Рубрика: Жаңалықтар

  • Тұрақты экономикалық өсім: Қонаевта жылдың 9 айы қорытындыланды

    Тұрақты экономикалық өсім: Қонаевта жылдың 9 айы қорытындыланды

    Қонаев қаласының әкімдігі 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жариялады. Барлық негізгі бағыттар бойынша тұрақты өсім байқалады.

    Экономика және қаржы бөлімінің деректеріне сәйкес, жергілікті бюджетке 44,5 млрд теңге түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4 млрд теңгеге көп немесе 116,6%-ды құрайды.

    Қаладағы өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 67,7 млрд теңгеге жетсе, негізгі капиталға салынған инвестициялар 96,7 млрд теңгені құрады. Сауда саласы да оң динамика көрсетіп отыр: бөлшек сауда айналымы – 38,2 млрд теңге, көтерме сауда айналымы – 20,9 млрд теңге болды.

    Жұмыспен қамту саласында 2377 тұрғын еңбекке орналасуға өтініш білдірген. Олардың 662-сі тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамту деңгейі 27,9%-ды құрайды. Есепті кезең соңында 1180 адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген.

    Ауыл шаруашылығы саласында да өсім байқалады: өнім көлемі 14,4 млрд теңгені құрады. Негізгі көрсеткіштер бойынша — жылқы саны 16,1%-ға, ет өндіру көлемі 15,1%-ға, сүт өндіру 8,6%-ға, жұмыртқа шығымы 27,2%-ға артқан. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 11 769 гектарды қамтыды.

    Құрылыс саласында 9 айдың ішінде 36,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 17,4 млрд теңгені құрады.

    Қонаев қаласы әкімдігі аталған көрсеткіштер қала экономикасының тұрақты дамуын және негізгі салалардағы оң серпінді айқындайтынын атап өтті.

  • Алматы облысында «Тең мүмкіндіктер» инклюзиялық спорт фестивалі өтті

    Алматы облысында «Тең мүмкіндіктер» инклюзиялық спорт фестивалі өтті

    Алматы облысында «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Тең мүмкіндіктер» инклюзиялық спорт фестивалі ұйымдастырылды. Фестивальдің өтуіне «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты қолдау көрсетті.

    Осылайша, сайысқа ерекше білімге мүдделі мектеп оқушылары қатысты. Мұндағы мақсат – инклюзиялық мәдени-спорттық іс-шаралар арқылы достық байланысты, әлеуметтік белсенділікті, өзара сыйластықты нығайту.

    «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Аслан Кубентаевтың айтуынша, мұндай іс-шара өңірде үшінші рет өткізілуде.


    «Партияның бастамасымен үшінші жыл қатарынан «Тең мүмкіндіктер» атты инклюзивті спорт фестивалі өткізіліп келеді. Бұл – «Кедергісіз келешек» атты партиялық жобамыздың маңызды бөлігі. Бүгінгі іс-шараға облыстың түкпір-түкпірінен 50-ге жуық жасөспірім жиналды. Балалар бочча, жеңіл атлетика, эстафета сынды спорт түрлері бойынша өнер көрсетті. Талапшыл, жігерлі балалар бәрімізді тәнті етті», – деді Аслан Кубентаев.

    Жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Командалық есеп бойынша Еңбекшіқазақ ауданы бірінші орын, Қарасай ауданы екінші орын, ал Іле ауданы үшінші орын иеленді. Нәтижесінде республикалық кезеңге 18 оқушы жолдама алды.

    Айта кетейік, ерекше қажеттілігі бар адамдарға қолдау көрсету – «AMANAT» партиясы атқаратын жұмыстағы негізгі басымдықтың бірі. Мәселен, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жұмысы аясында 2028 жылға дейін әрбір елді мекенде инклюзияны қолдаудың кемінде бір кабинетін ашу көзделген.

  • Қонаев қалалық кітапханасында TikTok аймақ ашылды

    Қонаев қалалық кітапханасында TikTok аймақ ашылды

    Мұнда жас оқырмандарға арналған жаңа балалар бөлімі ашылды. Заманауи талаптарға сай безендірілген бұл кеңістік балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, оқу мәдениетін дамытуды мақсат етеді.

    Жаңа бөлімнің ерекшелігі – жастар арасында кең тараған TikTok платформасына арналған арнайы бұрыштың болуы. Бұл аймақ жас оқырмандарға өз шығармашылығын дамытуға, қызықты бейнероликтер түсіріп, кітап әлемін жаңа форматта насихаттауға мүмкіндік береді.

    Бүгінде кітапхана қорында 10 мыңға жуық кітап бар. Мұндағы көркем әдебиет, энциклопедиялар мен заманауи балалар әдебиеті үлгілері өскелең ұрпақтың рухани дамуына серпін бермек.

