Рубрика: Оқиғалар

  • Шымкент мұнай өңдеу зауытында екі жұмысшы қаза тапты, полиция қылмыстық іс қозғады

    Шымкент мұнай өңдеу зауытында екі жұмысшы қаза тапты, полиция қылмыстық іс қозғады

    26 тамыз күні Шымкент мұнай өңдеу зауытында өндірістік апат тіркелді. Бұл туралы Sona.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

    Оқиға күндізгі уақытта изоляциялық жұмыстар кезінде болған. Автовышка аударылып, мердігер ұйым — «КРС Астана» компаниясының екі қызметкері қаза тапты.

    Зауытты басқаратын «ПетроКазахстан Ойл Продактс» компаниясы ақпаратты растады. Әкімшілік мәліметінше, өндіріс орны штаттық режимде жұмысын жалғастыруда. Қайғылы жағдайдың себебін арнайы құрылған жұмыс тобы анықтап жатыр.

    Алматы облысының полицейлері еңбекті қорғау ережелерін бұзу бабымен қылмыстық іс қозғады.
    — Тергеу аясында барлық мән-жайлар анықталады. Іс аяқталған соң заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады, — деп хабарлады тәртіп сақшылары.

    Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл бап бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

  • Алматыда жасөспірім екі жасар баланы асфальтқа лақтырды: қылмыстық іс қозғалды

    Алматыда жасөспірім екі жасар баланы асфальтқа лақтырды: қылмыстық іс қозғалды

    Алматыда кішкентай балаға қатысты оқыс оқиға болды. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада 13 жастағы жасөспірімнің екі жасар сәбиді қолына көтеріп, жоғары лақтырып, жерге құлатып кеткен сәті анық көрінеді. Баланың денсаулығына зақым келді.

    Баланың анасының айтуынша, жағдай 23 тамыз күні кешкі сағат 20:15 шамасында аулада болған. «Ұлым ойнап жүргенде жасөспірім келіп, қолына көтерді де, жоғары лақтырып жіберіп, өзі қашып кетті. Біз соңынан жүгіргенімізбен, көзден таса болды», – дейді ол.

    Зардап шеккен сәби жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Анасы бірден полицияға шағым түсірген. Кейін учаскелік инспектор оқиғаны жасаған баланың аутизм диагнозы бар екенін және дамуында тежелуі бар екенін айтқан.

    Әйелдің сөзінше, бастапқыда жасөспірімнің ата-анасы емдеу шығындарын өтейтінін уәде еткен. Алайда кейін олар сөзінен айнып, көмектен бас тартқан. Осыған байланысты ана полиция жұмысына да наразылық білдірді.

    Алматы қалалық полиция департаменті бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. «Қажетті тергеу амалдары аяқталған соң процессуалдық шешім қабылданады», – делінген ресми ақпаратта.

    Қазір баланың жағдайына дәрігерлер бақылау жасап отыр. Ал ата-анасы әділдікке қол жеткізуді талап етуде.

  • Шымкентте жолаушы сыра бөтелкесімен таксиді талқандап, кейін кешіріммен құтылды

    Шымкентте жолаушы сыра бөтелкесімен таксиді талқандап, кейін кешіріммен құтылды

    Шымкентте такси жүргізушісі мен жолаушы арасындағы жанжал көліктің бүлінуімен аяқталды. Оқиға бойынша қаралған қылмыстық іс қалалық ауданаралық сотта аяқталды, деп хабарлайды Sona.kz Tengri Auto-ға сілтеме жасап.

    Қақтығыс өткен жылдың жазында, таңғы сағат 05:30 шамасында болған. Әйел «Яндекс GO» қосымшасы арқылы такси шақырған. Дәл не үшін жанжал шыққаны сотта айтылмады. Алайда салдары ауыр болды.

    Сот деректеріне сәйкес, айыпталушы көліктің ішінде отырып, қолындағы шыны сыра бөтелкесімен алдымен алдыңғы панель мен мониторды сындырған. Бұған қанағаттанбаған ол сыртқа шығып, сол бөтелкемен бүйір терезесін қиратқан. Кейін жол жиегінен тас алып, көліктің алдыңғы және артқы әйнектерін, есік қаптамасын талқандаған.

    Тергеу материалдары әйелдің кінәсін толық дәлелдеген. Ол «Бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру» бабы бойынша айыпталды.

