Рубрика: Аймақ

  • ​Балқаштың су деңгейі 12 сантиметрге көтерілді

    ​Балқаштың су деңгейі 12 сантиметрге көтерілді

    Бір жылда Балқаш көлінде су деңгейі Балтық жүйесі бойынша 341,52 метрден 341,64 метрге дейін, яғни 12 сантиметрге көтерілді. Ал су көлемі 2 млрд текше метрге ұлғайды, деп хабарлайды ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі. 

    2025 жылдың басынан бері Қапшағай су қоймасынан Балқашқа 3,8 млрд текше метр су жіберілді. Былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 2,9 млрд текше метр болатын.

    Бұл өңірдің экологиялық ахуалына және Іле өзенінің сағасына оң әсерін тигізіп отыр. Қапшағай су қоймасын толтыру Ақдала және Шеңгелді суармалы алқаптарында суару маусымын жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.

    Балқаш көліндегі су көлемі трансшекаралық Іле өзеніне байланысты. Өзен ағысы Қапшағай су қоймасы арқылы реттеледі. Биыл су қоймасынан Балқашқа 12 млрд текше метр су жіберу жоспарланып отыр.

    «Министрлік Балқаш көліне қажетті су көлемін қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Келесі аптада Франциядан келген сарапшылармен бірге Балқашты сақтау бойынша 2040 жылға дейінгі мастер-жоспарды әзірлеу мәселесін талқылаймыз. Былтыр біз көл алабын бірлесіп зерттеу туралы келісімге қол жеткізгенімізді еске салғым келеді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

  • Шымкентте оқушының өлімінен кейін екі кәсіпкер қамауға алынды

    Шымкентте оқушының өлімінен кейін екі кәсіпкер қамауға алынды

    Кешкісін далаға ойнауға шыққан бірінші сынып оқушысы Айдын Сәуірбай үйіне қайтып оралмаған. Іздестіру жұмыстары барысында жеткіншектің денесі іші суға тола шұңқырдан табылған болатын.

    Аталған аумаққа екі мердігер ұйым жауапты болған. Олар шұңқыр қазған, бірақ оны қоршамай, қауіпсіздік шараларын сақтамаған. Компаниялардың басшылары қауіпсіздікті қамтамасыз етпеді деген күдікпен ұсталды.

    – Оқиға орнында ешқандай қоршау немесе ескерту белгілері орнатылмаған. Компания басшылары қамауға алынды, – делінген Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

  • Түрмедегі азаптау дауы

    Түрмедегі азаптау дауы

    Шымкенттегі №53 түзеу мекемесінде жазасын өтеушілердің туыстары азаптау деректеріне шағымданды. Айтуларынша, тұтқындарды соққыға жығып, суға тұншықтырып, ине тығу секілді қатыгез әрекеттер жасаған. Жақындары кездесуде жарақат іздерін өз көздерімен көрген. Қазір бұл дерек бойынша тиісті органдардан жауап күтілуде.

  • Қостанайда фельдшер 1,4 млн теңге өтемақы алды

    Қостанайда фельдшер 1,4 млн теңге өтемақы алды

    Қостанай қалалық соты жедел жәрдем фельдшерін заңсыз жұмыстан шығарылған деп танып, оны қайта жұмысқа орналастыруға шешім шығарды. Сот мәліметінше, фельдшер бір тәртіптік теріс қылық үшін бұрын сөгіс алған, кейін сол үшін жұмыстан босатылған. Бұл Еңбек кодексіне қайшы. Енді оған 1 430 000 теңге көлемінде өтемақы төленеді.

  • Жамбыл облысында жүк пойызы рельстен шығып кетті

    Жамбыл облысында жүк пойызы рельстен шығып кетті

    24 сәуір күні таңғы сағат 05:00 шамасында Жамбыл облысындағы Түрксіб бекетінде жүк пойызының алғашқы үш вагоны рельстен шығып кетті.

    Бұл пойыз вокзалдың солтүстік бағытына қарай бет алған еді. Біздің редакциямызға оқырмандарымыз осы пойыздың бейнежазбасын жіберді.

    ҚТЖ зардап шеккендер жоқ екенін хабарлады.
    Салдарын жою үшін апат орнына Тараз және Шу бекеттерінен қалпына келтіру пойыздары жөнелтілді. Оқиғаның себептері анықталып жатыр.

