Рубрика: Жаңалықтар

  • Алматы облысы: Мектеп тапшы, бірақ ғимарат қолға өтіп кетеді

    Алматы облысы: Мектеп тапшы, бірақ ғимарат қолға өтіп кетеді

    Алматы облысында халық саны тығыз орналасқандықтан білім ұялары жетіспеушілігі мәселесі өзектілігін жойған емес. Бүгінде өңірде 31 мектеп үш ауысымда білім береді, ал жаңалары тез арада салынып жатқан жоқ. Алайда, жергілікті билік мәселені шешудің орнына бұрыннан бар мектептерді сатып жіберіп отыр. Бұған дейін Қарасай ауданында ғимараттарды жеке меншікке заңсыз берудің екі дерегі анықталғаны соған дәлел.

    Еске сала кетсек, 2018 жылы Қарасай ауданы, Шалқар ауылындағы мектептің ғимараты «компанияның жарғылық капиталын ұлғайту мақсатында» деген желеумен «Қарасай тұрғын үй» ЖШС-не берілген. Бұл қаулыға аудан әкімінің міндетін атқарушы Мақсұт Жапаров қол қояды. Бір айдан кейін оның орнына Жанат Тәжиев келеді де ғимаратты және оған тиесілі жерді 15 миллион теңгеге сатуға рұқсат береді. Бұдан кейін мектеп бірнеше рет иесін ауыстырып үлгерді. Мәселен, 2018 жылы кәсіпкер Шерхан Әлібекұлы сатып алса, 2019 жылы ғимарат «Іргетас Құрылыс-I» ЖШС меншігіне өтті. Мына қызық сәйкестікке қараңыз, бұл компания дәл Махаббат Бигелдиев жұмыс істейтін аймақтардан үнемі тендерге қатысып, мемлекеттік тапсырыс алып отырған. Оған Әлібек Сәрсенов жетекшілік етеді. Әкімдіктегілер олардың студент кезінен дос болғанын айтып жүр.

    Ал 2022 жылы ғимарат сыйлық шартымен басқа иесіне өтеді. 2023 жылы соңғы қожайын Олжабай Сәдуахас Сағындықұлы күтпеген жерден мектепті мемлекет меншігіне тегін қайтаруға шешім қабылдады. Көп ұзамай қолдан қолға өтіп келген ғимарат қайтадан өнер мектебіне айналды.

    Айтпақшы, дәл осыған ұқсас жағдай Қаскелең қаласында да болды. Мұнда заңды тұлға 1000 шаршы метрден асатын өнер мектебінің ғимаратын алуға әрекеттенген. Бірақ прокуратура араласып, сот мәмілені заңсыз деп таныды.

    «Апелляциялық сот прокурордың өтінішін қолдады, мектеп мемлекет меншігіне қайтарылды», – деп хабарлады сол кезде Алматы облысының прокуратурасы.

    Бір қызығы, бұл мәселеде де бір ғана адам, яғни Қарасай аудандық қаржы бөлімінің басшысы Тоты Кәрімова ғана жауапқа тартылып, сөгіс алумен шектелген. Алайда, 2018 жылы мәміле жасалған кезде Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев, идеология мәселелері жөніндегі орынбасары Айжан Назарбаеваға ешқандай шара қолданылған жоқ.

    Sona.kz редакциясы мән-жайды білу үшін Алматы облысының прокуроры Берік Абызбайұлы Адамовтың атына ресми сауал жолдап, алдағы уақытта осындай келеңсіздікті болдырмау үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын сұраған еді.

    Алайда, қадағалау органы жауап берудің орнына «бұл біздің құзыретімізге кірмейді» деп сауалды әкімдікке сілтей салған. Ал әкімдіктің әдеттегідей сылап-сипап қана берген жауабы көңілден шықпады.

