Рубрика: Жаңалықтар

  • Көпір астынан ер адамның сүйегі табылды

    Көпір астынан ер адамның сүйегі табылды

    25 ақпанда Өскемендегі Үлбі көпірінің астынан, Спорт сарайының маңынан ер адамның мәйіті табылды. Полиция ақпаратты растады.

    «Марқұмның кім екені анықталды. Алдын-ала дерек бойынша мәйіттен зорлық-зомбылық белгілері байқалмаған», – деді ШҚО Полиция департаменті.

    Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

  • Сарбаздарға темекі тұқылын жегізген әскери жазаланды

    Сарбаздарға темекі тұқылын жегізген әскери жазаланды

    Ақтаудағы 25744 әскери бөлімде сарбаздарға темекі тұқылын жегізген әскери қызметші лайықты жазасын алды. Мұндай пікірді Бас әскери прокурордың орынбасары Талғат Бекбергенов білдірді.

    – Жаза тәртіпке қайшы әрекетке сай келеді. Мерзімді әскери қызметшіге қатысты билігін асыра пайдаланғаны үшін сотталды. Әскери сот мерзімді қызметтің екі сарбазына темекі тұқылын жегізіп, күш қолданған үшінші сыныпты сержантқа билігін асыра пайдаланғаны үшін 2 жыл бас бостандығын шектеу жазасын кесті. Ауыр салдардың болмауына және сотталушының жеке қасиетін ескерсек, оған тағайындалған жаза түзелуіне жеткілікті, – деді Талғат Бекбергенов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

    Айта кетейік, бұл оқиға Ақтауда болғанымен, іс Ақтөбе әскери сотында қаралды. Сот взвод командирі Әділет Керімовті Қылмыстық кодекстің 451 бабы 1 бөлігімен айыпты деп танып, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

  • Су добынан Қазақстан әйелдер құрамасы Сингапурды жеңді

    Су добынан Қазақстан әйелдер құрамасы Сингапурды жеңді

    Әйелдер арасында 6 команда – Қазақстан, Қытай, Жапония, Сингапур, Өзбекстан, Гонконг айналма жүйе бойынша кім мықтыны анықтайды.

    Алғашқы ойында Қазақстан Ұлттық құрамасы Сингапурды 12:6 есебімен ойсырата жеңді.

    Голдар:

    2 голдан — Каплун, Рахманова, Новикова, Руднева, Миршина

    1 голдан — Глухова, Набиева

    Ерлер арасындағы турнирге 9 команда қатысады. Олар 2 кіші топқа бөлінген. Қазақстан өз тобында Қытай, Сингапур және Гонконгпен өзара мықтыны анықтайды. Бүгін бірінші матчта біздің спортшылар жарыс қожайынымен кездеседі.

    Айта кетейік, бәсеке финалистері шілдеде Сингапурда өтетін әлем чемпионатына жолдама алады.

  • Қазақстанда алғашқы АЭС салатын өңір белгілі болды

    Қазақстанда алғашқы АЭС салатын өңір белгілі болды

    Үкімет басшысы Олжас Бектенов алғашқы атом электр стансасын салатын өңір туралы қаулыға қол қойды.

    «Атом энергиясын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 2) тармақшасына және 12-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі Алматы облысының Жамбыл ауданы – «Атом электр станциясы» ядролық қондырғысы салынатын аудан туралы шешім қабылдансын, – делінген қаулыда.

    Қаулы ресми жарияланған күні қолданысқа енгізіледі.

     

  • «Қазақстан» шахтасындағы бес кеншінің өліміне кінәлілерге үкім шықты

    «Қазақстан» шахтасындағы бес кеншінің өліміне кінәлілерге үкім шықты

    Қарағанды облысы Шахтинск қалалық соты «Қазақстан» шахтасындағы өрттен бес кеншінің қаза табу фактісі бойынша істі қарап, сот үкімін шығарды. 

    Төрт айыпталушы 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы қайғылы оқиғаға жауапты деп танылған төрт қызметкерді ҚР ҚК 277-бабының 3-бөлігі бойынша абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзудің қауiпсiздiк қағидаларын бұзды деп айыптаған болатын.

    Тергеу барысында бірнеше ереже бұзушылық анықталды.

    Жол берілген бұзушылықтардың салдарынан 2023 жылғы 17 тамызда жөндеу ауысымында «Қазақстан» шахтасының көмір конвейерлік еңісінде өрт болды. Өрт салдарынан бес кенші қаза тауып, он жеті кеншіге денсаулығына орташа және ауыр зиян келтірді, – деп мәлімделген Шахтинск қалалық сотының хабарламасында.

    Аталған іс бойынша прокурор Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін сотталушыларды кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

    ҚК-нің 277-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыс абайсызда орташа ауырлықтағы қылмыс болып табылады. Санкция 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады. ҚК-нің 55-бабына сәйкес жеңiлдететiн мән-жай болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде жаза максималды мерзімнен½, яғни 4 жылдан аспауы тиіс. Заңның бұл талабы сот үшін міндетті болып табылады. Г., М., Т., Г. сотталушыларының жас балалары бар, бұл ҚК-нің 53-бабына сәйкес жеңілдететін мән-жай деп танылады. Яғни, олар үшін жаза 4 жылдан аспауы керек. Сотталушылар бұрын сотталмады, жұмыс орны бойынша оң сипатталады. Прокурор айыптау актісінде ауырлататын мән-жайлардың жоқтығы туралы жазды. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сот Г., М., Т., Г. 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, – деп сот өз үкімін шығарды.

    Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

    Еске салайық, қайғылы оқиға 2023 жылдың 17 тамызында болған. Апат болған кезде жер астында 227 шахтер болған, олардың ішінде 222 шахтер жер бетіне шығарылып, бес адам қаза болған еді.

