Рубрика: Жаңалықтар

  • Қазақстандықтар қанша алтын құймасын сатып алды?

    Қазақстандықтар қанша алтын құймасын сатып алды?

    Ұлттық банк 2017 жылы өлшенген алтын құймаларды халыққа сату және қайтадан сатып алу бағдарламасын іске қосқан болатын.

    — 2025 жылғы 1 қаңтардағы дерекке сай, Ұлттық Банк екінші деңгейлі банктер мен банкке жатпайтын айырбастау пунктеріне жалпы салмағы 6,8 тонна өлшенген құйма сатты, — делінген хабарламада.

    Аффинирленген, яғни өлшенген алтын құймалар салмағына қарай бес түрге бөлінеді: 5 грамм, 10 грамм, 20 грамм, 50 грамм және 100 грамдық.

    Құймалардың бәрінде бағалы металдың құрамы – 99,99%, соған сай сынамасы – 999,9.

    Ұлттық банк өлшенген құймаларды екінші деңгейлі банктер (Halyk Bank, Еуразиялық банк, Jusan Bank пен Банк ЦентрКредит) және банкке жатпайтын кейбір айырбастау пунктері арқылы сатады. Сату және қайта сатып алу тәртібі банктер және айырбастау пункттерімен жасалған шарт арқылы реттеледі.

  • Крещение шомылуы: құтқарушылар қазақстандықтарға үндеу жасады

    Крещение шомылуы: құтқарушылар қазақстандықтарға үндеу жасады

    Қазақстан ТЖМ крещение шомылуы кезіндегі қауіпсіздік ережелерін еске салып, үндеу жасады.

    Жаппай шомылу орындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құтқарушы сүңгуірлерді, шұғыл ден қою бригадаларын және полиция қызметкерлерін қоса алғанда, 2 395 қызметкер шомылуға кезекшілік ететін болады. Жедел ден қою үшін 588 бірлік арнайы көлік тартылатын болады.

    Ойыққа түспес бұрын сіздің денсаулығыңыз бұған мүмкіндік беретініне көз жеткізіңіз. Созылмалы аурулар мен жүрек проблемалары бар адамдарға шомылудан бас тарту ұсынылады;

    • қауіпсіз шомылу үшін судың температурасы 0 градустан төмен болмауы керек;
    • тек арнайы дайындалған және қауіпсіз жерлерде шомылу керек;
    • қатты ағындар мен тасты жерлерден аулақ болыңыз;
    • жалғыз сүңгуден аулақ болыңыз. Жақын жерде көмектесетін адам болған дұрыс;
    • жылы киім мен тайғақ емес аяқ киім киіңіз;
    • суға түсер алдында бұлшықеттерді қыздырып, денені суық суға дайындау үшін жылытыңыз;
    • тез сүңгіңіз және гипотермияны болдырмау үшін су астында ұзақ тұрмаңыз;
    • кезекті қадағалаңыз, ойықтың шетіне жиналмаңыз;
    • шомылғаннан кейін тез оранып, жылы киім киіңіз.

    Айта кетейік, осыған дейін Астана әкімдігі крещение рәсімі елордада алдағы сенбі-жексенбі күндері өтетінін хабарлады.

  • Жетісу облысында оңалту орталығы ашылды

    Жетісу облысында оңалту орталығы ашылды

    Бүгін Жетісу облысында 3 пен 18 жас аралығындағы неврологиялық диагнозы бар балаларды кешенді оңалтуға бағытталған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Бұл шара Мемлекет басшысының мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту бойынша маңызды әлеуметтік міндетті шешуге үкіметтік емес секторды тарту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында жүзеге асырылды.

    Оңалту орталығы Сарқан аудандық ауруханасының ғимаратында ашылды. Бірқатар қоғамдық қордың демеушілігінің арқасында және бюджеттен қаржы бөлініп, орталық аурухана ғимаратының біріне  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заман талабына сай жабдықталды. Жаңа нысанда емдік дене шынықтыру кабинеті, шунгит, тұз және интерактивті кабинеттер, сондай-ақ шомылу ванналарын қабылдау бөлмесі бар.

