Рубрика: Жаңалықтар

  • Бас прокуратура Қожамжаров, Кексель және Татубаева істері бойынша түсініктеме берді

    Бас прокуратура Қожамжаров, Кексель және Татубаева істері бойынша түсініктеме берді

    Қазақстан Республикасының Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев бұрынғы Қаржы мониторингі агенттігінің (финпол) төрағасы Қайрат Қожамжаровқа қатысты қылмыстық істің барысы туралы айтты, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    «Қылмыстық іс қозғалды, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, дәлелдемелер жинақталуда. Қалған мәліметтер тергеу барысында жария етіледі», — деді ол.

    Журналистердің «Қайрат Қожамжаров қазір қайда?» деген сұрағына Қойгелдиев тергеу мүддесіне сілтеме жасап жауап беруден бас тартты.

    Сонымен қатар, оның айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының бұрынғы басшысы Талғат Тәтубаевқа және Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексельге қатысты да жеке қылмыстық істер қозғалған.

    «Бұл әртүрлі істер, бірақ оларды азаптау фактілері бойынша сипаттауға болады», — деді Қойгелдиев.

    Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда, қосымша ақпарат кейінірек жарияланады.

  • Жанабыловтар ісі бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін — Жеңіс Елемесов

    Жанабыловтар ісі бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін — Жеңіс Елемесов

    Құзырлы орган төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов қоғамда резонанс тудырған жарияланған ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме қалдырып..

    Оның айтуынша, ең алдымен ұсынылған материалдар мұқият зерттеледі. Содан кейін ғана қылмыстық іс қозғау немесе қозғамау туралы шешім қабылданады.

    «Алдымен материалдарды зерттеу қажет. Егер олардың ішінде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері анықталса, тиісті қылмыстық іс тіркеледі, тергеу жүргізіледі. Тергеу барысында біз құқықтық баға беріп, іс-әрекеттерге нақты квалификация жасаймыз», — деді Жеңіс Елемесов.

    Ол соңғы шешім нақты деректерді тексеріп, дәлелдерді саралағаннан кейін ғана қабылданатынын атап өтті.

  • Астанада Перизат Қайрат ісі бойынша апелляция қарала бастады

    Астанада Перизат Қайрат ісі бойынша апелляция қарала бастады

    Елордада Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваға қатысты апелляциялық шағымды қарау басталды. Олар қайырымдылық атымен жиналған қаражатты жымқырды деген айыппен сотталған болатын, Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды

    Айыпталушының қорғаушысы Асланбек Дәулетияровтың айтуынша, бұл іс азаматтық-құқықтық сипатқа ие және оны қылмыстық іс жүргізу аясында қарастыруға болмайды.
    «Айыптау тарапы келтірген дәлелдер бір-біріне қайшы әрі өзара үйлеспейді. Бұған қоса, Перизат Қайрат шамамен 1 млрд теңгені қайырымдылыққа жұмсаған, бұл куәгерлердің айғақтарымен расталады», — деді адвокат.

    Еске салайық, бұған дейін Астананың Межрайондық соты Перизат Қайратты 10 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуге және 10 жыл бойы қайырымдылықпен айналысуға тыйым салған болатын. Оның анасы Гайни Алашбаева 7 жылға сотталды.

    Айыптау тарапы Перизат Қайрат пен анасы шамамен 3,5 млрд теңгені иемденгенін мәлімдеген. Бұл қаражат реабилитациялық орталық салу, Палестина тұрғындарына және Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жиналған еді. Тергеу мәліметінше, ақша люкс тауарларына, пәтерлерге, көліктерге, брендтік сөмкелер мен саяхаттарға жұмсалған.

    Перизат Қайрат та, Гайни Алашбаева да өздеріне тағылған айыптарды мойындаған жоқ. Дегенмен, прокурордың айтуынша, олардың кінәсіздігін дәлелдейтін нақты айғақтар ұсынылмаған.

    Сот апелляцияны қарауды жалғастыруда, соңғы шешім алдағы уақытта белгілі болады.

  • Бангкоктың ортасында алып воронка пайда болды: көшенің бір бөлігі 50 метрге дейін құлап түсті

    Бангкоктың ортасында алып воронка пайда болды: көшенің бір бөлігі 50 метрге дейін құлап түсті

    Таиланд астанасы Бангкокта ірі техногендік апат тіркелді, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап. Ваджира ауруханасының алдында жер опырылып, диаметрі шамамен 30×30 метр, тереңдігі 50 метрге дейін жететін алып шұңқыр пайда болды.

    Оқиға 24 қыркүйек күні күндіз болған. Алдын ала деректерге сәйкес, опырылған аумаққа полиция бөлімі орналасқан ғимарат пен салынып жатқан метро нысаны да кірген. Қалалық билік шұғыл түрде эвакуация ұйымдастырып, аурухана пациенттері, полицейлер және жақын маңдағы үйлердің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді.

    Ресми мәлімет бойынша, адам шығыны мен жарақат алғандар жоқ. Қазір құтқару және инженерлік қызметтер аумақты қоршауға алып, топырақтың әрі қарайғы қозғалысын тексеруде.

