Рубрика: Аймақ

  • Түркістанда қазынашылық департаменті 8 млн теңге жымқырған

    Түркістанда қазынашылық департаменті 8 млн теңге жымқырған

    Түркістан облысының прокуратурасы қазынашылық департаментінің қызметінде заң бұзушылықтарды анықтады.

    Тексеру нәтижесінде жұмысшылардың еңбек құқықтарын бұзу, жеке қаржыландыру жоспарын негізсіз қолдау, үнемделген қаражатты басқа бюджеттік бағдарламаларға аудару секілді фактілер анықталды.

    Департаменттің лауазымды тұлғалары «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ есепшілерімен сөзбайласу арқылы қызметкерлердің санын негізсіз ұлғайтып, 8 млн жуық теңгені иемденген.

    Сондай-ақ аталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне ұсыныс енгізді.

  • «Жетісу» футбол клубының спорт директоры сотталды

    «Жетісу» футбол клубының спорт директоры сотталды

    Талдықорған қалалық соты «Жетісу» футбол клубының спорт директоры Д. М. Иманқұловқа қатысты үкім шығарды. Мұны Антикор мәлімдеді.

    Ол футболшының еңбек шартына бонус беру сылтауымен 5,5 млн теңге мөлшерінде бюджет қаражатын алаяқтық жолмен жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

    Сот үкімімен оған 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

    Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

    Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

  • Маңғыстауда 60 мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеген

    Маңғыстауда 60 мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеген

    Маңғыстау облысында 60 мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеген. Олар бір емес, бірнеше жылдар бойы оқушыларға сабақ беріп келген. Жалған құжат жасатып, айлық алған 60 мұғалімнің барлығы жұмыстан қуылды. Облыстың білім басқармасы жалған ұстаздарды жұмыстан қуып шектелмеді. Сотқа берді. Осылайша, айлыққа төленген қаражатты мемлекет бюджетіне қайтарып алмақ. Ал, Маңғыстау өңірінде 60 мұғалімнің жалған құжатпен жұмыс істеп жатқанын облыстың білім басқармасы тексеру кезінде анықтаған. Әрі білім ордасына хат жолдап, дипломдарды тексерген.

    «2023-2024 оқу жылдарында тексеру жүргізілді. Заңбұзушылықтың басым көпшілігі Мұнайлы ауданынан және Жаңаөзен қаласынан шықты. Мұнайлда 26, Жаңаөзенде 13 жағдайдан тіркелді», — Маңғыстау облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Бақтыгүл Өмірбекова.

  • ІІМ Дәулет Тұрлыхановтың ұлының видеосынан кейін тексеріс бастады

    ІІМ Дәулет Тұрлыхановтың ұлының видеосынан кейін тексеріс бастады

    Министрлік БАҚ-та бостандығы шектелген Нұрасыл Болаттың Алматыда қыдырып жүрген видеосы тараған соң, пікір білдірді.

    «Сот шешімі Алматы қалалық ҚАЖД-ға 14 тамыз түскен. Сол күні Нұрасыл Болат Медеу аудандық пробация қызметінің есебіне қойылып, ол сот белгілеген шектеулермен танысты», — деп хабарлады ведомстводан.

    Қазіргі уақытта болған оқиға бойынша қызметтік тексеру жүргізілуде.

    «Қызметтік тексеру басталды және оның нәтижелері бойынша барлық жауапты тұлғалар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Ішкі істер министрлігі болашақта мұндай жағдайларды болдырмау мақсатында бұл мәселені бақылауда ұстайды», — деп хабарлады ҚАЖК.

    Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 9 қазанында әскери сот Нұрасыл Болатқа айыппұл салды. Кейіннен, 14 мамырында апелляциялық және жоғарғы соттар бұлтартпау шарасын 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеуге өзгертті.

    Бұған дейін Қазақстандық заңгер Анна Чернова әлеуметтік желілерде бостандығын шектеуге үкім шығарылған Нұрасыл Болаттың түнде Алматыдағы көшеде достарымен қыдырып жүргені туралы бейнеролик жариялаған болатын. Ол Instagram-дағы жазбасында «ҚАЖК қызметкерлеріне және Мәжіліс депутатының ұлына қатысты сотқа дейінгі тергеуді» бастауды талап етті.

  • Долан ауылы сусыз қалды: әкімдік жауабы қандай?

    Долан ауылы сусыз қалды: әкімдік жауабы қандай?

    13 тамыз күні Алматы облысы Қарасай ауданы Долан ауылының халқы «Дихан» дүкенінің жанына жиналып, ауыз судың жоқтығына наразылықтарын білдірді. Әкімдіктегілердің сөзінше, сорғы істен шығып, аумаққа су беру тоқтатылған. Мердігер компания жабдықты бірден жаңартқан.

