Рубрика: Мәдениет

  • «91» тобын Сәтпаев қаласынан концертке кіргізбей қойған — Alem

    «91» тобын Сәтпаев қаласынан концертке кіргізбей қойған — Alem

    «91» тобының мүшесі Alem «Айқап» подкастында топтың кейбір қалаларда концерт өткізуіне тосқауыл қойылғанын айтты. Оның сөзінше, Түркістанда жоспарланған шара өтпей қалған. Ал Сәтпаевта жағдай одан да күрделі болған.

    «Сәтпаев қаласына кіре алмадық. Бір рет барғанымызда артымыздан көлікпен қуды. Формалы ағалар бізді қонақүйге кіргізіп, ертесіне ұшаққа салып кері қайтарды», — дейді Alem.

    Музыкант бұл оқиғаның ушығуына әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған арандатушылық хабарламалар себеп болғанын айтты. «WhatsApp-та «91 тобын ұрып-соғып, видеоға түсірсеңдер — ақша береміз» деген ақпарат тараған», — дейді ол.

    Дегенмен, Alem Атырау мен Ақтауда мұндай қиындықтар болмағанын атап өтті.

  • ZAQ: «Қызым Айрин маңдайымен өмірге келді — мұндайды акушердің өзі алғаш көрген»

    ZAQ: «Қызым Айрин маңдайымен өмірге келді — мұндайды акушердің өзі алғаш көрген»

    Музыкант үшін ең ауыр әрі ең бақытты күн — қызы Айриннің дүниеге келген сәті болыпты.

    ZAQ-тың айтуынша, Айрин маңдайымен туған. Бұл — өте сирек әрі ана мен бала үшін аса қауіпті жағдай. «Бала негізі желкесімен туады. Ал бізде маңдаймен келді. Мұндайда толық ашылу 14 см-ге жетуі керек екен. Бұл — мүмкін емес нәрсе», — дейді ол. Дәрігерлер УЗИ кезінде бұл қиындықты байқамай, босану бөліміне жібере салған. Ал Жадыраға жүктілік те қауіпті болған, себебі жүрегіне ота жасалған. Дәрігерлер табиғи жолмен босануға болмайды деген.

    «Акушердің өзі таңғалды. Бір сәтте «кіндігі үш жерден оралып қалыпты» деген дауыс шықты. Бірақ дәрігерлер дереу әрекет етіп, қызымды аман алып шықты», — дейді ZAQ.

    Жадыра босанғаннан кейін есінен танып, 10 күн бойы қалпына келді. Қан құю керек болғанмен, фобиясына байланысты бас тартқан. Осы күндері ZAQ өзі жаңа туған сәбиіне қарап, жұбайының күтімін де қатар алып жүрген.

    «Басында «қырқынан шығарып, жұмысқа қайта ораламын» деген едім. Бірақ Жадыраның толық қалпына келуіне 2-3 ай кетті», — дейді музыкант.

  • Гүл өсірген аулалар марапатталды

    Гүл өсірген аулалар марапатталды

     

    1-орын иегері — Ольга Попова. Ол бірнеше жылдан бері ауланы сәндік және көпжылдық гүлдермен көмкеріп келеді. «Гүлдер тек әдемілік үшін емес, олар көңіл қуантады. Қала – ортақ үйіміз, оны көркейту – әркімнің міндеті», – дейді зейнеткер.

    2-орынды агроном зейнеткер Абдували Асылбеков алды. «Алғашқы гүлдерді 10 жыл бұрын ектім, қазір көршілермен бірге бәріміз айналысамыз. Келінім еңбегімді байқап, конкурсқа ұсынды», – дейді ол.

    3-орын — Лилия Петрушинаға. Оның ауласын тұрғындар бірігіп көгалдандырған. «Бұл тек менің емес, барлығымыздың еңбегіміз», – дейді олар.

    Конкурс аясында қала аулалары жасыл желекке оранып, тұрғындар табиғатқа жанашырлықпен қарай бастаған.

  • Солтүстік жағалауда сенбілік өтті: 95 қап қоқыс жиналды

    Солтүстік жағалауда сенбілік өтті: 95 қап қоқыс жиналды

    Қонаев қаласында 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік ұйымдастырылды.

    Бұл жолы тазалық жұмыстары солтүстік жағалауға апаратын жол бойы мен «Күншуақ» жазғы лагері аумағында өтті. Шараға 70-ке жуық қала тұрғыны мен мекеме өкілі қатысып, барлығы 95 қап қоқыс жиналды.

    Жалпы, жыл басынан бері Қонаев қаласында өткен сенбіліктерге 2000-нан астам адам қатысқан. Нәтижесінде 62 тоннадан астам тұрмыстық қалдық жиналып, 16 техника жұмылдырылған.

    Қалалық әкімдік тұрғындарды табиғатты аялауға, қоршаған ортаны таза ұстауға және мұндай игі бастамаларға белсенді атсалысуға шақырады.

