Рубрика: Жаңалықтар

  • Сызғанов орталығындағы дау: дәрігер қызметінен кетті

    Сызғанов орталығындағы дау: дәрігер қызметінен кетті

    Алматыдағы А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығында жанжал шықты. Актриса әрі продюсер Айнұр Ильясова анестезиолог анасына жасалған отадан кейін ақша талап етті деп мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Ильясованың айтуынша, дәрігер шұғыл байланыс нөмірін пайдаланып, оған ақша аударуды сұрап хабарлама жіберген. Кейін науқас анасына келіп, «қызыңызды тыныштандырыңыз» деп талап қойған.

    Клиника ішкі тексеріс жүргізді. Сыбайлас жемқорлық белгілері анықталмағанымен, этика комиссиясы дәрігердің әрекеттерін тәртіптік бұзушылық деп танып, сөгіс беруді ұсынды.

    Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова тексеріс қорытындысын растады. Оның айтуынша, дәрігер өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жазып, ол 22 тамызда қабылданды.

    «Оның әрекетінде тәртіптік бұзушылық анықталды. Дәрігер жұмыстан өз қалауымен кетті», — деді министр.

    Министрдің мәлімдеуінше, орталықта медициналық этика нормаларын сақтау бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Басшылық кез келген заңбұзушылыққа қатаң қарайды.

    ? Анықтама: Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығы 1945 жылы құрылған. Қазақстандағы жетекші мекемелердің бірі, трансплантология, жүрек-қан тамыр, онкохирургия және эндоскопия саласына маманданған.

  • Мектепке жол: Қонаевта 1778 балаға көмек көрсетілді

    Мектепке жол: Қонаевта 1778 балаға көмек көрсетілді

    Бұл туралы қалалық білім бөлімінің басшысы Қаламқас Сәрсенбаева айтты.

    «Әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды мектеп формасымен және оқу құралдарымен қамтамасыз ету бойынша 1778 оқушы көмек алды. Оның ішінде жалпыға бірдей білім беру қорынан 60 096 400 теңге бөлінді. Бұл қаражат 1300 оқушының (әр балаға – 46 228 теңге) заңды өкілдерінің шотына аударылды», – деді бөлім басшысы.

    Ол «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында 478 балаға көмек көрсетілгенін де атап өтті. Жалпы қаражат сомасы 6 млн 625 мың теңгені құрады.

    Сондай-ақ аталған акция шеңберінде мектеп тауарларының жәрмеңкесі өтті.

    Айта кетейік, 30 қыркүйекке дейін ата-аналардың өтініштері бойынша «жедел желі» жұмыс істейді. Ол арқылы 70-тен астам ұсыным, өтініштер түскен. Қала мектептерінде 13000-нан астам оқушы білім алады.
    ___

  • Қазақстан тауларында үш күн бойы қалған ресейлік альпинист құтқарылды. Оның серігі — Өзбекстан азаматы — қаза тапты

    Қазақстан тауларында үш күн бойы қалған ресейлік альпинист құтқарылды. Оның серігі — Өзбекстан азаматы — қаза тапты

    Түркістан облысында ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды: Ресей азаматы, 28 жастағы Андрей Орлов аман қалды, ал оның 29 жастағы серігі, Өзбекстан азаматы Ақмал Махкамов қайтыс болды, деп хабарлайды Sona.kz Tengri Travel-ге сілтеме жасап.

    ҚР ТЖМ мәліметінше, альпинистердің жоғалғаны туралы хабар 1 қыркүйекте түскен. Туыстары олардың 31 тамызда Шымкенттен тауға кеткенін, бірақ қайтып оралмағанын айтқан. Іздеу жұмыстары 2200 метр биіктіктегі Сайрамсу шыңы маңында, «Сайрам-Өгам» ұлттық паркінде, Қасқасу ауылынан шамамен сегіз шақырым жерде жүргізілді.