    Біз Қарасай ауданындағы мектеп ғимараттарын жеке тұлғаларға және компанияларға сату фактілері анықталғанына байланысты мына сұрақтарға жауап алғызым келді. Мәселен,

    1. Мектепті сату туралы бұйрыққа кім қол қойған? Толық аты-жөнін көрсетіңіз және қол қою кезінде атқарған лауазымы қандай болды?
    2. Мектепті сатқан және сатпақ болған шенеуніктерге қандай шара қолданылды?
    3. Осы кезеңде Қарасай ауданының әкімі қызметін, сондай-ақ әкімнің идеологиялық мәселелер жөніндегі жетекші орынбасары қызметін атқарған кім? Оларға қатысты қандай шаралар қолданылды?
    4. Прокуратура алдағы уақытта осыған ұқсас жағдайларды болдырмау үшін қандай шаралар қолдануда?
    5. Қандай ұйым немесе жеке тұлға мектеп ғимараттарын сатып алды немесе сатып алуға әрекеттенді?

    Мәселен, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Рустам Атшабаровтың қолы қойылған жауапта да сол баяғы деректерді сырғытпа түрде берген.

     Бірінші сауалға: «Қарасай ауданы әкімдігінің 2018 жылдың 12 қаңтарындағы №28 қаулысымен бос тұрған ескі мектеп ғимараты жарғылық капиталды ұлғайту үшін «Қарасай тұрғын үй» ЖШС-не берілді. Бұл қаулыға әкімнің міндетін атқарған Мақсұт Рамазанұлы Жапаров қол қойған. 

    Екінші сауалға:

    «Бұйрық негізінде Қарасай аудандық қаржы бөлімінің басшысы Каримова Тоты  Иманғалиқызына Қарасай ауданы әкімінің 2019 жылғы 17 қыркүйектегі №350 ескерту түріндегі тәртіптік жаза қарастырылды.

    Үшінші сауалға:

    Қарасай ауданы әкімі қызметін 2016-2018 жылдары Бигелдиев Махаббат Сәдуақасұлы атқарса, 2016-2023 жылдары аудан әкімінің орынбасары Айжан Нұрділдәқызы Назарбаева болды.

    Ал төртінші сауалға қатысты «Бұл мәселе Қарасай ауданы әкімдігінің құзыретіне кірмейді» десе, соңғы бесінші сұраққа:

    «2018 жылдың 15 ақпанында «Қарасай тұрғын үй құрылысы» ЖШС мен жеке тұлға Шерхан Әлібекұлы арасында 15 224 000 теңгеге жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу туралы №1 келісім-шарт жасасқан. Осыны негізге ала отырып, «Қарасай тұрғын үй құрылысы» ЖШС директоры Б.Балтабеков пен жеке тұлға Шерхан Әлібекұлы арасында қабылдау-өткізу актісі жасалды.

    Ал 2019 жылы мектеп ғимараты «Іргетас құрылыс-И» ЖШС компаниясына сатылса, 2022 жылы қайырымдылық шарты негізінде ғимарат Олжабай Садуқас Сағындықұлына берілді. Ал 2023 жылдың 8 маусымында меншік иесі Олжабай Сағындықұлы мүлікті мемлекет меншігіне тегін аудару туралы өтініш білдірді.

    Қарасай ауданы әкімдігінің  2023 жылдың 9 маусымдағы №295 қаулысына сәйкес, мүлікті мемлекет меншігіне беру туралы шарт жасалды. Осылайша, облыс әкімдігінің 2023 жылғы 26 шілдедегі №246 қаулысына сәйкес, жоғарыда айтылған ғимарат «Алматы облысының білім басқармасына қарасты Қарасай ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің балансына берілді.

    Бүгінде бұл ғимаратта «Алматы облысының білім басқармасы, Қарасай ауданы әкімдігінің білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарасты «Өнер мектебі» Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кəсіпорын жұмыс істейді», – делінген жауапта.

    Білім сапасы ақсап, мектеп жетіспей жатқан өңірде осындай қитұрқы әрекеттерге жол бермеуді қадағалау үшін облыстық прокуратура білек сыбанып жұмыс істеуі тиіс. Алайда, олай емес екенін редакцияның ресми сауалын әкімдікке сілтей салуынан-ақ аңғаруға болатын сияқты. 

