Рубрика: Билік

  • Тоқаев пен Путин телефон арқылы сөйлесті

    Тоқаев пен Путин телефон арқылы сөйлесті

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті.

    Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлесті.

    Кремльдің баспасөз қызметінің мәліметінше, тараптар энергетика саласындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылаған. Сондай-ақ Владимир Путин Ресей мен АҚШ арасындағы диалогтың барысына қатысты өз пайымын айтқан.

    Президенттер алдағы Жеңістің 80 жылдығының маңыздылығын ерекше атап өтті. Мәліметке сәйкес, осыған орай Мәскеуде өтетін салтанатты шараларға Қасым-Жомарт Тоқаев қатысатыны айтылған.

    Энергетика саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.

  • Мемлекет басшысы экономика мәселелеріне қатысты жұмыс отырысын өткізді

    Мемлекет басшысы экономика мәселелеріне қатысты жұмыс отырысын өткізді

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің жұмыс отырысы өтті.

    Жиында тарифтік қақтығыстар салдарынан әлемдік нарықтағы жағдайдың өзгеруіне байланысты еліміздің іс-қимыл жоспары талқыланды.

    Премьер-министр Олжас Бектеновтің, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің, сондай-ақ басқа да құзыретті органдар басшыларының баяндамалары тыңдалды.

    Президент қазіргі жаһандық экономикадағы ахуалдың тұрақсыз сипат ала бастағанын, сондықтан кез келген жағдайға дайын болу қажет екенін атап өтті.

    Кеңес отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын айқындады.

    «Үкіметтің міндеті – халықтың әл-ауқатын, экономикалық өсім қарқынын және тартылатын инвестиция көлемін төмендетуге жол бермеу», – деді Мемлекет басшысы.

  • Шымкентте 5G технологиясы бар бейнебақылау жүйесі енгізіліп жатыр

    Шымкентте 5G технологиясы бар бейнебақылау жүйесі енгізіліп жатыр

    Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы маусым айында пайдалануға берілген конгресс-холл ғимаратымен танысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

    Президент тапсырмасына сәйкес бой көтерген бұл көрікті нысан бұқаралық мәдени іс-шаралар өткізуге арналған. Сондай-ақ мұнда қолөнершілердің орталығы мен шеберханалары орналасқан.

    Мемлекет басшысы Шымкентте жүзеге асырылып жатқан цифрлық шешімдермен танысты.

    «Олардың қатарында отандық «СМЭУ Астана» әзірлемесіне негізделген бағдаршамдарды интеллектуалдық басқару жүйесі, Avtobys цифрлық платформасы бар. Sergek Group және Freedom Telecom компанияларымен бірге FWA 5G технологиясы негізінде жұмыс істейтін, жол қозғалысы мен мен қоғамдық тәртіпке үздіксіз мониторинг жүргізетін сыртқы бейнебақылау және жылдамдығы жоғары интернет жүйесі енгізіліп жатыр», – делінген хабарламада.

  • Президент Самарқанд қаласына ресми сапармен барды

    Президент Самарқанд қаласына ресми сапармен барды

     Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммиті мен «Жаһандық климат сын-қатерлері кезеңіндегі Орталық Азия» халықаралық конференциясына қатысу үшін Самарқанд қаласына келді.

    Мемлекет басшысын әуежайда Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов қарсы алды.

  • Президент Наурыз мерекесіне орай бірқатар ел басшыларына құттықтау жеделхатын жолдады

    Президент Наурыз мерекесіне орай бірқатар ел басшыларына құттықтау жеделхатын жолдады

     Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровты, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовті, Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовті, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевті, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды, Иран Президенті Масуд Пезешкианды, Ирак Президенті Абдул Латиф Рашидті, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифті Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады, – делінген Ақорда баспасөз қызметінің хабарламасында.

    Қазақстан Президенті жеделхаттарында Наурыз мерекесі елдеріміздің ғасырлар бойы қалыптасқан достық, бауырластық және өзара құрмет дәстүрлерімен үйлесетінін әрі табиғат жаңаруының нышаны саналатынын жазған. Сонымен қатар әз-Наурыздың қастерлі құндылықтары халықтарымыздың игілігіне бағытталған байланыстарды одан әрі дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірген.

  • Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады

    Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады

    Президент мерекелік іс-шараға жиналған көпшілікті Наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

    – Ұлыстың ұлы күні – ұлтымыздың ұлық мейрамы. Бұл – біздің ата дәстүріміз. Шуақты көктем мерекесінде бүкіл дүние қайта жаңғырады. Күн мен түн теңеледі. Қазақ елі әз-Наурызды көне заманнан бері тойлап келеді. Наурыз – ең алдымен, игілікті істердің мерекесі. Осы күндері әр үйде ақ дастархан жайылады. Ел-жұрт бір-бірімен қауышып, ақ тілегін айтады. Мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, қамқорлық көрсетеді. Ұлыстың ұлы күні биыл да қасиетті Ораза айымен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміз үшін мұның мән-маңызы зор. Себебі біздің дініміз бен дәстүріміз – егіз. Қос қазынамыз халқымыздың бірегей болмысын айшықтай түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Президент Наурыз мерекесі былтырдан бастап жаңа тұжырымдамаға сәйкес он күн бойы аталып өтетініне назар аударып, Наурызнаманың әр күні тағылымға толы екенін айтты.

    Ұлыстың ұлы күні
    Ақорда

    – Наурыз – көптеген шығыс халықтарына ортақ мереке болғанымен, елімізде Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың ерекше дәстүрі бар. Бұл мейрамның төл мәдениетіміздегі орны айрықша. Шетелдік меймандар да мереке қарсаңында Қазақстанға арнайы келіп, біздің салт-дәстүрімізбен танысады, әдет-ғұрпымызды танып-біледі. Біз осы рухани қазынамызды жан-жақты дәріптеуіміз керек. Наурызнама бойынша бүгін – Ынтымақ күні. Еліміз үшін ауызбіршілік пен татулықтың орны қашанда ерекше. Бүкіл халқымыз ұлтына, дініне қарамастан бір ел болып, Наурызды бірге атап өтеді. Біз осындай береке-бірлігіміздің арқасында болашаққа зор сеніммен қарап, тек алға қарай қадам басып келеміз. Жан-жақты реформа жасап, мемлекеттің саяси жүйесін жаңғыртып жатырмыз. Ауқымды экономикалық жобаларды қолға алдық. Байсалды сыртқы саясатымыздың арқасында Қазақстан бүкіл әлемге беделді мемлекет ретінде танымал болды, – деді Мемлекет басшысы.

    Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамының тазалық, еңбекқорлық құндылықтарын дәріптейтін тәрбиелік мәніне тоқталды.

    – Ұлыстың ұлы күні – тазалық мерекесі. Халқымыз осы күні тал егіп, бұлақтың көзін ашқан. Айналасын тазалап, табиғатты аялаған. Бұл дәстүр бүгін де өз жалғасын табуда. Былтырдан бері елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Жалпыұлттық іске барша жұртымыз, әсіресе, жастар белсенді атсалысуда. Осылайша қоғамымызда жаңа экологиялық мәдениет пен болмыс қалыптасып келеді. Наурыз – нағыз еңбек мерекесі. Көктемнің басы – дала еңбегі жанданатын кезең. Қазір ауыл шаруашылығында қарқынды жұмыс басталды. Біз осы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладық. Басты мақсатымыз – еңбек адамының беделін арттыру. Өйткені еңбекқорлық – озық ойлы ұлтқа тән қасиет, – деді Мемлекет басшысы.

    Президент бүкіл әлемнің алмағайып жағдайда өмір сүріп жатқан шағында қоғамның тұрақтылығын нығайту  басты саясатымыздыңбағыты болып қала беретінін айтты.

    Ақорда

    – Биыл Конституциямызға және Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толады. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеміз. Көп ұзамай қастерлі Тәуелсіздігіміздің 40 жылдық мерейлі белесіне жетеміз. Қазақстан осы уақытта озық, өркениетті, қуатты мемлекет болуы керек. Мен Ұлттық құрылтайдың Бурабайдағы жиынында осы мәселеге арнайы тоқталдым. Біз елімізді жаңа жаһандық жағдайға бейімдеуіміз қажет. Мемлекетіміздің бағдары да, басымдығы да – айқын. Цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, ірі инфрақұрылымдық жобалар, көлік тасымалы және энергетика, агроөнеркәсіп кешені, сондай-ақ адам капиталы – осының бәрі еліміздің негізгі даму бағыттары. Қазақстан осы салалар бойынша әлемдік бәсекеге қабілетті ел болмақ. Бұған біздің мүмкіндігіміз толық жетеді. Біз «Заң мен тәртіп» қағидасы берік орныққан, әділетті, қауіпсіз, таза, мәдениетті және дамыған Қазақстанды міндетті түрде бірге құрамыз! Қазақстаннан басқа еліміз жоқ. Сондықтан бәріміз бір қоғам болып мемлекетімізді нығайтайық, дамытайық, көркейтейік!, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Бұдан кейін Мемлекет басшысы жұртшылықпен бірге мерекелік концертті тамашалады.

  • Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясы өтетін күн белгіленді

    Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясы өтетін күн белгіленді

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясы өтетін күнді белгіледі.

    Президент өкімімен ҚХА кезекті сессиясы шақырылды.

    Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXХІV сессиясын шақырды.

    Cессия 2025 жылғы 23-24 сәуір күндері Астана қаласында өтеді.

  • Ерлан Ақкенженов Энергетика министрі болып тағайындалды

    Ерлан Ақкенженов Энергетика министрі болып тағайындалды

    Ерлан Ақкенженов ҚР Энергетика министрлігінің басшысы болып тағайындалды. Тиісті жарлыққа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

    Құжат мәтіні 2025 жылғы 19 наурызда Ақорда сайтында жарияланған.

    «Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Құдайбергенұлы Ақкенженов Қазақстан Республикасының Энергетика министрі лауазымына тағайындалды», – деп жазылған ресми ақпаратта.

    Ерлан Ақкенженов 1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. «Әділет» жоғары құқық мектебін және «Астана» университетін бітірген. Еңбек жолын 2002 жылы жеке меншік ұйымда бас маман болып бастаған.

    2004-2012 жылдары мұнай саласындағы кәсіпорындарда басшылық лауазымдарда болды.

    2012-2016 жылдары KPMG International (Rompetrol) компаниясында бас менеджер, трейдинг жөніндегі аға басқарушы директор болып жұмыс істеді.

    2016 жылдан 2022 жылға дейін коммерциялық құрылымдарда жұмыс істеді.

    2022 жылғы шілде айынан бастап қазіргі уақытқа дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай өнімдері маркетингі басқармасының бастығы болып қызмет етті.

    2023 жылғы маусымнан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі қызметін атқарды.

    2023 жылдың 4 сәуірінен бастап ҚР Энергетика министрі қызметін 2025 жылғы 18 наурызда президент жарлығымен жаңа Атом энергиясы агенттігін басқарған Алмасадам Сәтқалиев атқарды.

  • Президент мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі Жарлыққа қол қойды

    Президент мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі Жарлыққа қол қойды

    Президент мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі Жарлыққа қол қойдыФото: Ақорда
    Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 5) тармақшасына сәйкес атом саласын одан әрі дамыту және ядролық қауіпсіздікті нығайту мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

    1. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің уран өндіру бөлігінде жер қойнауын пайдалану, атом энергиясын пайдалану, халықтың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі салаларындағы функцияларын және өкілеттіктерін бере отырып, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган ретінде Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) құрылсын.

    2. Агенттік берілетін функциялар мен өкілеттіктер шегінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалсын.

    3. «Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 11 наурыздағы № 552 Жарлығына мынадай толықтыру енгізілсін:

    жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың тізбесінде мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

    «Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі».

    4. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі:

    1) Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына:

    Агенттік төрағасымен бірлесіп Агенттік туралы ереженің және оның құрылымының жобаларын;

    Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінен және тиісті ведомстволық бағынысты ұйымдардан штат санын Агенттікке қайта бөлу жөніндегі ұсыныстарды енгізсін;

    2) осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шараларды қабылдасын.

    5. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

    1) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісуі бойынша Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің және тиісті ведомстволық бағынысты ұйымдардың штат санын қайта бөлуді;

    2) осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

    6. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

    7. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

  • Алмасадам Сәтқалиев Атом энергиясы жөніндегі агенттікті басқарады

    Алмасадам Сәтқалиев Атом энергиясы жөніндегі агенттікті басқарады

    Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

    Мемлекет басшысының Жарлығымен Алмасадам Майданұлы Сәтқалиев Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды, – делінген хабарламада.