  • «Таза аула» конкурсының жеңімпаздары анықталды

    «Таза аула» конкурсының жеңімпаздары анықталды

    Көңілді кеш барысында қала әкімі Асхат Бердіханов «Таза аула» конкурсының жеңімпаздары марапаттады. 3-орынды Қойшыманов көшесі №6 көпқабатты тұрғын үйдің ауласын көгалдандырған Лилия Петрушина иеленді, 2-орын 5-ш/а №56 көпқабатты үйдің тұрғыны Абдували Асылбековке бұйырды, ал 1-орын-Бас жүлдені 3-ш/а №28Б көпқабатты үйінің тұрғыны Ольга Попова жеңіп алды. Қаланың көркіне көрік қосып, табиғат пен ауланың жанашыры атанған азаматтарға 100, 200 және 300 мыңның сертификаттары табыс етілді.

    Бұл «Таза аула» конкурсының алғашқы кезеңі болатын. Ерекше жарыс ары қарай да жалғасын табады. Басталуы жайлы қосымша хабарланады.

    Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты – тазалық мәдениетін қалыптастару. Аталған бағыттағы жұмыстар қала әкімдігімен жүйелі түрде жүргізілуде.

  • Қала әкімі жағажайларды тексерді

    Қала әкімі жағажайларды тексерді

    ТЖБ мамандарының сөзінше, шомылу маусымы басталғалы мұнда кезекшілік пен патрульдеу ұйымдастырылған. Сондай-ақ 10-нан астам құтқарушы посттарда отыр.

    Бейнебақылау камералары арқылы полиция басқармасы бақылау жүргізуде. Әр жерлерде ақпараттық баннерлер орнатылған.

    Ал кәсіпкерлермен тілдескен шаһар басшысы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, нысандарды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестендіру – ең басты шаралар екенін атап өтті.

    «Келісімшарт жасалған соң, нысандарды талаптарға сай ете отырып, халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсету қажет. Қайғылы жағдайлар орын алмас үшін бірлесе әрекет етейік. Жағажайды, бизнес орындарын таза ұстаңыздар. Халық пен қонақтар, демалушылар тарапынан түскен сын-пікірлерді басшылыққа алып, кемшілікті түзетіңіздер», – деді Асхат Бердіханов.

    Айта кетейік, биыл Қонаевта 140-тан астам демалыс орны жұмыс істейді. 6,7 жағажайларды абаттандыру шомылу маусымынан кейін басталады деп жоспарлануда.

  • Flyboard пен автошеру: Қонаев халқы мерекені ерекше форматта атап өтті

    Flyboard пен автошеру: Қонаев халқы мерекені ерекше форматта атап өтті

    Алматы облысының орталығында ұйымдастырылған думанды күн патриоттық рухты көтеріп, тұрғындарға жағымды көңіл-күй сыйлады.

    Мереке орталық алаңнан басталған ретро-көліктер шеруімен ашылды. Мемлекеттік тулармен безендірілген көліктер қаланы аралап өтіп, №5 қалалық жағажайға дейін жетті.

    Жағажайда өткен Flyboard шоуы күннің ерекше сәтіне айналды. Спортшылар су бетінде көк Туды желбіретіп, әуеде көз тартарлық трюктер жасады. Бұл көріністі 300-ден астам қала тұрғыны мен қонақтары тамашалады.

    Іс-шара барысында қала әкімі Асхат Бердіханов тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады.

    «Сіздерді 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – тәуелсіздігіміздің символы, ұлт бірлігі мен рухын айшықтайтын маңызды күн. Мемлекеттік рәміздер – баршамыз үшін ортақ мақтаныш, болашақ ұрпақ үшін асыл мұра. Баршаңызға денсаулық, береке және игілік тілеймін», – деді әкім.

    Қала тұрғындары ерекше форматта өткен шараларға жоғары баға берді.

    «Flyboard шоуын алғаш рет көріп отырмыз. Керемет әсер алдық. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Осындай көріністер Отанға деген сүйіспеншілікті арттыра түседі», – деді Димаш есімді тұрғын.

    Іс-шара мерекелік концертке ұласты.

  • Актер Серік Шәріп ЖИ-видео жасаған адамды сотқа берді

    Актер Серік Шәріп ЖИ-видео жасаған адамды сотқа берді

    Актер Серік Шәріп Астана тұрғынының үстінен арыз түсірген. Threads желісінде Арман есімді қолданушы сәуір айының басында жасанды интеллект көмегімен жасалған видеоны жариялаған. Онда актер Серік Шәріп пен кісі өлтіргені үшін сотталған Қуандық Бишімбаевтың бейнесі қатар көрсетілген.

    Қиын сәтте әрдайым қасыңнан демеу болатын адам табылуы керек, – делінген видео кадрларындағы жазбада.

    Жарияланым 13 мыңнан астам лүпіл мен жүздеген пікір жинаған. Кеше кешкісін астаналық тұрғын актердің оған арыз жазғанын хабарлады.