     

  • Торонто әуежайында жолаушылар ұшағы аударылды

    Торонто әуежайында жолаушылар ұшағы аударылды

    Торонтода қонуға дайындалып келе жатқан ұшақ аударылып, 18 адам зардап шекті, деп хабарлайды РИА Новости басылымы.

    Delta Air Lines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы Канаданың Торонто қаласындағы Пирсон халықаралық әуежайына қонар кезде апатқа ұшырады.

    Ұшақ дүйсенбі күні Миннеаполистен ұшып шығып, жергілікті уақыт бойынша сағат 14:45 шамасында апатқа ұшырады. Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, жарақат алғандардың үшеуінің жағдайы ауыр, олардың арасында бір бала бар. Қалған зардап шеккендер жеңіл жарақаттармен жергілікті ауруханаларға жеткізілген.

    АҚШ-тың федералды азаматтық авиация басқармасы ұшақтың қону кезінде аударылғанын растады. Ал Канаданың көліктегі қауіпсіздік кеңесі бұл оқиғаның тергеуін өз мойнына алып, жағдайға қатысты қосымша ақпаратты жариялайтынын мәлімдеді.

    Торонто әуежайындағы ұшу-қону жолақтары сейсенбіге дейін жабық болады. Қазіргі таңда құзырлы органдар апаттың нақты себебін анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

    Материалды көшіріп басқанда және басқаша пайдалану кезінде azh.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Сондай-ақ ВК, Instagram пабликтерінде жариялауға тыйым салынады.

  • Қазақстанның Ресейдегі елшілігі маңызды ескерту жасады

    Қазақстанның Ресейдегі елшілігі маңызды ескерту жасады

    Қазақстанның Ресейдегі елшілігі азаматтығынан айырылғандардан құжаттарды қабылдауда өзгерістер енгізілетінін ескертті.

    2025 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстан елшілігінің консулдық бөлімі пандемия кезінде енгізілген құжаттарды пошта арқылы уақытша қабылдауды тоқтатады. Енді өтінішті тек жеке келгенде ғана беруге болады.

    Азаматтарға ыңғайлы болу үшін қолжетімді слоттарының саны артты. Бұған дейін Қазақстанның Ресейдегі елшілігі шетелдіктерге жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) беруді тоқтатқан еді.  Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов әлеуметтік желілерде шетелдіктердің Қазақстанда елге қатыспай-ақ жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) қаншалықты оңай ала алатынын айтып, дабыл қаққан болатын.

  • Рамазан-2025: Пітір садақаның биылғы мөлшері белгілі болды

    Рамазан-2025: Пітір садақаның биылғы мөлшері белгілі болды

    2025 жылы Қазақстанда пітір садақаның мөлшері екі келі ұнның орташа бағасына теңге, яғни, 655 теңге болып бекіді.

    Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

    «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесімен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күнін бекітті. Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. Ал наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі», – деп жазады баспасөз қызметі.

    Ал, бүгін Бас мүфтидің төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақа мөлшері бекіген.

    «Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекіді», – деп хабарлады мүфтият.

  • Әйгілі Rolling Stone журналы Димаш Құдайберген туралы мақала жариялады

    Әйгілі Rolling Stone журналы Димаш Құдайберген туралы мақала жариялады

    17 ақпанда ең танымал басылымдардың бірі ROLLING STONE қазақстандық музыкант туралы «Димаш Құдайберген DIAFA 2024 сыйлығына музыка саласындағы жаһандық ықпалы үшін ие болды» атты материал жариялады.

    Мақала авторы 2024 жылдың қараша айында Дубайда өткен беделді халықаралық Arab Festivals Awards (DIAFA) марапаттау рәсімі туралы баяндап, оның лауреаттары арасында танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген де болғаны туралы:

    «DIAFA-да Димаштың марапаты үлкен маңызға ие. Ол осы сыйлықты жеңіп алған алғашқы Орталық Азия әртісі болғандықтан Әлемдік көшбасшылардың көрнекті тізіміне енді. Әр түрлі саладағы 25 журналистен тұратын комитет өткізетін қатаң іріктеуімен танымал DIAFA өз салалары мен қауымдастықтарының дамуына айтарлықтай үлес қосқан адамдарды атап өтті.

