Рубрика: Жаңалықтар

  • Алматыдағы мейрамханада ер адам 6 жастағы баланы ұрған

    Алматыдағы мейрамханада ер адам 6 жастағы баланы ұрған

    Алматыдағы жоғары деңгейлі мейрамханалардың бірінде 6 жастағы баланы ересек ер адам ұрып жіберді. Оқиға 4 мамыр күні балаларға арналған ойын бөлмесінде болған. Бұл сәт бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

    Әлеуметтік желілерде тараған мәліметке сәйкес, ер адам балалар ойнап жүрген сәтте 6 жастағы ұл балаға себепсіз екі рет соққы жасаған. Анасы ойын бөлмесіне жүгіріп келгенде, күдікті кешірім сұраудың орнына балағат сөздер айтып, оқиға орнынан қашып кеткен.

    Айтуларынша, анасы бірнеше рет полиция шақырғанымен, тәртіп сақшылары үш сағат бойы келмеген. Ақырында, отбасы өздері бөлімшеге барып арыз жазуға мәжбүр болған. Балаға медициналық тексеру жүргізіліп, “кеуде қуысының жарақаты” диагнозы қойылған.

    Зардап шеккен баланың туыстары күдіктінің Алматы қаласы әкімдігі жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі екенін алға тартуда. Қазір бұл жайт әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып жатыр.

  • 10,5 млн теңгені қалтасына басқан күдікті Албанияда қолға түсті

    10,5 млн теңгені қалтасына басқан күдікті Албанияда қолға түсті

    Алматыда жалған мектеп ашып, дайындық курстары арқылы адамдарды алдаған күдікті Албанияда ұсталды. Ол 2023 жылы 10 адамнан 10,5 млн теңге жинап, ізін суытқан.

    Күдікті Тирана қаласында Интерпол желісі арқылы қолға түсті. ІІМ мәліметінше, ол жоғары оқу орындарына түсуге көмектесемін деп уәде беріп, оқыту курстарын арзан бағада, ерекше әдіспен өтеміз деп сендірген.

    Министрлік алаяқтардың белгілеріне назар аударуды ескертеді:
    • лицензия мен тіркеудің болмауы;
    • оқытушылар мен бағдарлама туралы нақты ақпарат жоқ;
    • келісімшартсыз алдын ала толық төлем талап ету;
    • тәуелсіз пікірлер мен ұсынымдардың болмауы.

    Қазір ұсталған азаматты Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қаралып жатыр.

  • “Amanat Drive” қаржы пирамидасы: 21 млрд теңге, элиталы пәтерлер мен қымбат көліктер

    “Amanat Drive” қаржы пирамидасы: 21 млрд теңге, элиталы пәтерлер мен қымбат көліктер

    Алматы облысында “Amanat Drive” атауымен әрекет еткен қаржы пирамидасы әшкере болды. Ұйымдастырушылар 8 мыңнан астам салымшыға пайызсыз бөліп төлеумен үй мен көлік уәде етіп, 21 млрд теңгеден астам қаржы жинаған.

    ҚМА мәліметінше, пирамида өкілдері жалған компаниялар арқылы қомақты қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, оны элиталы үйлер мен HUMMER H2, Lexus LX570 секілді көліктерге жұмсаған. Барлық мүлік жақындарының атына рәсімделген.

    Тергеу барысында пәтерлер, үйлер мен шоттарға бұғат қойылды. Бас ұйымдастырушы қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.

  • Шерзат ісі: Сотталушылар соңғы сөзінде не деді?

    Шерзат ісі: Сотталушылар соңғы сөзінде не деді?

    Судья Ержан Жанұзақов айыпталушыларға соңғы сөздерін айтуға мүмкіндік берді.

    Сотталушылардың көбі көздеріне жас алды. Азамат Тоқтаубаев 7 жыл 2 ай жаза сұрап, “халық жауы емеспін, тек анамнан кешірім сұраймын” деді. Ағасы Нұрбол Тоқтаубаев кінәсін мойындап, жеңіл жаза сұрады.

    Дархан Әскентай – ата-анасынан ерте айырылғанын, үйленуге дайындалып жүргенде бұл қайғыға тап болғанын айтып, мейірім сұрады. Шыңғыс Белғожаев – бостандық сұрады, ал Думан Ысқақ пен Дидар Қалиахмет өздерін ақтауды өтінді.

    Равиль Сәкиев Шерзаттың анасынан кешірім сұрап, “тек Ғайыпбаевты ұрдым, пышақ болмады” деді. Абзал Шынасыл алғашында пышақтағанын жоққа шығарғанымен, енді “мылтық атқаны үшін ашуланып, үш рет пышақ сұқтым” деп айтты.

    Айыпталушылардың бірі де Шерзатты нақты кім өлтіргенін мойындамады.

    Үкім 5 маусымда жарияланады.

  • Түркияда өткен түні жер сілкінісі болды

    Түркияда өткен түні жер сілкінісі болды

    Түркияның Мугла провинциясында түнде 5,8 балдық жер сілкінісі тіркелді. Эпицентрі Мармарадан 10 шақырым жерде, 68 шақырым тереңдікте орналасқан.

