Рубрика: Жаңалықтар

  • Алматыда экс-полицейлер 14 жасар қызды зорлады деп айыпталуда

    Алматыда экс-полицейлер 14 жасар қызды зорлады деп айыпталуда

    Алматыда 14 жастағы қызды зорлады деп айыпталған бұрынғы полицейлердің ісі сотта қаралуда.

    2023 жылдың желтоқсанында Алматы қаласы Алатау ауданы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторлары Нұрсұлтан Рысбаев пен Азамат Жолдыбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оларға Қылмыстық кодекстің 120-бабы 3-1-бөлігі («Кәмелетке толмаған адамды зорлау») және 121-бабы 3-1-бөлігі («Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері») бойынша айып тағылған.

    Бұл факті бойынша сол кезде ішкі істер министрі Ержан Сәденов түсініктеме беріп, аталған қызметкерлердің тәртіп бұзғаны үшін полиция қатарынан шығарылғанын және қамауға алынғанын мәлімдеген еді.

    Қазір қылмыстық іс Алматының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында жабық режимде қаралып жатыр.

  • Хасан Қасымбаевқа қатысты істе тағы бір жәбірленуші пайда болды

    Хасан Қасымбаевқа қатысты істе тағы бір жәбірленуші пайда болды

    Хасан Қасымбаевқа қатысты істе тағы бір жәбірленуші пайда болды. Бұл туралы бірінші жәбірленуші Арман Әлімовтің адвокаты мәлімдеді. 

    Бұған дейін Қасымбаевқа адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бопсалау деректері бойынша тергеу басталған болатын. Адвокат Әлішер Әлішевтің айтуынша, Арман Әлімов адам ұрлау мен денсаулыққа зиян келтіру бойынша жәбірленуші болса, бопсалау бойынша басқа жәбірленуші бар. Осылайша, бұл іс аясында екі жәбірленушінің бары расталды.

    Қазіргі уақытта Хасан Қасымбаев уақытша ұстау изоляторында отыр. Адвокаттың айтуынша, күдікті ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) құру және оны басқару бойынша айыпталмаған. Қазіргі таңда тергеу жалғасып жатыр, ал іс материалдарымен танысу процесі күтілуде.

  • Елімізде адам ағзаларын саудалаумен айналысқан әйел Польшада ұсталды

    Елімізде адам ағзаларын саудалаумен айналысқан әйел Польшада ұсталды

    Адам ағзаларын саудалаумен айналысқан халықаралық қылмыстық топтың қызметіне қатысы бар деп айыпталған 35 жастағы әйел ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

    Құқық қорғау органдары ҚР Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының сұранысы бойынша Польша құқық қорғау органдары Украина-Польша шекарасындағы теміржол өткізу пунктінде 35 жастағы әйелді ұстады. Ол Қазақстан құқық қорғау органдары тарапынан 2020 жылдан бері халықаралық іздеуде болған.

    – Ұсталған азамат адам ағзаларын саудалаумен айналысқан халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне қатысы бар деген күдікке ілінген. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2017-2018 жылдары бұл қылмыстық топ Қазақстандағы медициналық мекемелерде заңсыз трансплантация операцияларын ұйымдастырған. Қылмыстық схемаға Израиль, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан азаматтары тартылған. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, күдікті донорлар мен реципиенттерді қарсы алып, орналастыру, олардың медициналық тексерістен өтуін ұйымдастыру, шығындарын өтеу және құпиялылықты сақтау жұмыстарымен айналысқан. Сондай-ақ донорларға реципиенттермен туыстық байланыстары туралы жалған ақпаратты жаттатқызған. Қазіргі уақытта ұсталған күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр. Тергеу амалдары жалғасып жатыр, – делінген хабарламада.

  • Жамбыл облысында екі ағасы 6 жыл бойы зорлаған 13 жастағы қыз босанды

    Жамбыл облысында екі ағасы 6 жыл бойы зорлаған 13 жастағы қыз босанды

    Балалар омбудсмені Динара Зәкиева зорлық-зомбылықтың құрбаны болған балалар туралы айтты.

    «Жақында Жамбыл облысына барып, 13 жасында босанған қызды көрдім. 6 жыл бойы оны екі ағатайы зорлап келген. Түркістан облысында 13 пен 15 жас аралығында босанған 16 кәмелетке толмаған қыз балалар тұратын орталықта болдым. Олардың барлығы да ағаларының, ағатайларының және де басқа туыстарының тарапынан зардап шеккен. Көбі оларға қарсы қылмыс жасалып жатқанын түсінбеген. Олар барлық бала бүкіл отбасында осылай өмір сүреді деп ойлады», – деді омбудсмен Сенатта өткен дөңгелек үстелде.