     «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева айтуынша, орталық Сарқан ауданынан бөлек, жақын маңдағы Ақсу және Алакөл аудандарының тұрғындары да ем алады.

    – Мемлекет басшысы атап өткендей, оңалту қызметінің сапалы болуы және оның ерекше балалар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды. Осыған орай ауданда заманауи оңалту орталығының ашылды. Біз мамандарды даярлау мен олардың біліктілігін арттыруға көмектесеміз, – деді Л. Шыңғысбаева.

    Орталықта невропатолог, реабилитолог, педиатр және терапевт, ортопед, логопед, дефектолог, психолог сияқты білікті мамандар қызмет істейді. Мұнда өзге облыстан келген мамандар да бар.

    – Жұмысқа Атырау қаласынан арнайы келдім. Оңалту орталығында баланың әлеуметтік бейімделуі мен танымдық саласының дамуы үшін барлық жағдай жасалыпты. Мамандығым бойынша мен реабилитологпын. Өз тарапымнан оңалту сапасын жақсартуға бар күшімді саламын, – деді Әсем Нұрқасымова.

    Айта кетейік, жоба орталық жүйке жүйесі зақымданған балаларды оңалтуға, оларды әлеуметтік бейімдеуге және ерте мүгедектіктің алдын алуға бағытталған. Бір жылдың ішінде орталық 21 күндік сауықтыру курсын ұсынып, 600 баланы қабылдай алады. Бұл ретте үздіксіз ем алу үшін балалардың 2-3 ай сайын оңалтудан өтуіне мүмкіндік бар. Орталықта ай сайын сал ауруы, шала туылу, даун синдромы, үдемелі бұлшықет дистрофиясы, босану кезіндегі жарақат сияқты диагнозы бар 50 баланы қабылдауға мүмкіндік бар.

    –  Менің балам церебральды сал ауруымен ауырады. Балама оңалту кешенін жүргізу үшін алдымен Талдықорғанға, сосын Алматы мен Астанаға баруға тура келді. Ауырған баланы әр қалаға тасу оңай емес. Оған жан-жақты және тұрақты оңалту қажет. Енді қаламызда заманауи оңалту орталығының ашылуымен жұмыс әлдеқайда жеңілдеді. Басқа қалаға бармаймыз, – дейді қала тұрғыны Майра Тұрсынова.

    Балаларды оңалту орталығы облыс басшылығы мен қайырымдылық қорлардың бірлескен жұмысының арқасында ашылғанын айта кеткен жөн.

  • Қазақстанның бірқатар аймағында тұман түсіп, көктайғақ болады

    Қазақстанның бірқатар аймағында тұман түсіп, көктайғақ болады

    Синоптиктердің болжауынша, Қазақстанның бірқатар аймағында бұрқасын, тұман, жауын-шашын және көктайғақ болады.

    Жамбыл облысында жаңбыр, қар, көктайғақ, тұман, жел күшейеді.

    Қостанай, Ақмола, Павлодар, Қостанай, Абай облыстарының кей жерлерінде бұрқасын, екпіні 15-20 м/с жел соғады.

    Орал, Тараз, Атырау, Ақтау, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде бұрқасын, көктайғақ, тұман күтіледі.

  • Назарбаев әуежайынан арабтар кетті

    Назарбаев әуежайынан арабтар кетті

    Terminals Astana Airport Management LLP араб компаниясымен жасалған сенімгерлік басқару шартының мерзімінің аяқталуына байланысты «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ акцияларының 100 пайызы Астана қаласының коммуналдық меншігіне өтті.

    Елордалық әуежай акцияларының иесінің өзгеруін ескере отырып, қазіргі уақытта елорда әкімдігі мен «Terminals Astana Airport Management» ЖШС арасында сенімгерлік басқарудың жаңа шартын жасасуға дайындық жүріп жатыр.