    Кітапхананың басшысы Айгүл Ақтанованың айтуынша, жаңа бөлімнің ашылуы – уақыт талабынан туған шешім.

    «Жыл сайынғы 10 мың оқырманның шамамен 35 пайызын балалар құрайды. Соңғы жылдары балалар бөлімін ашу қажеттілігі айқын байқалды. Модернизациядан кейін бізге қосымша 8 штат берілді, соның үшеуін балалар бөліміне бөлдік. Басты мақсат – жас оқырмандардың сұранысын қанағаттандырып, олардың еркін әрі қызықты ортада дамуына жағдай жасау», – деді ол.

    Ашылу салтанатына «Балдырған» журналының бас редакторы, мәслихат депутаттары және Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы қатысып, жаңа бастаманың маңыздылығын атап өтті.

    Жаңа балалар бөлімі – Қонаев қаласының мәдени өміріндегі маңызды жаңалық. Ол жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық әлеуетін ашуға жол ашпақ.

  • Тәуелсіздікке бастау болған күн

    Тәуелсіздікке бастау болған күн

    25 қазан – еліміз үшін ерекше тарихи күн: дәл осы күні, 1990 жылы, ҚазССР Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы қабылданып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі дамуының бірегей жолы басталған еді. Биыл осы құжаттың қабылданғанына 35 жыл толып отыр.
    •«Қазақстан Республикасы — өз жерінде толық билікке ие мемлекет» деген ұстаным бекітілді, территориялық тұтастық пен заң үстемдігі принциптері жарияланды.
    •Табиғи ресурстар, жер, су, ғылым-техника-экономикалық әлеует елдің меншігі ретінде танылды, бұл дербес даму үшін заңды негіз болды.
    •Құжат мемлекеттік тілдің, ұлттық мәдениеттің өрлеуін, өзара достық пен татулықты басты міндеттер қатарына қойып, халықтық ықпал-қатысуды күшейтуді көздеді.
    •Декларация қабылданғаннан кейін бір жылдан соң, 1991 жылдың 16 желтоқсанында – Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланды.
    Декларацияның алғашқы сөйлемдерінде:
    Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының Жоғарғы Советi
          Қазақстан халқының еркiн бiлдiре отырып,
          Республиканың барлық азаматтары үшiн лайықты және тең тұрмыс жағдайын жасауға ұмтыла отырып,
          Республикада тұратын халықтарды топтастыру мен олардың достығын нығайтуды бiрiншi дәрежелi мiндет деп санай отырып,
          Жалпыға бiрдей адам праволары декларациясын және ұлттардың өзiн-өзi еркiн билеу правосын тани отырып,
          қазақ ұлтының тағдыры үшiн жауапкершiлiктi ұғына отырып,
          iзгiлiктi демократиялық праволық мемлекеттi құруға бел байлауды негiзге ала отырып,
          Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының мемлекеттiк егемендiгiн жариялайды және Егемендік туралы Декларацияны қабылдайды — деп көрсетілген.
    Бұл құжат – жай ғана заңдық акт емес, Қазақстанның тәуелсіздікке бет бұрған тарихи шешімі, ел болмысының баға жетпес негізі. 35 жыл ішінде жасалған прогресс, қоғамдағы өзгерістер, әлемдік деңгейдегі орны – осы декларацияның арқасы.
    25 Қазан – Республика күні құтты болсын!
  • Егемендік құрдастары: Тәуелсіз елмен бірге түлеген ұрпақ

    Егемендік құрдастары: Тәуелсіз елмен бірге түлеген ұрпақ

    Елімізде 25 қазан – Республика күні мерекесі тойланады. Бұл дата – тәуелсіздіктің бастауы саналатын Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы қабылданған күн. Биыл осы маңызды тарихи құжаттың қабылданғанына 35 жыл толып отыр.

    Егемендікпен қатар есейген буын бүгінде еліміздің түрлі саласында еңбек етіп, қоғамның дамуына өз үлесін қосуда. Солардың қатарында Қонаев қаласының тұрғындары да бар.

    Гузаль Абдулова 8 жылдан бері Қонаев қаласының көпсалалы ауруханасында акушер-гинеколог болып қызмет етуде. Ол күн сайын жаңа өмірдің бастауына куә болып, ана мен сәбилердің амандығына жауап береді.

    «Республика күнін ерекше сезіммен қарсы аламын. 1990 жылдың 25 қазанында Декларация қабылданды. Сол жылы дүниеге келдім. Бұл – ел тәуелсіздігінің іргесі қаланған маңызды дата. 35 жылдан бері Қазақстан түрлі қиындықтардан өтіп, жетістіктерге жетті. Әр сәби ашық аспан астында дүниеге келіп жатыр. Мұның өзі барша жұртқа – бақыт. Ендеше, еліміз мәңгілік болсын!» – деді дәрігер.

