Рубрика: Жаңалықтар

  • Берденовке жасалған қастандық: полицейлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

    Берденовке жасалған қастандық: полицейлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

    Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандықта қолданылған мылтық Астанада есептен шығарылған болып шықты. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Министрдің айтуынша, қарудың Шымкентке қалай жеткені – полиция қызметкерлерінің салғырттығының салдары.
    «Иә, өкінішке қарай, мұндай жағдайлар болды. Бұл жерде қаруды біреу сатып жіберген жоқ, бірақ қызметкерлердің жауапсыздығы анық. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аясында кінәлі кім, қаруды кім өткізген – барлығы анықталады», – деді Сәденов.

    Қастандықтың мән-жайы

    Еске салсақ, 2025 жылғы 21 сәуір кешке Шымкенттегі әкімдік ғимаратының алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атылды. Чиновник жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің төрт сағатқа созылған операциясы сәтті өтті.

    Қастандыққа күдікті Ернар Жиембай оқиға орнында ұсталды. Ол «кісі өлтіруге оқталу» бабымен айыпталуда.

  • Енді ауыр дертке шалдыққан азаматтарға мүгедектікті рәсімдеу жеңілдеді

    Енді ауыр дертке шалдыққан азаматтарға мүгедектікті рәсімдеу жеңілдеді

    Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов еліміздегі мүгедектікті рәсімдеу тәртібіне енгізілген маңызды өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды Sona.kz Azattyq Rýhy-ға сілтеме жасап.

    Аймағамбетовтің айтуынша, енді қол-аяғы ампутацияланған, қатерлі ісікке шалдыққан, инсульт алған және басқа да күрделі диагноз қойылған азаматтар мүгедектігін дәлелдеп, мекемелерді аралап құжат жинаумен әуре болмайды. Бұл рәсімдер қашықтан, проактивті форматта жүргізіледі.

    «Жақында Қарағандыдағы Медико-әлеуметтік сараптама бөлімінің жұмысымен таныстық. Биылдың өзінде 10 401 қызмет көрсетілген, соның 36 пайызы онлайн форматта орындалды. Бұл адамдардың уақытын, жүйкесін және қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді», – деді депутат.

    Жаңа тәртіп онкология, туберкулез, инсульт салдары, аяқ-қол ампутациясы, Даун синдромы, 1-типті қант диабеті, бүйрек жетіспеушілігі мен Паркинсон ауруының ауыр формасы бар азаматтарға қатысты.

    Сонымен бірге, депутат МӘС саласында кадр тапшылығы барын атап өтті. Қазір бөлімшелерде штат бойынша 18 сарапшының орнына 12 маман ғана жұмыс істейді, олардың төртеуі зейнет жасында. Жалақы деңгейінің төмендігі бұл салаға мамандарды тартуды қиындатып отыр.

    Аймағамбетовтің айтуынша, Ақмола және Павлодар облыстарында құжаттарды жолдауды орталықтандыру пилоты іске қосылды. 30 маусымнан бастап ерекше диагноздар бойынша («ампутация», «Даун синдромы», «мукополисахаридоз») мүгедектік арнайы механизм арқылы жедел рәсімделеді. Сондай-ақ міндетті госпитализация талабы алынып тасталмақ.

    «Бұл тек уақытты ғана емес, мемлекет қаражатын да үнемдейді. Өзгерістер табанды түрде жүзеге асатын болады», – деп түйіндеді депутат.

  • «Заңды қорғаудың орнына сатқын болды»: Саденов полициядағы жанжал туралы

    «Заңды қорғаудың орнына сатқын болды»: Саденов полициядағы жанжал туралы

    «Сатқындарға кешірім жоқ!» ІІМ басшысы Жамбыл облысы полиция басшысының орынбасарының ұсталуына қатаң пікір білдірді

    Астанада Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасарының ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sona.kz NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

    ІІМ мәліметінше, арнайы операцияны Ішкі қауіпсіздік департаменті жүргізген. Жоғары лауазымды полицей заңсыз әрекеттер жасады деген күдікке ілінді.

    «Полицейдің міндеті – заңды қорғау, халықты қорғау. Ал бұл жерде — сатқындық. Мен айттым: сатқындарға кешірім жоқ. Бәрі заң аясында анықталды. Біздің ұстанымымыз қатаң, әрі соны мықтап ұстанамыз», — деді Ержан Сәденов.

    Министр Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығының отставкасына да түсініктеме берді:
    «Біз әскери тәртіппен жүретін құқық қорғау органымыз. Қарамағындағылар тарапынан заң бұзушылықтар болғандықтан, заң бойынша ол отставкаға кетуге міндетті болды, әрі осы құқығын пайдаланды».