    Terminals Holding компаниясымен ынтымақтастық туралы тиісті келісім 2023 жылдың қазан айында жасалған болатын. Сол кезде араб серіктестері Астана әуежайын мультимодальды хаб ретінде дамытуға, ұшу-қону жолағын күрделі жөндеуден өткізіп, инвестиция құюға, жүк терминалының қуатын және жолаушылар ағынын арттыруға уәде берген еді.

  • Жалға берілетін жеңілдікті тұрғын үй бағдарламасын кеңейту қажет – Премьер-министр

    Жалға берілетін жеңілдікті тұрғын үй бағдарламасын кеңейту қажет – Премьер-министр

    Кеңеске Өнеркәсіп және құрылыс, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерінің, «Отбасы банк» АҚ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басшылығы қатысты.

    «Отбасы банкін» даму институтына айналдыру және саланы одан әрі дамыту үшін жеке қаражатты тарту жөніндегі жұмысты жандандыру тәсілдері, сондай-ақ жеңілдікті бағдарламаларды қаржыландыру, оның ішінде өнеркәсіп кәсіпорындары қызметкерлерін қолдау және жаңа өнімдерді шығару бойынша ұсыныстар талқыланды. Бүгінде «Қаражанбасмұнай», «Шұбаркөл көмір», «Еуроазияттық энергетикалық корпорация», «ССКӨБ», «Қазхром» ТҰК», «Қазақстан алюминиі», «Қазақстан электролиз зауыты» сияқты ірі кәсіпорындар және басқа да ұйымдармен жұмысшы кәсіп мамандары отбасыларының тұрмысын жақсарту жұмыстары басталды.

    Премьер-министр Жұмысшы мамандықтары жылы аясында техникалық мамандарға арналған ипотекалық және жалға берілетін жеңілдікті тұрғын үй бағдарламасын кеңейту қажеттігін атап өтті. Банктің трансформациясы оның «бір терезе» қағидаты бойынша мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмысын күшейтуге және жалпы алғанда еліміздің экономикасын дамытуға бағытталған.

    Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректері бойынша, 2024 жылдың қорытындысында Қазақстанда рекордтық 18,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,4%-ға артық. Саланың нақты көлем индексі бір жылда 113,1%-ды құрады. 2029 жылға қарай 111 млн шаршы метрге жеткізу жөніндегі Президент қойған міндеттерді орындау бойынша жұмыс жүргізілуде.

  • Шетелдік туристердің көзімен: Қазақстанның ТОП-10 өңірі белгілі болды

    Шетелдік туристердің көзімен: Қазақстанның ТОП-10 өңірі белгілі болды

    Шетелдік туристер арасында танымал қазақстандық өңірлердің рейтингі жарияланды. Туризм индустриясы комитетінің Instagram-дағы ресми парақшасы хабарлады.

    Kazakh tourism ұлттық компаниясының мәліметінше, 2024 жылғы үздік үштік 2023 жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалды. Туристер саны Алматы облысында айтарлықтай артса, Шымкент қаласы мен Ақтөбе облысында бұл көрсеткіш төмендеген.

    Рейтингтің бірінші сатысында Алматы қаласы. Мегаполис шетелдік туристер үшін ең танымал қазақстандық қала мәртебесін сақтады. 2024 жылы оңтүстік астананың орналастыру орындары 534 340 шетелдік қонақты қабылдаған.

    Екінші орында ел астанасы жайғасты. 2024 жылы eQonaq жүйесіне тіркелген Астананың орналастыру орындарына 269 320 шетелдік мейман тоқтаған. 2023 жылмен салыстырғанда Алматы облысында шетелдік туристер саны 59 пайызға артып, 134 763 адамға жетті. Бұл көрсеткіштің елеулі өсімі облысқа үздік үштіктегі орнын нығайтуға мүмкіндік берді.