    Алайда сот процесі күтпеген жерден татуласумен аяқталды. Әйел кінәсін мойындап, таксистке келген шығынды толығымен өтеп берді. Жүргізуші де кешірім жасап, соттан айыпталушыны қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады.

    Сот тараптардың өтінішін қанағаттандырып, істі тоқтатты. Шешім заңды күшіне енді.

  • Ұржардағы жол апаты: 9 жасар қыз комада, тағы екі бала Астанада ем қабылдап жатыр

    Ұржардағы жол апаты: 9 жасар қыз комада, тағы екі бала Астанада ем қабылдап жатыр

    Абай облысында орын алған ауыр жол-көлік оқиғасынан кейін бірнеше бала ауруханаға түсті, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz.-ке  сілтеме жасап.

    Қайғылы жағдай Ұржар ауданында болған. Жол апатынан зардап шеккендердің ішінде 9 жасар қыздың жағдайы ерекше ауыр. Қазір ол Семей медицина университетінің госпиталінде жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, ол комада, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

    Дәрігерлер қызға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын айтады. «Пациенттің жағдайы өте ауыр, өміріне қауіп төніп тұр. Толық көлемде интенсивті терапия жүргізілуде», – деп мәлімдеді Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы.

    Сонымен қатар тағы екі бала да жарақат алған. Олар елордаға санавиациямен жеткізілді. Қазіргі таңда балалар Астанадағы көпсалалы клиникалық аурухананың травматология бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы тұрақты, оларға жоспарлы операция жасалмақ.

    Оқиғаның мән-жайы туралы полиция әлі толық ақпарат берген жоқ. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алдын ала болжам бойынша, көлік жүргізушісі тізгінге ие бола алмай қалған.

    Жергілікті тұрғындар апат болған жол бөлігінің қауіпті екенін айтады. «Бұл жерде жол тар әрі қозғалыс жиі болады. Жаяу жүргіншілерге де қиын», – дейді куәгерлердің бірі.

    Айта кетейік, соңғы айларда өңірде балалар қатысқан бірнеше ірі жол апаты тіркелген. Мамандар ата-аналар мен жүргізушілерді жолда сақ болуға шақырады.

  • Алматы әуежайында ер адам өзін өртемек болды

    Алматы әуежайында ер адам өзін өртемек болды

    Алматы халықаралық әуежайында ер адам өзін өртемек болған оқиға тіркелді. Полицейлер жедел әрекет етіп, жалынды сөндіріп үлгерді.

    Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада ер адамның үстіне жанармай құйып, от қойған сәті көрінеді. Оқиға орнында жүрген тәртіп сақшылары оны дереу сөндіріп, алғашқы медициналық көмек көрсетті.

    Қазіргі уақытта ер адамның жағдайы туралы ресми мәлімет жарияланған жоқ. Ішкі істер органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

  • Алматыда жоғалған жасөспірім бір айдан кейін табылды

    Алматыда жоғалған жасөспірім бір айдан кейін табылды

    Алматыда 16 жастағы Айдос Акимбаевты іздеу жұмыстары аяқталды. Жасөспірім 25 күннен соң тірі табылды, деп хабарлайды Sona.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

    Айдос 28 шілде күні таңертең Мамыр-3 ықшамауданындағы үйінен қоқыс тастауға шығып, қайтып оралмаған. Бейнекамералар оны сағат 11 шамасында үйдің жанында түсірген. Алайда қоқыс жәшіктерінің жанындағы аумақ «соқыр аймақ» болғандықтан, кейінгі қозғалысы белгісіз болып қалған.

    Із-түзсіз жоғалу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, іздеуге туыстары мен еріктілер қосылды. Анасы Баян Акимбаева әлеуметтік желілерде тұрғындарға көмек сұрап, жиі үн қатқан.

    22 тамызда әйел ұлын тапқанын хабарлады. Оның айтуынша, жасөспірімді үш ер адам күштеп көлікке отырғызып, кейін Шымкентке алып кеткен. Бірнеше күн бойы Айдос жертөледе ұсталып, соққыға жығылған. Кейін ол Түркістанда жанармай бекетінде қашып шығып, жол бойында түнеген.

    Оқиғаға қатысты қазір тергеу амалдары жүргізілуде.

  • Астанада шетелдік жүргізуші бірнеше ереже бұзып, ұсталды

    Астанада шетелдік жүргізуші бірнеше ереже бұзып, ұсталды

    Астана орталығында жол қозғалысы ережелерін бұзған шетелдік азамат ұсталды. Оқиға кезінде ол полициядан жасырынбақ болып, бірнеше көлікке соқтығысқан. Бұл туралы Sona.kz Tengri Auto-ға сілтеме жасап хабарлайды.

