Рубрика: Жаңалықтар

  • Трамп 2021 жылы Конгреске шабуылға қатысқан 1,5 мың адамға кешірім берді

    Трамп 2021 жылы Конгреске шабуылға қатысқан 1,5 мың адамға кешірім берді

    АҚШ президенті қызметіне кіріскен Дональд Трамп 2021 жылғы 6 қаңтарда Вашингтондағы Конгресс ғимаратына демонстранттар шабуыл жасағанда наразылыққа қатысқан 1500-ден астам адамға кешірім беріп, жазасын жеңілдетті.

    Олар Джо Байден жеңімпаз деп танылған 2020 жылғы президент сайлауының қорытындысын растауға кедергі жасамақ болған. Бұл – Трамптың президент қызметіне кірісе сала қол қойған алғашқы жарлықтарының бірі.

    Конгреске шабуыл оқиғасына қатысқан Proud Boys және Oath Keepers деп аталатын оңшыл радикал топтарға мүше 14 адамның жазасы жеңілдетілді, олар бүлік шығарды деп сотталған еді. Баспасөздің хабарлауынша, олар жақын арада қамаудан босатылмақ. Трамп кешірім жариялаған басқа сотталған адамдардың көбі құқық қорғау органдары өкілдеріне күш көрсетті я Конгресс аумағына заңсыз басып кірді деп айыпталып, түрмеге жабылған еді. Президент жарлығында «2021 жылғы 6 қаңтарда АҚШ Капитолийінде немесе оған жақын жерде болған оқиғалар кезінде заң бұзғаны үшін сотталғандардың бәріне толық және сөзсіз кешірім жасау» жөнінде айтылған.

    «Бұл адамдардың бәрі бүгін кешке босатылады деп үміттенемін», – деді президент Трамп тиісті жарлығына қол қойған кезде.

    Төрт жыл бұрын өкілдер палатасының спикері болған Нэнси Пелоси президенттің бұл шешімін «әділет жүйесін қорлау» деп атады.

    Капитолийдегі оқиғадан кейін 1500-ден астам адам қылмыстық жауапқа тартылған, кемінде 1100 адам сотталып, 600-ге жуығы бас еркіндігінен айырылған. Трамп жарлыққа қол қойғанда сол оқиғаға байланысты сотталғандардан аз ғана адам қамауда отырған еді.

  • Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампты қызметіне ресми түрде кірісуімен құттықтады

    Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампты қызметіне ресми түрде кірісуімен құттықтады

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың 47-ші Президенті Дональд Трампқа жеделхат жолдап, оны 20 қаңтарда Вашингтонда өткен ұлықтау рәсімінде АҚШ Президенті қызметіне ресми түрде кірісуімен құттықтады. Жеделхатта Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының энергетика, ядролық қаруды таратпау және халықаралық қауіпсіздік салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастығы одан әрі табысты дамитынына сенім білдірілген.

     

  • «Болашақ» стипендиясына іріктеу талаптары өзгерді

    «Болашақ» стипендиясына іріктеу талаптары өзгерді

    «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы» ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Үкіметінің Қаулысы қабылданды.  Онда Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу жаңа қағидалары бекітілді, деп хабарлайы Ғылым және жоғары білім министрлігі.

    2025 жылғы 17 қаңтардағы Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

    «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеудің жаңа қағидаларында сұрыптау тетікті енгізу арқылы конкурстық іріктеуді жаңарту көзделген. Осылайша, осы жаңашылдыққа сәйкес қажетті балл санын жинамаған үміткерлер келесі турға жіберілмейді.

    Мемлекеттік қызмет аппаратын одан әрі жақсарту мақсатында «мемлекеттік қызметшілер» категориясы енгізілді. Бұл категория бойынша мемлекеттік қызметкерлерге «магистратура» бағдарламасына қатысу үшін тіл курстарынан өту мүмкіндігі ұсынылады.

