Рубрика: Жаңалықтар

  • Қазақстан шетелге жұмыртқаны сатуға шектеу енгізуі мүмкін

    Қазақстан шетелге жұмыртқаны сатуға шектеу енгізуі мүмкін

    ҚР Сауда және интеграция министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Құс өсірушілер одағы, жұмыртқа өндірушілер салалық қауымдастығы және Сауда желілері одағы ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

    Бұдан өзге, тараптар жұмыртқа импортына тыйым салу мәселесін де талқылап жатыр. Ал, меморандумның ең басты мақсаты — әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру.

    Меморандум аясында Құс өсірушілер одағы мен Қауымдастық құс фабрикаларының қоймалары мен фирмалық дүкендерінде баға тұрақты болу керек. Өз тарапынан, Сауда желілері одағы заңнама талаптарына сәйкес сауда үстемесі мөлшерін сақтайды және осы санаттағы жұмыртқаларды сатудан сыйақы талап етпейді.

    «Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті өндірушілерді қорғау мақсатында жұмыртқа импортына шектеу енгізу мәселесін қарастырып, Сауда және интеграция министрлігі заңсыз импорттық жұмыртқалардың нарыққа шықпауын, оларды айналымнан алу жөнінде бақылау шараларын қабылдайды», – деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

  • Маңғыстаудағы компьютерлік залда құмар ойыны ұйымдастырылған

    Маңғыстаудағы компьютерлік залда құмар ойыны ұйымдастырылған

    Компьютерлік залда құмар ойынын ұйымдастырғандар сотталды.

    Қаржы мониторингі агенттігі Маңғыстау облысында 2022-2023 жылдары компьютерлік зал атын жамылып, заңсыз құмар ойын бизнесін ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі.

    Агенттіктің мәліметінше, қатысушылардан ақшалай бәс банк аударымдары арқылы қабылданып, кейін олар арнайы платформада тіркеліп, ойындарға қатысу үшін логин, пароль және сілтеме беру арқылы жүзеге асқан.

    Қылмыстық топтың жалпы табысы 77 млн теңгеден асты. Күдіктілер заңсыз жолмен табылған қаражаттың 36 млн теңгесіне екі автокөлік – «Toyota Land Cruiser» және «Mersedes-Benz 320» сатып алған. Сот үкімімен олар 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

    Қылмыстық жолмен алынған автокөліктер мемлекет пайдасына тәркіленді.

  • Жетісу облысында көлік қозғалысы шектелді

    Жетісу облысында көлік қозғалысы шектелді

    2025 жылғы 24 ақпан сағат 09:00 жағдай бойынша 1 облыстағы 1 республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында көлік қозғалысына шектеу қойылды.

    «Үшарал-Достық» автожолының 84-164 шақырым аралығы (Көктума ауылы — Достық стансасы).

    Қазір республикалық жолдарды күтіп-ұстауға 715 арнайы техника мен 1751 маман жұмылдырылды.

  • Қазақстандықтар қай елдерге төлқұжатсыз бара алады?

    Қазақстандықтар қай елдерге төлқұжатсыз бара алады?

    Кей елдерге қазақстандықтар визасыз ғана емес, тіпті шетелдік төлқұжатсыз да бара алады.

    2025 жылдың басында Қазақстан азаматтары 41 мемлекетке, сондай-ақ Қытай құрамына кіретін ерекше мәртебесі бар екі аумаққа – Макао мен Гонконгқа визасыз кіре алады.

    Осылайша, қазақстандықтарға өз аумағына төлқұжатсыз кіруге және тұруға екі ел ғана мүмкіндік береді.

    Сонымен бірге, Сыртқы істер министрлігі өкілдері мен Өзбекстан президентінің ақпаратына сәйкес, екі ел азаматтарының жеке куәлік арқылы шекарадан өтуіне рұқсат беру бойынша келіссөздер жүргізілуде.

    2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Өзбекстан мен Қырғызстан арасында осындай келісім күшіне енген.

    Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ресми мәліметі бойынша, қазақстандықтар Ресей мен Қырғызстанға ғана жеке куәлік арқылы кіре алады. Өзбекстанмен бұндай келісімдер жүргізіліп жатыр.

  • Белгілі жазушы, драматург Дулат Исабеков дүние салды

    Белгілі жазушы, драматург Дулат Исабеков дүние салды

    Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің классигі, жазушы-драматург Дулат Исабеков өмірден өтті.

    Бұл туралы ақын Қасымхан Бегманов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

    «Қайран, Дулат ағам-ай, мынау жарық дүниеден Сіздің де кеткеніңіз бе?
    Осы қазір ғана, он-он бес минут бұрын Естияр Дулатұлы інішегім маған осынау қайғылы хабарды жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Әбдешұлына, қалабасының төңірегіндегі жігіттерге, басқа да ел ағаларына қаралы хабарды жеткіздім…»,  — деп жазды ол.

