Рубрика: Аймақ

  • БҚО-да шенеунік пара алғаны үшін 7 жылға сотталды

    БҚО-да шенеунік пара алғаны үшін 7 жылға сотталды

    Орал қаласында қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы А. Ташенбаевқа, оның қарамағындағы – бас маман Н. Ғатауға және «Алиханстройпроект» ЖШС директорының орынбасары А. Купбаевқа қатысты үкім шығарды.

    Тәшенбаев аз қабатты көппәтерлі тұрғын үйлер салу бойынша эскиздік жобаларды келіскені және сауда-саттықсыз жер учаскесін заңсыз беру жолымен лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін Купбаевтан жалпы сомасы 1,5 млн теңге пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

    Ғатау жер учаскесін іріктеу актісін келіскені үшін Купбаевтан 500 мың теңге сомасында пара алғаны және мемлекеттік қызметтер порталына құрылыстың болмауынсыз жер учаскесін кеңейту туралы құжаттарды заңсыз енгізу жолымен лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды.

    «Тәшенбаев пен Ғатау тиісінше 7 және 3,5 жылға, ал пара беруші 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Олардың барлығы өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан айырылған.

    Сот актісі заңды күшіне енген жоқ. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі», — делінген Антикор хабарламасында.

  • Шығыс Қазақстанда тағы бір ауыл ішімдіктен мүлдем бас тартты

    Шығыс Қазақстанда тағы бір ауыл ішімдіктен мүлдем бас тартты

    Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданына қарасты Жалғызтал ауылының тұрғындары ішімдік ішуден толықтай бас тартты.

    150 тұрғыны бар 30 үйден тұратын елді мекен ресми түрде «ішімдіксіз ауыл» мәртебесін алды.

    «Бұл бастама қылмыстың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған шаралардың бір бөлігі. Жергілікті тұрғындар дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтап, қоғамдағы қауіпсіздікті нығайту үшін саналы түрде ішімдіктен бас тартты», – деп мәлімдеді ШҚО полиция департаменті.

    Құқық қорғау органдарының мәліметінше, соңғы үш жылда ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Полицейлер құқық бұзушылықтардың басым бөлігі мас күйінде жасалатынын атап өтіп, Жалғызтал тұрғындарының бастамасын қолдайтынын айтты.

    Жалғызтал – облыста алкогольден ресми түрде бас тартқан алтыншы ауыл. Жергілікті халық бұл шешімді тыныш әрі салауатты өмірге жасалған маңызды қадам деп есептейді және олардың бастамасы басқа қазақстандықтарға үлгі болады деп сенеді.

  • Полиция 28,4 млн теңгені аударған киберқылмыскерлерді ұстады

    Полиция 28,4 млн теңгені аударған киберқылмыскерлерді ұстады

    Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында ірі көлемдегі алаяқтық дерегі анықталды.

    Тергеу кезінде Д. есімді азаматтың депозиттік есепшотынан 28,4 млн теңге белгісіз адамдардың есепшоттарына заңсыз аударылғаны анықталды.

    Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру шаралары барысында Астана қаласында үш адам ұсталды.

    Олардың екеуі – Ақтау қаласының, біреуі – Қарағанды облысының тұрғыны.

    Тергеу нәтижесінде күдіктілердің есепшотына жәбірленушінің ақшасы түскені белгілі болды.

    Қылмысты ұйымдастырды деген күдікке ілінген Ақтау қаласының тұрғыны жасырынып жүрген жерінен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

    Қазір тергеу жалғасып жатыр.

  • Қыз зорлаған 17 жасар жігітке үкім шықты

    Қыз зорлаған 17 жасар жігітке үкім шықты

    Түркістан облысында 14 жасар қызды зорлаған 17 жастағы жасөспірімге қатысты жаңа үкім шықты. Айыпталушы 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

    #НеМолчиKZ қорының басшысы Дина Таңсәрі істің жай-жапсарын баяндады. Оның айтуынша, бірінші сатыдағы сот құқық бұзушыға қысқа мерзімге үкім шығарды, ал апелляциялық шағым жазаны бас бостандығын шектеуге ауыстырды.

