Рубрика: Аймақ

  • Баланы тепкен тәрбиешіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды

    Баланы тепкен тәрбиешіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды

    Атыраудағы балабақшада әйел баланың бірін тепкен. Қазір тәрбиешіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

    Бұл туралы желіде видео тарады. Онда әйелдің кішкентай ұлды тепкен сәті түсірілген.

    – Атыраудағы Зейнеп-Амина балабақшасы МАД-1 тобында болған жағдай. Осындай жағдай Зейнеп-Амина балабақшасында бірінші емес, – деп жазба қалдырған желі қолданушысы.

    Атырау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, аталған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған.

    – Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды, – деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

     

  • Қонаевта қысқы дрифт шоу өтіп жатыр

    Қонаевта қысқы дрифт шоу өтіп жатыр

    Шара 16 қаңтар күні басталған. Бүгін ақтық мәре өтуде.

    Шараны тамашалауға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те келді.

    Дрифт шоу үшін ауданы 20 600 шаршы метрді құрайтын Орта Азиядағы ең үлкен мұз айдыны ашылды.

    Көлік жарысына әлемнің түкпір-түкпірінен жүргізушілер жиналған. Көрермен үшін мейрамхана жұмыс істеп тұр және тегін ыстық шай, кофе ұйымдастырылған.

    Сыйлық қоры жекелей қатысушыларға 1000 АҚШ доллары мен командалық есепте 2000 АҚШ долларын құрап отыр. Дрифт шоудан кейін AFTERPARTY өтеді. Оның хедлайнері – Нигатив және V$XV PRiNCE.

    Сондай-ақ бүгін Қонаев қаласының әкімдігі білім, спорт және әлеуметтік қорғау басқармаларымен бірлесіп, 500 балаға тегін коньки тебу демалысын ұйымдастырды.

    Жалпы ASP arena — Қонаевта жүзеге асып жатқан ірі инвестжобаның бірі. Арена аумағында қонақ үй кешені, мейрамхана, картинг, 3200 көрермен  сиятын трибуна салынған. Жалпы аумағы 63 гектарды құрайды. Тартылатын инвестиция көлемі — 8,1 млрд.тг. Аталған нысан қалада туризмді, автоспортты дамытуға ерекше мүмкіндік береді. Инвесторлардың сөзінше, бір күндік демалысқа жатын орын, мұз айдынына кіру, мейрамхана, картинг қосқанда 35000 теңге жұмсалады. Бағалар — қолжетімді.

    Естеріңізде болса, мұнда былтыр жазда дрифт шоу және Rock festival өткен болатын.

  • Қонаев қаласы әкімдігі жылдық жоспарын жария етті

    Қонаев қаласы әкімдігі жылдық жоспарын жария етті

    Қонаев қашласы әкімдігінің баспасөз қызметнің хабарлауынша, биыл халықты әлеуметтік қамсыздандыру саласына 1 млрд 87 млн теңге көзделіп отыр.

    Оның ішінде АӘК төлеу, тұрғын үй көмегі, мұқтаж жандарды гигиеналық жабдықтармен қамту, жәрдемақылар, біржолғы әлеуметтік көмек, мүгедектігі бар адамдарға үйде әлеуметтік көмек көрсету, азаматтардың жекелеген санаттарын қоғамдық көлікте жеңілдікпен, тегін жол жүру түрінде әлеуметтік қолдау сияқты бағыттар қарастырылған. Сондай-ақ әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін пәтерлер сатып алынады.

    Инфрақұрылымды дамыту бойынша жоспар:

    • Ауылдарда бағдаршамдар, жол белгілері орнатылады
    • 10-шы шағынауданда учаскелік полиция пунктін салуға, қаңғыған иттер мен мысықтарға уақытша ұстау пунктін салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді.
    • 8-10-шы шағынауданның жолын күрделі жөндеу жұмысы жалғасады. Қала көшелеріне 35 дана аялдама орнатылып, ағымдағы жөндеу жасалады. Сонымен қатар жолаушылар тасымалдау шығындарын субсидиялауға 335 млн 624 мың теңге бөлінді.
    • Қонаев қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту жоспарына сәйкес, 2025 жылы 56 жобаның құжаттамаларын әзірлеу жұмысы жалғасады. Бірқатар жоба мемлекеттік сараптамадан өтеді деп жоспарлануда. Оның ішінде сумен қамту, абаттандыру, жылумен және электр энергиясымен қамту, жолдарды күрделі жөндеу жобалары қарастырылған.
    • 60 пәтерлік тоғыз тұрғын үй мен 50 пәтерлік тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу аяқталады.
    • Қаланың детальды жобасы әзірленеді.
    • «Халық қатысатын бюджет» жобасы биыл да жалғасын табады. 32 Тұрғын үйдің қасбеті мен шатыры жөнделеді. Қаладағы ағаштар мен гүлдерді, газондарды суару жүйесін жаңарту үшін жоба дайындалады. Тұрғындар демалатын бірқатар орынға шағын сәулеттік нысандар қойылады
    • Самал, Ардагер шағынаудандарына инженерлік желілерді тарту жұмысы жалғасады
    • Бірнеше трансформатор ауыстырылып, 1000 В дейінгі және одан жоғары қуатты электр желілеріне ағымдағы жөндеу жасалады.