    Дулат Исабеков 1942 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы «Ленин жолы» ауылында туған. 1963 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1963-68 жж. Қазақстан Республикасы Телевизия және радио хабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетте аға редактор, 1968-70 жж. «Қазақ Совет энциклопедиясы» бас редакциясында аға ғылыми редактор, 1971-76 жж. «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, 1976-80 жж. «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі, 1980-88 жж. ҚР Мәдениет министрлігі репертуарлық-редакциялық алқасының бас редакторы, 1988-97 жж. Қазақ теледидарының бас редакторы, «Жазушы» баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1997 жылдан Мәдениеттану ғылыми институтының директоры болған. Бүгінгі таңда республикалық мәдени-сараптамалық «Мәдениет» журналының бас редакторы, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның профессоры.

    1963 жылы «Жолда» атты алғашқы әңгiмесi Қазақстан жазушыларының «Замандастар» деген әңгiмелер жинағына ендi. Сол жылы «Шойынқұлақ» атты әңгiмесi «Лениншiл жас» газетiнiң үш нөмiрiне жарияланып, жас жазушыны оқушы қауымға кеңiнен таныстырды.

    «Гауһар тас», «Дермене», «Перi мен Перiште», «Тiршiлiк», «Өкпек жолаушы», «Бiз соғысты көрген жоқпыз», «Қарғын» (роман, 1980) т.б. кітаптары шыққан. «Шойынқұлақ»,

    «Ақырамаштан наурызға дейiн», «Ескерткiш», «Социализм зәулiмi», «Конфронтация», «Талахан-186», «Бонапарттың үйленуi», «Ай-Петри ақиқаты», «Кемпiрлер», «Шалдар», «Тыныштық  күзетшiсi»  секілді шығармалары әр жылдары жарық көрдi. Жекелеген повестерi мен әңгiмелерi немiс, чех, венгр, болгар, қытай, түрiк, өзбек және ағылшын тiлдерiне аударылып, шет ел оқырмандарына да кеңінен таңылды. Жазушының шығармалары бойынша «Гауһар  тас»  (1975), «Дермене»  (1994), «Тауқымет» («Тiршiлiк» повесi бойынша, 1998), «Лоторея» («Ержеткенше» повесі бойынша, 2013), «Балуан Шолақ» («Жаужүрек» пьесасы бойынша, 2019) атты көркем фильмдер мен «Әпке» атты пьесасының негізінде телесериал түсірілген.

    Қазақстанның Еңбек ері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және Тәуелсіз Қазақ ПЕН-клубы мен платиналы «Тарлан» сыйлықтарының, «Достық», «Құрмет» орденiнің иегері. Қазақстанның Құрметті жазушысы.

  • Азамат Әмрин бірінші вице-премьер болды

    Азамат Әмрин бірінші вице-премьер болды

    Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин бірінші вице-министр болып тағайындалды.

    «Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Азамат Кеменгерұлы Әмрин Қазақстан Республикасының ұлттық экономика бірінші вице-министрі қызметіне тағайындалды», – делінген хабарламада.

    Әмрин еңбек жолын 1989 жылы Корнеев кеңшарында жұмысшы болып бастады.

    1997 жылдан 2008 жыл аралығында Солтүстік Қазақстан облысының Салық комитетінде түрлі лауазымдар атқарды.

    2008-2011 жылдары СҚО Шал ақын ауданының әкімі.

    2011-2012 жылдары  «Амрин К.К.» шаруа қожалығының менеджері.

    2013-2015 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Салық және кеден саясаты департаменті директорының орынбасары.

    2015-2020 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Салық және кеден саясаты департаментінің директоры.

    Ұлттық экономика вице-министрі болып 2020 жылдың 20 қазанында тағайындалған болатын.

  • 93 блогерге жіберілген 169 хабарламаны кері қайтарылды – МКК

    93 блогерге жіберілген 169 хабарламаны кері қайтарылды – МКК

    Мемлекеттік кірістер комитеті блогерлерге жіберілген хабарламаларға қатысты түсінік берді.

    «2025 жылғы 19 ақпанда  53,3 млрд теңгеге 594 блогер бойынша бұрын жіберілген 1 014 хабарламадан жалпы сомасы 9,8 млрд теңгеге 93 блогерге жіберілген 169 хабарламаны кері қайтарып алу жүргізілгені туралы хабарлайды. Оның себебі хабарламаны жіберу және өңдеу процесінде техникалық ақау шықты», –  деп хабарлады кірістер комитеті.

    Енді салық органдары кері қайтарылған хабарламалармен жұмыс істеп жатыр.