    Құтқарушылар Игры доброй воли асуы маңында Орловпен дауыстық байланыс орнатқан. Ол серігінің шатқалға құлап, қаза тапқанын жеткізген. Өзі үш күн бойы жартаста тамақсыз және сусыз қалған.

    Эвакуация қиын жағдайда өтті: тікұшақ рельефке байланысты жақындай алмады, құтқарушылар жаяу жылжыды. Шымкенттен бес кәсіби альпинист шақырылып, олар МЧС қызметкерлерімен бірге шыңға көтеріліп, аман қалған турист пен марқұмның денесін төменге түсірді.

    Жалпы, операцияға 18 құтқарушы, бес техника, «Қазавиақұтқару» тікұшағы, дрондар және полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Зардап шеккен туристі атпен таудың етегіне жеткізіп, туыстарына тапсырды. Қайтыс болған адамның денесі де полицияға берілді.

    Андрей Орловтың туыстарымен байланысуға әрекет жасалды, бірақ жариялау кезінде олардан пікір алынбады.

  • 5 млн теңгеден асатын операциялар тексеріледі

    5 млн теңгеден асатын операциялар тексеріледі

    Сенат заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жоятын қаруды таратуды болдырмауға бағытталған заңды қабылдады, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Құжат Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) өкілеттіктерін кеңейтіп, жаңа субъектілерді қаржылық бақылауға енгізеді.

    Сенатор Бекболат Орынбековтің айтуынша, күдікті операциялар тізіміне енді коммерциялық емес ұйымдар мен байланыс операторлары да кіреді. «Қазір көптеген күмәнді транзакциялар мобильді қосымшалар арқылы өтіп жатыр. Сондықтан бұл сала да бақылауға алынды. Тізімге “Азаматтарға арналған үкімет” те енгізілді», — деді депутат.

    Сондай-ақ 50 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік операциялары ҚМА бақылауына өтеді.

    Барлық ұйымдар, ведомстволар мен министрліктер күдікті қаржылық операциялар туралы есеп беруге міндеттеледі. Олар табысты заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға немесе жаппай қырып-жою қаруын айналымға шығаруға қатысты болуы мүмкін.

    Заңда тәуекелдерді бағалау тәртібі де көзделген. Ұлттық бағалауды ҚМА жүргізсе, кәсіпорындар мен мекемелер үш жылда бір рет салалық бағалау өткізуі тиіс.

    Сонымен бірге, 5 миллион теңгеден асатын барлық цифрлық операциялар автоматты түрде тексеріледі.

    Бұған дейін ҚМА онлайн-казино жарнамасына қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынған еді.

  • Қызылордада «Смарт ойл» зауытының жұмысшылары жалақы мен әлеуметтік төлемдерді талап етті

    Қызылордада «Смарт ойл» зауытының жұмысшылары жалақы мен әлеуметтік төлемдерді талап етті

    Қызылордадағы мұнайбұрғылау зауыты «Смарт ойл» қызметкерлері бірнеше айдан бері жалақыларын уақытылы ала алмай отырғандарын айтып, наразылық білдірді, деп хабарлайды Sona.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

    Жұмысшылардың айтуынша, жалақы екі айға дейін кешіктіріледі, ал зейнетақы мен медициналық аударымдар 2023 жылдан бері аударылмаған.

    — «Зарплатаны көтерді, 40 мың қосты. Бірақ бәрібір жетпейді, кредитіміз бар. Қазір 240 мың аламын. Бүкіл отбасы осы ақшаға қарап отыр. Оның өзін уақытында бермейді. “10-ынан кейін аласыңдар” дейді де, айдың соңына қалдырады. Енді екінші ай болды, кешіктіріп жүр», – дейді жұмысшы Батырхан Айтмырзаев.

    — «2023 жылдан бері зейнетақы аударылмайды. Жалақыдан ұстайды, бірақ бізге түспейді. Қайта-қайта сұрасақ, басшылық тек уәде береді», – дейді Қуанышбек Тойжанов.

    Зауыт экологиялық қолайсыз аймақта орналасқандықтан, заң бойынша қосымша 5% үстемеақы төленуі тиіс. Алайда жұмысшылар бұл ақыны ешқашан алмаған.