    «Елге суды орташа қысымда беріп жатырмыз, желілер мен мұнаралар суға толтырылуда. Тұрғындардан әлеуметтік желіде тараған жел сөздерге емес, ресми мәліметке сенулерін сұраймыз. Жағдай жергілікті әкімдіктің бақылауына алынды», – деп жазды облыстық әкімдік.

  • Алматыда қылмыстық жабдықтары бар кеңсе табылды

    Алматыда қылмыстық жабдықтары бар кеңсе табылды

    Алматыда пәтерлердің бірінен АТС (Автоматты телефон станциясы) табылды, деп хабарлайды Sona.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

    Павлодардан келген 30 жастағы тұрғын ұсталды, оның жалға алынған кеңсесінен SIM-картаға арналған 512 слоты бар SIM-box жабдығы, сондай-ақ 1620 SIM-карта табылып, тәркіленді.

    «Тәркіленген заттар арқылы интернет-алаяқтар әртүрлі интернет қызметтер мен мессенджерлерді жасырын пайдаланады. Сонымен қатар ол аккаунтарды тіркеуге қолданылады, алаяқтар басқа елде бола тұра қазақстандықтарға қоңырау шала алады. Ұсталған азамат осы жабдықты орнату және қосу, сондай-ақ слоттардағы SIM-карталарды ауыстырудан тұратын жұмысқа келіскенін айтты. Күдіктінің сөздері ҚР ҚК-нің 213-бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында мұқият тексерілетін болады», – деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Мақсат Қанапяев.

    ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.

  • Қолдан жасалған 10 мың долларды сатқан шымкенттік сотталды

    Қолдан жасалған 10 мың долларды сатқан шымкенттік сотталды

    Осы факті бойынша тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізді.

    Тергеу барысында ҚМА қызметкерлері бақылауымен қара-жасыл түсті өсімдік тектес затты сатып алу жүргізілді.

    Кейінірек сарапшылар зерттеу объектісінің жалпы салмағы 5 кг болатын «гашиш» есірткі заты екенін растады.

    «Сонымен қатар, аталған азамат жалған 10 000 АҚШ долларын (100 дана номиналымен 100 АҚШ долларын құрайтын банкноттар) сату барысында ұсталды», -делінген аталған ведомствоның хабарламасында.

    Сондай-ақ, жедел іздестіру шараларын өткізу барысында оның сыбайласы анықталды, одан 13 100 жалған АҚШ доллары табылып, тәркіленді.

    Ал оның тұрғылықты жерін тінту барысында салмағы шамамен 1 кг гашиш табылып, іске тіркелді.

    Сот үкімімен аталған адамдар кінәлі деп танылды, оларға 11 жылға және 5,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

  • Балқашта үлкен есірткі плантациясы өсірілген

    Балқашта үлкен есірткі плантациясы өсірілген

    Алматы облысының полицейлері Балқаш өңірін әуеден барлау кезінде үш тоннаға жуық голланд қарасорасын тапты. Барлау жұмыстары «Қарасора – 2024» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында ұйымдастырылған. 

    «Есірткі плантациясы Балқаш көлінің аралдарының бірінде анықталды. Жалпы салмағы 2 тонна 740 келі болатын 6122 өсімдік бұтасы тәркіленді. Жүргізілген сараптама нәтижесінде оның каннабис өсімдігі екені расталды», — деп жазды Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Әленов.

    Күдіктілер әлі де іздестіріліп жатыр. Олар есірткіні өсіру үшін арнайы суару жүйесін жасаған. Оған дәлел – екі қап тыңайтқыш пен қарасораны суару және өңдеу туралы жазбалары бар дәптердің табылуы. Бұдан бөлек, полицейлер аралдағы шатырдан суық қару тауып алған.

    Аталған жайтқа байланысты қылмыстық іс қозғалды.

  • Шамалғанда жеткіншектердің қатысуымен жол апаты болды

    Шамалғанда жеткіншектердің қатысуымен жол апаты болды

    Алматы облысы Шамалған ауылында Hyundai Tucson және Toyota Camrу маркалы көліктерінің қатысуымен жол апаты орын алды. Жүргізуші мен үш жолаушы зардап шеккен.

    Оқиға 13 тамыз күні болған. Көлікті ішімдікке сылқия тойып алған 15-17 жасар жеткіншектер тізгіндеген.

    Алматы облысы ПД болса, қылмыстық іс тіркеліп, қажетті сараптамалар тағайындалғанын мәлімдеді.

  • Түркістан облысында адам саудалаған азамат ұсталды

    Түркістан облысында адам саудалаған азамат ұсталды

    Ол мүмкіндігі шектеулі екі азаматты 400 мың теңгеге сатпақ болған жерінен ұсталған.

    Күдікті екі жыл бойы адамдардың қиын жағдайын пайдаланып, оларды қайыр тілеуге мәжбүрлеген.

    Сондай-ақ осы қылмысқа қатысы болуы мүмкін 10 адам туралы дерек тексерілуде. Қазіргі таңда тергеп-тексеру жүріп жатыр.