  • Мұрат Әбділда қайтадан түрмеге қамауға алынды

    Мұрат Әбділда қайтадан түрмеге қамауға алынды

    Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, Түркістан қаласының ауданаралық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігімен 2022 жылы сотты болған Мұрат Әбділдаға қатысты ұсыным қаралды.

    Ұсынымда Сауран аудандық полиция бөлімі блогердің мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күшін жойып, жазаның қалған өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстыруды сұраған.

    Сотталған Мұрат Әбділда 2024 жылы соттың қаулысы негізінде қылмыстық кодекстің 72-бабына сай бас бостандығынан айыру түріндегі жазасының өтелмеген 2 жыл 11 күнін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылып, Түркістан облысының полиция департаметінің Сауран аудандық полиция бөліміне профилактикалық есепке алынған.

    Профилиактикалық есепте тұрғанына қарамастан, Мұрат Әбділда 2024 жылы ортақ пайдалану орнын ластағаны үшін ӘҚБтК 434-2 бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған айыппұл салынған. Сонымен қатар, 2025 жылдың ақпан-наурыз айларында 5 рет тіркелуге келмегені және 4 рет түнгі уақытта тұрғылықты мекенжайында болмағаны анықталған.

    Мұрат Әбділданың кінәсі туыстарының берген түсініктемелерімен, тиісті актілермен және куәлердің жауаптарымен толық дәлелденген. Мұрат Әбділда өз кінәсін ішінара мойындап, соттан өзіне тағы бір мүмкіндік беруді сұраған.

    24 сәуірде сот қаулысымен:

    Түркістан облысының Полиция департаментінің Сауран аудандық полиция басқармасының ұсынымы қанағаттандырылып.

    Мұрат Әбділданың мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күші жойылып, жазаның қалған өтелмеген бөлігі 2 жыл 11 күнін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстырылды.

    Мұрат Әбділда сот залында қамауға алынды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

    Еске салсақ, ол 2022 жылы ҚР ҚК 174-бабы, яғни, әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік алауыздықты азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер жасағаны үшін 4 жыл 6 айға сотталған еді.

  • Шымкент әкімдігі Берденовтің оқиғасы туралы мәлімдеме жасады

    Шымкент әкімдігі Берденовтің оқиғасы туралы мәлімдеме жасады

    Шымкент өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Руслан Берденовке жасалған қарулы шабуылға қатысты пікір білдірді.

     Сәрсен Құранбектің айтуынша, оқиға кезінде қала әкімі мен орынбасарлары және аппарат басшысы жұмыста болған.

    «Дәл оқиға болған кезде бәріміз жұмыста болғанбыз. Абырой болғанда полиция да, жедел жәрдем де дер кезінде келді. Берденов ауруханаға жеткізіліп, ұзақ уақыт ота жасалды. Біз сол түні сағат 02:30-ға дейін ауруханада болдық», – деді С.Құранбек. 

    Сондай-ақ, қылмысты жасаған күдіктіге қатысты әлеуметтік желіде шындыққа жанаспайтын ақпараттар тарап жатқанын жеткізді.

    «Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Прокуратура тарапынан бақылауда. Бұл адамның қылмысқа не себепті барғандығын айта алмаймыз. Айтуға құқығымызда, өкілеттілігімізде жоқ. Тергеу амалдарының дұрыс жүргізілуі үшін ешқандай түсініктеме бере алмаймыз. Қылмыскердің бұл қылмысқа не үшін барғаны жайында неше түрлі әңгіме айтылып жатыр. Біздің білуімізше оның ешқайсысы шындыққа жанаспайды. Тергеу нақты мәліметті береді», – деді ол.

  • Ұлытау облысында баланы ұрғаны үшін балабақша тәрбиешісі сотталды

    Ұлытау облысында баланы ұрғаны үшін балабақша тәрбиешісі сотталды

    Жезқазған қаласында балабақша тәрбиешісі үш жасар баланы ұрып жіберген, деп хабарлайды Ұлытау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

    Педагогқа қатысты қылмыстық іс қозғалған.

    Сотта тәрбиеші жасалған құқық бұзушылық бойынша кінәсін мойындамады, бірақ оның кінәсі іс бойынша ұсынылған дәлелдемелермен, атап айтқанда балабақшадағы бейнебақылау камераларының бейнежазбасымен расталды.

    Тәрбиешіге 3 жыл мерзімге педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 80 сағатқақоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қолданылды.