    Ал Серік Ордабаев 10 жыл бойы қоғамдық тәртіптің, жол қауіпсіздігінің сақталуына үлес қосып келеді. Ол Отанына адал қызмет етуді азаматтық борышы деп есептейді. Қонаев қаласы Патрульдік полиция қызметі инспекторының да жасы 35-ті алқымдаған.

    «Мен үшін «егемендік» ұғымы отбасымның амандығымен үндеседі. Отансыз адам – ормансыз бұлбұл. Жұбайым екеуміз елімізбен бірге өсіп, өніп келеміз. Тәуелсіздік ұрпақтарын тәрбиелеп отырмыз. Мерекемен баршаңызды құттықтаймын!» – деді аға лейтенант.

    Ғалия Можанова болса, ұрпақ тәрбиесі жолында еңбек етіп жүр.

    «Мен бойынан патриоттық пен ұлтжандылық табылатын балаларды білім нәрімен сусындатып, оларға тәрбие беріп жүргеніме қуаныштымын. Егемендік – болашаққа сенімді қадам», – деді ұстаз.

    Тәуелсіздік құрдастарының өмір жолы – елмен бірге қалыптасқан, мемлекетпен бірге кемелденген ұрпақтың бейнесі. Бүгінгі таңда олардың еңбегі мен табандылығы – тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының айғағы.

  • «Republic Day Sale»: Қонаевта ірі сауда нүктесінде жеңілдіктер болады

    «Republic Day Sale»: Қонаевта ірі сауда нүктесінде жеңілдіктер болады

    25 Қазан – Республика күніне орай, Toimart супермаркетінде жеңілдік акциясы ұйымдастырылады.

    Акция 24-27 қазан аралығында өтеді. Жеңілдіктер әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен сусындарға жүреді.

    Мекенжайы: Алматы көшесі 64/1, «Qonaev city» сауда үйі, Toimart супермаркеті.

  • Әр сұрақты толық қарап, нақты шешім қабылдаймыз – Асхат Бердіханов

    Әр сұрақты толық қарап, нақты шешім қабылдаймыз – Асхат Бердіханов

    Баяндамадан соң, тұрғындар бірқатар келелі мәселелерді көтерді.

    Ең алдымен халық дәріхананың, сондай-ақ амбулаторияда УДЗ және рентген маманының жоқтығын айтты. Жас мамандар Шеңгелдіге көшіп келгеннің өзінде баспанамен қамту мәселесін де қарастыру қажет.

    Бұл сұраққа қалалық көпсалалы аурухана директорының орынбасары Айсұлу Оңғарова жауап берді. Айтуынша, жақын арада 3 маман УДЗ, рентгенге түсіру бағыттары бойынша жұмыс істей бастайды. Ал тұрғын үй беру жайында қала әкімі айтты.

    «Осы уақытқа дейін бұл түйткіл қозғалған. Жергілікті әскери бөлім арқылы пәтерлерді алып, мамандарға беру жайлы келіссөз жүргізіп жатырмыз. Ауыл әкіміне баспанаға мұқтаждардың тізімін жаңартуды тапсырамын. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы да жұмыс істеп тұр. Дәріхана ашу сұрағын аурухана басшылығы қарастырады. Маңызды кәсіпкерлік нысанды ашамын деушілер болса, қолдау қажет», – деді Асхат Бердіханов.

    Ауыл тұрғындары көтерген тағы бір мәселе – қоғамдық көлік тапшылығы. Қазіргі таңда Шеңгелді–Қонаев бағытында қатынайтын автобустар саны жеткіліксіз. Бұл туралы жауап берген автопарк өкілдері қосымша автобус сатып алу бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

    Сондай-ақ Шеңгелдінің жаңа тұрғын үй аумақтарындағы инфрақұрылым жайы назарға алынды. Жұртшылықтың айтуынша, кейбір көшелерде әлі күнге дейін су, жарық және жол мәселесі шешілмеген.

    Аталған жайтқа байланысты Асхат Бердіханов ауыл әкімі Мақсат Жазиевті сынға алды.

    «Қазір жаңа үйлер түсіп жатқан жерге электр желісі тартылуда. Дегенмен, басқа да желілерді жүргізуге жүйелі түрде тоқталып, алдын ала инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жобасын дайындау қажет еді. Бұл ең бірінші ауыл әкіміне сын. Әр сұрақты толыққанды қарауымыз тиіс. Бұлай іс еткеніміз жарамайды. Жоба жасау, басқа жоспарларды түгендеуді ТҮКШ бөліміне тапсырамын», – деді қала әкімі.

