Рубрика: Жаңалықтар

  • «Дарын» білім беру орталығының бас есепшісі 50 млн теңге жымқырған

    «Дарын» білім беру орталығының бас есепшісі 50 млн теңге жымқырған

    Қызылорда облысының прокуратурасы бюджет қаражатын жұмсаудың заңдылығы мен тиімділігіне талдау жүргізді.

    Нәтижесінде «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының бас есепшісі іс-сапар мен жалақыға көзделген 50 млн теңге бюджет қаражатын өзінің жеке есеп шотына заңсыз аударып алғаны анықталды.

    Аталған дерек бойынша облыс прокуратурасымен ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен қылмыстық іс тіркелді.

    ҚР ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге ақпарат жариялануға жатпайды.

  • «Мүмкіндігі шектеулі балаларға» деп жинаған 22 млн теңгені өзіне жұмсаған

    «Мүмкіндігі шектеулі балаларға» деп жинаған 22 млн теңгені өзіне жұмсаған

    Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов 1,7 миллиард теңге ұрлады деп күдікке іліккен Перизат Қайраттың ісіне қатысты пайда болған тың деректерді айтты.

    Бұған дейін бұл іс бойынша негізгі эпизодтар ретінде су тасқынынан зардап шеккендерге қаражат жинау мен  Палестина азаматтарына көмек ретінде қаражат жинау тіркелсе, енді тағы да жаға ұстатарлық жайттар пайда болды.

    Нақты айтар болсақ, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын ашу үшін қаражат жинау. Перизат Қайрат осы арқылы заңсыз түрде шамамен 22 миллион теңге пайда тапқан.  Бұл ақшаны ол көлік, пәтер, жеке үй және басқа да жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

    Сонымен қатар Перизат Қайраттың анасы қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілігіп, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.

    «Біз оны қылмыстық кодектсің 190-бабы, яғни алаяқтық және 218-бабы – қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру бойынша Қайраттың сыбайласы ретінде қарастырып отырмыз. Алайда оған әзірге айып тағылған жоқ және бұлтартпау шарасы белгіленген жоқ», – деді агенттік төрағасының орынбасары.

  • Рамазан айы: Ораза кестесі жарияланды

    Рамазан айы: Ораза кестесі жарияланды

    Биыл Рамазан айы Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келеді.

    Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі 2025 жылғы діни күндер кестесін бекітті.

    2025 жылы Рамазан айы 1 наурызда басталады, ал Қадір түні 26 наурыздан 27 наурызға қараған түнге түседі. Ораза айт 30 наурызда өтсе, Құрбан айттың бірінші күні 6 маусымға сәйкес келеді.

    Діни басқарма мамандары ай күнтізбесіне байланысты бұл күндер жаңа айдың көрінуіне қарай бір күнге өзгеруі мүмкін екенін ескертті.

  • Абай облысында 30 жастағы әйелдің сөмкесінен есірткі табылды

    Абай облысында 30 жастағы әйелдің сөмкесінен есірткі табылды

    Абай облысында әйелдің сөмкесінен есірткі табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

    «Абай облысында Семей қаласының 30 жастағы тұрғынынан тәркіленген ерекше «жинақ» заңсыз психотроптық заттардың айналымына қатысты ірі қылмысты тоқтатуға мүмкіндік берді. Жедел шаралар барысында полиция қызметкерлері жалға алынған пәтерлердің бірінде тінту жүргізді. Асүй бөлмесінде тұрмыстық қоқыстың арасынан ақ түсті ұнтақ зат қалдықтары бар пакет табылды. Қонақ бөлмесінде әйелдің еденде жатқан сөмкесінен есірткі косметикалық сөмке, таразы, қасық, бұрағыш, бос zip-lock пакеттері, қайшы мен қара оқшаулаушы лента табылды», – делінген хабарламада.

    Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат мефедрон-психотропты заты, меткатинонның (эфедронның) аналогы болып шықты. Заттың жалпы салмағы – 383,65 грамм (1200 доза). Қара нарықтағы құны – 18 миллион теңге.
    Полиция мәліметінше, күдікті әйел психотроптық затты сақтау және үлкен көлемде таратуға қатысы бар екенін мойындады.

    Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

  • ҚМДБ ораза қарсаңында арнайы Telegram ботын іске қосты

    ҚМДБ ораза қарсаңында арнайы Telegram ботын іске қосты

    Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті Рамазан айына орай @MuftyatBot Telegram-ботын іске қосты, деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

    Бот жұмысын Рамазан айына орай өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде цифрлық даму бөлімінің меңгерушісі Тимур Орынхан таныстырған.
    Тимур Орынханның айтуынша, Telegram қолданушылары жаңа бот арқылы Рамазан кестесін жүктеп, мүфтият ресми сайтында жарияланған ақпараттар мен мақалаларды, сұрақ-жауап, пәтуаларды оқи алады. Сондай-ақ бот арқылы діни сұрақтарын қойып, Шариғат және пәтуа мамандарынан жауап алуына мүмкіндік бар.

    Еске салайық, биыл Рамазан айы 1 наурыздан бастау алады.

  • Салық органдарынан табысын жасырған блогерлер кімдер?

    Салық органдарынан табысын жасырған блогерлер кімдер?

    «Бүгін блогерлерге салықтың қосымша есептелуі туралы жазбаны бөлістім – 53 миллиард теңгеден астам қаражат туралы айтылған. Бұл сан қалай пайда болғанын нақты түсінбедім, Мемлекеттік кірістер комитеті қандай да бір есептеулер жүргізген», – деп жазды Козачков.

    Суреттегі тізімде Қазақстандағы блогерлердің біразы бар. Бұл қатарды 2 миллиард теңгеден астам соммамен Бейбіт Әлібеков көш бастап тұр. Одан бөлек Баян Алагөзова, Ерке Есмахан, Алтынай Жорабаева, Тоқтар Серіков есімді шоу бизнес өкілдері де бар.

    «Бұл тізімде бюджетке енді белгілі бір соманы төлеуі тиіс адамдардың есімі жазылған. Құжаттың оң жақ бағанында көрсетілген сома төленбесе, жеке табыс салығы (ЖТС) ұсталады деген ақпарат бар, бірақ мен оны толық түсініп үлгермедім. Бұл тізім шынайы ма, әлде ойдан шығарылған ба, білмеймін, бірақ әсерлі екені сөзсіз. Бейбіт, келесі жолы кофені сен төлейсің!», – деп жазған Козачков.

  • Алматыда алдағы үш күнде ауа райы қандай болады?

    Алматыда алдағы үш күнде ауа райы қандай болады?

    19 ақпан – күн құбылмалы бұлтты, жауын-шашынсыз. Түнде және таңертең тұман түседі, жолдарда көктайғақ. Желдің жылдамдығы 0-5 м/с. Ауа температурасы түнде -4…-6°C, күндіз +4…+6°C.

    20 ақпан – күн құбылмалы бұлтты, жауын-шашынсыз. Түнде және таңертең тұман, көктайғақ күтіледі. Желдің жылдамдығы 0-5 м/с. Түнде -3…-5°C, күндіз +3…+5°C.

    21 ақпан – күн құбылмалы бұлтты, түнде қар, күндіз жаңбыр мен қар жауады. Түнде және таңертең тұман, көктайғақ күтіледі. Жел оңтүстік-шығыстан 2-7 м/с жылдамдықпен соғады. Түнде -3…-5°C, күндіз +3…+5°C.

     

  • «16 қызметкер жұмыстан кетті»: ІІМ түрмедегі туған күнге қатысты пікір білдірді

    «16 қызметкер жұмыстан кетті»: ІІМ түрмедегі туған күнге қатысты пікір білдірді

    Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы уақытша ұстау изоляторындағы жағдай бойынша тексеру жүргізілді, деп хабарлады ІІМ.

    ІІМ Еңбекшіқазақ ауданындағы уақытша ұстау изоляторында болған жағдайға пікір білдірді. Полицияның мәліметінше, уақытша ұстау изоляторындағы жағдай бойынша тексеру жүргізілді.

    Бейнетүсірілімді УҰИ-дің бұрынғы қызметкері қызмет мүдделеріне қайшы әрекет жасап, жүргізгені анықталды. Ол бұл үшін жеке ұялы телефонын пайдаланған. Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін ол арнайы шенінен айырылып, теріс себептермен жұмыстан қуылды.

