Рубрика: Жаңалықтар

  • Бензин бағасы қаншаға өседі?

    Бензин бағасы қаншаға өседі?

    Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасын мемлекеттік реттеу ресми түрде жойылды.

    Тиісті бұйрыққа энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қол қойып, өзгеріс 30 қаңтардан бастап күшіне енді. Қазақстандық жанармай қауымдастығының мәліметінше, 1 ақпаннан бастап мұнай өнімдерінің көтерме бағасы артты. Бұл өзгеріс ай соңына қарай жанармайдың бөлшек бағасына да әсер етуі мүмкін.

    Ресурс иелері, соның ішінде нарықтың 80%-ын бақылайтын KC Energy Group пен «ҚазМұнайГаз», 1 ақпанда көтерме бағаны өсірді. Орташа есеппен алғанда, АИ-92 бензині мен дизель отынының көтерме бағасы 1 литріне 4 теңгеге қымбаттады. Осыған байланысты ақпанның соңына дейін жанармайдың бөлшек бағасы да 4 теңгеге көтеріледі, – деп түсіндірді қауымдастық.

    Қауымдастық өкілдері баға өсімінің 80%-ы (3 теңге) мемлекеттік бюджетке акциз ретінде алынатынын атап өтті. Бұл салықтық түсімдерді арттырғанымен, қарапайым тұтынушыларға жанармай бағасының қымбаттауы әсер етеді.

  • Руслан Желдібай Президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы болып тағайындалды

    Руслан Желдібай Президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы болып тағайындалды

    Бүгін Абай облысының әкімі болып тағайындалған Берік Уәлидің орнына президенттің баспасөз хатшысы лауазымына Руслан Желдібай тағайындалды.

    «Мемлекет басшысының өкімімен Руслан Сұлтанұлы Желдібай Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы лауазымына тағайындалды», — деп хабарлайды Ақорда.

    Айта кетейік, Руслан Желдібай бұған дейін президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі лауазымын атқарған.

  • Жамбыл облысында хакер ауруханадан 350 млн теңге ұрлаған

    Жамбыл облысында хакер ауруханадан 350 млн теңге ұрлаған

    Өткен жылы Жамбыл облыстық балалар ауруханасына хакерлік шабуыл жасалып, соның салдарынан оның есепшотынан 350 миллион теңге ұрланған болатын.

    Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде аталған қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен бұрын сотталған 33 жастағы ер адам ұсталды.

    Ұрланған 305 миллион теңге қаражат аурухана шотына қайтарылды.

    Қылмыстық істің материалдары қосымша тергеу жүргізу үшін Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жіберілді.

    ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жария етілуге ​​жатпайды.

  • Берік Уәли – Абай облысының әкімі

    Берік Уәли – Абай облысының әкімі

    Мемлекет басшысының Жарлығымен Берік Уәли Абай облысының әкімі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.

  • 1 наурыздан бастап пойыз билеттері қымбаттайды

    1 наурыздан бастап пойыз билеттері қымбаттайды

    Тарифтің өсуі барлық әлеуметтік маңызы бар облысаралық бағыттарға, сондай-ақ бірқатар қала маңына қатынайтын пойыздарына әсер етеді.

    «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми түсініктеме берді. Компания өкілдері бағаның көтерілуі «Теміржол көлігі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 94-бабының 2-тармағына сәйкес жүргізіліп отырғанын мәлімдеді.

    «2025 жылдың 1 наурызынан бастап барлық әлеуметтік маңызы бар облысаралық маршруттар мен кейбір қала маңы пойыздарының тарифі 7%-ға көтеріледі. Бұл өзгеріс тасымалдаушы шығындарын ұзақ мерзімді субсидиялау шарттарына сәйкес жүзеге асырылады», – делінген компания хабарламасында.

    Ресми статистикаға сәйкес, 2024 жылдың қаңтарында бастапқы нарықтағы тұрғын үй бағасы желтоқсанмен салыстырғанда 1,7%-ға өсті.

  • Алматыда адам азаптағаны үшін​ полиция қызметкерлері сотталды

    Алматыда адам азаптағаны үшін​ полиция қызметкерлері сотталды

    Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты азаптауды қолданған екі полиция қызметкеріне қатысты айыптау үкімін шығарды, деп хабарлайды Алматы қаласының прокуратурасы.

    Қылмыстық істі Алматы қаласының арнайы прокуроры тергеп-тексерді. 2023 жылы 29 наурызда кінәлі полиция қызметкерлерінің туысының пәтерінде, жеткізілген азаматқа қатысты оған бөтеннің мүлкін ұрлағанын мойындату мақсатында азаптаулар қолданылғаны дәлелденді.

    Полицияның заңға қайшы әрекеттерінің нәтижесінде жәбірленушіге тән азабы келтірілген.