    Сондай-ақ бағдарлама түлектері еңбек өтілімін Қазақстан Республикасы мүше халықаралық ұйымдарда, мысалы, БҰҰ, ЮНЕСКО, ШЫҰ және ТМҰ сияқты ұйымдарда өтеу мүмкіндігі қарастырылған.

    Конкурстық іріктеу үшін қажетті құжаттар тізбесіне уәждемелік хат енгізілді. Бұдан басқа, конкурстық іріктеуден өте алмаған үміткерлерге сол күнтізбелік жылы конкурсқа қайта қатысу құқығы беріледі.

    Жалпы бұл өзгерістер «Болашақ» халықаралық стипендиясын жетілдіріп, еліміздің әртүрлі салаларында білікті мамандар даярлауға бағытталған.

  • Қазақстанның барлық аймағында жел күшейіп, тұман түседі

    Қазақстанның барлық аймағында жел күшейіп, тұман түседі

    Дерекке қарағанда, арктикалық циклон және онымен байланысты атмосфералық фронтальды бөлімдер ҚР аумағында қар мен жаңбыр түрінде жауын-шашынның түсуіне, солтүстік-батыс, солтүстік өңірлерде қардың түсуіне өз әсерін тигізеді.

    – Республика бойынша желдің күшеюі, тұман мен көктайғақ күтілуде, – деп жазды синоптиктер.

    Қарағанды облысының батысында, солтүстігінде, Ұлытау облысының солтүстігінде, шығысында таңертең және күндіз Қостанай облысының солтүстігінде, шығысында, күндіз Солтүстік Қазақстан облысының батысында қалың қар түседі.

  • Дональд Трампты ұлықтау рәсімі өтіп жатыр

    Дональд Трампты ұлықтау рәсімі өтіп жатыр

    Дональд Трамп Капитолийге АҚШ-тың Президенті ретінде ант беруге келді.

    Салтанатты іс-шара бүгін Астана уақыты бойынша кешкі 22:00-де басталды.

    АҚШ-тың 47-президентінің ант беруі жабық ғимаратта — Капитолий Ротондасында өтуде. Бұған аяз себеп. Күн райы болжамы бойынша бүгін Вашингтонда минус 7 градус суық. Ұлықтау рәсімі жабық ғимаратта тарихта екінші рет өткелі отыр. 40 жыл бұрын президент Рональд Рейган жабық жерде ант қабылдаған болатын. Трамп жақтастары «Кәпитал Уан Арена» кешеніндегі экрандардан тамашалай алады деген. Оған 20 мың адам сыяды. Ал ұлықтау рәсімін тамашалауға 200 мың адам жиналды.

    Іс-шара экс-президенттер мен Капитолий ротондасының жоғары лауазымды тұлғаларының салтанатты сәлемдесуінен басталды.

    Америкалық тенор аталып кеткен опера әншісі Кристофер Маччио «О, Америка!» ән шырқады.

     

  • Ішімдік ішіп жолаушы тасымалдаған 11 автобус жүргізушісі ұсталды

    Ішімдік ішіп жолаушы тасымалдаған 11 автобус жүргізушісі ұсталды

    Жұртшылықтың жағасын ұстатқан жаңалықтан кейін тұрғындар енді автобусқа мінуге үрейленіп отыр.

    19 қаңтарда Тараз қалалық патрульдік полиция қызметкерлері жол ережесін бұзған автобус жүргізушісін тоқтатады. Тексеру барысында 47 жастағы жүргізушіден өткір алкоголь иісі шығып тұрады. Полиция қызметкерлері жүргізушінің мас болуы мүмкін деп күдіктеніп, медициналық сараптамаға жібереді. Ал медициналық тексеру автобус жүргізушісінің орташа деңгейде мас күйінде болғанын растады. Бүгінде жиналған материалдар сотқа жіберіліп, автобус арнайы айып тұрағына қойылды.

    Жолаушылардың өміріне қауіп төндірген жүргізуші әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін.