    Мәдениет және спорт

    «Қонаев әуендері» ансамблін құру жоспарлануда. Мәдениет үйінің штаттық бірлігі кеңейтіледі. Қонаев қаласының 55 жылдығы кең көлемде аталып өтеді. Дене шынықтыру және спорт орталығының қызметін қамтамасыз етуге 23 млн 468 мың теңге бөлініп отыр.

    Ауыл шаруашылығы

    Ауыл шаруашылығы саласы бойынша ауылдарға жұмыс істеуге және тұруға келген 25 маманға 393 мың 200 теңгеден көтерме жәрдемақы төлеуге 9 млн 830 мың теңге, 10 маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредиттер беруге 78 млн 640 мың теңге бөлінді.

    Қонаев қаласының әкімдігі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған тапсырмаларды орындау бағытындағы жұмысын тұрақты түрде жалғастырады.

  • 7 жасар қонаевтық оқушы ашық суда жүзуден күміс жеңіп алды

    7 жасар қонаевтық оқушы ашық суда жүзуден күміс жеңіп алды

    Дубайда өткен «Оушенмен» жарысында Қонаев қаласының спортшысы, 7 жасар Дмитрий Кремпин күміс медаль жеңіп алды.

    Халықаралық додаға 20 елден 4 пен 17 жас аралығындағы 100-ден астам бала мен жасөспірім қатысып, ашық суда жүзуден жарысты. Жас спортшылардың қатарында Дмитрий де болды. Ол 500 метр қашықтықты бағындырып, жүлделі ІІ орынға табан тіреді. Қазақстан намысын қорғаған Дмитрий 5 жасынан бастап жүзумен айналысып келеді.

    Дмитрий Қонаев қаласындағы «Айдария» бассейнінде жаттығады. Анасы Лариса Кремпина ұлының осы спорт түрін таңдағанына қуанышты.

    Ал Дмитрийдің жаттықтырушысы – Мадияр Кемелжан. Ол осы жетістіктермен шектеліп қалмай, келесі жылы өз шәкірттерін ірі додаларға көбірек қатыстыруды жоспарлап отыр.

    Облыс орталығы Қонаев қаласында жүзу спортына арналған тек бір бассейн ғана бар. Оның қызметі ақылы. Мекеме көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арнайы жеңілдіктер ұсынады. Бүгінгі күні мұнда 115 бала жаттығады, олардың шамамен 20-сы мүмкіндігі шектеулі балалар.

  • Жетісу облысында оңалту орталығы ашылды

    Жетісу облысында оңалту орталығы ашылды

    Бүгін Жетісу облысында 3 пен 18 жас аралығындағы неврологиялық диагнозы бар балаларды кешенді оңалтуға бағытталған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Бұл шара Мемлекет басшысының мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту бойынша маңызды әлеуметтік міндетті шешуге үкіметтік емес секторды тарту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында жүзеге асырылды.

    Оңалту орталығы Сарқан аудандық ауруханасының ғимаратында ашылды. Бірқатар қоғамдық қордың демеушілігінің арқасында және бюджеттен қаржы бөлініп, орталық аурухана ғимаратының біріне  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заман талабына сай жабдықталды. Жаңа нысанда емдік дене шынықтыру кабинеті, шунгит, тұз және интерактивті кабинеттер, сондай-ақ шомылу ванналарын қабылдау бөлмесі бар.

     «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева айтуынша, орталық Сарқан ауданынан бөлек, жақын маңдағы Ақсу және Алакөл аудандарының тұрғындары да ем алады.