    Оның сөзінше, әлемдік тәжірибеде зорлық-зомбылықтың алдын алудың әртүрлі тәсілдері қолданылады. Десек те, барлық профилактикалық шаралар отбасымен жұмыс, балалардың өзін-өзі қорғауы, ақпараттандыру, тиісті инфрақұрылымның болуы, құқықтық базаны нығайту секілді маңызды тетіктерден тұрады.

    Динара Зәкиева ел бойынша 112 отбасын қолдау орталығы ашылғанын айтты. Тағы 109 ауданда осындай орталықтарды құру жұмыстары жалғасып жатыр.

  • Енді жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыруға болады

    Енді жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыруға болады

    Қазақстандықтар жүргізуші куәлігін eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы онлайн ауыстыра алады. Бұл қызмет құжаттың қолданылу мерзімі аяқталған, құжат жоғалған, ұрланған немесе төлқұжат деректері өзгерген жағдайда қолжетімді. Қызмет іске қосылғаннан бері оны 7 000-нан астам адам пайдаланды. 

    Қызметтің басты ерекшелігі – бұрын берілген жеке куәлік немесе төлқұжаттағы фотосуретті пайдалану мүмкіндігі. Негізгі шарт – фотосуреті бар құжат соңғы үш жыл ішінде шығарылған болуы тиіс.

    Қызметті пайдалану үшін:

    • eGov Mobile мобильді қосымшасына авторизациядан өтіп, «Қызметтер» бөліміне өту қажет;
    • «Жүргізуші және көлік» бөлімінен «Жүргізуші куәлігін беру» қызметін таңдау;
    • дайын құжатты алатын ХҚКО-ны таңдау;
    • жүргізуші куәлігін ауыстыру себебін көрсету және фотосуретті жүктеу;
    • қолтаңба үлгісін жүктеп, байланыс нөмірін енгізу керек;
    • мемлекеттік бажды төлеу қажет (4 915 теңге);
    • өтінімді Face/Touch ID көмегімен растау қажет;
    • қызмет нәтижесі «Хабарламалар» бөлімінде қолжетімді болады.

    Өтінім мақұлданғаннан кейін жүргізуші куәлігін таңдаған ХҚКО-дан жеке куәлікті және қолданыстағы жүргізуші куәлігін ұсыну арқылы алуға болады. Жаңа құжат берілгенге дейін бұрынғы куәлік жарамды болып қала береді (егер оның мерзімі аяқталмаса).

    Қызмет eGov.kz порталында да қолжетімді. Қызмет ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және ҚР Ішкі істер министрлігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде іске қосылды.

     

  • ҚМДБ балаларға аяғын уқалатқан имамға ескерту жасады

    ҚМДБ балаларға аяғын уқалатқан имамға ескерту жасады

    Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Сарыағаштағы медресенің бас ұстазына қатысты мәлімдеме жасады.

    Мүфтият қасиетті орында қоғам наразылығын тудырған әрекетті айыптап, ескерту жасады.

    Мешіт – құлшылық үйі, жамағат жиналатын рухани орда, қасиетті мекен, тәрбие орны. Құлшылық үйіне келген адам мешіт әдебін сақтауы тиіс. Бұл – мұсылманның көркем мінезінің бір. Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы мешітте болған оқиға әлеуметтік желілерде тарап, қоғамның түрлі пікір қайшылығын тудырды. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті орында қоғам наразылығын тудырған әрекетке жол бергені үшін мешіт имамына ескерту жасады, – делінген ақпаратта.

    Діни басқарма мешіт әдебін сақтауға шақырды.

    Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі барша мұсылман жамағатын құлшылық үйлерінде дауыс көтеріп сөйлемеуге, әдепсіз әрекеттерге жол бермеуге, ұрыс-керіс жасамауға шақырады. Жамағатты барынша мешіт әдебін сақтауға үндейміз, – делінген мәлімдемеде.

  • Ертең Бурабайда Ұлттық құрылтай өтеді

    Ертең Бурабайда Ұлттық құрылтай өтеді

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 14 наурыз күні Бурабайда өтетін Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысады.

    Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлім етті.

    Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салады.

    Айта кету керек, Ұлттық құрылтайдың бұған дейінгі отырыстары: 2022 жылы Ұлытауда,  2023 жылы Түркістанда,  2024 жылы Атырауда өтті.

     

  • Қорғаныс министрлігі үндеу жариялады

    Қорғаныс министрлігі үндеу жариялады

    Астанада Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа дайындық шаралары басталады. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі қазақстандықтарға үндеу жасады.