    Полиция дерегінше, Mercedes көлігінің жүргізушісі патрульді көрген сәтте аулаға кіріп, шлагбаум мен екі көлікке соғылған. Кейін жаяу қашпақ болғанымен, тәртіп сақшылары оны ұстады.

    Тексеру барысында жүргізушінің елде заңсыз жүргені анықталды. Оның бірнеше заңбұзушылығы тіркелді:
    • жалған мемлекеттік нөмірлерді қолдану,
    • сақтандырусыз көлік жүргізу,
    • заңсыз такси қызметін көрсету.

    Mercedes көлігін оған танысы бергені белгілі болды. Ол да әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал жүргізуші үш тәулікке қамауға алынып, көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін қосымша жауапқа тартылды.

  • Атырауда көшеде түнеп жүрген жасөспірім отбасындағы жағдайды айтты

    Атырауда көшеде түнеп жүрген жасөспірім отбасындағы жағдайды айтты

    Атырауда 14 жастағы Кирилл есімді жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Оның кішкентай қарындасы «Бөбектер үйіне» жіберілді. Бұл туралы өңірдің бала құқықтары жөніндегі уәкілі Айжан Сарсембаева мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

    Көшеде ұйықтап жатқан баланың суреттері жақында әлеуметтік желілерде тараған. Куәгерлердің айтуынша, жасөспірім көшеде жүріп-тұратын өмір салтын ұстанған. 20 тамызда бұл туралы полицияға және отбасыны қолдау орталығына хабар түскен.

    Бұған дейін Кирилл бейімдеу орталығында болған. Ол кезде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия сотқа ата-анасының құқығын шектеу туралы материалдарды жолдаған, алайда сот балаларды анасымен қалдыруды шешкен.

    Сарсембаеваның айтуынша, жасөспірім ашық сөйлесіп, уайымымен бөліседі. Ол түні бойы мопед бөлшектерін іздеп, кейінгі оқиғаларды дұрыс есіне түсірмеген. Кирилл анасымен және қарындасымен бірге болғысы келеді, алаңдайтынын және мазасыз түс көретінін айтқан.

    Сондай-ақ ол анасының денсаулығы нашарлағанын жеткізді. Қазір оған туыстары мен таныстары қарайды.

    Мамандар жасөспірімнің психологиялық жағдайын тексеріп жатыр. Балалардың болашағына қатысты шешім кешенді бағалау негізінде қабылданбақ.

  • Астанада автобус апатқа ұшырап, 14 адам зардап шекті

    Астанада автобус апатқа ұшырап, 14 адам зардап шекті

    Астанада автобус қатысқан жол-көлік оқиғасы салдарынан 14 адам жарақат алды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Полиция мәліметінше, Mercedes маркалы қызметтік автобустың жүргізушісі Қабанбай батыр даңғылымен келе жатып, бұрылыс жасау кезінде рөлге ие бола алмай, көлік жол жиегіне түсіп кеткен.

    Қайтыс болғандар жоқ. Қазір оқиғаға байланысты тексеріс жүргізіліп жатыр.

    Қалалық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратына сәйкес, зардап шеккендердің барлығы Астананың көпсалалы стационарларына және Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізілген.

  • Шығыс Қазақстан облысында пойыз екі әйелді қағып кетті: біреуі қаза тапты

    Шығыс Қазақстан облысында пойыз екі әйелді қағып кетті: біреуі қаза тапты

    22 тамыз күні таңертең Шығыс Қазақстан облысында теміржолда қайғылы оқиға тіркелді. Қоршунова – Өскемен-1 аралығында пойыз екі әйелді қағып кетті, деп хабарлайды Sona.kz Kriminal Kazakhstan Telegram-арнасына сілтеме жасап.

    «Қазақстан темір жолы» АҚ мәліметінше, машинист жолда адамдарды байқап, шұғыл тежегішті басқан. Бірақ пойызды тоқтату мүмкін болмай, соқтығыс орын алған.

    Оқиға салдарынан бір әйел алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Екінші әйел ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Оның жағдайы дәрігерлердің бақылауында.

    Компания марқұмның туыстарына көңіл айтып, зардап шеккенге тез сауығып кетуін тіледі. Сонымен қатар, КТЖ азаматтарды теміржол маңында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.