    Салтанатты рәсім барысында Димаш өзінің жалғасып жатқан әлемдік турының титулдық әні «Stranger» әнін орындады. Оның классикалық, поп – және дәстүрлі қазақ элементтері біріктірілген қойылымы көрермендерді баурап алды. Жүргізушілер оны мәдени және музыкалық шекаралардан өту қабілетіне баса назар аудара отырып, «шекараны білмейтін дауысы бар ерекше талант» ретінде ұсынды.

    Оның DIAFA-ға қатысуы оның музыкасы тілдік және мәдени кедергілерді еңсеру арқылы бүкіл әлемде резонанс тудыратынын көрсетеді. 14-тен астам тілде сөйлеп, бүкіл Еуропа мен Азия бойынша залдарды толық жинай отырып, Димаш өз Қазақстаннан тыс жерлерде өз Отанының мәдениетін таныстыруды жалғастыруда».

    ROLLING STONE – музыка мен поп-мәдениетке арналған американдық журнал. 1967 жылы Сан-Францискода негізі қаланған.

    Димаштың БАӘ-дегі жұмысына арналған мақала ROLLING STONE MENA (Таяу Шығыс және Солтүстік Африка) басылымында жарияланды, ол Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың жиырмадан астам елін қамтиды.

  • 22 ақпаннан бастап тағы екі жол ақылы болады

    22 ақпаннан бастап тағы екі жол ақылы болады

    Қазақстан Республикасы Көлік министрінің м.а. 2025 жылғы №39 және №40 бұйрықтарына сәйкес «Қостанай — РФ шекарасы (Троицке)» және «Ақтөбе — РФ шекарасы»  (Орынборға) автожолдарының учаскелері автобус пен жүк көліктеріне ақылы болады.

    Аталмыш жол учаскелері ақы алу жүйесіне 2025 жылғы 22 ақпаннан бастап іске қосылады.

    «Қостанай – РФ шекарасы (Троицке)» автожолының 539-376 шақырым аралығындағы учаскесі (М-36). Жүргізушілерге «РФ шекарасы (Екатеринбургке) – Алматы»республикалық маңызы бар автомобиль жолы және «Қостанай – Рудный – Айет – РФ шекарасы» аудандық маңызы бар автомобиль жолдары арқылы баламалы жол ұсынылады.

    ІІ және ІІІ техникалық санаттан тұрады. Жүріп өту жолағының ені – кемінде 3,5 метр, қозғалыс жолақтың саны – 2 және 1 екі бағытта жолақ.

    2. II санаттағы Ақтөбе – Мәртөк – РФ шекарасы (Орынборға) республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолының Ақтөбе – Ресей Федерациясының шекарасы (Орынборға) 17+000 – 99+692 км учаскесі.

    Жүріп өту Ақтөбе – РФ шекарасы (Орскқа) республикалық маңызы бар баламалы жол арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

    Ақылы жол учаскесінің ұзындығы 82 шақырым 692 метрді құрайды. Жол ІІ санатқа жатады, оның ені – кемінде 3,75 метр, ал жолағының саны – екі бағытта 1 жолақ.

    Аркаларда орнатылған жоғары жылдамдықты камералар ақылы учаскелерде автомобильдердің қозғалысын, олардың жылдамдығы мен қарқындылығын тіркейді.

    Автожолда төлем бекеттері болмайды, оның орнына ыңғайлы «ашық» төлем жүйесі қолданылады. Шлагбаумдар мен өткізу пункттері қойылмағандықтан кептелістер болмайды, бұл қосымша қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, сапар уақытын қысқартады.

    Жол жүру төлемі қолма-қол ақшасыз жүргізіледі. Пайдаланушылардың қолайлығы үшін төлем жасаудың 10-ға жуық әдісі бар: интернет-банкингтер, төлем терминалдары мен электрондық әмияндар, ұялы телефон балансынан, Е100 жанармай картасы арқылы, және заңды тұлғалармен келісім шарт жасау. Алдын-ала төлем әлдеқайда арзан болғандықтан, төлемақыны уақтылы жасауға кеңес береміз.