    Қазіргі уақытта ұсталған полицейге қатысты тергеу жүріп жатыр. ІІМ өз қатарындағы сыбайлас жемқорлық пен заң бұзушылыққа қарсы күресті күшейтетінін мәлімдеді.

  • Жетісуда балаларды жолда қорғаудың жапондық әдісі енгізілуде

    Жетісуда балаларды жолда қорғаудың жапондық әдісі енгізілуде

    Жетісу облысының полиция департаменті балаларды жол қозғалысы ережелеріне үйрету үшін жапондық әдісті енгізуді бастады.

    Аталған тәжірибе Жапонияда кеңінен қолданылады және өзінің тиімділігін дәлелдеген: жолдағы тәртіп пен өзара құрмет мәдениеті күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған.

    Жобаның басты мақсаты – оқушыларда жолда қауіпсіз жүріп-тұру дағдысын қалыптастыру және «Заң мен тәртіп» қағидасына негізделген жауапкершілік мәдениетін дамыту.

    Негізгі үш бағытқа баса назар аударылады:
    • Көрінетін болу — балалар шағылыстырғыш жилеттер, білезіктер және портфельге арналған жапсырмалар тағады;
    • Қол көтеру арқылы өту — бұл жапон әдісінің символы, ол жүргізушілердің назарын аудартады әрі құрмет белгісі ретінде қабылданады;
    • Қатысу арқылы үйрету — ата-аналар, мұғалімдер және еріктілер балаларды жолда бақылап, шағылыстырғыштарды бекітеді, акцияларға қатысады.

    Полиция департаментінің мәліметінше, әдістің енгізілуі кәмелетке толмағандар қатысатын жол-көлік оқиғаларын азайтып, жас ұрпақ арасында тәртіп пен өзара сыйластық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

    «Балалардың қауіпсіздігі – қоғамның ортақ міндеті. Тек полиция, ата-ана, мұғалім және еріктілердің бірлескен еңбегі арқылы ғана әрбір бала өзін жолда қорғалған сезіне алады», – деп атап өтті Жетісу облысының полиция департамент

  • Ақсудағы ферроқорытпа зауытында үш қызметкер күйік алды

    Ақсудағы ферроқорытпа зауытында үш қызметкер күйік алды

    Ақсудағы ферроқорытпа зауытында болған оқыс оқиға салдарынан үш қызметкер зардап шекті. Бұл туралы зауыттың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Sona.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

    Зауыт өкілдерінің мәліметінше, қызметкерлер өндірістік жұмыстарды орындау кезінде күйік алған. Қазір бір жұмысшы жансақтау бөлімінде, екіншісі амбулаториялық ем қабылдап жатыр, үшіншісі үйіне жіберілген.

    «Оқиға туралы мемлекеттік органдарға дереу хабарланды, тексеріс басталды. Компания зардап шеккендерге барлық қажетті көмекті көрсетуде», – деді Ақсу ферроқорытпа зауытының баспасөз қызметі.

    Павлодар облыстық полиция департаменті де жағдайға түсініктеме берді. Алдын ала деректерге сәйкес, оқиға пештен шихталық материалдардың шашырауы салдарынан болған. Ведомство еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бойынша тергеу басталғанын мәлімдеді.

    Еске сала кетейік, бұған дейін Степногор жылу электр орталығында монтаж жұмыстары кезінде бір жұмысшы қаза тауып, тағы үшеуі жарақат алған болатын.

  • Алматыда блогер «хайп» үшін өзін тірідей көміп тастады, істі полиция тексеруде

    Алматыда блогер «хайп» үшін өзін тірідей көміп тастады, істі полиция тексеруде

    Қазақстандық тикток-блогер көпшіліктің назарын аудару үшін ерекше қадамға барып, өзін табытқа салып тірідей көміп, оқиғаны тікелей эфирде көрсетті. Бейнежазба әлеуметтік желілерде тарап, қоғамда қызу талқы тудырды, деп хабарлайды Sona.kz t.me/kriminal_kazakhstan арнасына сілтеме жасап.

    Куәгерлердің айтуынша, жігіт «жерлеуді» алдын ала ұйымдастырып, эфирге шыққан. Көпшілік бұл әрекетті қатерлі әрі қауіпті деп бағалады. Сарапшылар мұндай «қойылымдар» көрермендерге теріс үлгі болуы мүмкін екенін ескертуде.

    Алматы қалалық полиция департаменті блогердің іс-әрекетіне байланысты тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Құқық қорғау органдары оқиғаға құқықтық баға беретін болады.

