Рубрика: Жаңалықтар

  • Алматыда ұшқышсыз дрондар шығарылады

    Алматыда ұшқышсыз дрондар шығарылады

    Yesil Technology Company компаниясы өнеркәсіптік пилотсыз дрондар шығаруды арнайы құрылатын өндірістік және ғылыми-зерттеу аймағында жүзеге асырмақ, деп хабарлайды aqshamnews.kz.

    50 000 шаршы метр аумаққа жаңартылған өндірістік инфрақұрылым, зерттеу орталықтары мен жаңа технологияларға негізделген кешенді жүйелер енгізіледі.

    «Жобаның нәтижесінде 500 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуына елеулі үлес қосылады. Бұл жоба елімізде жоғары технологиялық саланың дамуына ықпал етіп, жаңа мамандарды даярлау мен кәсіби біліктілікті арттыруға бағытталған түрлі бағдарламаларды іске асыруға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

    Инвестиция көлемі 12 млн доллар болса, өнімдер тек Қазақстан нарығына ғана емес, Орта­лық Азия елдеріне де жеткізілетін болады. Бұл елдермен тығыз экономикалық байланыстар орнатуға және жаңа нарықтарды игеруге септігін тигізбек.

  • 97-ші «Оскар» сыйлығының иегерлері анықталды

    97-ші «Оскар» сыйлығының иегерлері анықталды

    23 қаңтар Америка киноакадемиясы 97-ші «Оскар» сыйлығының номинанттарын жария етті. Биылғы жылдың басты фавориті ретінде француз режиссері Жак Одиардың «Эмилия Перес» атты криминалдық комедиясы көш бастап тұр. Фильм бірден 13 номинацияға ұсынылған.

    Сонымен қатар «Бруталист», «Анора» және «Дюна 2» секілді көрнекті картиналар мен Деми Мур, Киран Калкин және Тимоти Шаламе секілді атақты актерлер де кино саласындағы ең беделді сыйлық үшін таласады.

    «Үздік фильм» номинациясы бойынша ұсынылған фильмдер:

    • «Анора» (реж. Шон Бейкер)
    • «Бруталист» (реж. Брэйди Корбет)
    • «Эмилия Перес» (реж. Жак Одиар)
    • «Конклав» (реж. Эдвард Бергер)
    • «Никому не известный» (реж. Джеймс Мэнголд)
    • «Дюна: Екінші бөлім» (реж. Дени Вильнев)
    • «Мен әлі осындамын» (реж. Вальтер Саллес)
    • «Субстанция» (реж. Корали Фаржа)
    • «Зұлым: Батыс ведьмасының хикаясы» (реж. Джон Чу)
    • «Никель ұлдары» (реж. РаМелл Росс).

    «Үздік режиссер» номинациясының үміткерлері:

    • Шон Бейкер («Анора»)
    • Брэйди Корбет («Бруталист»)
    • Корали Фаржа («Субстанция»)
    • Жак Одиар («Эмилия Перес»)
    • Джеймс Мэнголд («Никому не известный»).

    «Үздік әйел рөлі» номинациясы бойынша:

    • Деми Мур («Субстанция»)
    • Майки Мэдисон («Анора»)
    • Карла София Гаскон («Эмилия Перес»)
    • Синтия Эриво («Зұлым: Батыс ведьмасының хикаясы»)
    • Фернанда Торрес («Мен әлі осындамын»).

    «Үздік ер рөлі» номинациясының үміткерлері:

    • Эдриен Броуди («Бруталист»)
    • Рэйф Файнс («Конклав»)
    • Тимоти Шаламе («Никому не известный»)
    • Колман Доминго («Синг-Синг»)
    • Себастьян Стэн («Оқушы: Трамптың көтерілуі»).

    «Үздік анимациялық фильм» номинациясы бойынша:

    • «Поток» (Латвия)
    • «Дикий робот»
    • «Ойжұмбақ 2»
    • «Уоллес және Громит: Құстар кегі»
    • «Улитканың мемуарлары».

    Айта кетейік, үміткерлер ертерек жариялануы керек еді, бірақ Лос-Анджелестегі орман өртіне байланысты кейінге қалдырылған еді.