    Сарапшылардың айтуынша, апатқа жол төсемінің қатты шөгуі мен жер асты қабатының тұрақсыздығы себеп болуы мүмкін. Қалалық әкімдік оқиғаның нақты себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрған.

  • Қонаевта «KitapTime – 2025» республикалық фестивалі өтті

    Қонаевта «KitapTime – 2025» республикалық фестивалі өтті

    Қонаев қаласында ел мәдениеті мен руханиятына серпін беретін айтулы шара – «KitapTime – 2025» республикалық кітап фестивалі ұйымдастырылды. Қонаев қаласының 55 жылдық мерейтойына орай өткізілген бұл ауқымды мәдени басқосу рухани құндылықтарды дәріптеуді, оқырман мен қаламгер арасындағы байланысты нығайтуды мақсат тұтты.

    Фестивальдің шымылдығы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың жеке заттарынан құралған көрмемен түрілді. Тарихи жәдігерлермен танысқан қонақтар ұлт тұлғасының өмірі мен өнегелі жолынан тағылым алды.

    Үш бірдей алаңда қатар өрбіген фестиваль мазмұны мен мәні жағынан көпшілікті баурап алды:
    • «BOOK TALK: Әдебиет алаңы» – зиялы қауым өкілдері, ҚР Жазушылар одағының мүшелері, Мәжіліс депутаттары, жас қаламгерлер мен белсенді оқушылар бас қосып, кітаптың құдіреті мен әдебиеттің қоғамдағы орны жайында пікір алмасты.
    • «Поэзия Party» – жас ақындар жырдан шашу шашып, жүрек түкпірінен шыққан өлең жолдарымен тыңдарманды тәнті етті.
    • «Кітап – фэнтези қақпасы» – зияткерлік ойындар мен әдеби викториналар арқылы балалар мен жасөспірімдердің қиялына қанат бітірді.

    Шара аясында тоғызқұмалақ үйірмесінің тұсауы кесіліп, ұлттық мұраға негізделген ойын түрі қала жастарына жаңа мүмкіндік сыйлады. Сондай-ақ рухани-танымдық кітап көрмесі мен түрлі инсталляциялар ұсынылып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

    Фестиваль соңында белсенді қатысушылар арнайы марапатталып, сахна төрінде ән мен күйден шашу шашылды. Қонаев тұрғындары үшін бұл күн нағыз әдеби мерекеге айналып, жас ұрпақтың жүрегінде кітап пен өнерге деген сүйіспеншілікті тереңдете түсті.

  • Атырауда  ер адам «сталкинг» бабымен сотталуы мүмкін

    Атырауда ер адам «сталкинг» бабымен сотталуы мүмкін

    Атырау облысында Қылмыстық кодекстің жаңа «Сталкинг» бабы бойынша алғашқы іс тіркелді, деп хабарлайды Sona.kz «Ақ Жайық»-қа сілтеме жасап.

    19 қыркүйекте Құрманғазы ауданында белгісіз ер адам бір әйелдің терезесінен сығалап, жалаңаш күйде әдепсіз әрекеттер жасаған. Үйдің сыртындағы бейнебақылау камералары оны түсіріп алған, ал видео WhatsApp топтарында тарап кеткен.

    Алғашында полиция ер адамның ісін «ұсақ бұзақылық» ретінде тіркеп, 60 сағат қоғамдық жұмысқа міндеттеген. Алайда зардап шеккен әйел қосымша фото және видео дәлелдер ұсынған соң, іс «Сталкинг» бабына қайта сараланды.

    Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, бұл ер адам басқа әйелдерді де мазалап, ұятсыз әрекеттер жасағаны белгілі болған. Еске сала кетейік, Қазақстанда «Сталкинг» бабы 2024 жылдың 16 қыркүйегінен бастап күшіне енді. Жаза — 200 АЕК айыппұл, түзету жұмыстары немесе 50 тәулікке дейін қамау.

  • Атырауда 9 жастағы балаға көпқабатты үйдің ауласында ер адам шабуыл жасады

    Атырауда 9 жастағы балаға көпқабатты үйдің ауласында ер адам шабуыл жасады

    Атырауда кәмелетке толмаған балаға шабуыл жасалды, деп хабарлайды Sona.kz Атырау облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

    Куәгерлердің айтуынша, жасы 20–25 шамасындағы белгісіз ер адам тұрғын үй кешенінің ауласында ойнап жүрген 9 жастағы баланың қасына келіп, бірнеше рет ұрған.

    Бала жеңіл жарақат алып, дәрігерлер мен психологтардың көмегіне жүгінді. Жақындарының сөзінше, оқушы қатты қорқып қалған.

    Оқиға тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызды. Көптеген ата-ана балаларын аулада жалғыз қалдыруға қорқып қалғанын айтады.

    Полиция оқиға бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.

    «Қазіргі уақытта күдіктіні іздеу іс-шаралары жүргізілуде, бейнебақылау камералары тексеріліп, куәгерлерден жауап алынып жатыр. Жәбірленушіге қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Тергеу мүддесіне байланысты қосымша ақпарат жарияланбайды», — делінген Атырау облыстық ПД хабарламасында.