    Рейтингтегі төртінші және бесінші орындар сәйкесінше Атырау облысы мен Маңғыстауға тиесілі. Атырау облысына былтыр 106 974 шетелдік турист келген, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 27 пайызға артық. Маңғыстау облысының орналастыру орындары 71 462 шетелдік қонақты қабылдады (2023 жылы – 67 633 адам). Алтыншы орында Қарағанды облысы. Өңірдің шетелдік туристер үшін тартымдылығы артып, рейтингте бірден үш сатыға көтерілген. 2024 жылы облысқа 50 474 шетелдік турист келді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 35 пайызға артық. Ал Ақтөбе облысы 2023 жылмен салыстырғанда бір саты төмендеп, жетінші орынға тұрақтады. Онда шетелдік қонақтар саны шамамен 1500 адамға азайып, 45 063 турист болды. Сегізінші және тоғызыншы сатыда Ақмола және Жамбыл облыстары, Бұл өңірлерде 2024 жылы шетелдік туристер санының өсуі байқалды. Ақмола облысының орналастыру орындары 44 976 шетелдік қонақты қабылдаса, Жамбыл облысында бұл көрсеткіш 44 226 адамды құрады. Оныншы орынды үш саты төмендеген Шымкент қаласы иеленді. eQonaq жүйесінің деректері бойынша 2024 жылы мегаполистің орналасу орындарына 39 887 шетелдік турист тоқтаған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 900 адамға аз.

  • Қарағандыда өрт шыққан балабақшадан 82 бала эвакуацияланды

    Қарағандыда өрт шыққан балабақшадан 82 бала эвакуацияланды

    Қарағандыда құтқарушылар өртке оранған жекеменшік балабақшадан 82 баланы эвакуациялады. Өрт сөндірілді, зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды TЖМ Telegram-дағы арнасында.

    Ведомство берген ақпаратқа сүйенсек, Қарағандыдағы жекеменшік балабақшалардың бірінде жертөледе 1 ш.м. алаңда заттар мен электр қалқанының автоматы жанған.

    «Құтқарушылардың жедел әрекеттерінің арқасында өрт жедел сөндірілді. ТЖМ күштері ғимараттан 88 адамды, оның ішінде 82 баланы тез арада эвакуациялады. Оқиға орнында балаларды жылыту үшін вахтовкалар жұмылдырылды. ТЖД психологтары мен ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері болды. Медициналық көмек ешкімге қажет болмады», – делінген хабарламада. Өрттің себебі анықталып жатыр. ТЖМ азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.

  • Жамбыл облысының бас онкологіне 12 млн теңге айыппұл салынды

    Жамбыл облысының бас онкологіне 12 млн теңге айыппұл салынды

    Жамбыл облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының бас дәрігері Айбаз Әлихановқа Тараз қаласының тұрғынын медбике ретінде жұмысқа орналастыруға көмектескені үшін 400 мың теңге пара алғаны үшін айып тағылды. Ақша аударымы екі жылға жуық уақыт бұрын болған, егер ол әйелге параның бір бөлігін қайтармағанында, ұсталмауы да мүмкін еді.

    2023 жылдың мамыр айында әйел бас дәрігерге өзін орталыққа медбике ретінде жұмысқа алу туралы өтінішпен жүгінген. Дәрігер өтініштен бас тартпағай, Голливуд киносындағыдай қағазға қажетті соманы жазып, әйелге ұстатқан. Әйел өз анасынан қажетті қаражатты қарызға алып, келесі күні бас дәрігердің кабинетіне конвертпен оралған. Әлиханов уәдесінде тұрып, оған жұмыс тауып берді. Алайда, медбике ұжымға сыймай, бір жарым жыл жұмыс істегеннен кейін өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазған.

    Осыдан кейін бойжеткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке барған. Қараша айының соңы мен желтоқсан айының басында ол барлық қажетті дыбыс жазу құрылғылармен жабдықталып, берген парасының бір бөлігін болса да қайтарып беруді өтініп бас дәрігердің қабылдауына қайта келген. Әлиханов алған соманың жартысын қайтаруға болады деп шешті. Дәл осы кездесу барысында болған әңгіме алдағы іс бойынша айыптаудың негізгі айғағы болмақ.

