Рубрика: Жаңалықтар

  • Әскерге шақырудан жалтару: шақыру қағазын алудан бас тарту міндеттен босатпайды

    Әскерге шақырудан жалтару: шақыру қағазын алудан бас тарту міндеттен босатпайды

    Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақыру тәртібі жаңартылды. Бұл туралы Қарулы күштердің Бас штабы ұйымдастыру-мобилизациялық жұмыс департаменті бастығының орынбасары Фархад Айдарбаев СЦК алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Айдарбаевтың сөзінше, 16 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған «Әскери-патриоттық тәрбие туралы» заңға сәйкес, әскерге шақырылушыларға SMS-хабарлама жіберу ресми ескерту тәсілі ретінде заңды күшіне енді.

    Спикердің айтуынша, әскерге шақыру қағазы мынадай жолдармен жеткізіледі:
    • біріншіден, азаматтың жеке ұялы телефонына SMS-хабарлама түрінде немесе «Электрондық үкімет» порталындағы жеке кабинеті арқылы жолданады. Хабарлама әскерге келу күніне кемінде үш күн қалғанда жіберіледі;
    • екіншіден, егер азаматтың телефон нөмірі болмаса немесе «Электрондық үкіметке» тіркелмесе, қағаз түріндегі шақыру қағазы пошта арқылы немесе тұрғылықты мекенжайына, уақытша тұратын жеріне не жұмыс орнына жеке қолына тапсырылады;
    • үшіншіден, егер азамат шақыру қағазын алудан бас тартса, бұл туралы тиісті белгі қойылып, құжат жергілікті әскери басқару органына қайтарылады. Мұндай жағдайда азамат хабарланған болып есептеледі.

    Сонымен қатар, қажет болған жағдайда шақыру қағазы жергілікті әскери басқару органында да жеке табысталуы мүмкін. Бұл кезде келу мерзімі келесі күннен кешіктірілмей белгіленеді.

    Фархат Айдарбаев әскери қызметтен жалтарғандарға қолданылатын жауапкершілікке де тоқталды. Оның айтуынша:
    • Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 647-бабына сәйкес, шақыру қағазы бойынша белгіленген күні келмеген азаматқа 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады;
    • 648-бап бойынша, медициналық тексеруден жалтарғандарға ескерту немесе 3 АЕК айыппұл қарастырылған;
    • Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес, әскери қызметтен заңсыз жалтару 1000 АЕК-ке дейін айыппұлмен, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарымен, сондай-ақ 1 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады.

    Сондай-ақ, әдейі өзін жарақаттау, сырқатты қолдан ойлап табу, жалған құжат көрсету сияқты әрекеттер ауырлататын жағдай ретінде қарастырылады және қатаңырақ жаза қолданылады.

  • Жайық өзенінің бір бөлігі жасыл түске боялды: экология департаменті түсініктеме берді

    Жайық өзенінің бір бөлігі жасыл түске боялды: экология департаменті түсініктеме берді

    Атырау облысының Махамбет ауданына қарасты Чкалов ауылында Жайық өзенінің бір бөлігі ерекше жасыл түске боялды. Бұл туралы бейнежазбалар әлеуметтік желілерде таралып, жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығын тудырды, деп хабарлайды Sona.kz Azattyq Rýhy-ға сілтеме жасап.

    Экология департаментінің мәліметінше, су түсінің өзгеруі табиғи құбылыспен байланысты. Сарапшылардың айтуынша, өзендегі балдырлардың көбеюі судың түсін өзгерткен.

    «Жүргізілген тексеріс барысында техногендік ластану белгілері анықталған жоқ. Бұл – табиғи биологиялық процесс», – делінген ведомство хабарламасында.

    Қазіргі уақытта Жайық өзеніндегі судың сапасына тұрақты мониторинг жасалуда. Мамандар тұрғындарды алаңдамауға шақырды.

  • Қонаевта күрделі жөндеуден өткен мектеп ашылды

    Қонаевта күрделі жөндеуден өткен мектеп ашылды

    Қонаев қаласында Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп, ашылды.

    Алғашқы қоңырау салтанатында балалар 1-сыныпқа қабылданып, барлығы 1628 оқушы жаңа оқу жылын жаңартылған мектепте бастады.

    Салтанатты шараға Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова қатысып, жиналған жұртты айтулы күнмен құттықтады.

    «Бүгінгі күн – біздің еліміз үшін ғана емес, әрбір отбасы үшін ерекше әрі маңызды. Себебі, жаңа оқу жылының басталуы – жас ұрпақтың болашаққа қадам басар сәті. Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтай отырып, білім жолында барлық жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспін!» – деді ол.

    Ал ата-аналардың тарапынан Юлия Трофимова сөз алып, балақайлардың зейіні ашылуына тілектестігін білдірді.

    Айта кетейік, А.Жұбанов атындағы №5 орта мектептің күрделі жөндеу жүргізуге жабылуына байланысты бастауыш сыныптың оқушылары Қ.Қайсенов атындағы орта мектепте, 5-11-сыныптағылар орта мектеп-гимназияда білім алатын болады.

