Рубрика: Аймақ

  • Қонаев қаласында қоқыс шашқандарға қанша айыппұл салынды?

    Қонаев қаласында қоқыс шашқандарға қанша айыппұл салынды?

    Алматы облысының орталығында «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде бірқатар шаралар қолға алынған. Соның бірі — қоқыс үйінділерін заңсыз жерге тастаған, абаттандыру ережесін бұзған азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тарту.

    Қала аумағында, табиғат аясында тазалық сақтау қажеттілігі жөнінде ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүріп жатқанымен, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті бұзатындардың саны азаймай тұр.

    «Мәселен, 21-27 сәуір аралығында ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабына (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) сәйкес, 47 хаттама толтырылып, 1 млн 848 мың теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Одан бөлек, ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабына (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) сай, 111 хаттама толтырылды. Оның ішінде 20 хаттамамен 1 млн 730 мың теңге айыппұл салынды. Барлық айыппұл сомасы 3 млн. 578 мың теңгені құрады», — деп жазды полиция басқармасы.

    Қонаев қаласының әкімдігі мен полиция басқармасы тазалық ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

  • Қонаевта бейіт маңынан 40 тонна қоқыс шығарылды

    Қонаевта бейіт маңынан 40 тонна қоқыс шығарылды

    Бұл жолы қаланың коммуналдық қызмет көрсетуші компаниясы бейіт аумағын тазарту жұмыстарын ұйымдастырды.

    Тазалық шарасына 10 адам мен 2 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде бейіт маңынан 40 тоннаға жуық тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылды.

    Қалалық әкімдік тұрғындарды бейіт аумағында тазалық сақтауға, қоқыс қалдырмауға және қоршаған ортаға құрметпен қарауға шақырды. Сондай-ақ сенбіліктерді тұрақты түрде өткізіп тұру қажет екенін еске салды.

  • Ақтөбеде мектеп оқушысы суицид жасады

    Ақтөбеде мектеп оқушысы суицид жасады

    Ақтөбе облысы Мәртөк ауданында 15 жастағы оқушы қыз өзіне қол жұмсады. Марқұмның денесін туыстары ауладан тапты.

    Ақтөбе облысы Мәртөк ауданында оқушы қыздың өліміне қатысты полиция іс қозғады. Тергеу амалдары жүріп жатыр.

    Қайғылы оқиға 29 сәуір күні күндіз марқұмның үйінде болды. Оқушы осы оқиғаның алдында сабаққа барып келген. Сол күні оғаш мінез-құлық танытпағаны айтылады. Ресми мәліметке сүйенсек, өлім алдында хат жазып қалдырмаған.

    «2025 жылғы 29 сәуірде Мәртөк ауданының 9-сынып оқушысы өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болды. Жасөспірім ата-әжесімен және анасымен тұрған.   Бала ол күні сабаққа барған, мінез-құлқында оғаш әрекет байқалмаған», – деп хабарлайды Ақтөбе облыстық білім басқармасы.

    Қазіргі таңда құзырлы органдар оқиғаның себебін анықтап жатыр. Оқушы толыққанды отбасында өскен. Ата-анасы, ата-әжесімен бірге тұрады. Марқұмның денесін атасы тапқан.

