Рубрика: Билік

  • Egov порталы екі күн уақытша жұмыс істемейді

    Egov порталы екі күн уақытша жұмыс істемейді

    «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ өз қызметтерінде жоспарланған техникалық жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы ескертті.

    Жоспарлы техникалық жұмыстарға байланысты мемлекеттік электронды қызметтерге қол жеткізу уақытша шектеледі.

    «Техникалық жұмыстар 2025 жылғы 20 наурыз сағат 23:00-ден 2025 жылғы 21 наурыз сағат 08:00-ге дейін жоспарланған. Уақыт кезеңі ықтимал қолайсыздықтарды азайту үшін пайдаланушының минималды белсенділігін ескере отырып таңдалды», – деп хабарлады «ҰАТ» АҚ.

    Осылайша, eGov.kz порталы және eGov мобильді, e-Otinish, E-license мобильді қосымшасы, сондай-ақ «Ашық үкімет» жүйелері және Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығының қызметтері уақытша тоқтайды.

    Сондай-ақ электронды үкімет арқылы интеграцияланған екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларында және басқа жүйелерде мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу шектеледі.

    Қазақстандықтарға қажетті операцияларды алдын ала аяқтау ұсынылады.

  • Интеллект бағытындағы жобаларға 1 млрд долларға дейін инвестиция салынады – Бектенов

    Интеллект бағытындағы жобаларға 1 млрд долларға дейін инвестиция салынады – Бектенов

    Астанадағы Qazaqstan Venture Group қоры отандық және Орталық Азия елдерінің жасанды интеллект бағытындағы жобаларына 1 млрд долларға дейін инвестиция салады.

    Премьер-министр Олжас Бектеновтің «Ілгерілеуге бастаған 6 жыл: Қазақстан орнықты даму жолында» мақаласында осындай дерек айтылады.

    Үкімет басшысы келтірген деректерге сүйенсек, Қазақстан IT-қызметтер экспортын ұлғайтып қана қоймай, Орталық Азия елдері арасында сенімді түрде көш бастап тұр.

    «Балабақшаларда «Отбасының цифрлық картасы», «Әлеуметтік әмиян» және цифрлық ваучерлер белсенді қолданылады, QazaqLaw (заңнамалық база бойынша көмекші), LLM ұлттық тілдік моделі жасалды, «Бизнестің цифрлық картасы» және басқа да жобалар әзірленуде. Соңғы бес жылда инновациялық өнім көлемі екі еседен астам, 1,1 триллион теңгеден 2,4 триллион теңгеге дейін өсті», – дейді Олжас Бектенов.

    Сондай-ақ, ол Президент тапсырмасымен жасанды зейіннің дамуына қолдау көрсету үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында Qazaqstan Venture Group қорларының венчурлық қоры құрылғанын еске салады. Мұндағы қаржыландырудың мақсатты көлемі – 1 миллиард доллар.

    «Қор Қазақстан мен Орталық Азияның инновациялық жобаларына басымдық бере отырып инвестиция салады. Биыл еліміздің жедел цифрлық трансформациясына ықпал ететін Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады», – деп жазады Премьер-министр.

    Олжас Бектенов Үкіметтің алдында цифрландыру мен жасанды интеллект, көлік, энергетика, агроөнеркәсіп секторы және адам капиталының даму әлеуетін ұтымды пайдалану міндеті тұрғанын айтады.

    «Үкімет жүктелген міндеттерді орындауға бар күш-жігерін салады. Көріп отырғанымыздай, соңғы 6 жыл ішінде атқарылған жұмыс аз емес, бірақ алда бұдан да ауқымды міндеттер тұр», – деп түйіндеген ол мақаласын.

     

  • Қазақстанға бір емес, үш АЭС керек – Тоқаев

    Қазақстанға бір емес, үш АЭС керек – Тоқаев

    Қазақстанда бір емес, үш атом электр стансасы салынуы мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда осындай ұсыныс тастады.

    Оның айтуынша, қазақстандықтар референдумда бірінші атом электр стансасын салу туралы шешімге қолдау көрсетіп, осы міндетті орындауға жол ашып берді.

    «Бұл қадам алыс болашақтағы ахуал қалай болатынын ескере отырып, энергетика саласын кешенді түрде, жан-жақты ойластырып дамыту қажеттігін көрсетеді. Мәселе еліміздің энергияға деген қазіргі сұранысын қанағаттандыруға ғана тіреліп тұрған жоқ. Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар. Мен, дәл сол себепті, Қазақстанға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептеймін», – деп мәлімдеді Тоқаев.

    Мемлекет басшысы осы міндеттің айрықша маңызды екенін ескеріп, Президент жанындағы Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешім қабылдаған.

    «Біз газ бен көмір өндіру ісіндегі мүмкіндіктерімізді, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздерінің әлеуетін толық пайдалануымыз керек», – деді президент.

  • Уақыт белдеуіне қатысты: Мәселені саясиландырудың қажеті жоқ

    Уақыт белдеуіне қатысты: Мәселені саясиландырудың қажеті жоқ

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесіне пікір білдірді.

    «Енді бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты пікірталасқа тоқталайын. Үкімет пен Парламент бұл мәселені талқылады. Арнайы зерттеулер жүргізілді, шешімге күмән келтірген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталған жоқ», – деді мемлекет басшысы.

    Мемлекет басшысы қазіргі жүйе мемлекетті басқару ісін жеңілдететінін атап өтті.