    Бірақ Жоғарғы сот апелляциялық соттың шешімін бұзып, істі қайта жіберді.

    «Апелляциялық сот 14 жастағы қызды зорлаған жігітке қатысты шешімді қайта қарады. 17 жастағы жасөспірім қызды зорлап, өзін-өзі өлтіремін деп қорқытқан. Бұл іс 2023 жылдан бері жалғасып келеді. Біз барлық ақпарат пен дәйекті төрт күн бұрын жарияладық. Алғашында 2 жылға бас бостандығынан айырылса, кейін апелляциялық сот оны 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Нәтижесінде 28 ақпанда сот барлық дәлелдемелерді, скриншоттарды, чаттарды, фотосуреттерді, қорғаушы мен айып тағушы тараптарының дәлелдерін назарға алды және ол оны 7,5 жылға бас бостандығынан айырды», – деді Таңсәрі.

    Еске салайық, жан түршігерлік қылмыс жайлы 2023 жылдың қазан айында белгілі болды. Жәбірленуші 9 рет зорлық көрген. Ол 17 жастағы жасөспірімнің пышақпен қорқытып, кәмелетке толмаған қызды онымен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлегенін хабарлады.

  • Қостанай облысында зират су астында қалды

    Қостанай облысында зират су астында қалды

    Қарасу ауданындағы айналма каналдағы су жағаға шығып, зиратты су басқан. Новоселовка ауылының тұрғындары күн жылығаннан кейін, өз үйлерін су басады деп қорқып отыр.

    Ауыл тұрғындары су деңгейінің көтеріліп жатқанынан қауіптеніп отыр. Ауылдағы зиратты су басқан. Оның айналысына қазылған шұңқырдың да көмегі болмапты. 14 шақырымдық канал қоқыспен бітеліп, мұз қатып қалған екен.

    «Олар не болатынын білмеді ме? Барлығы білді! Егер бұл зиратта туыстарының қабірлері болса, олар не сезінетінін көргім келеді. Жақында көптеген ескерткіштер орнатылды және олардың бағасы арзан емес. Бірақ бұл мәселе емес. Әзірге өлгендерге зиян тиді. Ал су ағынынан бір сәтте бүкіл елді мекенді су басуы мүмкін. Жауапты адамдар осы уақытқа дейін қайда болды? Неліктен жергілікті тұрғындар шу шығармайынша, ешкім қозғалмайды? Неліктен ешкім өз сөздері үшін жауап бермейді?», – дейді ауыл тұрғындары. 

    Төтенше жағдайлар департаменті жағдайды бақылауда ұстайтындықтарын айтып сендірді.

    «Қарасу ауданының Новоселовка ауылында температураның төмендеуіне байланысты су бұру каналында мұз пайда болды. Сондықтан су арнаның шетінен өте бастады. Су зират аумағына жетіп, оны ішінара су басқан. Қазірде судың таралуы тоқтады. Қазір канал тереңдетіліп, кеңейтілуде. Сондай-ақ суды Құндызды өзеніне өткізу үшін мұзды қопсыту жұмыстары жүргізілуде. Арнайы техниканың алты бірлігі жұмылдырылды», – деді Қостанай облысы ТЖД.

  • Жетісу облыстық білім басқармасы: «Мектеп директорының орнында қалу-қалмауын комиссия шешеді»

    Жетісу облыстық білім басқармасы: «Мектеп директорының орнында қалу-қалмауын комиссия шешеді»

    Талдықорғандағы Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясы оқушыларының «ойыны» әлеуметтік желіге тарап кетіп, көпшілікті шошытқан еді. Онда бірнеше бала қатарласын жан-жақтан төмпештеп, дәретханаға кіргізіп бара жатқан көріністен бөлек «Сотталушыны кіргіземіз!» деген дауыс естіледі. Әрі қарай әлгі баланы дәрет алатын жерге отырғызып, екінші біреу шалбарының ауын ағытып жатқан жерінен бейнежазба үзілген.

    Бұл бейнежазбаны балалар Tik-Tok желісіне өздері жүктеген көрінеді.