    Айбаз Әлиханов өз кінәсін бірден мойындап, тергеумен ынтымақтаса бастады, соның арқасында сот процесі жеделдетілген түрде өтті. Бір айдан кейін ол № 2 қалалық соттың ғимаратында болды.

    Прокурор дәрігердің атқарған қызметі мен қоғамдағы мәртебесін ескере отырып, ол басқаларға сабақ болуы керек деп есептеді. Айыптаушы тарап бұл азаматты мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салып, 3,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

    Өз кезегінде Әлихановтың адвокаты сот отырысында айыптылық мәселесі әлі талқыланбағанын, сотталушы өз кінәсін толық мойындағанын атап өтті.

    Жеделдетілген сот процесі 2025 жылдың 16 қаңтарында аяқталды. Судья дәрігерді айыпты деп танып, Айбаз Әлиханов 400 мың теңге пара алғаны үшін 12 миллион теңге айыппұл төлеуі керек деп шешті. 200 мың теңге мемлекет пайдасына тәркіленеді.

    Сот үкіміне сәйкес, Айбаз Әлихановқа өмір бойына басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды, бірақ ол дәрігер қызметін жалғастыра алады.

    Орталықтың бас дәрігеріне пара берген іс бойынша екінші айыпталушы жазаланбайды, өйткені пара берген азамат өзіне қатысты бопсалау орын алса немесе ол өз еркімен құқық қорғау немесе арнайы органға хабарлаған болса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

  • Зиялы қауым өкілдеріне мемлекеттік стипендия табысталды

    Зиялы қауым өкілдеріне мемлекеттік стипендия табысталды

    Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева  шығармашылық зиялы қауым мәдени бірегейлікті сақтау, ел бірлігін нығайту және ұлттық құндылықтарды насихаттау ісінде маңызды рөл атқаратынын айтты.

    – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұлттық руханият туралы үнемі айтып, оның елдік жолындағы орасан күші мен мол мүмкіндіктеріне қоғамның назарын аударып жүргені мәлім. Жылдағы халыққа арнаған Жолдаулары, Ұлттық Құрылтайдағы бастамалары, түрлі сұқбаттарының өзегінде – Тәуелсіздік пен Отаншылдық, Бірлік пен Ынтымақ, Әділдік пен Жауапкершілік, Заң мен Тәртіп, Жасампаздық пен Жаңашылдық сияқты бүгінгі Қазақстанға ауадай қажет құндылықтар жатыр. Халықты бірлікке шақыру, татулықты нығайту, жас ұрпаққа ізгі құндылықтарды сіңіру – міне, бұл сіз бен біздің, яғни, зиялы орта мен мемлекеттің ортақ мүддесі, – деді министр.Аида Балаева Мемлекет басшысының барлық бастамасы ең алдымен ұлт бірлігін қалыптастыруға, мемлекетті нығайтуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын атап өтті.

    – Елдіктің мәртебесін арттыруда өздеріңіздей мәдениет майталмандарына, шығармашыл қауым өкілдеріне жүктелер міндеттің де ауқымы зор. Әрине, осы жолда зиялы қауым өкілдері Президентімізге тірек болып, қашанда қолдау білдіретіндігіне күмәніміз жоқ. Ең бастысы – осы игі бағытта жұдырықтай жұмылып, ел мүддесі үшін аянбай қызмет ету. Мемлекет өз тарапынан мәдениет майталмандарының шығармашылығын қолдауды жүйелі түрде жалғастыра береді, – деді министр.

    Стипендия иегерлері қатарында Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Олжас Сүлейменов, Иранбек Оразбаев, Нұрғали Нүсіпжан, Тұңғышбай Жаманқұлов, Меруерт Өтекешева, Амандос Ақанаев, Дулат Исабеков, Төлен Әбдікұлы, Татьяна Тарская, Гульвер Разиева және басқа да көрнекті мәдениет қайраткерлері бар.