    Бүгін маған Алмалы аудандық полиция басқармасынан қоңырау шалып, Шәріп Серік маған жалған ақпарат таратты деп арыз жазғанын айтты, – дейді ол.

    Желі қолданушыларының пікірлерінде белгілі адвокат Жохар Өтебеков азаматты сотта қорғауға дайын екенін білдірді.

    Мен – қылмыстық істер бойынша адвокатпын. Сізді қорғағым келеді. Бұл – тегін. Жеке хабарламаға жазыңыз, – деді Өтебеков.

    Видео авторының жазбаларының астындағы пікірлер екіге жарылды – біреулер контент-мейкерді қолдаса, енді біреулер оның әрекетін орынсыз деп тапты.

    Адамның басына түскен ауыр кезеңде оны масқаралаудың не қажеті бар? Сіз кісі өлтіру мен қол көтеруді салыстырып отырсыз. Шакенти кінәлі, және ол сот белгілеген жазасын алды. Бірақ сіздің әрекетіңіз – ең кемі адамшылыққа жатпайды.

    Бұл – юморлық ролик. Жасанды генерация екені анық байқалады, шындыққа жанасатын ештеңесі жоқ. Видеоның ешқандай репутациялық зиян келтірмегені көрініп тұр.

    Айтпақшы, жақында белгілі PR-маман Әлішер Елікбаевқа берген сұхбатында Серік Шәріп осы видеоға қатысты пікір білдірген. Ол Киберполицияға арыз жазғанын растады.

    Барлығы: «қылмыс құрамы бар» дейді. Мен бұл адамдарды жазалағым келеді, – деді актер.

    Сондай-ақ, Шәріп өзіне Бишімбаевты теңеуге неге болмайтынына да жауап берді. “Бұл мені өте қатты ренжітті. Мен кісі өлтіруші емеспін. Мен «екінші Бишімбаев» бола алмаймын. Ол – оның өмірі, оның тағдыры, оның қатесі”, – деді ол.

  • Сиви Махмудидің бұрынғы күйеуі сотталды

    Сиви Махмудидің бұрынғы күйеуі сотталды

    Әнші Сиви Махмудидің бұрынғы күйеуі Аңсар Қажымұқанұлына қатысты сот үкімі шықты. Іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды. Бүгін аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық фактісі бойынша (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) Аңсар Қажымұқанұлына қатысты үкім шығарды.

    Аңсар Қажымұқанұлы жәбірленуші А.-ның туысы өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды заңсыз сақтау фактісі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын, оның тергеу изоляторына қамалғанын біліп, полиция қызметкерлерінің арасында іс жүзінде таныстары жоқ бола тұра, қалыптасқан жағдайды пайдаланып, әрекетін ауырдан неғұрлым жеңіл жазаға саралау мәселесін шешу үшін полиция қызметкерлеріне беремін деп жалған айтып, алаяқтық жолымен А. және оның туыстарының 50 мың АҚШ доллары сомасындағы ақша қаражатын жымқырған.

    Осылайша, Аңсар Қажымұқанұлы жәбірленушілерге аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірген. Оның кінәсі куәлардың айғақтарымен, беттестіру хаттамасымен, сот-психологиялық-филологиялық сараптаманың қорытындысымен дәлелденді.

    Прокурор Аңсар Қажымұқанұлына 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Қорғаушы тарап бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.

    ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің санкциясы мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 5-тен 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

    Қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп жас балалардың болуы, кінәсін мойындауы, шын жүректен өкіну танылды. Ауырлататын мән-жайлар жоқ.

    Сот үкімімен Аңсар Қажымұқанұлы ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталды.

    Үкім заңды күшіне енген жоқ.

  • Димаш Құдайберген жанкүйерінің арманын орындады

    Димаш Құдайберген жанкүйерінің арманын орындады

    Кеше Ақтау қаласында өткен «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» концертінде Димаш Құдайбергеннің әндерін жан-тәнімен қосыла шырқаған көрермен желіде көптің жүрегін елжіретті. Концерттен соң, Димаш Құдайберген ақтаулық 23 жастағы жанкүйерімен арнайы кездесті. 

    Димаш Құдайберген оның қолдауына алғысын айтып, қолынан алды. Естелік болсын деп білезігін сыйға тартты.

    «Сенің бейнежазбаңды көрдім. Шығар алдында көріп қалдым. Ағаларыма рахмет, бір өтінішімді жерге қалдырмай, іздестіріп тауып берген. Рахмет саған, шығармашылығыма болысып жүргеніңе», – деді Димаш Құдайберген. 

    Арбада отырған жігіт бала күнінен Димаштың әнін тыңдағанын, жүздесуді армандағанын айтты.

    «Бүгін – менің өмірімдегі бақытты күндерімнің бірі. Бұрын Димашты сахнадан, телеарнадан ғана көрсем, енді жақыннан көріп тұрмын. Арманым орындалды», – деп ағынан жарылды ол.