    Бұл мәселеге орай жергілікті білім саласы мамандары барлық мектепте буллингтің алдын алу және психологиялық қолдау көрсету шаралары жүргізілетінін, тәртіптік бақылау күшейтілетінін атап өтсе, Жетісу облысының білім басқармасы жағдай ерекше бақылауға алынғанын және оқиға бойынша кешенді тексеру жүргізілетінін хабарлады.

    Талдықорған қаласы білім бөлімінің тәрбие жұмысы жөніндегі әдіскері Ұлжанат Жақұбаеваның айтуынша, оқушылар мен олардың ата-аналарына түсіндірме жұмысы жүргізілді. «Тараптардың бір-біріне ешқандай талабы жоқ. Ақпарат шешім қабылдау үшін Талдықорған қаласының полиция басқармасына берілді», – деп жауап берді.

    Ал бүгін оқушылардың ерсі ойынынан кейін бірнеше адамның жұмыстан кеткені белгілі болды. Оның айтуынша, балалардың ата-анасына айыппұл салынып, оқиғаға қатысы бар балалар есепке алынған.

    Талдықорған білім басқармасының басшысы Шынар Шәріпбаева: «9-сынып оқушылармен әңгіме жүргізілді, қазіргі таңда балалардың психологиялық жағдайы тұрақты. Дүйсенбіден бастап сынып жетекшісі, тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары жұмыстан кетеді. Ал мектеп директорына қатаң сөгіс жарияланды», – деді.

    «Қаладағы №1 мектепте түсірілген әлеуметтік желіде таратылған жарияланымға байланысты мынаны хабарлаймын. Талдықорған қалалық ІІБ ата-анасына ҚПК-нің 127-бабына (ҚР ӘҚБтК) сәйкес айыппұл салды. Жетісу облысының білім басқармасы өкілдері мен Балалардың құқықтарын қорғау уәкілінің қатысуымен шұғыл жиын өтті», – деді Талдықорған білім басқармасының басшысы Шынар Шәріпбаева.

    Ал Талдықорған әкімдігінің баспасөз хатшысы Олжас Құрмашев: «Бұрын білім бөлімі қалаға қарайтын. 2022 жылдан бастап облыстық білім басқармасына бекітілді. Сол жақтан қаржыландырылады. Иә, аумағы қалада орналасқан. Өткізетін шараларына қатысамыз. Ал дәл осындай даулы мәселе болса, оған жауап бере алмаймыз. Бұл олардың ішкі мәселесі. Әкімдікке қараса, «Біз директорға осындай шара қолданатын едік» деп айтуға болады», – деп жауап берді.

    Алайда, бізді мазалаған жайт – осы оқиғадан кейін неге сынып жетекшісі, тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары ғана жазаланып, директор ғана сөгіспен құтылуы тиіс?

    Бұл сауалды Жетісу облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Саханұлы Қасымов мырзаға қойдық.

    «Сынып жетекшісінің негізгі жұмысы – мұғалім. Яғни, ол лауазымды міндеті – сынып жетекшілігінен босатылды. Ал екі тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен педагог-психолог өз еркімен жұмыстан кетті. Мектеп директоры Айгүл Қадырманқызына сөгіс берілді. Арнайы жұмыс тобы құрылды. Қазіргі кезде оның лауазымында, яғни орнында қалу-қалмауы туралы мәселе қарастырылып жатыр. Мектептегі тәрбие жұмысы, басқа да жайттар тексеріліп, соның қорытындысы бойынша шешім қабылданады», – деп жауап берді Жетісу облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Саханұлы. 

  • Маңғыстауда ер адамды пойыз қағып кетті

    Маңғыстауда ер адамды пойыз қағып кетті

    «2025 жылғы 28 ақпанда сағат 21:46-да Боранқұл станциясында пойыз бөгде адамды қағып кетті. Алдын ала мәлімет бойынша, ол қауіпсіздік ережелерін бұзып, теміржолды белгіленбеген жерден өтіп бара жатқан. Зардап шегуші Бейнеу станциясының аудандық ауруханасына жеткізілді. Оқиға туралы ақпарат Маңғыстау станциясының желілік полиция бөліміне берілді», – деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз қызметі (ҚТЖ).