    13 наурыздан бастап әскери техниканы тасымалдауға байланысты еліміздің кейбір аймағындағы жолдардың жекелеген учаскелерінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілуі мүмкін. 22 сәуір мен 7 мамыр аралығында әскери авиацияның жаттығуы үшін Астана қаласында әуе кеңістігін пайдалануға қысқамерзімді шектеу қойылады, — делінген мәлімдемеде.

    Ведомство сонымен қатар әуе рейстерінің кестесіне де өзгерістер енгізілуі мүмкіндігін еске салды.

  • Балаларға арналған SIM-карталар қолданысқа енгізіледі

    Балаларға арналған SIM-карталар қолданысқа енгізіледі

    Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан балалардың цифрлық қауіпсіздігі мәселелеріне тоқталды.

    2023-2025 жылдарға арналған Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыру аясында Оқу-ағарту министрлігі балалардың цифрлық қауіпсіздігін арттыру мақсатында арнайы SIM-карта енгізу бастамасын көтерді.

    Бұл – балалардың мобильді құрылғыларды қауіпсіз пайдалануын қамтамасыз етуге және ата-аналар тарапынан бақылауды күшейтуге бағытталған арнайы тарифтік жоспар. Балаларға арналған SIM-карталардың басты артықшылықтары:

    ​•​ Ата-ана бақылауы

    ​•​ Зиянды және қалаусыз контенттен қорғау

    ​•​ Баланың орналасқан жерін бақылау (геолокация)

    «Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, балаларға арналған SIM-карталар байланыс операторлары тарапынан қолдау тауып, цифрлық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бастамалармен қатар жүреді. Бұл ата-аналарға балалардың телефонды қолдануын тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Қазақстанда байланыс операторлары балаларға арналған, білім беру ресурстарына шектеулі қолжетімділік беретін тарифтерді ұсынғанымен, интернеттегі қауіпсіз мінез-құлықты толық бақылау мүмкіндігін қамтамасыз етпейді. Министрліктің бұл бастамасы балалардың интернеттегі қауіпсіздігін күшейтіп, ата-аналарға олардың онлайн кеңістіктегі қорғанысын қамтамасыз етуде жоғары деңгейдегі қолдау көрсетеді», – деп мәлімдеді Еділ Оспан.

  • Ата-аналар балаларын Тiktok-тан бұғаттай алады

    Ата-аналар балаларын Тiktok-тан бұғаттай алады

    Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегіне сәйкес, Тiktok қауіпсіздік механизмдерін жақсартуды жалғастырып,  «отбасылық баптаулар» жүйесіне жаңа «Белсенді емес уақыт» функциясын енгізді. Бұл құрал ата-аналарға жасөспірімдерге қосымшаны қолдануға тыйым салатын уақыттарды белгілеуге мүмкіндік береді.

    Сонымен қатар, платформа жастардың цифрлық әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа мүмкіндікті ұсынды. Егер жасөспірім TikTok-ты кеш уақыта қолданса, қосымша оған үзіліс жасауды ұсынады. Бұл шара әлеуметтік желілерді шамадан тыс пайдаланудың ұйқы сапасына және жасөспірімдердің жалпы жағдайына әсерін азайтуға бағытталған.

    TikTok-тың ата-аналық бақылау жүйесі бес жылдан бері жұмыс істейді және сарапшылардың ұсыныстары мен ата-аналардың пікірлері негізінде үнемі жаңартылып отырады. Жаңа енгізілімдерге платформаның қолжетімділігін кеңейтілген басқару мүмкіндіктері кіреді. Енді ата-аналар:

    • TikTok-ты қолдануға шектеу кестесін орната алады;
    • Цифрлық детокс үшін қайталанатын кестелер жасай алады;
    • Бұғатталған кезеңдерде қосымшаға кіру туралы жасөспірімдердің сұраныстарын мақұлдай немесе қабылдамай алады.

    Сонымен қатар, ата-аналарға балалардың белсенділігін бақылау үшін қосымша құралдар беріледі. Олар баласының кімге жазылғанын және оның аккаунтын кім бақылап отырғанын көре алады. Сондай-ақ, жасөспірім бұғаттаған пайдаланушыларды бақылау мүмкіндігі де пайда болады.

    Жақын арада TikTok платформаның ережелерін бұзатын контент туралы жасөспірімдерге ата-аналарға хабарлауға мүмкіндік беретін тағы бір функцияны енгізуді жоспарлап отыр. Бұл опция ата-аналық бақылау қосылмаған жағдайда да қолжетімді болады.