  • Тұрғындарды 78 млн теңгеге алдап кеткен азамат қолға түсті

    Тұрғындарды 78 млн теңгеге алдап кеткен азамат қолға түсті

    Батыс Қазақстан облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 25 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.

    Күдікті техника мен автокөлік сатып алу, ұялы телефон сату, тауарлық несиені қолма-қол ақшаға айналдыру және ақшаны көбейту сияқты желеулерді пайдаланып, адамдарды сеніміне кірген.

    Мәселен, 2023 жылдың қазан айында ол Орал қаласының бір тұрғынын тауарлық несиені қолма-қол ақшаға айналдыру сылтауымен 4 миллион теңгеден астам қаржыға алдап кеткен. Сондай-ақ сәуір мен қазан айлары аралығында тағы бір қала тұрғынына тұрмыстық техника жеткізіп беремін деп, 4,5 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Тергеу барысында алаяқтың құрбандары негізінен өз таныстары екені анықталды.

    Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты 14 алаяқтық дерегі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Келтірілген жалпы шығын көлемі 78 миллион теңгеден асады. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалып, өз кінәсін мойындады.

    Ол алдап алған қаражаттың басым бөлігін бәс тігуге жұмсағанын айтқан. Құқық қорғау органдары тұрғындарды қырағы болуға шақырады. Егер сіз алаяқтардың арбауына түсіп қалсаңыз, тез арада полицияға хабарласқаныңыз жөн.

  • Қазақстан түрмелеріне 40 мың бақылау камерасы орнатылды

    Қазақстан түрмелеріне 40 мың бақылау камерасы орнатылды

    Бас прокуратура кезекті кеңесінде колонияларда 40 мың бейнебақылау орнатылып, сотталғандар тікелей өтініш бере алатын 600 электронды терминал қойылғанын айтты.

    Бас прокурор Берік Асылов пенитенциарлық жүйеде азаптаудың алдын алуға ерекше мән беретінін айтты. Сотталғандардан түскен кез келген қатыгездік туралы сигнал азаптау призмасы арқылы қаралады.

    «Сотталғандардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін құрметтеу мен қорғау – бұл заңның тікелей талабы. Сондай-ақ, олардың сәтті әлеуметтенуі қоғамдағы құқықтық тәртіпті сақтаудың маңызды аспектісі», – деді қадағалау органының басшысы.  

    Соңғы жылдары қылмыстық-атқару жүйесінде реформа жүргізіліп, қоғамдық бақылау кеңейтілді. Осының аясында колонияларда толық бейнебақылау жүйесі енгізілді 40 мың бейнекамера орнатылған сондай-ақ сотталғандардың тікелей өтініш беруі үшін 600 электронды терминал қойылды.

  • Кәрім Мәсімовтің зәулім үйін ешкім сатып алмады

    Кәрім Мәсімовтің зәулім үйін ешкім сатып алмады

    Аталған үйдің бірінші сатылымында өтпеуіне ешқандай қатысушының тіркелмеуі себеп болған.

    Осылайша, Кәрім Мәсімовтің үйі сауда-саттықтың бірінші сатылымында өз иесін таппады. Оған электрондық сауда алаңының сайтындағы деректер дәлел.

    – Аукцион басталған сәтте сату объектісі бойынша аукцион залында бірде-бір қатысушы тіркелмеген. Аукцион залында бірде-бір қатысушы бастапқы бағаны растамаған, – деп жарияланған хабарламада.

    Еске салайық, ҰҚК-ның бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары қаңтардағы тәртіпсіздіктерден кейін мемлекетке опасыздық жасады және мемлекеттік ұйымдастырмақ болды деген күдікпен қамауға алынған-ды. Ол 18 жылға бас бостандығынан шектелді.

  • Қайтыс болған адамның үйінде мал сойып, ас беруге тыйым салынды

    Қайтыс болған адамның үйінде мал сойып, ас беруге тыйым салынды

    Елдің мүфтияты осындай пәтуа шығарды. Осылайша көршілес ел ысырыпшылдықпен күрескелі жатыр.

    Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының айтуынша, Ислам шариғаты бойынша қайтыс болған адамды жерлеген үйде үш күнге дейін жоқтау айтылып, туған-туыс пен көрші-қолаң оларға көңіл айтады.

    «Олар мал соймайды, тамақ бермейді. Қайғылы жағдай болған үйдің көршілері осы үйдегі адамдарға көңіл айтып, ал туыстары тамақ әкеледі. Бұл – көршілер мен туыстардың міндеттері», – дейді жергілікті мүфтият. 

    Мүфтияттың түсіндіруінше, марқұмның артында жас балалар қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда жерлеу рәсіміне келушілер үшін мал сойып, тамақ беруге тыйым салынады.

  • Жемқорлардан қайтарылған ақшаға 28 жаңа мектеп салынады

    Жемқорлардан қайтарылған ақшаға 28 жаңа мектеп салынады

    Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 22 мың оқушы орнына арналған тағы 28 жаңа мектеп салынады.

    Президенттің тапсырмасы бойынша құрылған қор жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен толықтырылып келеді. Оның негізгі мақсаты білім беру ұйымдары үшін жаңа ғимараттар салу, кеңейту арқылы апатты мектептер мен орын тапшылығын жою.

    «Мемлекет балалар үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөліп келелі. Бүгінгі таңда 74,4 мың орындық 61 мектеп пайдалануға берілді, оның 29-ы ауылдық елді мекендерде орналасқан», – деп атап өтті инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқарма басшысы Жайық Махсутов.

    2024 жылы 25 мектеп салынды, олардың басым бөлігі Астана қаласында, және Маңғыстау, Алматы, Жамбыл облыстарында орналасқан. Барлық білім беру ұйымдары заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.