     

  • Димаш Құдайберген жаңа төсбелгіге ие болды

    Димаш Құдайберген жаңа төсбелгіге ие болды

    Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергенге Ізгі ниет елшісі төсбелгісін табыстады.

    Әшімбаевтың сөзінше, қазір Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Соның аясында Съездің дінаралық диалогты дамытуға және бейбітшілік пен келісім мәдениетін ілгерілетуге арналған идеяларын дәріптеу ісіне баса мән беріліп келеді.

    Сенат төрағасы былтыр әлемнің әртүрлі мемлекеттеріндегі белгілі қоғам және дін қайраткерлері Съездің Ізгі ниет елшілері болып сайланғанын еске салды.

    «Олардың қатарында талантымен дүние жүзіне танылған отандасымыз, әнші Димаш Құдайберген де бар. Осыған байланысты Димаш бауырымызбен арнайы кездесіп, оған Ізгі ниет елшісі белгісін ресми түрде табыс еттім. Осы орайда Димаш қазақтың ұлттық мәдениетін дәріптеумен қатар өнер арқылы бейбітшілік пен ізгілік идеяларын насихаттауға да үлкен үлес қосып келе жатқан дарын иесі екенін атап өткен жөн. Бұл маңызды миссия Съездің құндылықтарымен де үндесетіні белгілі»,  – деп жазды Сенат спикері әлеуметтік желідегі парақшасында.

    Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта Димаш өнерімен және креативті жобаларымен бірлік пен келісімді халықаралық деңгейде ілгерілетуге өз үлесін қоса береді деп сенім білдірді. Сондай-ақ оған шығармашылық табыс тіледі.

  • Шеңгелдідегі суару желілері күрделі жөндеуден өтеді

    Шеңгелдідегі суару желілері күрделі жөндеуден өтеді

    Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов Шеңгелді ауылдық округінде қызмет ететін шаруалармен, сорғы станцияларының басшыларымен кездесті.

    Ауқымды жиында ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесі талқыланды. Жауапты бөлімнің басшысы Асқар Ибраимовтың сөзінше, елдімекенде 9 сорғы станциясы орналасқан. Қазір оның төртеуінде көктемгі дала жұмыстарына дайындық басталып, ағымдағы жөндеу жасалуда.

    Ал №4 сорғы станциясының басшылығы қаржылық тапшылықтың болуына байланысты жөндеу жүргізудің кешіктіріліп жатқанын мәлім етті. Осы орайда, Асхат Бердіханов әкімдікпен үшжақты меморандумға қол қою арқылы қажетті қондырғыларды уақытша пайдалану туралы ұсыныс білдірді. Егер бұл шара жүзеге асса, №4 сорғы станциясы 1000 гектардан астам жерді суарға мүмкіндік болады.

    Сондай-ақ басқосуда басқа да сорғы станцияларының желілерін жаңғыртуға қажетті құжаттар дайындалып жатқаны айтылды. Ал №5 сорғы станциясының суару желілерін күрделі жөндеу жұмыстары 2022 жылы басталған болатын. Барлық жобаларда тапсырыс беруші – Алматы облысының құрылыс басқармасы.

    Суды үнемдеу мәселесіне келсек, қазіргі таңда тамшылатып суаруға қажетті құрал-жабдықтарды өндіруші «Жібек жолы» ЖШС-мен шаруалар келіссөздер жүргізіп жатыр. Биыл жаңа технология пайдаланылатын егістік алқабының көлемін ұлғайту жоспарлануда.

    Сонымен қатар шаруаларға берілетін мемлекеттік қолдауларды алудың түрлі тетіктері де айтылды. (Ол туралы қосымша ақпарат жарияланады).

    Айта кетейік, былтыр Шеңгелдіде 8050 гектар жер игерілген.

  • Жоқ үйлерді жалға беріп келген Астана тұрғыны ұсталды

    Жоқ үйлерді жалға беріп келген Астана тұрғыны ұсталды

    Астанада Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында жоқ үйлерді жалға берумен айналысқан 29 жастағы әйелді ұстады.

    Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті Krisha.kz сайтында үйлерді жалға беру туралы жалған хабарландырулар жариялаған.

    Жәбірленушілермен хат алмасу кезінде ол Астана, Алматы қалаларында және «Бурабай» демалыс базасында үйлерді жалға беруге уәде еткен. Пәтер жалдауға қызығушылық танытқан азаматтар жалған банк шоттарына алдын ала төлемдерді аударып, кейін пәтер иесімен байланыс үзілген. Салдарынан жәбірленушілер ақшасынан айырылды. Жедел іс-шаралардың нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, қолға түсірді. Ұсталған азаматша өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде, күдіктінің 5 эпизодқа қатысы бар екені анықталды, – делінген хабарламада.

    Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарды сақ болуға және ақша аударудан бұрын ақпаратты мұқият тексеруге шақырды.