    – Мемлекет басшысы атап өткендей, оңалту қызметінің сапалы болуы және оның ерекше балалар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды. Осыған орай ауданда заманауи оңалту орталығының ашылды. Біз мамандарды даярлау мен олардың біліктілігін арттыруға көмектесеміз, – деді Л. Шыңғысбаева.

    Орталықта невропатолог, реабилитолог, педиатр және терапевт, ортопед, логопед, дефектолог, психолог сияқты білікті мамандар қызмет істейді. Мұнда өзге облыстан келген мамандар да бар.

    – Жұмысқа Атырау қаласынан арнайы келдім. Оңалту орталығында баланың әлеуметтік бейімделуі мен танымдық саласының дамуы үшін барлық жағдай жасалыпты. Мамандығым бойынша мен реабилитологпын. Өз тарапымнан оңалту сапасын жақсартуға бар күшімді саламын, – деді Әсем Нұрқасымова.

    Айта кетейік, жоба орталық жүйке жүйесі зақымданған балаларды оңалтуға, оларды әлеуметтік бейімдеуге және ерте мүгедектіктің алдын алуға бағытталған. Бір жылдың ішінде орталық 21 күндік сауықтыру курсын ұсынып, 600 баланы қабылдай алады. Бұл ретте үздіксіз ем алу үшін балалардың 2-3 ай сайын оңалтудан өтуіне мүмкіндік бар. Орталықта ай сайын сал ауруы, шала туылу, даун синдромы, үдемелі бұлшықет дистрофиясы, босану кезіндегі жарақат сияқты диагнозы бар 50 баланы қабылдауға мүмкіндік бар.

    –  Менің балам церебральды сал ауруымен ауырады. Балама оңалту кешенін жүргізу үшін алдымен Талдықорғанға, сосын Алматы мен Астанаға баруға тура келді. Ауырған баланы әр қалаға тасу оңай емес. Оған жан-жақты және тұрақты оңалту қажет. Енді қаламызда заманауи оңалту орталығының ашылуымен жұмыс әлдеқайда жеңілдеді. Басқа қалаға бармаймыз, – дейді қала тұрғыны Майра Тұрсынова.

    Балаларды оңалту орталығы облыс басшылығы мен қайырымдылық қорлардың бірлескен жұмысының арқасында ашылғанын айта кеткен жөн.

  • Қарағандыда өрт шыққан балабақшадан 82 бала эвакуацияланды

    Қарағандыда өрт шыққан балабақшадан 82 бала эвакуацияланды

    Қарағандыда құтқарушылар өртке оранған жекеменшік балабақшадан 82 баланы эвакуациялады. Өрт сөндірілді, зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды TЖМ Telegram-дағы арнасында.

    Ведомство берген ақпаратқа сүйенсек, Қарағандыдағы жекеменшік балабақшалардың бірінде жертөледе 1 ш.м. алаңда заттар мен электр қалқанының автоматы жанған.

    «Құтқарушылардың жедел әрекеттерінің арқасында өрт жедел сөндірілді. ТЖМ күштері ғимараттан 88 адамды, оның ішінде 82 баланы тез арада эвакуациялады. Оқиға орнында балаларды жылыту үшін вахтовкалар жұмылдырылды. ТЖД психологтары мен ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері болды. Медициналық көмек ешкімге қажет болмады», – делінген хабарламада. Өрттің себебі анықталып жатыр. ТЖМ азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.

  • Жамбыл облысының бас онкологіне 12 млн теңге айыппұл салынды

    Жамбыл облысының бас онкологіне 12 млн теңге айыппұл салынды

    Жамбыл облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының бас дәрігері Айбаз Әлихановқа Тараз қаласының тұрғынын медбике ретінде жұмысқа орналастыруға көмектескені үшін 400 мың теңге пара алғаны үшін айып тағылды. Ақша аударымы екі жылға жуық уақыт бұрын болған, егер ол әйелге параның бір бөлігін қайтармағанында, ұсталмауы да мүмкін еді.

    2023 жылдың мамыр айында әйел бас дәрігерге өзін орталыққа медбике ретінде жұмысқа алу туралы өтінішпен жүгінген. Дәрігер өтініштен бас тартпағай, Голливуд киносындағыдай қағазға қажетті соманы жазып, әйелге ұстатқан. Әйел өз анасынан қажетті қаражатты қарызға алып, келесі күні бас дәрігердің кабинетіне конвертпен оралған. Әлиханов уәдесінде тұрып, оған жұмыс тауып берді. Алайда, медбике ұжымға сыймай, бір жарым жыл жұмыс істегеннен кейін өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазған.