    Бүгінде қала мектептерінде барлығы 13 377 оқушы білім алуда. Өткен оқу жылында 631 түлек мектеп бітірді. Оның ішінде:
    • «Алтын белгі» – 45 оқушы,
    • Үздік аттестат – 66 оқушы.

    Жалпы саны 465 түлек қазақстандық ЖОО-ларға түсті, оның ішінде 3 оқушы облыс әкімінің грантының иегері атанды. Сонымен бірге, 48 түлек Ресей жоғары оқу орындарына, 50 түлек алыс және жақын шетелдердегі университеттерге қабылданды. Барлығы 342 түлек грант иегері болды, бұл – 54,1%.

    Жыл қорытындысы бойынша қаладағы білім сапасы 68,3% құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,3%-ға артты.

  • 25 жылдан кейінгі шындық

    25 жылдан кейінгі шындық

    Батыс Қазақстан облысында 25 жыл бұрын перзентханада қайтыс болды деп рәсімделген нәрестеге қатысты қылмыстық іс қайта тергеліп жатыр.

    2000 жылы Ақжайық ауданының 27 жастағы тұрғыны Оралдағы №3 перзентханаға кесар тілігі үшін жеткізілген. Анасына сәбиі жатырда шетінеп кеткені айтылып, оған нәрестенің денесі берілген. Әйел жолдасымен бірге сәбиді туған ауылында жерлеген.

    Алайда 2024 жылдың қарашасында әйелге АҚШ-тан қоңырау түсіп, қызының тірі екені хабарланған. Бастапқыда сенбегенімен, көп ұзамай анасы қызының дауысын естіп, шындыққа көз жеткізді. Құжаттарды рәсімдеу мен виза алуға бірнеше ай кетіп, 28 тамызда Оралда анасы мен әкесі қызымен алғаш рет қауышты.

    Бүгінде 25 жастағы қыз АҚШ-та өсіп, магистратураны тәмамдаған және психолог болып жұмыс істейді. Оны тануға перзентханадағы туған кезде тағылған, анасының тегі жазылған бирочка себеп болған. Бұл белгішені асырап алған ата-анасы барлық жылдар бойы сақтап келген.

    Родственниктердің айтуынша, қылмыстық іске ол кезеңде перзентхананың бас дәрігері, медбике және ЗАГС қызметкерінің қатысы болуы мүмкін. Бірақ ол уақыттағы туу жөніндегі мұрағаттық құжаттардың барлығы жойылған. Әрі анасы баладан бас тартты деген құжат пайда болғанымен, әйел мұны түбегейлі жоққа шығарады.

    Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. «Іс барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында. Барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

  • Алматыда самокатшылар бала арбасына соғылды: сәби аман қалды

    Алматыда самокатшылар бала арбасына соғылды: сәби аман қалды

    Алматыда жасөспірімдердің самокатпен бала арбасына соқтығысу сәті видеоға түсіп, әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Sona.kz Kozachkow Telegram-арнасына сілтеме жасап.

    Жарияланған бейнежазбада екі жасөспірім самокатпен жоғары жылдамдықпен келе жатып, кенеттен жолында тұрған арбаға соғылғаны анық көрінеді. Арбада сәби отырған. Абырой болғанда, арбаның берік қаңқасы баланы жарақаттан қорғап қалды.

    Куәгерлер жасөспірімдерді дереу тоқтатып, полиция шақырған. Алайда тараған ақпаратқа сәйкес, тәртіп сақшылары жасөспірімдерге тек профилактикалық әңгіме жүргізумен шектелді. Бұл жағдай әлеуметтік желілерде наразылық туғызды: көпшілік мұндай оқиғаларға қатаң шара қолдану қажеттігін айтуда.

    Редакция оқиғаға қатысты түсініктеме алу үшін Алматы қалалық полиция департаментіне сауал жолдады. Қазіргі уақытта ресми жауап күтілуде.

    Соңғы жылдары Алматыда самокатқа байланысты жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. 2024 жылы қалада 120-дан астам оқиға тіркелген, оның бірнешеуі балалардың жарақат алуымен аяқталған. Сарапшылар қоғамдық орындарда самокат қозғалысын реттеу және арнайы жолақтар салу қажеттігін бірнеше рет көтерген.

  • Актауда әйелге күш көрсеткен ер адам видеоға түсіп қалды

    Актауда әйелге күш көрсеткен ер адам видеоға түсіп қалды

    Әлеуметтік желілерде ер адамның қызды ұрып, кейін жерге сүйреген сәті түсірілген бейнежазба тарады, деп хабарлайды Sona.kz Kriminal Kazakhstan-ға сілтеме жасап.

    Оқиға 31 тамызға қараған түні Ақтаудың 20-шағынауданы аумағындағы «Кербез» тұрғын үй кешенінің маңында болған. Кадрда ер адамның қызға қол көтеріп, кейін оны жерге сүйрегені байқалады. Көп ұзамай оқиға орнына патрульдік полиция көлігі келіп тоқтаған.