    Журналистер басшылықтан пікір алуға тырысқанда, зауыт әкімшілігі есік-терезесін жауып алған. Қызметкерлерге де тек «сәл шыдаңдар» деген жауап қайтарылған.

    Зауыт Forbes тізіміндегі кәсіпкер Серікжан Сейтжановқа тиесілі. Оның отбасы «Онтустик» компаниясы арқылы «Саутс Ойл»-дың 51%-ын, «МұнайҚұрылысСервис», «Стандарт Цемент», «Talas Investment Company», сондай-ақ Standard Petroleum & Co үлесін бақылайды. Бұған қоса, Сейтжановтар Шымкент пен Түркістандағы Rixos қонақүйлерін, Satti Zhol жанармай құю станцияларын, ОҚМ академиясын және Инновациялық-технологиялық колледжді иеленген.

    Былтыр олигархтың Шымкенттегі мұз сарайы мемлекетке қайтарылған еді.

    Қазір ондаған отбасы 240 мың теңге айлықпен күн көріп отыр. Жалақы тағы да кешіктірілсе, жұмысшылар еңбек инспекциясына жүгінетінін мәлімдеді.

  • Жамбыл облысында әкесіне туған қызына зорлық жасағаны үшін өмір бойына сотталды

    Жамбыл облысында әкесіне туған қызына зорлық жасағаны үшін өмір бойына сотталды

    Жамбыл облысында ер адам туған қызына қатысты қылмысы үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Оқиға қалай болды?

    Сот деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың сәуір айында Қордай ауылында тұратын азамат Ж. алкогольдік мас күйінде 2019 жылы туған туған қызына қатысты зорлық-зомбылық әрекеттер жасаған. Ол баланың дәрменсіз жағдайын пайдаланған.

    Дәлелдер

    Айыпталушының кінәсі сотта толық дәлелденді. Бұған оның өз мойындауы, кәмелетке толмаған жәбірленушінің заңды өкілінің және куәгерлердің айғақтары, сараптама қорытындылары мен іс материалдары негіз болды.

    Тараптардың ұстанымы

    Мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушыға ең қатаң жаза — өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленуші тарап та оны кешірмейтінін мәлімдеп, заң аясында әділ жазалауды талап етті. Айыпталушы кінәсін толық мойындады.

    Сот шешімі

    ҚР ҚК 121-бабының 4-бөлігі өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Сот айыпталушының өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде қабылдады, бірақ ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.

    Сот үкімімен Ж. кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, жәбірленушінің пайдасына 5 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарылды.

    Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

  • Уэльс құрамасының жаттықтырушысы “Астана Арена” алаңын сынға алды

    Уэльс құрамасының жаттықтырушысы “Астана Арена” алаңын сынға алды

    Футболдан Уэльс құрамасының бас бапкері Крейг Беллами “Астана Арена” стадионының жасанды төсенішін сынға алды, деп хабарлайды Sona.kz Tengri Sport-қа сілтеме жасап.

    4 қыркүйекте Астанада футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан – Уэльс матчы өтеді.

    Матч қарсаңында валлийлік маман жасанды алаңға қатысты пікірін білдірді.

    “Әдетте біз мұндай төсеніштерде ойнамаймыз, өзім де ондай алаңдардың жанкүйері емеспін. Шынымды айтсам, мұндай алаңдардың қажеттілігін мүлде көріп тұрған жоқпын. Төменгі лигаларда, қаржысы жеткіліксіз командаларға жарайды, түсінемін. Бірақ жоғары деңгейде, біздің елдеріміздегідей, алаң табиғи шөппен жабылуы керек деп санаймын. Әрине, Бельгияда да бірлі-жарым жасанды алаң бар, бірақ ол басқа жағдай. Қазақстан құрамасы үшін бұл артықшылық бола ма, білмеймін. Дегенмен бастысы – ойыннан кейін аяққа түсетін салмақ”, – деді Беллами.

