Рубрика: Жаңалықтар

  • Былтыр жемқорлардан 220 млрд теңгенің дүние-мүлкі қайтарылды

    Былтыр жемқорлардан 220 млрд теңгенің дүние-мүлкі қайтарылды

    2024 жылы Қазақстанға қайтарылған активтердің жалпы сомасы 220 млрд теңгені құрады. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.

    Вице-министрдің айтуынша, бұл қаражат инфрақұрылымдық жобаларға бағытталған.

    «Комиссия оларды қарап, білім беру мен әлеуметтік нысандарды дамыту үшін аймақтарға жібереді. Қайтарылған активтерді пайдалана отырып, біз 2 жобаны іске асырдық, комиссия тағы 18 жобаны іске асыру туралы шешім қабылдап жатыр», – деп түсіндірді қаржы вице-министрі.

    Еске салайық, қазірдің өзінде Үкімет арнайы мемлекеттік қордан әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына 50,6 млрд теңгеге жуық қаражат бөлді. Олардың қатарында төрт мектеп, оның ішінде бір музыка мектебі, спорт кешені, көпсалалы аурухана кешені, жатақхана, екі балабақша бар.

    «Заңсыз алынған мүлікті мемлекет меншігіне қайтару туралы» заңның субъектілері есебінен Арқалық, Астана, Алматы қалаларында да бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым нысаны салынып жатыр.

  • Петропавлда жыл басынан бері 10 адамды үсік шалды

    Петропавлда жыл басынан бері 10 адамды үсік шалды

    Емдеу мекемесі баспасөз қызметінің мәліметінше, қаралғандардың жартысы көшеде жарақаттанған. Мәселен өткен демалыс күндері 60 адам дәрігер көмегіне жүгінді. Әр екінші адам көшеде жарақат алған, оның ішінде құлап аяқ-қолын сындырғандар да, сіңірін созып алғандар да бар. 29 адам тұрмыстық, бір адам спорттық жарақат және бір адам күйік алды. Ит қапқан бір тұрғынға да дәрігер көмегі көрсетілді.

    Травматология бөлімі 80 науқасқа шақталса, қазір мұнда 50 адам ем алып жатыр.

    – Петропавлда тұрамын. Абайсызда екі аяғымды үсітіп, ауруханаға түстім. Қазір қажетті ем-домды алып жатырмын, – дейді Оразбай Айтмұхамбетов.

    Қаңтар айы жылы болып, қатты аяз болмаса да жыл басынан бері 10 адамды үсік шалған. Осы аралықта 136 адам стационарлық ем алды.

  • Астанада қарды күреуге 1900-ден астам арнайы техника жұмылдырылды

    Астанада қарды күреуге 1900-ден астам арнайы техника жұмылдырылды

    Коммуналдық қызметтер ауа райының қолайсыздығына және боранға қарамастан тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

    22 қаңтарға қараған түні коммуналдық қызметтер елордадан 4 508 жүк көлігі қар шығарды, Бұл – 54 мың текше метрден астам қар. 22 қаңтар күні таңертең қар тазалау жұмысына 2600-ден астам жол жұмысшы мен 1900-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.

    Қыс мезгілінің басынан бастап полигондарға қаладан 290 936 рейс арқылы 3,6 млн текше метрден астам қар шығарылды. Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады.

    Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.

    Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.

    Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.

    Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.

    Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз.

  • Салық қарызы бар қазақстандықтардың шоты бұғатталмауы мүмкін

    Салық қарызы бар қазақстандықтардың шоты бұғатталмауы мүмкін

    Салық бойынша 20 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын қарызы бар азаматтардың шоттары бұғатталмауы мүмкін. Қаржы министрлігі жаңа Салық кодексі аясында осындай өзгеріс ұсынып отыр.

    Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, жаңа Салық кодексі аясында берешек сомасына сараланған әдіс қолданылады.

    «Біріншіден, егер қарыз мөлшері 20 АЕК-тен (биыл 78 640 теңге) аспаса, біз борышкерге жай ғана хабарлама жібереміз. Үш градация жасап қойдық. Берешек сомасы өскен сайын шоттарды бұғаттау шарасы да көбірек қолданылады. Сосын бізде салықтан басқа әлеуметтік аударымдар, зейнетақы, медициналық аударымдар бар. Олар бойынша да 1 немесе 10 теңге қарыз болса, шотты бұғаттап тастайды. Біз осы мәселені депутаттармен пысықтадық. Шотты бұғаттау шегі ұлғаю жағына қарай қайта қаралады. Яғни 1000 теңге үшін ешкім шотты бұғаттамайды. Бұл жаңа Салық кодексінің жобасына енгізілген», – деп түсіндірді ол Мәжіліс кулуарында.

    Біржановтың айтуынша, қарыз үшін шотты бұғаттау Қаржы министрлігіне де тиімсіз.

    «Азғантай ғана қарыз үшін шотты бұғаттап тастау бізге де ұнамайды. Бірақ біз салық бойынша ғана емес, әлеуметтік аударымдар бойынша да бақылау жасауға міндеттіміз», – деді вице-министр.

  • Қазақстанда 40 градус аяз болады – Қазгидромет

    Қазақстанда 40 градус аяз болады – Қазгидромет

    Елімізге арктикалық суықтың түсуі жалғасуда, алдағы үш күнде республика бойынша температураның одан әрі төмендеуі күтіліп отыр. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлайды.

    23-24 қаңтарда Солтүстік-батыс циклонының әсерінен елдің шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарында қар жауады. Ал қалған аумақта жауын-шашынсыз ауа-райы болады. Республика бойынша боран, көктайғақ, тұман, екпінді жел күтіледі.