    Ақтөбе – РФ шекарасы (Орынборға) автожолының бір бағыттағы жол ақысының құны:

    16 орынға дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 2,5 т дейін жүк автомобильдері үшін: алдын ала төлем – 515 теңге, кейінгі төлем – 600 теңге;

    32 орынға дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 5,5 т дейін жүк автомобильдері үшін: алдын ала төлем – 1040 теңге, кейінгі төлем – 1220 теңге;

    32 орын нан асатын автобустар және жүк көтергіштігі 10 т дейін автопоездар үшін: алдын ала төлем – 1545 теңге, кейінгі төлем – 1820 теңге;

    Жүк көтергіштігі 10 т жоғары 15 т дейінгі жүк автомобильдері үшін: алдын ала төлем – 2080 теңге, кейінгі төлем – 2440 теңге;

    Жүк көтергіштігі 15 т жоғары жүк автомобильдер, оның ішінде тіркемелері бар ершікті тартқыштар үшін: алдын ала төлем – 2580 теңге, кейінгі төлем – 3040 теңге.

    Қостанай — РФ шекарасы (Троицке) автожолының бір бағыттағы жол ақысының құны:

    16 орынға дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 2,5 т дейін жүк автомобильдері: алдын ала төлем – 1010 теңге, кейінгі төлем – 1190 теңге;

    32 орынға дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 5,5 т дейін жүк автомобильдері: алдын ала төлем – 2055 теңге, кейінгі төлем – 2415 теңге;

    32 орыннан асатын автобустар және жүк көтергіштігі 10 т дейін автопойыздар: алдын ала төлем – 3065 теңге, кейінгі төлем – 3610 теңге;

    жүк көтергіштігі 10 т жоғары 15 т дейінгі жүк автомобильдері: алдын ала төлем – 4100 теңге, кейінгі төлем – 4825 теңге;

    жүк көтергіштігі 15 т жоғары жүк автомобильдері, оның ішінде тіркемелері бар ершікті тартқыштар: алдын ала төлем – 5120 теңге, кейінгі төлем – 6030 теңге.

     

  • Болат Назарбаевтың иелігіндегі ауыр машина жасау зауытының активтері мемлекетке қайтады

    Болат Назарбаевтың иелігіндегі ауыр машина жасау зауытының активтері мемлекетке қайтады

    Алматыда ауыр машина жасау зауытының мүлкі заңсыз сатылып кеткен. Мәмілелер жарамсыз болып шықты. Кәсіпорын 80 мың шаршы метр аумағынан айырылып қала жаздады.

    Бұған дейін Алматы қаласының прокуратурасы Зауыт мүлкін заңсыз сату фактілерін анықтаған болатын. Қала прокуратурасының қадағалау актісін орындау шеңберінде Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті сотқа мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап-арызбен жүгінген

    Талап-арыздың мазмұнында зауытқа 37 га астам жер учаскесін және жалпы ауданы 79 966 мболатын 94 тұрғын емес үй-жайды қайтару көрсетілген.

    Сот талапкердің талаптарын қанағаттандырды, апелляциялық саты шешімді күшінде қалдырды.

    Болат Назарбаев 2007 жылы сәуірде «Темир кон» серіктестігінен «Алматы ауыр машина жасау зауыты» жарғылық капиталының 86,78 пайыз акциясын сатып алған.

  • Қаза тапқан кеншілердің жеке басына қатысты мәліметтер жарияланды

    Қаза тапқан кеншілердің жеке басына қатысты мәліметтер жарияланды

    Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішіндегі апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің жеке басына қатысты мәліметтер жарияланды.

    17 ақпанда «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі «Жомарт» кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылып, 7 қызметкер үйінді астында қалды. Артынша олардың барлығы көз жұмғаны белгілі болды. Марқұмдардың ең жасы 26 жаста.