    Жалпы Жамбыл облысында «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері жолаушы тасымалымен айналысатын жүргізушілердің 853 жол ережесін бұзу дерегін анықтады. Оның ішінде 11 жүргізуші автобусты мас күйінде басқарған. Барлығы 69 жолаушы көлігі айып тұрағына қойылды.

  • Болат Назарбаевтың ұлы ағасына Астанадағы бұзылуы тиіс ғимаратты сыйға тартты

    Болат Назарбаевтың ұлы ағасына Астанадағы бұзылуы тиіс ғимаратты сыйға тартты

    Болат Назарбаевтың ұлы Ханболат Назарбаев басқа әкеден туған бауырына Астанадағы заңсыз салынған ғимаратты сыйға тартты. 

    2024 жылдың 20 ақпанында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты Болат Назарбаев пен Майра Құрманғалиеваның баласына Тәуелсіздік даңғылындағы сауда-ойын-сауық орталығында заңсыз құрылыс салғаны үшін 103 500 теңге көлемінде айыппұл салды.

    2020 жылы Назарбаев сыйлыққа алған жерінде тұрған қонақ үй кешенін бұзып, сауда ойын орталығын рұқсатсыз салуды бастады. Сот экс-президенттің жиеніне тек айыппұл төлеуді ғана емес, сонымен қатар заңсыз салынған ғимаратты бұзуды міндеттеген.

    Назарбаев сауда орталығын сүрмеуге рұқсат беруді сұрап, бұл шешімді қайта қарауды талап етті . Алайда, сот өтінішті қабылдамады. Ханболат нысанды бауыры Данияр Кесікбаевқа сыйға тартқан. Олар бір анадан туған, бірақ әкелері басқа.

    «Міндетті бұзу туралы қаулы Астана қаласы Әділет департаментіне орындауға жіберілді. Департаменттің мәліметінше, Ханболат Болатұлы бұл нысанды Данияр Кесікбаевқа сыйға тарту туралы келісімшарт негізінде берген. Осыған байланысты басқарма сыйға тарту келісімшартын заңсыз деп тану үшін сотқа талап арыз жолдады», деп хабарлады Астана қаласының Қалалық орта сапасы мен бақылау басқармасының басшысы Ғани Тәжиев біздің ресми сұрауымызға жауап ретінде.

  • Алматы облысының полицейлері ірі көлемде алаяқтық қылмыстарды әшкереледі

    Алматы облысының полицейлері ірі көлемде алаяқтық қылмыстарды әшкереледі

    Құқық қорғау органдары жәбірленушілерге 46 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірілген алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеуде.

    – Бұрын автокөлік сатып алумен және сатумен айналысқан күдікті бұл қызметін тоқтатып, қаржылық қиындықтарға тап болған соң, алаяқтық схемасын ойлап тапқан. Ол таныстарына автокөліктерді қайта сату немесе қызмет көрсетуге қатысты тиімді ұсыныстар айтып жүгінген. Сенімділік таныту үшін автокөліктер көрсетіліп, әртүрлі мәселелерді, оның ішінде рұқсат беру құжаттарын алу жалған мүмкіндіктері айтылған. Алынған қаражатты күдікті өзіне иемденіп, өз мойнына алған міндеттемелерді орындауды ойламаған. Алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық істер тіркелді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлады полиция.

    Қазіргі уақытта полицияға төрт жәбірленуші жүгінген, жалпы залал 46 миллион теңгеден асқан. Күдіктінің басқа да осындай қылмыстарға қатысы тексерілуде.

    Құқық қорғау органдары ақша берер алдында ақпаратты тексерудің маңыздылығын еске салып, азаматтарды бейтаныс адамдармен келісімдер жасауда сақ болуға шақырады.

  • Алматыда оқушы өзіне қол салды

    Алматыда оқушы өзіне қол салды

    Әлеуметтік желіде 2009 жылғы оқушы өз-өзіне қол салғаны туралы ақпарат тарады. Алматы қаласының Полиция департаменті бұл деректі растады. Тәртіп сақшылары 105 бап (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша қылмыстық іс қозғаған.

