Рубрика: Жаңалықтар

  • Екі баласын да сатып жіберген әйел ұсталды

    Екі баласын да сатып жіберген әйел ұсталды

    Қарағанды қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған сотында бала саудасына қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. 

    Алдын ала мәлімет бойынша, 2022-2024 жылдар аралығында ауыл тұрғыны екі баланы дүниеге әкеліп, оларды перзентхана қызметкерінің көмегімен әрқайсысын 3 миллион теңгеден сатқан.

    Ол баладан туыла салып бас тартқан. Кейін перзентхана қызметкері Астанада тұратын алматылық, баласыз ерлі-зайыптылармен байланысып, нәрестені 3 миллион теңгеге сату мәмілесін ұйымдастырған. Екі жылдан кейін дәл осындай жағдай қайталанып, әйел тағы бір сәбиін дүниеге әкеліп, оны да 3 миллион теңгеге сатқан.

    Полиция қылмыстық кодекстің 135-бабы «Кәмелетке толмағандарды саудалау» бойынша қылмыстық іс қозғады.

  • Қытайда жарқанаттан жаңа коронавирус табылды

    Қытайда жарқанаттан жаңа коронавирус табылды

    Қытай ғалымдары HKU5-CoV-2 деп аталатын жаңа коронавирус түрін анықтады. Бұл штамм Гонконгтегі жапондық ергежейлі жарқанаттардан табылған.

    Ғалымдардың айтуынша, вирус тез жұғалы және адамға тікелей немесе аралық тасымалдаушылар арқылы берілуі мүмкін.

    Жаңа вирус қандай ауру тудырады?

    HKU5-CoV-2 коронавирусы Таяу Шығыс респираторлық синдромын (MERS) қоздыруы мүмкін. Бұл ауру қатты жөтелмен қатар пневмония сияқты асқынуларға әкеледі. Бұған дейін COVID-19 вирусы да осындай ауыр тыныс алу жолдарының ауруларын тудырғаны белгілі.

    Зерттеу қайда жасалды?

    Зерттеу жұмыстарына Ухань вирусология институтының мамандары қатысқан. Бұл институт пандемияның алғашқы кезеңінде коронавирустың зертханадан таралуына қатысты айыптауларға ұшыраған еді. Зерттеу нәтижелері South China Morning Post басылымында жарияланды.

    Қауіп бар ма?

    Вирусологтар қазіргі уақытта жаңа вирусқа байланысты эпидемиялық қауіп жоқ екенін мәлімдеді. Алайда оның нақты қаупін анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет. Ғалымдар вирустың адамға таралу мүмкіндігін толық зерттемейінше, болашақта қандай қауіп төндіретіні белгісіз.

  • Перизат Қайраттың ісіне қатысты тағы бір дерек анықталды

    Перизат Қайраттың ісіне қатысты тағы бір дерек анықталды

    Мүгедек балаларға арналған оңалту орталығын салуға ақша жинау алаяқтығы бойынша Перизат Қайратқа қатысты тағы бір сотқа дейінгі тергеу тіркелді. Күдікті 2021 жылдың қараша айында Ақмола облысындағы «Батыр» қоғамдық бірлестігіне оңалту орталығын салу үшін ақша жинау мақсатымен қайырымдылық аукционын ұйымдастырған.

    Халықтың сенімін ұялату үшін шараға оңалту орталығына мұқтаж мүмкіндігі шектеулі балаларды және олардың ата-аналарын шақырған. Нәтижесінде, ол 48 миллион теңге жиналғанын және оңалту орталығы үшін 100 миллион теңге тұратын нысанның сыйға берілгенін жария еткен. Алайда, шын мәнінде аукцион барысында 22 миллион теңге ғана жиналып, қаражат күдіктінің жеке мақсаттарына жұмсалған.

    ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан: «Сондай-ақ П.Қайрат орталық қажеттілігі үшін 30 млн теңге жер телімін сатып алғанын мәлімдеген. Алайда тергеу барысында бұл жер телімі «Батыр» қоғамдық бірлестігі тарапынан 2019 жылы сатып алынғаны анықталды. Нәтижесінде оңалту орталығының құрылысы басталмаған. Ал сыйға берілді деп көрсетілген нысан шын мәнінде жоқ боп шықты. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасуда», – деді.

  • Қонаевта әйел адам қайтыс болған баласының «еміне» халықтан ақша жинаған

    Қонаевта әйел адам қайтыс болған баласының «еміне» халықтан ақша жинаған

    Алматы облысында полицейлер 2023 жылы қайтыс болған баласын емдеуге қаражат сұрап, алаяқтық жасаған әйелді ұстады. Тергеу мәліметінше, 31 жастағы Қонаев қаласының тұрғыны адамдардың сеніміне кіріп, заңсыз ақша жинаған.

    Сонымен қатар оның тағы бір алаяқтық ісіне қатысы бары анықталды: ол науқас баланы емдеуге қаражат қажет деген желеумен азаматтарды алдап келген. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

  • Қазақстанға вейп әкеліп сатпақ болған шетелдік сотталып кетті

    Қазақстанға вейп әкеліп сатпақ болған шетелдік сотталып кетті

    Қазақстанға электронды темекі әкеліп сатпақ болған шетелдік сотталып кетті.

    Маңғыстау облыстық прокуратураның мәліметінше, Бейнеу ауданының соты шетел азаматын электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді) елге әкелгені үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 301-1-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

    Шекара бекетін тексеру барысында автокөліктің жүк салғышында 4 550 дана «WAKAsoPro20000» маркалы электрондық тұтыну жүйелері анықталған.

    Заңды күшіне енген сот үкімі бойынша көрсетілген тауарлар жоюға жіберілді.

    «Қылмыстық кодекстің 301-1 жаңа бабы темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы үшін жауапкершілікті белгілейді.

    Құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қамауға алу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан шектеу не айыру жазалары қарастырылған.

    Маңғыстау облысының прокуратурасы электронды тұтыну жүйелерін сату және тарату қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді», – делінген прокуратура хабарламасында.

  • Уақыт белдеуі қайтарыла ма? – Депутат Ринат Зайытов

    Уақыт белдеуі қайтарыла ма? – Депутат Ринат Зайытов

    Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов уақыт белдeуі наурызда кері қайтарылатынын айтты. 

    Депутат «Airan» YouTube-арнасына берген сұхбатында уақыт белдеуінің сұрағы шешімін наурыз айында табатынын айтты.

    «Наурызда отырыс жасаймыз. Сол кезде не бүк, не шүк болады», – дейді депутат.

    Зайытовтың айтуынша, уақыт белдeуін өзгертуге қатысты Үкімет нақты дәлел ұсынбады.

    «Үкіметтің позициясы әлсіз, ешнәрсе дәлелдей алмайды. Уақыт белдеуі ауысқанның не пайдасы тиді? Уақыт қайтарылады», – деп қосты Зайытов.

    Қасым-Жомарт Тоқаев уақыт белдеуінің өзгеруінің азаматтардың өмір сүруіне және ел экономикасына әсерін жан-жақты зерттеуді 1 наурызға дейін жүргізуді тапсырған еді.

  • «Қазавтожол» бірнеше жолдың жабылғанын хабарлады

    «Қазавтожол» бірнеше жолдың жабылғанын хабарлады

    Қазақстандағы төрт учаскеде жол жабылды.

    Атырау облысында 21 ақпанда сағат 01:30-де ауа райының бұзылуына байланысты «Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сайөтес-Шетпе-Жетібай-Ақтау» а/ж 126-210 км, Құлсары қ. — гр.Маңғыстау обл.учаскесіне дейін көліктің барлық түрінің қоғалысына шектеу қойылды

    Жолды 21 ақпан сағат 09:00-де жолды ашу жоспарланған.