    «Жомарт» кенішіндегі апаттан қаза тапқан азаматтар:

    1. Ақшалов Қайрат Аманбекұлы, 1975 жылы туған, сорғы қондырғыларының машинисі;
    2. Жақұбаев Ардақ Боранбайұлы, 1998 жылы туған, жерасты учаскесінің тау-кен шебері;
    3. Жұмадоллаев Бақытбек Нышанұлы, 1975 жылы туған, жерасты тау-кен жұмысшысы;
    4. Кенжебеков Орынбек Әмірханұлы, 1991 жылы туған, тиеу-жеткізу машинасының машинисі;
    5. Молдабеков Ғалымжан Есенбекұлы, 1978 жылы туған, шпур бұрғылаушының көмекшісі;
    6. Нұролдаев Олжас Жағалбайұлы, 1979 жылы туған, жерасты учаскесінің энергетигі;
    7. Рожков Константин Владимирович, 1992 жылы туған, жерасты тау-кен қазу жабдықтарының электр слесарі.

    Ұлытау облысында шахтаның опырылуына байланысты үкіметтік комиссия құрылды.
    «Қазақмыс» корпорациясы апаттың алдын ала себебін айтып, қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек берілетіні жөнінде мәлімдеме жасады.

  • «Сергек» жаңа функциясын іске қосты

    «Сергек» жаңа функциясын іске қосты

    Бұл жаңалықты қалалық Полиция департаменті хабарлады.

    Достық даңғылынан Ш.Уәлиханов көшесіне дейін Қ.Сәтбаев көшесінің оңтүстік және солтүстік жағын бақылайтын камералар тұраққа қою ережелерін бұзған көліктерді, сондай-ақ екінші қатармен қойылған көліктерді анықтамақ.

    Осылайша, «Сергек» бейнебақылау камераларының екінші тынысы ашылып, жаңа функциясы іске қосылып отыр.

    – ҚР Жол қозғалысының ережелерінің 87, 88 пункттерінде көлiк құралының басқа көлiк құралдарының жүрiсiне мүмкiндiк бермейтiн (кіру немесе шығу) немесе басқа көлiк құралдарының қозғалысына кедергiлер туғызатын (кептелiс) орындарда тоқтауға тыйым салынады. Бұл қағидаларды бұзғандарға 10 АЕК (39 мың 320 теңге) айыппұл салынады, – деп хабарлады Полиция департаменті.

  • Қазақстанда 594 блогер 53 млрд теңге салығын жасырған

    Қазақстанда 594 блогер 53 млрд теңге салығын жасырған

    Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті камералдық бақылау кезінде 594 блогер 53,3 млрд теңге салығын жасырғанын анықтады.

    Салық органдары жеке тұлғалардың, соның ішінде блогерлердің салық міндеттемелерін толық орындап-орындамағанын тексерген. Камералдық бақылау кезінде бес жүзден астам блогер табысын азайтып көрсеткені белгілі болды.

    «Түрлі ақпарат көздерінен алынған деректерді ұсынылған салық декларацияларымен салыстырғаннан кейін 594 тұлға бойынша 53,3 млрд теңгеге сәйкессіздіктер анықталды. Нәтижесінде оларға 13-14 ақпан аралығында «кірісті төмендету» заңбұзушылығы бойынша камералдық бақылау хабарламалары жіберілді», – делінген хабарламада.

    Салықшылардан осындай хат алған блогерлер есептелген салықты төлеп, қосымша салық есебін тапсыруға тиіс. Егер келіспесе, түсініктеме жазуы керек. Хабарламаны орындау мерзімі 30 жұмыс күнін құрайды.

    Комитет әртүрлі интернет-ресурстарда жарияланған онлайн жарнамадан, ақпарат өнімдерін, курстарды сатудан және ұтыс ойындарынан түскен табыстан міндетті түрде салық төлеу қажет екенін ескертті. Бұл міндеттемелер Қазақстан Конституциясы мен Салық кодексінде белгіленген, – Мемлекеттік кірістер комитеті.

    Күні кеше танымал қазақстандық блогер Әлішер Елікбаев барлық блогерлерге салық органдарынан хат келгенін жазған болатын. Оның айтуынша, кейбір блогерлерге 300-400 млн теңгеден, біреуіне тіпті бір миллиард теңгеден салық төленбеген деген хабарлама келген. 100 млн теңге салық жасырған әріптестері де бар екен.