    – Бұл дерек бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр, – деп хабарлады қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

  • Алматы облысы: Межелі уақытында тапсырылмаған нысандарға кім жауапты?

    Алматы облысы: Межелі уақытында тапсырылмаған нысандарға кім жауапты?

    Былтыр Алматы облысында 950 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, 17 ауыл газбен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ 700 шақырымға жуық жол жөнделген. 

    Қонаев қаласында өткен «AMANAT» партиялық бақылау комитетінің көшпелі отырысында өңірде партияның сайлауалды уәделерінің жүзеге асырылу жайы талқыланды. Сонымен қатар партия өкілдері сайлауалды бағдарлама аясында салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты.

    Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, былтыр өңірде нақты экономика саласында 23 жоба жүзеге асырылып, 8 мың жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ 19,4 мың орынға арналған 18 мектеп, 47 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынды. Осылайша «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы азаматтардың өзекті мәселелерін шешуге және облыстың тұрақты дамуына бағытталғанын көрсетті.

    «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында былтыр 420 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері анықталса, оның 90 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал «Ауыл аманаты» жобасы бойынша соңғы екі жылда 1200-ден астам адам жеңілдетілген несие алды», – деді ол.  

    Алматы облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Ләззат Тұрлашов мәслихат депутаттарының жұмысы туралы айтты. 2024 жылы халық қалаулылары сайлауалды бағдарлама нысандарына 220-ден астам рейд жүргізіп, 450-ге жуық депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, сайлауалды бағдарламаның кей тармақтарының орындалмау себебі – қаржының жеткіліксіздігі мен кейбір мердігерлердің жауапсыздығы.

    Ал амбулаториялар немесе мектептер салу сияқты тапсырмаларды орындаудағы кідірістер жайын сөз еткен комитет төрағасының орынбасары Майра Айсина: «Меніңше, мәселе себептерде емес, нақты жауапты адамдарда, мәслихат депутаттарында. Барлық мәслихаттарда біздің партиялық фракциялар басымдыққа ие, сондықтан кез келген мәселелерді жедел шешуге және жергілікті бюджеттен қаражат бөлуге мүмкіндіктері бар. Жауапты қызметтерге кіріспес бұрын, олар өздеріне «Мен не үшін партияға кірдім, не үшін депутат болдым?» деген сұрақтарды қоюы керек. Ешкім оларды жауапкершілік алуға мәжбүрлеген жоқ!» – деді.

    Сол сияқты межелі уақытында салынбаған немесе жөнделмеген мектептер, емханалар, спорт кешендері және жолдарға кім жауапты? Мәжіліс депутаты, Комитет төрағасы Павел Казанцевтің айтуынша, жоспарлаудағы қателіктер көптеген нысандардың қаржыландырылмауына әкелген.

    «Нысандардағы туындаған мәселелер мемлекеттік органдардың, тапсырыс берушілердің және мердігерлердің қатысуымен сұрау салу, ресми хаттар және жиналыстар арқылы жедел қаралуы тиіс. Алайда қазіргі жағдай ондай емес. Кейбір депутаттар өздеріне бекітілген нысандарға мүлдем бармайды, жұмыстардың барысына қызығушылық танытпайды, кейде тіпті қай нысанның бақылауға алынғанын білмейді», – деді ол.

    Шын мәнінде, мемлекеттік нысандар құрылысының дер кезінде аяқталмауына қаржының жеткіліксіздігі мен мердігерлердің жауапсыздығы себеп пе? Сонда мұны жіті қадағалауы тиіс мәслихат депутаттары не қараған? Бәлкім, партиялық жауапкершілік мәселесін қарастыру осындайда керек шығар. Ал мұның ту басында тұрған жауапты облыс әкімі ше?