    Сот үкімі күшіне енді.

  • Петропавлда саяжай учаскелерін су басты

    Петропавлда саяжай учаскелерін су басты

    Әкімдік отырысында СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдегі су тасқыны жағдайы хабарлады. Облыс әкімінің айтуынша, биыл Сергеев су қоймасында алғаш рет үшінші толқын байқалып отыр. Петропавлда тасқынның шарықтау шегі 28-30 сәуірде күтіледі.

    Есіл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты су жылдағыдай жайылма алқаптарға таралып жатыр. Қазір су Заречный кенті мен Речпорт маңындағы саяжай учаскелеріне жайылған. Бұл саяжайларда тұрғындар жоқ, ТЖД мен полиция бекеттері қойылды.

    Ойқала мен Былғары кентіндегі, Қызылжар ауданының Тепличное және Прибрежное ауылдарында жағдай ерекше бақылауда.

    «Су тасқыны толық аяқталғанға дейін жағдайды тұрақты бақылауда ұстаймыз. Басты басымдық – азаматтардың өмірі мен мүлкін сақтау. Барлық қызметтер жоғары дайындықта болып,  жедел әрекет ету керек», – деді өңір басшысы.

    Есіл өзенінің жайылма алқабында орналасқан Заречный кентінде 6 көпқабатты және 90 жеке  үй, №13 орта мектеп пен түзеу мекемесі бар. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мүлкін қорғау мақсатында Заречный кентінің тұрғындарын қауіпсіз аймақтарға көшіру туралы шешім қабылданды. Осы мақсатта 90 және 72 пәтерлі екі көпқабатты үй тұрғызылуда. Сонымен қатар, жаңа түзеу мекемесі мен Копай шағын ауданында 600 орындық мектеп салынады.

  • «Семей-Астана-Семей» бағытында жаңа әуе рейсі ашылады

    «Семей-Астана-Семей» бағытында жаңа әуе рейсі ашылады

    Биылғы 27 сәуірден «Семей-Астана-Семей» бағытында сыйымдылығы 48 орындық «Ан-24» ұшағы жолаушыларды тасымалдай бастайды. Рейсті «Южное небо» әуе компаниясы жүзеге асырады. Семейден Астанаға ұшу уақыты – кешкі сағат 18:15, Астанадан Семейге ұшу уақыты – кешкі сағат 21:15.

    Бұл туралы облыс әкімі Берік Уәли Семейдегі халықаралық әуежайдың жұмысымен танысу барысында айтты.

    – Жолаушылардың өтінішін ескере отырып Көлік министрлігі, әуе компаниясы және облыс әкімдігінің үш жақты келісімі нәтижесінде осындай уағдаластыққа қол жеткіздік. 10 мамырға дейін аптасына үш рейс орындалады. Ал мамырдың ортасынан бастап ұшу жиілігі аптасына 5 ретке дейін ұлғаяды. Әуе компаниясының құрылтайшылары болашақта жаз мезгілінде қатынайтын жаңа ұшақтарды желіге шығаратынын айтып отыр. Алдағы уақытта Қарағанды бағытында субсидияланатын жаңа әуе рейсін ашу жоспарымызда бар. Қазіргі уақытта Көлік министрлігімен келіссөз жүргізілуде, – деді аймақ басшысы. 

    Биылғы 1 мамырдан бастап «Алматы-Семей-Алматы» (аптасына үш рет), «Астана-Семей-Астана» (аптасына бір рет) бағыттарында қосымша рейс енгізіледі. Бұдан бөлек 1 маусымнан бастап «FlyArystan» әуе компаниясы «Шымкент – Семей – Шымкент» бағыты бойынша жаңа рейсті іске қоспақ.

    Жолаушылар аптасына 2 рет, дүйсенбі және бейсенбі күндері қатынайды. Сондай-ақ дүйсенбі мен бейсенбіде «Скат» әуе компаниясы «Алматы-Үржар-Алматы», «Астана-Үржар-Астана» рейстерін әрқайсысын аптасына 6 реттен орындай бастайды.

    Қазіргі уақытта Семей қаласынан «Семей – Алматы», «Семей – Астана» және «Семей – Үржар» бағыттары бойынша тұрақты әуе рейстері орындалуда. Аталған рейстерді «FlyArystan» және «Южное небо» әуе компаниялары жүзеге асырып келеді.