  • Қонаевта 75 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді

    Қонаевта 75 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді

    Негізгі нәтижелер:
    •Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК): 75 отбасыға 11,5 млн теңге төленді. Жалпы бөлінген қаражат – 209,8 млн теңге.
    •Кепілдендірілген әлеуметтік пакет: 377 балаға 1,5 млн теңге төленді.
    •Тұрғын үй көмегі: 13 отбасыға 331,9 мың теңге берілді.
    •Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытатын отбасыларға: 47 бала үшін 1,4 млн теңге әлеуметтік көмек көрсетілді.
    •Мерекелік және атаулы күндерге орай: ҰОС ардагері Оксана Бетебаеваға 5 млн теңге көлемінде біржолғы көмек берілді. Сондай-ақ Ауған соғысының 91 ардагеріне 17,8 млн теңге төленді.
    2025 жылдың басынан әлеуметтік қызметтер порталы арқылы:
    •200 адам – гигиеналық құралдармен,
    •18 адам – кресло-арбамен,
    •28 адам – протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз етілді.
    Сонымен қатар 37 адам санаторлық-курорттық емделуге жіберілді, 43 адам жеке көмекші қызметін алды.
    Қосымша қолдау:
    •Туберкулезбен ауыратын 20 азаматқа 1,1 млн теңге,
    •Аз қамтылған көпбалалы отбасылардың балаларына балабақша төлемақысын субсидиялауға 608,2 мың теңге бөлінді.
  • Оралда ток соққан бала көз жұмды

    Оралда ток соққан бала көз жұмды

    Орал қаласында ток соққан 9 жастағы бала ауруханада қайтыс болды.  БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасында 1 мамырдан 2-сіне қараған түні көз жұмды.

    БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі осы қайғылы оқиғаға байланысты тергеу амалдары жалғасып жатқанын жеткізді.

    «Қылмыстық іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды», – деп хабарлады ведомстводан.

    Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің мәліметінше, подстанция төбесінде жүрген 2015 жылы туған баланы ток соққан. Бала дереу ауруханаға жеткізілген еді. Куәгерлердің айтуынша, бала подстанция төбесінде қалып қойған допты алып, жерге тастаған. Төмен түсе бергенде, тоққа түсіп қалған. Бала денесінің 95 пайызы күйіп қалғаны айтылды.
  • Қонаевта жолдар жөнделіп жатыр

    Қонаевта жолдар жөнделіп жатыр

    Былтырғы жылы 22 көшенің шұңқырлары жамалып, 9 көшеде ағымдағы жөндеу жүргізілді. Биыл бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, көлік қозғалысын жеңілдетуге кешенді шаралар қолға алынды.

    2024 жылы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында 700-ге жуық жол белгісі орнатылып, 2000 жол белгісінің бағандарын бояу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар да кезең-кезеңімен жалғасып жатыр.

    Айта кетейік, былтыр 8, 9 және 10-шағынаудандарда жолды күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Алдағы уақытта Көшпенділер қалашығына апаратын жаңа жол салу да жоспарда бар.

    Қалада жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жобалар қолға алынған. Кешенді даму жоспарына сәйкес, жалпы саны 16 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Бұл бастамалар Қонаев қаласының келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

     

    Посмотреть эту публикацию в Instagram

     

    Публикация от Қонаев қаласының әкімдігі (@qonaev_akimdigi)

  • Талдықорғанда өнеркәсіп аймағында ірі өрт шықты

    Талдықорғанда өнеркәсіп аймағында ірі өрт шықты

    Талдықорғанда Шығыс өнеркәсіп аймағында, ТОО «ПРОМОТХОД Development» аумағында өрт шықты. Жалын отындық, ауа сүзгілері, май сүзгілері, картон, ағаш қалдықтары мен пайдаланылған май қалдықтарын шарпыды. Өрттің шамамен 2000 шаршы метр аумақты қамтығаны анықталды.

    Қазір ТЖМ өрт сөндірушілері пластик өңдейтін цехтағы өртті сөндіруде. Өрт сөндіру жұмыстары жоғарғы дәрежеде жүргізілуде.

  • Атырауда қарақұрт қаптап кетті

    Атырауда қарақұрт қаптап кетті

    Атырау облысының Индер ауданында тағы да қарақұрт қаптады. Тұрғындар жыл сайын шығатын улы жәндіктің кесірі төрт-түлікке тиеді деп алаңдаулы.

    Былтыр облыста осы қарақұрттың кесірінен 17 бас түйе қырылған. 5 жылқы мен 8 бас ірі қара да арам қатты. Зиянкестер адамды да шақты. Сондай 13 адам дер кезінде дәрігерлер көмегін алып, ем қабылдағасын ғана аман қалды. Шаруалар биыл да үрейлі.