    Ішкі істер министрі Али Ерликаяның мәліметінше, зілзаладан 14 жастағы қыз көз жұмды. Тағы 69 адам жараланды, олардың көбі үреймен терезеден секіріп, жарақат алған. 46 адам ауруханада ем қабылдап жатыр, қалғандарына оқиға орнында алғашқы көмек көрсетілген.

    Билік ірі қирау болмағанын хабарлады. Қазір құтқару қызметтері жағдайды бақылауда ұстап отыр.

  • Ақмолада найзағай соғып, әке мен бала қаза тапты

    Ақмолада найзағай соғып, әке мен бала қаза тапты

    1 маусым күні Зеренді ауданына қарасты Ақадыр ауылы маңындағы жайылымда жай түсіп, әке мен жасөспірім ұл оқиға орнында қаза тапты. Олар мал бағып жүрген кезде найзағайға түскен.

    Қайғылы жайт жайлы жергілікті тұрғындар шұғыл хабарлаған. Оқиға орнына дереу полиция мен төтенше жағдайлар қызметі жеткен. Облыстық әкімдік мәліметінше, марқұмдар — бір отбасының мүшелері, оқиға қазіргі кезде жергілікті атқарушы органдардың бақылауында.

     

  • Қарағанды маңында жүк пойызы екі жасар баланы қағып кетті

    Қарағанды маңында жүк пойызы екі жасар баланы қағып кетті

    Қарағанды облысында жүк пойызының астына түсіп қалған екі жасар бала ауыр хәлде ауруханаға түсті. Қайғылы оқиға 1 маусым күні қала маңында болған.

    Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға байланысты теміржол көлігін пайдалану қауіпсіздігін бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.

    Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жарияланбайды. Бүлдіршін жансақтау бөлімінде жатыр.

  • Алатау ауданында үй опырылып, бір адамның мәйіті табылды

    Алатау ауданында үй опырылып, бір адамның мәйіті табылды

    Алматының Алатау ауданында 1980 жылы салынған жеке тұрғын үй опырылды. Алдын ала мәлімет бойынша, газ құрылғысы жарылып, алайда өрт болмаған. Жарылыстың соңы үйдің құлауына себеп болды.

    Құтқарушылар үйінді астынан 1949 жылы туған ер адамның денесін тапты.

    Оқиға орнында жедел штаб, құтқарушылар, кинологтар, медицина мамандары және қалалық қызметтер жұмыс істеуде. Тергеу тобы оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

  • Шерзат ісі: Прокурор куәгер қыздардың жалған мәлімдеме жасағанын айтты

    Шерзат ісі: Прокурор куәгер қыздардың жалған мәлімдеме жасағанын айтты

    Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот жалғасуда. Сот жарыссөзі кезінде мемлекеттік айыптаушы Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдіге қатысты жаңа деректерді қайта тексеруді сұрады.

    Прокурор Дана Сәрсенбайдың айтуынша, оқиға орнында болған бұл екі қыз сотты әдейі жаңылдырған. Олар алғашында «қатты қорқып, ештеңе есімізде жоқ» дегенімен, бейнежазбалар олардың керісінше сабырлы, еркін жүргенін көрсеткен.

    «Қыздар телефон сөмкеде, ал сөмке көлікте болды деді. Алайда жазбалар оларда телефон болғанын дәлелдейді. Жігіттердің олардан үндемеуді сұраған сәті де видеоға түсіп қалған. Бұл — куәгерлер оқиғаны толық білген, бірақ жасырған деген сөз», – деді прокурор.

    Сот процесі жалғасып жатыр.

  • Алматыда маска киген топ балтамен жүр: Полиция пікір білдірді

    Алматыда маска киген топ балтамен жүр: Полиция пікір білдірді

    Әлеуметтік желіде Алматыдағы көпқабатты үйдің кіреберісінен маска киген бірнеше жігіттің шығып келе жатқан видеосы тарады. Біреуінің қолында балтаға ұқсас ауыр зат болған. Видео тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызды. Оқиғаға қатысты Алматы қалалық Полиция департаменті түсініктеме берді.

    @almatynews_kaz парақшасында жарияланған видеоларда бір топ жігіт маска киіп, көпқабатты үйдің маңында жүргені көрсетілген. Алғашқы бейнежазбада үш адам кіреберісте тұр, олардың бірінің қолында балтаға ұқсас зат бар. Кейін тағы бірнеше адам кіреберістен шыққан.

    Екінші бейнежазба – үй ішіндегі камерадан алынған. Онда сол топ пәтерлер орналасқан жоғарғы қабатқа көтеріліп бара жатыр. Біреуінің қолында қылыш тәрізді зат байқалады.

    Жазба авторының айтуынша, бұл жағдай 2 маусым күні таңертең Маметов көшесі, 47-үйде болған. «Бетперде таққан бірнеше ер адам балта және басқа да суық қаруға ұқсас затпен тұрғын үйге кірмек болды. Куәгерлер олар өте агрессивті болып, біреуді іздегендей әрекет етті. Жергілікті тұрғындар учаскелік полицейге шағымданған», – делінген сипаттамада.

    Алайда Алматы қаласы Алмалы ауданы полиция басқармасы бұл ақпаратты теріске шығарды.
    «Бұл жайт бойынша ешқандай арыз-шағым, ресми хабарлама не шұғыл қоңырау тіркелмеген. Видеоның шынайылығын дәлелдейтін нақты мәліметтер жоқ», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.