    Бейнеу орталық аудандық ауруханасының мәліметінше, жедел жәрдем станциясына хабарлама 2025 жылғы 28 ақпанда сағат 21:30-да түскен. Келіп жеткен дәрігерлер зардап шегушіні емдеу мекемесіне жеткізді.

    1989 жылы туған ер адам 2-дәрежелі зақымданудан есеңгіреу және алкогольдік масаң күйде болған.

    Дәрігерлер екі аяғын кесіп, ота жасады. Жалпы жағдайы ауыр, гемодинамикасы тұрақты. Есін біледі. Жүрек-қантамыр жүйесі тұрақты. Реанимация бөлімінен травматология бөліміне ауыстырылды.

    Пойыздың қозғалыс басталған сәтінде адамды басып кету фактісі бойынша «Теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігі немесе пайдалану ережелерін бұзу, абайсызда адам денсаулығына ауыр немесе орташа ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, — деп хабарлады көлік департаментінің баспасөз қызметі.

    ҚТЖ темір жолдың қауіпті аймақ екенін еске салды.

  • Түркістан облысында терроризмді насихаттаған азаматтар сотталды

    Түркістан облысында терроризмді насихаттаған азаматтар сотталды

    Түркістан облысында терроризмді насихаттағаны және экстремистік ұйымның қызметіне қатысу арқылы басқару тәртібіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған  азаматтар сотталды. 

    Жамбыл облысының тұрғыны өткен жылдың қазан айында Telegram әлеуметтік желісінде «Ислам үшін» атты парақша ашып, онда заңсыз террористік құрылым ретінде танылған «Мұсылман бауырлар» және «Өзбекстан-исламдық қозғалысы» халықаралық террористік ұйымдарының бейне жазбаларын таратқан.

    Сол сияқты, Түркістан облысының тұрғыны желтоқсан айында «WhatsApp» және «Facebook» әлеуметтік желілері арқылы бірнеше рет «Хизб-ут-Тахрир» діни экстремистік ұйымының бейнежазбаларын таратқан. Мемлекеттік айыптаушылар сот барысында сотталушылардың кінәсін толық дәлелдеп, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Терроризмді насихаттаған кінәлі тұлғаларға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу тағайындалды.

  • Семейде қатарластарынан соққы көрген Әлинұрға жаңа пәтер берілді

    Семейде қатарластарынан соққы көрген Әлинұрға жаңа пәтер берілді

    Бұл туралы ақпарат TikTok-та нотариустан суреттерді жүктеген  желі қолданушысы: «Семейлік балаға жаңа пәтер сатып алынды», – деп жазды.

    Еске салсақ, Семейде аса қатыгездікпен жасалған оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. 24 ақпанда әлеуметтік желілерде жасөспірімдердің баланы жерге құлатып, тепкілеп, оның басынан теуіп, үстіне секіріп, түрлі жолмен қорлаған видеосы тарады.

    Абай облысының полиция департаменті оқушыны соққыға жығу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ оқиғаны ерекше бақылауға алғанын хабарлады. Барлық қатысушылар ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілген, ал зардап шеккен жасөспірімге қажетті көмек көрсетілген.

      Оған халық 24 млн теңге жинап берген болатын.

  • Хромтаудағы шахтада 4 жұмысшы уланып қалды

    Хромтаудағы шахтада 4 жұмысшы уланып қалды

    Ақтөбе облысы Хромтау ауданында төтенше жағдай болып, төрт жұмысшы зардап шекті. 

    Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің өкілі Іңкәр Қарашаеваның айтуынша, оқиға бүгін Дөң тау-кен байыту комбинатында болған.

    Кәсіпорында бұрғылау жұмыстары кезінде ауаның қысқа мерзімді тұтануы орын алды. Оқиға салдарынан төрт жұмысшы аудандық ауруханаға жеткізілді. Екі зардап шегуші травматология бөліміне жатқызылды, біреуі үйіне жіберілді, біреуінің жағдайы ауыр, реанимацияда жатыр, – дейді ол. 

    Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілген. Олардың барлығы – ер адамдар.