    Кінәні мойындау туралы процестік келісімін ескере отырып, сот үкімімен сотталушыларға 3 жыл 6 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді. Сотталғандар арнаулы атақтарынан және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

    Үкім заңды күшіне енді. Прокуратураның ұсынуы бойынша қарамағындағылардың қызметіне бақылаудың жоқтығы және қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 10 полиция қызметкері, оның ішінде 5 құрылымдық бөлімше басшысы тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

     

  • Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды

    Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды

    Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысының әкімі болды.

    Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысының әкімі лауазымына тағайындалды, – делінген Ақорда мәліметінде.

     

  • Тәрбиеші баланы тұншықтарған: Алматыда балабақша тәрбиешісі мен меңгерушісі жұмыстан қуылды

    Тәрбиеші баланы тұншықтарған: Алматыда балабақша тәрбиешісі мен меңгерушісі жұмыстан қуылды

    Алматыда «Ахляк» балабақшалар желісінің негізін қалаған Амина Юсупбаева қаладағы бөлімшелердің бірінде болған оқиғаға қатысты пікір білдіріп, зардап шеккен баланың ата-анасынан кешірім сұрады.

    Оның сөзінше, балабақша тәрбиешісі мен меңгерушісі жұмыстан босатылды, ал директорларға айыппұл салынған. Сондай-ақ оқиға болған филиалдың қызметі тоқтатылды.

    «Жұбайым екеуміз алғашқы балабақшамызды ашқанымызға 10 жылдан асты. Көпбалалы ата-ана ретінде біз де басқалар сияқты мектепке дейінгі білім берудің барлық құндылығы мен жауапкершілігін түсінеміз. Жұбайым екеуміз ұйымның атынан балаға келтірілген зиянды өтеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз», – деді Амина Юсупбаева.

    Мекеме басшысы мұндай жағдай бірінші рет болды деп отыр. Ол зардап шеккен кішкентай баланың ата-анасынан кешірім сұрап, тәрбиешінің іс-әрекетін айыптайтынын және қолдамайтынын жеткізді.

    Кәсіпкер балабақша қызметкерлері мекемеде бейнебақылау камералары бар екенінен хабардар болғанын айтты. Енді мекеме басшылығы балалармен тікелей жұмыс істейтін тәрбиешілерді іріктеу және жұмысқа қабылдау процесін толығымен қайта қарамақ.

  • Ерұлан Жамаубаев Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды

    Ерұлан Жамаубаев Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды

    Ерұлан Жамаубаев Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды, – деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. 

    – Мемлекет басшысының өкімімен Ерұлан Кенжебекұлы Жамаубаев Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды, – делінген ресми ақпаратта.

    Ерұлан Кенжебекұлы Жамаубаев 1974 жылғы 25 наурызда Алматы облысында дүниеге келген.

    1995 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Қаржы және кредит» мамандығы бойынша , 2009 жылы Қазақ экономикалық университетін «Іскерлік әкімшілендіру магистрі» мамандығы бойынша тәмамдаған.

    1996-1998 жылдары – Қазақ мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы.

    1998-2006 жылдары – Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Зерттеулер және статистика департаменті жетекші сарапшысы, бас сарапшысы, бас маман-сарапшысы, басқарма бастығы, директор орынбасары.

    2006-2014 жылдары – Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Үйлестіру департаментінің директоры.

    2014-2015 жылдары – «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс банкі» АҚ-ның басқарушы директоры.

    2015 жылғы шілде мен қараша аралығында – Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары.

    2015 жылғы қараша мен 2018 жылғы қараша аралығында — Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі.

    2018 жылғы қараша мен 2019 жылғы наурыз аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің Көмекшісі.

    2019 жылдың 22 наурызында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Жауапты хатшысы болып тағайындалған.

    2020 жылдың 18 мамырында Қазақстан Республикасының Қаржы министрі болып тағайындалды.

    2024 жылғы 6 ақпанда бұл лауазымынан босатылды.

    2024 жылы 20 мамырдан бастап қазіргі дейін Президент кеңесшісі қызметін атқарып келді.

  • Шерзат Болатты өлтірді делінген күдіктілер туған күн тойлаған ба? – Алматы полиция департаменті

    Шерзат Болатты өлтірді делінген күдіктілер туған күн тойлаған ба? – Алматы полиция департаменті

    Кеше Шерзаттың өліміне қатысы бар деген күдіктілердің түрмеде мәз-мейрам болып, туған күндерін тойлап отырған бейнежазба тараған еді. Бейнежазба Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының уақытша ұстау изоляторында 8-9 ақпанда түсірілген делінді.

    Oplus_131072

    Бұл туралы Алматы облысы полиция департаменті бастығы Мейрам Әбікеев түсініктеме берді.

    «Уақытша ұстау изоляторынан бір тұтқынның туған күнін атап өтуі бейнеленген видеоның таралу фактісі бойынша жан-жақты тексеру жүргізілуде.

    Барлық кінәлі тұлғалар, соның ішінде басшылық та, қатаң жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды.

    Осы құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылданды», – деді.