    «Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің, сондай-ақ мамандардың уәжімен келісемін: біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді. Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

  • Ұлттық құрылтай: Аудан әкімдерін тікелей халық сайлайды

    Ұлттық құрылтай: Аудан әкімдерін тікелей халық сайлайды

    Бурабайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың IV отырысы басталды.

    Биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болады. Билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болмады. Бұл туралы Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

    «Жергілікті билік түбегейлі жаңғыртылды. Үш жылдан астам уақыт ішінде ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарды. Оның үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. Бір сөзбен айтсақ, аймақтардағы атқарушы билікке жаңа адамдар келіп жатыр. Пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі сайланды. Биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Оның айтуынша, түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауы өкілді билік органдарының жұмысына тың серпін берді.

    «Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайланды. Билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болмады», – деді Президент.

  • Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды – Президент

    Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды – Президент

    Үш жылда саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Бұл туралы Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

    «Ең алдымен бүгін Амал күні баршаңызға құтты болсын дегім келеді. Қыстан аман-есен шығып, ағайын-бауырмен көрісу – ежелден келе жатқан ата дәстүріміз. Бұл күн – Әз-Наурыздың бастауы. Еліміздің төл мерекесі биыл да қасиетті Ораза айына орайлас келіп отыр. Қастерлі мейрамдарымыз халқымызды игі амалдар жасауға үндейді. Асыл қасиеттерімізді кеңінен дәріптейді. Құрылтайдың ұлық мерекелермен қатар өтіп жатқаны – жақсылықтың нышаны», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Мемлекет басшысы осыдан үш жыл бұрын наурыз айында арнайы Жолдау жариялағанын еске салды.

    «Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жасайтынымызды айттым. Сол кезде алғаш рет Ұлттық құрылтай туралы бастама көтердім. Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылды. Басқа да бағыттарда маңызды реформалар жасалды», – деді Президент.

  • Бурабайда Ұлттық құрылтайдың IV отырысы басталды

    Бурабайда Ұлттық құрылтайдың IV отырысы басталды

    Бурабайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың IV отырысы басталды.

    Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлейді. Сондай-ақ, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салады.

    Айта кету керек, құрылтайдың панельдік сессиялары кеше басталған. Ол секциялардың тақырыптары азаматтық қоғам, мәдениет, өнер, руханият, білім және ғылым, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін қамтыды.

  • Президент қазақстандықтарды Амал күнімен құттықтады

    Президент қазақстандықтарды Амал күнімен құттықтады

    Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын әз-Наурыздың бастауы – Амал күнімен құттықтады.

    Мемлекет басшысының сөзінше, амал келгенде амандық білісу – көне заманнан жалғасқан айрықша дәстүріміз.

    Қыстан шығып, шуақты көктемге аман жеткен ағайын осы күні бір-бірімен көріседі. Жастар үлкендерге сәлем беріп, қариялардың батасын алады. Халқымыз ежелден осындай ғұрыптар арқылы бауырмалдық пен жанашырлықты, татулық пен мейірімділікті дәріптеп, ұрпақтың бойына асыл қасиеттерді сіңіре білген. Мұның бәрі қазіргі Қазақстанның Адал азамат тұжырымдамасымен толық үндеседі.

    «Бүгінде Наурыз мейрамы алдындағы көрісу ғұрпы қайта жаңғырып, жалпыұлттық сипат ала бастады. Осы бірегей дәстүріміз еліміздің ырысты ынтымағы мен берекелі бірлігін нығайта түседі деп сенемін. Әр шаңырақ шаттық пен қуанышқа кенелсін! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Айдан аман, жылдан есен болайық!», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

  • Ертең Бурабайда Ұлттық құрылтай өтеді

    Ертең Бурабайда Ұлттық құрылтай өтеді

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 14 наурыз күні Бурабайда өтетін Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысады.

    Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлім етті.

    Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салады.

    Айта кету керек, Ұлттық құрылтайдың бұған дейінгі отырыстары: 2022 жылы Ұлытауда,  2023 жылы Түркістанда,  2024 жылы Атырауда өтті.

     

  • Уақыт белдеуінің өзгеруі кері әсер бермеді – Көшербаев

    Уақыт белдеуінің өзгеруі кері әсер бермеді – Көшербаев

    ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев еліміздегі бірыңғай уақыт белдеуінің әсері жөнінде пікір білдірді.

    «Уақыт белдеуіне қатысты мәселеге қысқаша тоқталғым келеді. Тәжірибе көрсеткендей, өңірлердің басым бөлігі айтарлықтай кері әсердің жоқ екендігін айтып отыр. Адам денсаулығына, балалардың оқу сапасына, коммуналдық шығындарға, жол қозғалысына және қылмыстың өсу динамикасы өзгеріске ұшырамаған. Кейбір өңірлерде, әсіресе, шығыста адаптация процесі жалғасуда. Тұрғындарға тиімді болу үшін жұмыс уақыты өзгертіліп, ол қазір бес жарымға таман аяқталады. Нәтижесінде қалған уақытты тұрғындар жеке басына, отбасына, балаларына арнауға көбірек мүмкіндік алып отыр», – деді Е. Көшербаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.

    Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет пен Парламент бұл сұрақты жан-жақты қарады.

    Еске сала кетсек, елімізде  2024 жылы 1 наурыздан бастап уақыт бір сағат артқа жылжыды.