  • Қожагапанов пен Көккөзова ісі: апелляция үкімді өзгеріссіз қалдырды

    Қожагапанов пен Көккөзова ісі: апелляция үкімді өзгеріссіз қалдырды

    Астанада апелляциялық сот бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожагапанов пен кәсіпкер Ляззат Көккөзоваға қатысты істі қарады. Сот алқасы алғашқы инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырды.

    Еске салайық, биылғы шілде айында Ерлан Қожагапанов 2018 жылы өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы XV өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыру кезінде қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Бұрынғы шенеунікке жалпы режимдегі колонияда үш жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

    Тергеу мәліметінше, форумды өткізу барысында бюджеттен шамамен бір миллиард теңге жымқырылған. Сонымен бірге SUCCESS K агенттігінің басшысы Ляззат Көккөзова да сотталды. Ол алаяқтық жасады деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды.

    XV Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы 2018 жылдың қарашасында өткен. Шараға екі елдің президенттері қатысып, «Байқоңыр» кешенін жалға алу туралы шартқа түзетулер мен шекара маңындағы тұрғындардың жүріп-тұру тәртібі жөніндегі келісімдерге қол қойылған болатын.

  • Алматы облысында жасөспірімді қорлап, бейнежазбаға түсіргендер ұсталды

    Алматы облысында жасөспірімді қорлап, бейнежазбаға түсіргендер ұсталды

    Алматы облысында кәмелетке толмағанға жасалған қорқынышты қылмыс бойынша күдіктілер ұсталды. Бұған дейін әлеуметтік желілерде екі әйелдің 16 жастағы қызды ұрып-соғып, азаптап жатқан сәті түсірілген бейнежазба тараған еді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сәйкес, әйелдер жасөспірімді алдап үйінен шығарып алып, оған қол көтерген, темекімен күйдірген, суға батырған, қорлайтын әрекеттерге мәжбүрлеген. Барлығын бейнежазбаға түсіріп, кейін отбасыдан үш миллион теңге талап етіп, жазбаны таратамыз деп қорқытқан.

    Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті екі әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олар кәмелетке толмағанға дене жарақатын салу және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша айыпталып отыр.

    Құқық қорғаушылар сонымен қатар қылмыстық іс қатысушыларының жеке деректері жария кеңістікке тарап кеткені туралы да тексеріс жүргізіп жатыр.

  • Таразда мектеп оқушысын өлтірді деген күдікпен жасөспірім ұсталды

    Таразда мектеп оқушысын өлтірді деген күдікпен жасөспірім ұсталды

    Тараз қаласында мектеп оқушысын өлтірді деген күдікпен жасөспірім ұсталды. Бұл туралы Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Полицияның мәліметінше, күдікті жасөспірім уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы — «Адам өлтіру» бойынша жүргізілуде.
    — Аталған дерек бойынша оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында кешенді жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, — делінген ресми хабарламада.

    Бұған дейін әлеуметтік желілерде Таразда оқушылар арасындағы жанжалдан кейін жасөспірімнің қаза тапқаны туралы ақпарат тараған болатын. Кейін қаладағы білім бөлімі бұл деректі растады, бірақ оқиға мектептер арасындағы қақтығысқа қатысы жоқ екенін және тұрмыстық сипатта болғанын мәлімдеді.

    Қазіргі уақытта істің тергелуі Жамбыл облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында. Ведомство өкілдерінің айтуынша, түпкілікті процессуалдық шешім қолданыстағы заңнамаға сәйкес қабылданады.

  • Семейде балаларға қылмыс жасаған студент өмір бойына сотталды

    Семейде балаларға қылмыс жасаған студент өмір бойына сотталды

    Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 21 жастағы заң факультетінің студентіне үкім шығарды. Ол кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Тергеу мәліметінше, айыпталушы 2022 жылдың мамырында және 2025 жылдың қаңтарында Семей қаласында 12 және 13 жастағы балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен.

    Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы ең қатаң жаза тағайындау қажеттігін айтты.
    — Жасалған қылмыстардың ауырлығын ескере отырып, айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын және педагогикалық қызметпен, балалармен байланысты жұмыстармен айналысу құқығынан айыруды сұраймын, — деді прокурор.

    Жәбірленушілердің заңды өкілдері де айыптау тарабының ұстанымын қолдады. Ал айыпталушы өз кінәсін мойындамай, соттан өзін ақтауды сұрады.

    Сот үкімімен жас жігіт өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
    — Ол сондай-ақ педагогикалық қызметпен айналысу және балалармен байланысты салада жұмыс істеу құқығынан айырылды. Жазасын аса қауіпті қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады, — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.