    Осыдан кейін бойжеткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке барған. Қараша айының соңы мен желтоқсан айының басында ол барлық қажетті дыбыс жазу құрылғылармен жабдықталып, берген парасының бір бөлігін болса да қайтарып беруді өтініп бас дәрігердің қабылдауына қайта келген. Әлиханов алған соманың жартысын қайтаруға болады деп шешті. Дәл осы кездесу барысында болған әңгіме алдағы іс бойынша айыптаудың негізгі айғағы болмақ.

    Айбаз Әлиханов өз кінәсін бірден мойындап, тергеумен ынтымақтаса бастады, соның арқасында сот процесі жеделдетілген түрде өтті. Бір айдан кейін ол № 2 қалалық соттың ғимаратында болды.

    Прокурор дәрігердің атқарған қызметі мен қоғамдағы мәртебесін ескере отырып, ол басқаларға сабақ болуы керек деп есептеді. Айыптаушы тарап бұл азаматты мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салып, 3,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

    Өз кезегінде Әлихановтың адвокаты сот отырысында айыптылық мәселесі әлі талқыланбағанын, сотталушы өз кінәсін толық мойындағанын атап өтті.

    Жеделдетілген сот процесі 2025 жылдың 16 қаңтарында аяқталды. Судья дәрігерді айыпты деп танып, Айбаз Әлиханов 400 мың теңге пара алғаны үшін 12 миллион теңге айыппұл төлеуі керек деп шешті. 200 мың теңге мемлекет пайдасына тәркіленеді.

    Сот үкіміне сәйкес, Айбаз Әлихановқа өмір бойына басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды, бірақ ол дәрігер қызметін жалғастыра алады.

    Орталықтың бас дәрігеріне пара берген іс бойынша екінші айыпталушы жазаланбайды, өйткені пара берген азамат өзіне қатысты бопсалау орын алса немесе ол өз еркімен құқық қорғау немесе арнайы органға хабарлаған болса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

  • Жамбыл облысында есірткі таратқан қылмыстық топ ұсталды

    Жамбыл облысында есірткі таратқан қылмыстық топ ұсталды

    Жамбыл облысында есірткі таратуға қатысы бар алты адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді.

    Ұстау операциялары мен тінту әрекеттері бір мезгілде Тараз қаласында және Жамбыл ауданының жеті нүктесіндегі мекенжайлар бойынша өткізілді.

    Барлығы шамамен 1 келі «гашиш» есірткі заты және 4 келі «кептірілген марихуана» тәркіленді.

    Сондай-ақ, марихуананы тұтынуға арналған қолдан жасалған құрылғы (булбулятор) табылды.

    «Алдын ала сөз байласқан адамдар тобы ірі мөлшердегі есірткі құралдарын сату мақсатында дайындап, сақтап, тасымалдаумен айналысқан. Қазіргі уақытта оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – делінген облыстық ПД хабарламасында.

  • Қаскелең қаласында базар өртенді

    Қаскелең қаласында базар өртенді

    Қазақстан ТЖМ құтқарушылары Алматы облысы Қаскелен қаласындағы құрылыс дүкенінің қоймасындағы өртті сөндірді.

     Оқиға орнына өрт сөндіру жедел штабы жетті.

    Жақын орналасқан тұрғын үйлерді оттан қорғау және өртті сөндіру үшін су оқпандары берілді.

    Барлығы ТЖД 30 адамға жуық жеке құрам және 10 бірлік техникасы жұмылдырылды.

  • Шымкентте ер адам анасын пышақтап өлтірді

    Шымкентте ер адам анасын пышақтап өлтірді

    Шымкентте 30 жастағы жігіт туған анасын пышақтап өлтірді, – деп хабарлайды KTK арнасы.

    Қанды қылмысқа барған ол, тіпті үйін өртемекші болған. Түтінді көріп көмекке келген көршілеріне де күш көрсетпек болды.

    Көршілерінің айтуынша, күдіктінің психикалық ауытқуы болған. 54 жастағы анасын өлтіруге отбасылық жанжал себеп болуы мүмкін деген болжам бар.

    Қазір қылмыс болған үй жабық, есігі мөрленген. Жауыздыққа барған күдікті қамауға алынды. Полиция департаменті әзірге «кісі өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғап, сараптама тағайындаған.