  • Алматының орталығында кафе өртенді — зардап шеккендер жоқ

    Алматының орталығында кафе өртенді — зардап шеккендер жоқ

    Алматының Алмалы ауданында Брусиловский көшесінде орналасқан кафеде өрт шықты, деп хабарлайды Sona.kz қалалық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Оқиға 24 қыркүйек күні таңертең Тастақ ауданында болды. Сағат 10:28-де өрт сөндірушілер жоғары дәрежелі шақыру бойынша оқиға орнына жетті: 10 техника және 32 құтқарушы жұмылдырылды.

    «Оқшау тұрған кафеде өрт шықты. Қызметкерлердің айтуынша, ішінде адамдар болмаған. Өрттің көрші ғимараттарға таралу қаупі жоқ», — делінген Алматы қаласы ТЖД хабарламасында.

    ТЖМ мәліметінше, өрт кезінде кафе ғимараты ашық жалынмен өртенген және жанындағы құрылыстарға таралу қаупі болған. Өрт сөндірушілер бірнеше су оқпандарын беріп, үздіксіз сумен қамтамасыз етті.
    Жалын шамамен 200 шаршы метр аумақты шарпыған. Зардап шеккендер жоқ.

  • Қазақстандық футболшы қыз Астана – Павлодар трассасында болған жол апатынан қаза тапты

    Қазақстандық футболшы қыз Астана – Павлодар трассасында болған жол апатынан қаза тапты

    «Жеңіс» клубының 19 жастағы футболшысы Виктория Кайсаринова Павлодар облысында жол апатынан көз жұмды, деп хабарлайды Sona.kz Tengri Sport-қа сілтеме жасап.

    Қайғылы оқиға Байет ауылы маңында орын алды. Жеңіл көлік жүк көлігімен соқтығысып, өртеніп кеткен. Салдарынан бес адам, оның ішінде футболшы қыз да, қаза болды.

    Клубтың баспасөз қызметі апатқа жүргізушінің қауіпсіздік ережелерін сақтамауы себеп болғанын мәлімдеді.

    «Бүгін Павлодар – Астана тас жолында команда ойыншымыз Виктория Кайсаринова жол апатынан қаза тапты. Жүргізуші қашықтықты сақтамай, қауіпсіздікті қамтамасыз етпей, ауыр жағдайға алып келді», – делінген мәлімдемеде.

    Қазақстан футбол федерациясы марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

    «Жас болса да, Виктория еңбекқорлығымен, футболға адалдығымен көзге түсті. Оның өмірден ерте кетуі – жақындары, достары, әріптестері және Қазақстан футбол қауымдастығы үшін орны толмас қаза», – делінген КФФ хабарламасында.

    Әлеуметтік желілерде жанкүйерлер мен спортшылар қайғырып жазбалар қалдыруда. Ұлттық құраманың бұрынғы ойыншысы Самат Смақов: «Иманды болсын» деп жазды. Ал марқұмның анасы Олеся Кайсаринова клубтың парақшасында: «Қызым-ай, неге соншалықты ерте тастап кеттің?» – деп жазды.

    Еске сала кетсек, 2025 жылдың жазында Португалия құрамасының және «Ливерпульдің» ойыншысы Диогу Жота да жол апатынан қаза тапқан болатын.

  • Қостанайда 100 млн теңге субсидия ұрлағандар сотталды

    Қостанайда 100 млн теңге субсидия ұрлағандар сотталды

    Қостанай облысында ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген мемлекеттік қаражатты иемденген топтың қылмысы әшкереленді. Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ветеринар Ербол Смағұл және шаруалар Натиғ Әлиев пен Мейраман Сейітқалиев бюджет қаржысын заңсыз иемденгені үшін жауапқа тартылды.

    Тергеу мәліметінше, 2020–2023 жылдар аралығында айыпталушылар жалған мәліметтер енгізу арқылы субсидия алу схемасын іске асырған. Олар электронды базаға жоқ ірі қара мал мен пайдаланылмаған ауыл шаруашылық жер телімдері туралы жалған ақпарат енгізіп, құжаттарды рәсімдеген. Осылайша мемлекеттік қолдау ретінде бөлінген қомақты қаражат бірнеше рет олардың қолына түскен. Ал бұл қаржы агробизнесті дамытуға емес, жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.

    Сотта қылмыстық топтың әрекеттері толық дәлелденді. Ербол Смағұл 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Натиғ Әлиевке 5 жыл, ал Мейраман Сейітқалиевке 3 жыл 4 ай жаза тағайындалды. Сонымен бірге мемлекетке келтірілген шығынды өтеу үшін олардан 96,5 млн теңге өндіріледі.

    • Сот үкімі қысқартылған тәртіппен қаралды, себебі айыпталушылар өз кінәсін мойындаған. Қостанай облыстық соты мұндай істердің ауыл шаруашылығына бөлінетін мемлекеттік қолдау қаржысын қатаң бақылау қажеттігін көрсеткенін атап өтті.