    Сонымен қатар аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

    Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және тиісінше бақылау жүргізбегені үшін 16 басшы мен қызметкер лауазымнан босатылуға дейін қатаң тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде УҰИ басшысы да лауазымнан босатылды.

    «ІІМ мұндай бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік танытып, қатаң тосқауыл қояды. Олар бүкіл құқық қорғау жүйесінің беделіне нұқсан келтіріп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, күнделікті өз міндеттерін адал орындайтын қызметкерлердің атына дақ түсіреді», – делінген хабарламада.

    Болған жағдайға байланысты УҰИ-де режимді бақылау күшейтілді: қосымша бейнемониторинг шаралары енгізіліп, ұқсас мекемелерде жоспардан тыс тексерулер басталды.

  • Биыл Алматыда 30 жаңа сейсмикалық станция іске қосылады

    Биыл Алматыда 30 жаңа сейсмикалық станция іске қосылады

    Алматы әкімі Ерболат Досаев Қытайға ресми сапары барысында ҚХР Жер сілкіністері агенттігінің президенті Ван Кунь мырзамен кездесті.

    Мегаполис әкімі Ерболат Досаев Қытайға сапары барысында ҚХР-дың жер сілкіністері жөніндегі агенттігіне барды. Алматы сейсмикалық белсенді аймақта орналасқандықтан, қаланы дамыту бағдарламасының негізгі міндетінің бірі – сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту.

    Сапар аясында Қазақстанның Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы мен CEA Геофизика институты арасында келісімге қол қойылды. Құжат сейсмикалық мониторинг бойынша бірлескен жұмысты және жер сілкінісі туралы ерте хабарлау жүйелерін біріктіруді көздейді. Бұл қазақстандық және қытайлық мамандарға нақты уақыт режимінде жедел дерек алмасуға мүмкіндік береді.

    «Қазақстан аумағының 40%-дан астамы жер сілкінісі қаупі бар аймақта орналасқан. Біз Еуразиядағы сейсмикалық белдеулер жүйесіне кіреміз. Ал Алматының өзі сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан. Сондықтан «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалары» бағдарламасында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету негізгі басымдықтың бірі», – деді Ерболат Досаев.

    Алматыда қазір жер сілкінісі туралы ерте ескерту беретін 28 станция жұмыс істейді, алдағы уақытта тағы 70 станция орнату жоспарланған. Биыл 30 жаңа станция іске қосылмақ.

  • Украина президенті Түркияға барды

    Украина президенті Түркияға барды

    Владимир Зеленский Анкараға Режеп Тайып Ердоғанның шақыруымен барған. Мұны Түркия Президенті әкімшілігінің өкілі Фахреттин Алтун айтып отыр.

    Сапар барысында екі елдің стратегиялық әріптестігі мен ынтымақтастығын нығайту талқыланады. Ең бастысы, көшбасшылар Украинадағы соңғы оқиғалар және басқа да аймақтық, жаһандық мәселелер туралы пікір алмасады деп жоспарланған.

    17 ақпанда елдің СІМ-нің басшысы Хакан Фидан Анкара Украинадағы бейбітшілікті нығайту және елді қалпына келтіру үшін кез келген рөл атқаруға дайын екенін хабарлаған еді. Оның сөзінше, келісімге келу оңайға соқпайды.

    – Идеалды әлемде біз Украинаның аумақтық тұтастығын сақтағымыз келеді. Бірақ қазір, өкініштісі сол жағымсыз шешімдер қабылдауға тура келеді. Қазір тараптар бұл таңдауды жасауға тырысуда: олар не бере алады, нені сақтай алады, кейінірек не туралы сөйлесуге болады, – деді ол.

    Фидан сондай-ақ, қақтығыстың барлық қатысушысы, соның ішінде тікелей соғыспайтындар да өз басымдықтарын бірінші орынға қоятынын атап өтті.

    Зеленский әлеуметтік желісінде Түркияға ресми сапары аясында тұтқындардың үйіне оралуын, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін талқылау жоспарланғанын жеткізді.

    Материалды көшіріп басқанда және басқаша пайдалану кезінде azh.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Сондай-ақ ВК, Instagram пабликтерінде жариялауға тыйым салынады.