүмкін екенін еске салады.

  • Талдықорған әкімдігі қаладағы газ жарылысына қатысты түсініктеме берді

    Талдықорған әкімдігі қаладағы газ жарылысына қатысты түсініктеме берді

    Соңғы үш айда Талдықорғанда газ-ауа қоспасының екі рет жарылысы болды. Sona.kz редакциясы тергеу барысы мен осындай төтенше жағдайдың алдын алу шаралары туралы білу үшін редакция әкімдікке сауал жолдаған болатын.

    Алайда, билік өз жауабында тергеудің егжей-тегжейі туралы ақпарат беруден гөрі алдын алу жұмыстарын тізіп берген.

    Әкімдіктің ресми жауабында 2025 жылы қалада газбен жабдықтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бес профилактикалық іс-шара жүргізілгені хабарланды. Тексерулерге тұрғын үйлер, сондай-ақ коммуналдық шаруашылық нысандары – дәмханалар, мейрамханалар мен жанармай құю станциялары қамтылды. 

    Осы іс-шаралардың нәтижесінде жанар-жағармай құю бекеттерінде тұрмыстық газ баллондарын толтыруға тыйым салатын 10 хабарлама беріліп, қауіпсіздік талаптарын бұзған үш дәмхана иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

    Сондай-ақ әкімдікте қала тұрғындарына газды қауіпсіз пайдалану туралы жаднамалар таратылып, кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Алайда бұл шаралардың қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсетеді.

    Тергеу барысы туралы әкімдіктің ресми жауабы да қысқа болды: Қылмыстық іс Жетісу облыстық полиция департаментінің тергеу бөліміне берілді. Қазіргі уақытта іс  аяқталмаған.

    Осылайша, жергілікті билік алдын алуды басты назарда ұстайтынын айтса да, бірақ бұл шаралар нақты нәтиже бере ме немесе болашақта осындай қайғылы оқиғаларды болдырмау мүмкін бе?

  • Қонаев қаласы: Қоғамдық орындарды ластаған 39 азаматқа айыппұл салынды

    Қонаев қаласы: Қоғамдық орындарды ластаған 39 азаматқа айыппұл салынды

    Қонаев қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында шаһардағы тазалық мәселесіне аса көңіл бөлінуде. Заңсыз қоқыс үйінділерін жою, ҚР заңнамасы шеңберінде бекітілген ережелерді бұзған тұлғалармен түсіндірме жұмыстарын жүргізу, айыппұл салу шаралары қолға алынған.

    Мысалы, 1-8 наурыз аралығында ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабына (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) сәйкес, 39 хаттама толтырылып, 766 мың теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Одан бөлек, ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабына (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) сай, 92 жеке және заңды тұлғаға 943 680 теңге айыппұл салынды.

    Қонаевта «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кестеге сай, күнделікті сенбіліктер ұйымдастырылуда. Әкімшілік нысандардың, мектептердің, кәсіпкерлік нысандардың төңірегі тазартылуда. Одан бөлек, пәтер иелері кооперативтері аулаларды қоқыстан тазартуда. Жалпы Қонаевта 109 бірыңғай байланыс нөмірі іске қосылған. Тұрғындардан тазалық бойынша түскен өтінімдер коммуналды қызмет көрсетуші компаниялармен бірден орындалуда. Азаматтардан қоқысты арнайы орындарға тастауларын сұраймыз. Аталғандардан басқа, полиция басқармасы ҚР ӘҚБтК-нің 434-2 және 505-бабына сәйкес, хаттамалар толтырып, ережені бұзғандарға айыппұл салуда. Бұл шараның барлығы азаматтар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру үшін қолға алынған.

    Аталған бағыттағы жұмыстар ары қарай да жалғасады.

  • Жетісу облысының Ақсу ауданында көпірді су шайып кетті

    Жетісу облысының Ақсу ауданында көпірді су шайып кетті

    Ақсу ауданында «Жансүгіров-Матай» автожолының 34-шақырымында су өткелінің тозуына байланысты темірбетон құбыры мен жол төсемінің бір бөлігі қирады.

    Ақсу аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, ТҮИ бөлімінің басшысы Мадияр Нұрахметов бұл ақпаратты растады.

    «Облыстық маңызы бар Ақсу-Ойтоған ауылдарының арасындағы автомобиль жолында орналасқан көпір күннің күрт жылынуы себепті, қар суы көпірді шайып кетті. Қазіргі уақытты тиісті жол қозғалысы шектелді, қалпына келтіру шаралары бойынша мамандар жұмыс істеуде», – деді ол.

    Кейіннен аудандық бөлім басшысы жол қозғалысы қалпына келтірілгенін мәлім етті.

    –  Ақсу-Ойтоған ауылдарының арасындағы жол қалпына келтірілді. Қазіргі таңда арнайы белгілер қойылып, кезекшілік ұйымдастырылды. Жол ашық. Құрметті жолаушылар аталған жол учаскесінде жылдамдықтың қатаң сақтауды сұраймыз, – деп ескертті Нұрахметов.

  • Оңтүстікте жер сілкінді

    Оңтүстікте жер сілкінді

    ТЖМ хабарлауынша, жер сілкінісінің ошағы Түркістан облысы Келес ауданы Абай ауылынан 16 км қашықтықта орналасқан.

    ҚР ТЖМ «ННЦСНИ» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2025 жылғы 12 наурызда Астана уақытымен 6 сағат 15 минутта жер сілкінісі тіркелді. «Жер сілкінісінің ошағы Өзбекстан Республикасының аумағында Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 684.00 км жерде орналасқан. (Түркістан облысы Келес ауданы Абай ауылынан 16 км қашықтықта). Келес ауданының Абай ауылында 3.0 б., Сарыағаш ауданының Сарыағаш қаласында 3.0 б. шамасында болған. Зардап шеккендер мен қираулар туралы мәлімет түскен жоқ», – делінген хабарламада.

    ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ мамандары өзен арналарын, гидротехникалық құрылыстарды, көшкін қауіпті және сел қауіпті учаскелерді зерттеу бойынша мониторинг жүргізді. Сондай-ақ, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын аралап, тексерді.

    «Тексеру нәтижелері бойынша зақымдану табылған жоқ, қазіргі уақытта аталған объектілер штаттық режимде жұмыс істейді. Қираулар мен зардап шеккендер туралы мәлімет түскен жоқ. Жағдай тұрақты», – деп атап өтті ведомство өкілдері.

     

  • ​Павлодар әуежайы 1 сәуірде жабылады

    ​Павлодар әуежайы 1 сәуірде жабылады

    Облыс орталығының әуежайында қайта жаңғырту жұмыстары 1 қарашаға дейін жалғасады, деп хабарлайды Aviasales.

    Қайта жаңғырту жұмыстарының қатарында ұшу-қону жолағын кеңейтіп, күту аймағын ұзарту, эскалатор орнатып, ұшып кету және ұшып келгенде тексеру аймақтарын бөлу жұмыстары жоспарланған.

    Бұл жаңғырту жұмыстарын жүргізбей әуежай келесі жылға ұшу сертификатын ала алмайды және рейстерге қызмет көрсете алмайды.