  • 12 жылдан кейін: атыраулық тұрғын мектеп директорын сексуалдық қысым көрсеткен деп айыптады

    12 жылдан кейін: атыраулық тұрғын мектеп директорын сексуалдық қысым көрсеткен деп айыптады

    Атырау қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде №30 мектептің қазіргі директорына қатысты айыптау жариялады, деп хабарлайды Sona.kz. Оның айтуынша, оқиға 2013 жылы болған. Ол кезде директордың міндетін атқарып отырған азамат мектепте оқу ісі жөніндегі орынбасар болған, ал айыптаушы – жаңа ғана ІТ-маман болып жұмысқа орналасқан еді.

    Автор видеода сол кездері өзін ыңғайсыз жағдайға қалдырғанын айтып, қазір оқушылардың қауіпсіздігіне алаңдайтынын жеткізді.

    Айып тағылған директор да үнсіз қалмады. Ол арнайы видеоүндеу жасап, барлық мәліметті жоққа шығарып, жалған айыптауларға байланысты құқық қорғау органдарына жүгінгенін хабарлады.

    Атырау облыстық полиция департаменті мен білім басқармасы бұл дерек бойынша тексеру басталғанын растады.

  • Астанада жаңа жұмыс кестесі енгізіледі: мемлекеттік органдар күнін ертерек бастайды

    Астанада жаңа жұмыс кестесі енгізіледі: мемлекеттік органдар күнін ертерек бастайды

    15 қыркүйектен бастап елордада мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдардың жұмыс уақыты өзгереді, деп хабарлайды Sona.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.

    Жаңа ережеге сәйкес, коммуналдық қызметтер таңғы 07:30-да жұмысын бастайды. Осы уақытта Астана әкімдігі де жұмысқа кіріседі. Бірқатар мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялар 07:30 бен 08:00 аралығында жұмыс күнін бастайды. Соған сәйкес, олардың жұмыс аяқтау уақыты да ертерек болады.

    Ал жеке құрылымдардың, бизнес нысандарының, мектептердің, балабақшалардың, ауруханалардың, емханалардың, ХҚКО мен басқа да әлеуметтік объектілердің кестесінде ешқандай өзгеріс болмайды.

    Әкімдіктің мәліметінше, кейбір министрліктер мен мемлекеттік органдар қазірдің өзінде жұмыс күнін таңғы 08:00-де бастайды.

  • Қазақстандықтар Арменияға енді жеке куәлікпен бара алады

    Қазақстандықтар Арменияға енді жеке куәлікпен бара алады

    Қазақстан азаматтары Арменияға бару үшін енді төлқұжат рәсімдемей-ақ, жеке куәлікпен ғана кіре алады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында қабылданған заңда айтылды, деп хабарлайды Sona.kz Azattyq Rýhy-ға сілтеме жасап.

    Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, келісімге 2024 жылғы сәуірде Президенттің Арменияға ресми сапары барысында қол қойылған.

    «Құжатқа сәйкес, екі ел азаматтарының сапары үшін визалық режим жойылады. Алайда Қазақстан азаматтары Арменияда 30 күннен кейін полицияда тіркелуі тиіс. Бұл көші-қон бақылауын күшейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұлттық заңнамаға сәйкес, 90 күннен астам уақыт болуды ұзартуға болады. Ол үшін уақытша тұруға рұқсат алу жеткілікті», – деді министр.

    Енді елге кіру үшін қажетті құжаттар тізбесіне:
    • Армения азаматтары үшін сәйкестендіру картасы;
    • Қазақстан азаматтары үшін жеке куәлік енгізілді.

    Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек Ресей мен Қырғызстанға сапар шеккенде ғана қолданылған еді. Сәденовтің айтуынша, жаңа тәртіп паспорт рәсімдеуге кететін шығынды азайтады.

    ІІМ дерегінше, жыл басынан бері Қазақстанға Арменияның 12 мыңға жуық азаматы келген. Армения бұл келісімді 2023 жылғы қарашада ратификациялаған.