    Маңғыстау облысында 21 ақпанда сағат 01:00-де ауа-райының бұзылуына байланысты жол учаскелерінде көліктің барлық түрінің қоғалысына шектеу қойылды:

    «Жетібай-Жаңаөзен-РТ ш. » 0-58 ш., Жетібай ауылындағы учаскеден – Жаңаөзен қаласына дейін.

    «Ақтау-Құрық» 13-72 ш. Ақтау қаласы учаскесінен – Құрық ауылына дейін.

    Жолды 21 ақпанда сағат 09:00-де жолды ашу жоспарланған.

    21 ақпанда сағат 01:00-де ауа райының бұзылуына байланысты «Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сайөтес-Шетпе-Жетібай-Ақтау» 210-786 ш., Атырау облысы шекарасы учаскесі-Ақтау қаласына дейін көліктің барлық түрінің қоғалысына шектеу қойылады.

    21 ақпанда сағат 09:00-де жолды ашу жоспарланған.

    21 ақпанда Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарының кей жерлерінде қар күтілуде.

    Сол себепті “ҚазАвтоЖол” өкілдері жүргізушілерге қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, жолдардағы ауа райының қолайсыздығын ескеруді сұрады.

  • 650 мың теңге төлеген. Қажылыққа барам дегендер алданды

    650 мың теңге төлеген. Қажылыққа барам дегендер алданды

    Алматыда 70-ке тарта адам қажылыққа ұша алмай қалды. Олар Умраға аттану үшін Qazaq umma деп аталатын компаниядан жолдама сатып алған. Бірақ кеше рейске санаулы сағат қалғанда Мекке мен Мединадан қонақүй түгілі, ұшаққа билет алынбағанын естіген, деп хабарлайды ю  КТК телеарнасы.

    Қазақстандық азаматтар алдағы он күнде қасиетті Мекке мен Мәдина қалаларында құлшылық жасаймыз деп жоспарлаған. Басым бөлігі кеше ұшаққа мініп, бүгін қасиетті мекенге жетуі тиіс еді. Алайда рейске санаулы сағат қалғанда жолдама сатушылар олардың ешқайда ұшпайтынын мәлімдеді. Қасиетті қонақүйден орын түгілі, ұшаққа да билет алынбаған.

    Туристер алдымен Мәдина қаласына тұрақтап, кейін Меккеге аттануы керек болған. Әрқайсысы компанияға шамамен 650 мың теңгеден төлеген. Бұл қаражатқа төрт жұлдызды қонақ үйге жайғасуы тиіс еді.

    Компания директоры Әділбек Тұрғымбаев банкротқа ұшырағанын айтты. Қазіргі уақытта туристерге 40 миллион теңгеден астам қарыз. Ол туристерді Мекке мен Мәдинаға жөнелте алмайтынын жеткізді. Алайда, қарыздарын қайтаруға тырысып жатырғанын айтты.

    Умраға ұша алмаған туристер полицияға шағым түсіріп үлгерді. Олар ақшасын сот арқылы талап етпек.

  • Атыраудағы қыз ұрлау ісіне қатысты үкім шықты

    Атыраудағы қыз ұрлау ісіне қатысты үкім шықты

    Атырауда 22 жастағы қызды көлікке күштеп мінгізген ер адамға 78 600 теңге көлемінде әкімшілік жаза тағайындалды.

    Сот барысында 22 жастағы азамат пен қыз бастапқыда бірге кетуге келісіп, бірақ жолда жанжал туындағаны белгілі болды. Кейін бойжеткен көліктен түсіп кеткен. Алайда жігіт ашуланып, оны қайтадан көлікке күштеп мінгізіп, үйіне апарған.

    Сотта жәбірленуші жігітінің әрекетіне шағымы жоқ екенін айтты.

    Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында бұл іс Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық» – қоғамдық орындарда әдепсіз сөздер айту және дөрекі мінез-құлық) бойынша қаралды.

    Сот азамат Е.-нің кінәсін мойындағанын және өкінгенін ескеріп, оған 78 600 теңге көлемінде айыппұл салынды.

    Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.