    Еліміздің солтүстік жартысындағы ауа температурасы түнде 20-30 градус аяз, жекелеген аудандарда қатты аяз — 35 градус болады деп болжанып отыр. Күндіз 13-20 градус аяз, елдің орталығы мен шығысында 20-35, жекелеген өңірлерде 40 градус қатты аяз, оңтүстікте түнде 15-25 градус, жекелеген аудандарда 28 градус қатты аяз, күндіз 5-15 градус аяз болуы ықтимал.

  • АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығады

    АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығады

    АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығу туралы жарлыққа қол қойды.

    Ақ үй жариялаған құжатта бұл Д.Трамптың ДДҰ-дан шығу үшін жасаған екінші қадамы екені айтылған. Алғашында 2020 жылы шықпақшы болған, бірақ президенттік сайлауда демократ Джозеф Байден жеңіске жетіп, бастама аяқсыз қалған еді.

    Д.Трамптың бұл шешіміне ДДҰ ұйымын реформалау жүргізілмегені және АҚШ-тан өзге елдермен салыстырғанда көп қаржы талап етілетіні себеп болып отыр.

  • Қазақстан-Қытай шекарасы жабылады

    Қазақстан-Қытай шекарасы жабылады

    Қазақстан мен Қытай арасындағы автомобильдік өткізу бекеттері жабылады. Бұл – көрші мемлекетте Жаңа жыл мерекесін тойлауға байланысты уақытша шара, деп хабарлайды ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.

    Мемлекеттік кірістер комитеті, ҚХР-да Көктем Мерекесіне байланысты 2025 жылғы 27 қаңтардың сағат 20:00-ден, 2025 жылғы 1 ақпанның  сағат 08:00-ге дейін, Қазақстан-Қытай шекарасындағы автомобиль өткізу пунктерінде тұлғалардың, көлік құралдары мен жүктерді өткізу жүзеге асырылмайтындығын хабарлайды.

    «Қазақстан-Қытай шекарасындағы теміржол өткізу пункттері штаттық режимде жұмысын жалғастырады. Тасымалдаушылардан және барлық  шекараны кесіп өтуге ниет білдірушілерді енгізілген шектеулерді ескере отырып, өз бағыттарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз», – делінген аталған ведомство таратқан ақпаратта.

  • Ұлытау облысында 1200-ден астам көлік кептелісте қалды

    Ұлытау облысында 1200-ден астам көлік кептелісте қалды

    Жезқазған-Сәтбаев автожолында ауа райының нашарлауына байланысты 1200-ден астам көлік кептеліп қалды, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

    ТЖМ құтқарушылары полиция және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерімен бірлесіп, автоколоннаны жақын маңдағы елді мекендерге қауіпсіз жеткізуді ұйымдастырды.

    «Операция барысында 24 азаматқа көмек көрсетіліп, 8 көлік эвакуацияланып, сүйреп шығарылды. Барлық жол қозғалысына қатысушылар қауіпсіз орындарға жеткізілді», – делінген ТЖМ таратқан хабарламада.

    Құтқарушылар ауа райының қолайсыздығына байланысты трассаларда кезекшілігін жалғастыруда.

  • Шерзат Болаттың өліміне қатысты тергеу аяқталды

    Шерзат Болаттың өліміне қатысты тергеу аяқталды

    Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті ақпарат таратты. Тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысуға кіріседі.

    «Өткен жылы 4 қазанға қараған түні болған кәмелетке толмаған адамды өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталды. Қазіргі уақытта тараптарды сотқа дейінгі тергеу материалдарымен таныстыру процесі жүріп жатыр. Тараптар танысқаннан кейін қылмыстық іс оның заңдылығын тексеру және сотқа жіберу туралы мәселені шешу үшін прокурорға жіберіледі», – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

    Өткен жылдың 4-ші қазанында Талғар қаласындағы төбелес кезінде  Шерзат Полат қайтыс болғаны белгілі.  12 қазан күні түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғаған.

    Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы 4 қазанда Талғарда 16 жастағы Шерзат Болат кісі қолынан қаза тапты. Жақында оның ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі бейіт маңынан табылған болатын. Алдын ала болжам бойынша ол өз-өзіне қол жұмсаған. Сонымен қатар Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке қамаған болатын.

    «Біздің жұмысымыздың маңызды кезеңдерінің бірі артта қалды», – деді жәбірленушілердің адвокаттары.

  • Қазақстанның барлық аумағында жел күшейіп, бұрқасын соғады

    Қазақстанның барлық аумағында жел күшейіп, бұрқасын соғады

    Дерекке қарағанда, Скандинавия аудандарынан шыққан циклон және онымен байланысты атмосфералық фронтальды бөлімдер ҚР аумағында қардың түсуіне, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтарда жауын-шашынның (жаңбыр мен қар түрінде) жаууына өз әсерін тигізеді.

    Республика бойынша желдің күшеюі, бұрқасын, тұман мен көктайғақ күтілуде.

    – Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының солтүстігінде, шығысында, Қарағанды облысының батысында, шығысында, Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, түнде Павлодар облысының батысында, солтүстігінде, түнде Ұлытау облысының шығысында қалың қар жауады.

    Ақмола облысының солтүстігінде, шығысында, күндіз Алматы облысының оңтүстік жартысында, Жетісу облысының Алакөл көлдері ауданында, Түркістан облысының тау асуларында, Жамбыл облысының оңтүстік-батысында, таулы аудандарында, Павлодар облысының батысында отүстігінде, Қарағанды облысының солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде, Шығыс Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде, шығысында, Абай облысының батысында, солтүстігінде, орталығында, түнде Ұлытау облысының шығысында, оңтүстігінде желдің күшеюі күтіледі, күші 30 м/с және одан да жоғары, – деп жазды синоптиктер.