    Маңғыстау облыстық полиция департаменті бұл жағдайды растады. «Полиция келген соң қыз арыз жазудан бас тартты. Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы («Тыныштықты бұзу») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

    Қазір бейнежазба әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Қоғам белсенділері мұндай оқиғаларда зардап шеккен тараптың шағымданбауы құқық қорғау органдарының әрекетін шектейтінін атап өтуде.

  • Қарағанды облысында күзетші қызмет барысында әріптесін атып өлтірді

    Қарағанды облысында күзетші қызмет барысында әріптесін атып өлтірді

    Қарағанды облысының Абай ауданы, Топар кентіндегі ГРЭС аумағында қайғылы жағдай болды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Алдын ала мәліметтер бойынша, мамандандырылған күзет қызметінің екі қызметкері кезекшілікте тұрған. Белгісіз жағдайларда олардың бірі табельдік қарудан оқ атып, әріптесі сол жерде қаза тапты.

    Оқ атқан күзетші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу және қызметтік тексеріс жүргізілуде.

    ? Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметі тергеу мүддесіне байланысты басқа деректер жарияланбайтынын мәлімдеді.

    Бұған дейін Атырауда болған қақтығыс кезінде 23 жастағы фельдшердің көз жұмғаны хабарланған еді.

  • ️ Таразда төбелес кезінде оқушы қаза тапты

    ️ Таразда төбелес кезінде оқушы қаза тапты

    1 қыркүйекте Тараз қаласында жасөспірімдер арасында жанжал шығып, соның салдарынан бір бала пышақ жарақатынан көз жұмды, деп хабарлайды Sona.kz kriminal_kazakhstan-ның телеграм каналына сілтеме жасап.

    Ақпаратты Жамбыл облыстық полиция департаменті растады. Ведомство мәліметінше, аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша іс қозғалды.

    ? Күдікті жасөспірім «ізін суытпай» ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.

    Әлеуметтік желілерде тараған деректерге сәйкес, қаза тапқан баланың жасы 14-те болған. Қақтығыс мектеп аумағынан тыс жерде болғаны атап өтіледі.

    Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыда да жасөспірімге қатысты шулы жағдай тіркелген еді: ол бейтаныс кішкентай баланы жерге қатты лақтырып, соның салдарынан бүлдіршіннің сүйегі сынған. Бұл дерек бойынша полиция орташа дәрежедегі денсаулыққа қасақана зиян келтіру бабымен қылмыстық іс қозғаған.

  • Қазақстан Конституциясының 30 жылдығы аталып өтуде

    Қазақстан Конституциясының 30 жылдығы аталып өтуде

    Бүгін – еліміздің басты мемлекеттік мерекелерінің бірі – Конституция күні.

    Қазақстанның Негізгі заңы 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Сол уақыттан бері бұл күн Тәуелсіздіктің, бірліктің және мемлекеттілікті нығайтудың символына айналды. Конституция елдің демократиялық құрылымын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, билік жүйесін айқындап берді.

    ? 2022 жылы Конституцияға ауқымды өзгерістер енгізілді: Қазақстан суперпрезиденттік үлгіден күшті Парламенті бар президенттік басқару жүйесіне өтті, жер мен табиғи ресурстар халыққа тиесілі деп бекітілді, азаматтарға Конституциялық сотқа тікелей жүгіну құқығы берілді. Сондай-ақ өлім жазасы түбегейлі жойылды.

    ? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны «Тәуелсіздігіміздің берік тұғыры және мемлекеттілікті нығайтудың сенімді бағдары» деп атады. Оның айтуынша, 2022 жылғы конституциялық реформа ел тарихындағы ең мазмұнды өзгерістердің бірі болып, қоғам көптен күткен әділдік, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарын бекітті.

    ? Биыл мереке демалыс күндеріне сәйкес келіп, қазақстандықтар үш күн қатарынан – 30, 31 тамыз және 1 қыркүйекте демалады. Елдің барлық өңірінде Конституцияның 30 жылдығына арналған концерттер, көрмелер мен мәдени шаралар ұйымдастырылуда.

  • Қорғаныс тапсырысындағы миллиардтық ұрлық: сот нүкте қойды

    Қорғаныс тапсырысындағы миллиардтық ұрлық: сот нүкте қойды

    Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот мемлекеттік қорғаныс тапсырысына бөлінген қаржының ұрлануына қатысты резонанстық істі аяқтады, деп хабарлайды Sona.kz Қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап.

    Тергеу деректеріне сүйенсек, 2023 жылы РГП «Қазспецэкспорт» лауазымды тұлғалары мен жеткізуші компания өкілдері 1,6 млрд теңге бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен ұсталған.

    Сот үкімі бойынша РГП бас директоры Рамазанов А.К. 11 жылға, департамент директоры Кудабаев А.Т. 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған тоғыз айыпталушы да түрлі мерзімге сотталды.

    Сонымен қатар, мемлекет пайдасына 1,6 млрд теңге өндірілді, ал сотталушылардың 607 млн теңге тұратын мүлкі тәркіленді.

    Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.