  • Әсет Масабаев Алматы әкімінің орынбасары болып тағайындалды

    Әсет Масабаев Алматы әкімінің орынбасары болып тағайындалды

    Алматы облысы әкімінің өкімімен Әсет Дүйсебекұлы Масабаев 2025 жылғы 23 қаңтарынан бастап Алматы облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

    Әсет Дүйсебекұлы 1985 жылы туылған, білімі жоғары, 2008 жылы Алматы энергетика және байланыс институтын «Электрэнергетикалық жүйелер және тораптар» мамандығы бойынша, 2014 жылы Экономика және құқық академиясын «Қаржы» мамандығы, Ресей халықтар достығы университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

    Еңбек жолын 2007 жылы «Алматы электр станциялары» АҚ-ның электромонтеры болып бастаған.
    Әр жылдары «Наз» ЖШС-ның бас энергетигі, «Алмаз және КЮС» ЖШС техникалық директоры, Алматы қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының жетекші маманы, бөлім басшысы, Алматы қаласы Жетісу және Медеу ауданы әкімдерінің орынбасары, Алматы қаласы әкімі аппаратының бас инспекторы, Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы, Алматы қаласы энергия тиімділігі және инфрақұрылымдық даму басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы, Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі, Жетісу облысы Талдықорған қаласының әкімі лауазымдарында қызмет атқарған.

    2024 жылғы 16 тамызынан бастап бүгінгі күнге дейін «ULKEN GROUP LTD» жеке компаниясының басқарушы директоры лауазымында қызмет етті.

  • Ауа райы: -38 градусқа дейін аяз болады

    Ауа райы: -38 градусқа дейін аяз болады

    «Қазгидромет» синоптиктері 24 қаңтарда Қазақстанның барлық аймағында ауа райына байланысты ескерту жариялады. 

    Ақмола облысының солтүстігінде оңтүстік-батыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с. Көкшетауда оңтүстік-батыстан жел соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с.

    Абай облысының солтүстігінде аздаған қар, жаяу бұрқасын күтіледі. Жел батыстан, солтүстік-батыстан соғады, түнде облыстың солтүстігінде, шығысында 15-20 м/с.

    Алматы облысының солтүстігінде, таулы аудандарында 31 градус аяз болады. Облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде, таулы аудандарында кей уақытта тұман болады.

    Алматыда кей уақытта тұман түседі. Қонаевта 24 қаңтарда кей уақытта тұман түседі.

    Ұлытау облысының солтүстігінде, шығысында кей уақыттарда тұман түседі. Шығыстан, оңтүстік-шығыстан жел соғады, күндіз облыстың солтүстігінде екпіні 15-20 м/с.

    Қарағанды облысының солтүстігінде, шығысында кей уақыттарда тұман түсуі мүмкін. Түнде облыстың басым бөлігінде 35-38 градус қатты аяз.

    Жетісу облысының солтүстігінде, таулы аудандарында қатты аяз, ауа температурасы 30-33 градусқа дейін төмендейді. Өңірдің шығысында, таулы аудандарында аздаған қар күтіледі. Облыстың шығысында, таулы аудандарында жаяу бұрқасын, тұман. Солтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың солтүстігінде, шығысында екпіні 15-20, кей уақыттарда 25 м/с. Түнде қатты аяз 25-29 градус. Талдықорғанда түнде қатты аяз 27-29 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

    Батыс Қазақстан облысының батысында аздаған қар, жаяу бұрқасын күтіледі. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде, шығысында тұман күтіледі. Жел шығыстан, оңтүстік-шығыстан соғады, күндіз облыстың батысында, оңтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с. Оралда түнде және таңертең тұман күтіледі.

    Атырау облысында оңтүстік-шығыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с. Атырауда оңтүстік-шығыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с.

    Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында қар, бұрқасын күтіледі. Жел батыстан, солтүстік-батыстан соғады, түнде облыстың солтүстігінде, шығысында 15-20 м/с.

    Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігінде аздаған қар, жаяу бұрқасын күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, түнде облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде екпіні 15-20 м/с, күндіз күші 15-20, облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде екпіні 25 м/с. Петропавлда күндіз аздаған қар, жаяу бұрқасын күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады күші 15-20, күндіз екпіні 23 м/с.

    Ақтөбе облысында оңтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың батысында, орталығында екпіні 15-20 м/с.

    Қызылорда облысында жел шығыстан соғады, таңертең және күндіз облыстың орталығында екпіні 15-20 м с.

    Маңғыстау облысында оңтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың батысында, солтүстігінде, орталығында екпіні 15-20, түнде кей уақыттарда 23 м/с күтіледі. Ақтауда оңтүстік-шығыстан жел соғады, түнде және таңертең екпіні 15-20 м/с.

    Түркістан облысының солтүстігінде, таулы аудандарында жаяу бұрқасын, оңтүстігінде тұман түседі. Шығыстан жел соғады, облыстың солтүстігінде, таулы аудандарында күші 15-20 м/с.

    Жамбыл облысының таулы аудандарында аздаған қар, жаяу бұрқасын күтіледі. Облыстың оңтүстігінде, таулы аудандарында тұман күтіледі. Солтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аудандарында 15-20 м/с. Таразда кей уақыттарда тұман күтіледі.

    Қостанай облысының оңтүстігінде, шығысында тұман күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, күндіз облыстың солтүстігінде 15-20 м/с.

  • Астанада бір адамға 5 келіден артық картоп сатылмайтын болды

    Астанада бір адамға 5 келіден артық картоп сатылмайтын болды

    Астанада кейбір дүкендерде бір адамға 5 келіден артық картоп сатылмайтын болды. Қаланың инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы «Small» және «Spar» желілеріне осындай шектеу енгізді.

    Басқарманың мәліметіне сүйенсек, қалада картоптың бағасын тұрақтандыру үшін қажетті шаралар қабылданып жатыр. Картоп тапшылығы жоқ деп сендірген басқарманың баспасөз қызметі.

    «Ал, картопты көтерме бағада алып, оны үйдің жанындағы дүкендерде қайта сататын алып-сатарлардың жолын кесу үшін «Small» және «Spar» сауда желілерінде бір адамға 5 келіден артық картоп сатпау туралы уақытша шектеу енді», – деп хабарлайды басқарманың баспасөз қызметі.

  • Шал ақын ауданында үй өртеніп, әкесі мен 4 баласының мәйіті табылды

    Шал ақын ауданында үй өртеніп, әкесі мен 4 баласының мәйіті табылды

    Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданындағы Ступинка ауылында жер үй өртеніп, оқиға орнынан бес адамның денесі табылды.

    Дереккөзге сүйенсек, өрттен кәмелет жасына толмаған үш бала және 18 жастағы бір қыз, сондай-ақ олардың әкелері мерт болған.

    «Түнде 112 пультіне Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданындағы Ступинка ауылындағы жер үйлердің бірі өртеніп жатыр деген ақпарат түсті. Өрт сөндірушілер келгенде үй толығымен отқа оранып, үйдің төбесі ортасына түскен. Өртті сөндірген құтқарушылар екі адам мен үш баланың мәйітін тапты», – деп хабарлайды СҚО төтенше жағдайлар департаменті. 

    Ал, біздің редакцияға ақпарат берген СҚО төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі өрттен 1984 жылғы әкесі, 2006 жылы туған қызы мен кәмелет жасына толмаған екі қызы мен бір кішкентай ұлы қаза тапқанын растады.

  • Алматы облысында жыл басынан бері 73 жол-көлік оқиғасы болды

    Алматы облысында жыл басынан бері 73 жол-көлік оқиғасы болды

    Жыл басынан бері Алматы облысының аумағында 73 жол-көлік оқиғасы орын алып, нәтижесінде 10 адам қаза тауып, 125 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды.

    Апаттардың негізгі себептері – жол қозғалысының қарапайым ережелерін бұзу және жүргізушілердің назарынан тыс қалу.

    Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушылармен күнделікті профилактикалық әңгімелер өткізіп, жолдарда ережелерді сақтау және сақтықты арттыру қажеттігін еске салады. Қиын ауа-райында апаттардың санын азайту және жол қозғалысының барлық қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәуекелі жоғары учаскелерде патрульдеу күшейтіледі.

  • Батыс Қазақстан облысында 44 жылқыны ұрлаған барымташылар тобы ұсталды

    Батыс Қазақстан облысында 44 жылқыны ұрлаған барымташылар тобы ұсталды

    БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға облыс орталығына жақын ауданда болған. Күдіктілер жылқыларды көршілес ауданға, ұсталғандардың бірінің тұрғылықты жеріне айдап әкеткен.

    – Барлық ұрланған мал тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Келтірілген залал 17,6 миллион теңге болды. Ұсталғандардың екеуі бұрын мал ұрлығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Топ құрамында Орал қаласы мен Батыс Қазақстан облысы аудандарының тұрғындары болған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ аталмыш топтың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Күдіктілердің үшеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлады ведомстводан.

  • Алматыда 16 мопед ресми түрде тіркелді

    Алматыда 16 мопед ресми түрде тіркелді

    Еске салайық, жақында Алматыда мопедті алғашқы тіркеу рәсімі жүргізген еді. Жас алматылық көлік құралының техникалық төлқұжатын және мемлекеттік тіркеу нөмірін алды. 2025 жылдың 5 сәуірінен бастап мопедтерді механикалық көліктерге теңестіретін заңнамалық түзетулер күшіне енеді.

    Көрсетілген күннен бастап мопедтерді полицияда тіркеуден өткеннен кейін, А1, А және В санатындағы жүргізуші куәлігі бар, техникалық байқаудан және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандырудан өткеннен кейін ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Осыған орай Алматы қаласындағы Мамандандырылған қызмет көрсету орталықтарында мопедтерді тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

    23 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік қызмет көрсету кезінде 16 мопед тіркелді. 2024 жылы «Жол қозғалысы туралы» заңға түзетулер енгізілді. Негізгі мақсат – мопедтерді пайдалануды реттеу. Енді мопед жүргізушілері жол қозғалысының толыққанды қатысушылары болып саналады және оларға барлық заң талаптары қолданылады.

  • Еліміздің бірнеше өңірінде екінші ауысымдағы сыныптар онлайн оқиды

    Еліміздің бірнеше өңірінде екінші ауысымдағы сыныптар онлайн оқиды

    Астанада қатты аяз бен боран салдарынан барлық сынып оқушысының ғана емес, 9-сынып базасындағы колледждердің 1-2 курсының студенттерінің де сабақтары тоқтатылды. Олардың барлығы қашықтан оқыту форматына көшірілді.

    Қостанай облысының оқушылары да онлайн форматқа ауысты. Алайда, Астанамен салыстырғанда екінші ауысымда үйден тек бастауыш сынып оқушылары ғана оқиды. Қостанай қаласының білім бөлімінен хабарлағандай, екінші ауысымдағы 0-4 сынып оқушылары қашықтан оқытуға көшіріледі. Сондай-ақ облыста Ұзынкөл ауданының 6 мектебі екінші ауысымға көшеді.

    Қарағанды облысында аязға байланысты 0-11 сынып оқушылары үшін сабақтар тоқтатылды. Өңірдің барлық оқушысы қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.

    Павлодарда да ауа райының қолайсыздығы байқалады. Нәтижесінде қалада мектепке дейінгі мекемеге баратын балалар, екінші ауысымдағы 1-4 сынып оқушылары үйлерінде қалады. Қалған оқушылар штаттық режимде оқиды.

    Екібастұзда білім бөлімінің шешімімен 0-9 сынып оқушылары қашықтықтан оқыту форматына көшірілді. Екінші ауысымда оқитын жоғары сынып оқушылары мектепке барады.

    Көкшетауда екінші ауысымда оқитын 0-9 сынып оқушылары үйлерінде қалады, ал 10 және 11 сынып оқушылары үшін сабақ штаттық режимде, мектепте өтеді.