    «Биыл да қарақұрттан қауіптеніп отырмыз. Зиянын тигізбей қоймайды. Былтырдың өзінде қарайған мал өлді. Үкімет тарапынан ешқандай шара алынбай тұр. Өзімнің де қожалығым бар. Әлеуметтік желіден көріп отырған боларсыздар қарақұрт жер-жерде жүр. Ауылдың ішіне дейін кіріп кеткен. Малға ғана емес адамға да кесірі бар. Шарасын алу керек. Жерді улау керек. Бұрындары дезинфекция жасалатын еді. Қазір ол да жоқ. Қазір ешқандай көмек жоқ. Осыған назар аударылса деп сұраймыз», – дейді шаруалардың бірі.

    Әзірге биыл облыста қарақұрт шағу дерегі тіркелмеген. Дегенмен тұрғындар сондай жағдайдың алдын алуға қамдану керек дейді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес, жұқпалы аурулар санатына жатпайтындықтан қарақұрт шаққан малдың емі иелерінің есебінен жүргізіледі.

    «Индер ауданы бойынша 2025 жылдың осы кезеңіне қарақұртпен шағу фактісі тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органның ұйымдастыруымен қарақұрт ошақтарын жою, дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде. Көтеріліп отырған мәселе бойынша аудан әкімдігі тарапынан қарақұртты аса қауіпті зиянкес ретінде реестрге тіркеу шараларын қабылдау үшін Атырау облысы әкімдігі менен салалық басқармаларға ұсыныстар жолданды», – дейді Индер аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мәмбетқали Құсайынов.

  • Семейде оқушыға қол тигізген мұғалім оқудан шеттетілді

    Семейде оқушыға қол тигізген мұғалім оқудан шеттетілді

    Семейде сабақ кезінде оқушыға қол тигізген мұғалімге қатысты түсініктеме берілді. Білім министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті видеоны 2023 жылы түсірілгенін мәлімдеді. Қазір оқушы 9-сыныпта оқиды. Мұғалім білім беру саласынан шеттетілді, іс құқық қорғау органдарына жолданды.

    Абай облысының Білім басқармасы видеодағы мектепте бұған дейін тағы бір мұғалімнің зорлық ісі үшін өмір бойына сотталғанын растады. Қол тигізген мұғалім 2020-2024 жылдары жұмыс істеген, еңбек келісімшарты өз еркімен тоқтатылған. Әкімшілікке ресми шағым түспеген.

  • Әкім су басқан Солтүстік Қазақстан ауылдарын қайықпен аралады

    Әкім су басқан Солтүстік Қазақстан ауылдарын қайықпен аралады

    СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов су басқан аймақтарды қайықпен аралап жүр.

    Әкім қайықпен Есіл өзенінің жайылмасында орналасқан және жыл сайын су тасқынына ұшырайтын Заречный кентіне барған. Нұрмұхамбетов қазір жағдай тұрақты деп сендірді.

    — Су тұрғын үйлерге кірген жоқ. Оқиға орнында қалалық әкімдік, құтқарушылар мен полиция қызмет атқаруда, тәулік бойы кезекшілік бар, қорғаныс бөгеттері нығайтылған. Барлығы 200 адам жұмылдырылды. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолдау көрсету бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда. Барлық қызметкерлердің жанқиярлық еңбегі үшін алғысымды білдіремін, дейді Нұрмұхамбетов.

    Әкімнің сөзінше, қазір екі көпқабатты үйдің құрылысы басталған, бұл үйлерге Заречныйдан көшірілетін отбасылар қоныстанады. Құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүруде, және жыл соңына дейін адамдар жаңа жайлы баспанаға ие болады.

    Айта кетейік, 25 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысындағы Тепличное ауылы тұрғындары эвакуацияланған болатын.