    Бұдан бөлек, әлеумет көтерген бос ғимараттарды пайдаға асыру, сквер салу, жайылым жер тапшылығы сұрақтары хаттамалық тапсырма негізінде шешімін табады.

  • АҚШ-та екі қазақстандық 35 келі кокаинмен ұсталды

    АҚШ-та екі қазақстандық 35 келі кокаинмен ұсталды

    АҚШ-та Техас штатында қазақстандық болуы мүмкін екі азамат ұсталды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

    27 қыркүйек күні Чемберс округінің шериф кеңсесі I-10 тасжолында автовозды тоқтатып, тексеру барысында ит 35 келі кокаин тапқан. Көлік жүргізушісі Нұрсұлтан Мұқтарали (Нью-Йорк) мен жолаушы Мұхит Дәнібеков (Пенсильвания) аса ірі көлемде есірткі сақтады деген айыппен тұтқындалды.

    Мұхиттың ағасы Жомарт Дәнібеков олардың кінәсіз екенін айтып, қолдау сұрады.
    «Ағамның үш қызы бар, жұбайы ауыр науқас. Біз адвокат пен кепілге 200 мың доллар жинап жатырмыз», — деді ол.

    Бұл жағдайға байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі АҚШ билігімен байланыс орнатты.

  • Алматыда Қожамжаровтың бұрынғы әріптестері азаптау ісі бойынша сотталды

    Алматыда Қожамжаровтың бұрынғы әріптестері азаптау ісі бойынша сотталды

    Алматы қаласында бұрынғы қаржы полициясының қызметкерлері — Кенжебай Жұмабеков пен Дәурен Есімбеков азаптау дерегі бойынша кінәлі деп танылып, сот үкімі шықты, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
    Сот процесі Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық түрде өтті.
    Ресми мәліметке сәйкес, сотталушылар ҚР Қылмыстық кодексінің (1997 жылғы редакциясы) 141-1-бабы 2-бөлігінің «А, Б» тармақтарында көзделген «Алдын ала сөз байласқан адамдар тобының қайталап азаптауы» қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылған.
    ? Жаза шарасы:
    •Кенжебай Жұмабеков — 6 жылға,
    •Дәурен Есімбеков — 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
    Сонымен қатар, екеуі де 3 жылға мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
    Соттың хабарлауынша, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
    Қылмыстық іс бойынша жәбірленушілердің нақты саны жарияланбай отыр — себебі материалдарда мемлекеттік және өзге де құпия ақпарат бар.
    БАҚ дерегінше, тергеу ісі «Хоргос» кеден бекетінің бұрынғы брокерлері — Руслан Сыдыков, Нұрлан Сарымбетов және Нұрбек Мұратбековке қатысты жүргізілген, ал айыпталушылар оларды тергеу кезінде азаптаған болуы мүмкін.
    ⚖️ Бұл іс қоғам назарын аударды, себебі сотталушылар кезінде Қайрат Қожамжаров басшылық еткен қаржы полициясы жүйесінде жұмыс істеген.
    Еске сала кетсек, Алматыда бұған дейін «Дикий Арман» атымен белгілі Арман Жұмагелдиевке қатысты 20 жылға бас бостандығынан айыру үкімі шыққан іс бойынша апелляциялық процесс өтіп жатыр.
  • Мемлекеттік көмекке өтініш бергендердің арасынан 484 ауқатты отбасы анықталды

    Мемлекеттік көмекке өтініш бергендердің арасынан 484 ауқатты отбасы анықталды

    Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік қолдау алуға өтініш бергендер арасынан 484 ауқатты отбасын анықтады, деп хабарлайды Sona.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
     Министрліктің мәліметінше, Қарағанды облысы мен Шымкент қаласында жүргізілген пилоттық жоба барысында арнайы скорингтік модель арқылы азаматтардың нақты әл-ауқаты есептелген.
    Жоба аясында төрт мемлекеттік қызмет қамтылып, 26,1 мың өтініш қаралған. Оның ішінде:
    •тұрғын үй көмегін тағайындау;
    •жалға алынған тұрғын үй ақысының бір бөлігін субсидиялау;
    •мүгедектігі бар балаларды үйде оқыту шығындарын өтеу қызметтері бар.
     Тұрғын үй көмегіне 1215 өтініш түсіп, барлығы мақұлданған.
    Ал жалдау ақысына субсидия алуға 1268 өтініш түскен, олардың 484-і ауқатты отбасылар болып шыққан.
     Сонымен қатар, мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу қызметіне 1256 өтініш қабылданып, оның 32-сі жоғары табысты, яғни 6-санатқа жататын отбасыларға тиесілі екені анықталған.