Рубрика: Жаңалықтар

  • Былтыр Алматыда 2,5 мыңнан астам азамат көлік басқару құқығынан айырылды

    Былтыр Алматыда 2,5 мыңнан астам азамат көлік басқару құқығынан айырылды

    Өткен жылы Алматыда 2,5 мыңнан астам азамат көлік басқару құқығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

    Өткен жылы Алматыда 6 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 105 адам қаза тапты, 7 мыңнан астамы жарақат алды. Қаладағы жол-көлік оқиғаларының тіркелуіне автокөлік қозғалысының тығыздығы әсер етеді: қала сыртынан кіретін көліктерді есепке алғанда, шаһар жолдарында күн сайын 1,5 миллионнан астам көлік жүреді. Сонымен қатар жол апатының деңгейіне баламалы көліктердің: мопедтер мен электрсамокаттардың көп қолданылуы ықпал етті. Олардың қатысуымен өткен жылы  221 ЖКО тіркелді, өкінішке қарай 17 адам қаза тауып, тағы 583 адам дене жарақатын алды.

  • Алматыда мәйітке зорлық жасаған күзетшіге қатысты сот үкімі шықты

    Алматыда мәйітке зорлық жасаған күзетшіге қатысты сот үкімі шықты

    Алматыда мәйіттерді қорлады деп айыпталған мәйітхана күзетшісі Александр Беляевке қатысты сот үкімі шықты. 

     Жабық сот отырысында мәйіттерді қорлады деген айыппен Б.-ға қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға қатысты іс қаралды.

    – Сот сараптамалық қорытындыларға сүйене отырып, Б.-ның өз іс-әрекетін жасау кезінде есі дұрыс емес жағдайда болды және созылмалы психикалық ауруға шалдыққан деген қорытындыға келді, – делінген хабарламада.

    Сот қаулысымен сотталушы есі дұрыс емес деп танылып, психиатриялық стационарға мәжбүрлеп емдеуге жіберілді.

  • Қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаев ағылшындық «Челси» клубына ауысады

    Қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаев ағылшындық «Челси» клубына ауысады

    «Қайрат» футбол клубының шабуылшысы және Қазақстан жасөспірімдер құрамасының ойыншысы Дастан Сәтпаев футболдық карьерасын «Челси» сапында жалғастырады. Бұл metaratings.kz порталы жазды.

    Лондондық «Челси» футбол клубы Дастан Сәтпаевты өз қатарларына қосу туралы нақты шешім қабылдады. Жақын арада алматылық клубпен лондондық команда келісімшартқа қол қояды.

    Трансферлік ауысым келесі аптада болады деп жоспарланған. Сәтпаевтың 18 жасқа толмауына байланысты келісімшарттың егжей-тегжейі әлі белгісіз.

    Бұған дейін футболдан Қазақстан U-19 құрамасының шабуылшысы 2024 жылдың желтоқсан айында лондондық «Челси» клубында қаралымнан өткен еді.

  • Қазақстанда былтыр 200-ден астам шенеунік парамен ұсталды

    Қазақстанда былтыр 200-ден астам шенеунік парамен ұсталды

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

    Президентке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің елімізде қабылдаған шаралары туралы есеп берілді.

    Қасым-Жомарт Тоқаевқа Антикор қызметінің биылғы жоспары, соның ішінде «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру жөніндегі негізгі міндеттері таныстырылды.

    Асхат Жұмағалидың айтуынша, былтыр 1641 жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркеліп, жүйелі түрде жемқорлық жасаудың 68 фактісі анықталған. Екі ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленіп, сонымен қатар екі топқа үкім шығарылған. Сыбайлас жемқорлыққа жол берген 1493 адам ұсталды. Олардың ішінде түрлі деңгейдегі 229 басшы бар. 914 адам сотталды.

    Агенттік 2022 жылдан бері мемлекетке жалпы сомасы 1,12 триллион теңгеге бағаланған мүліктік активтер мен қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз еткен. Былтыр сомасы 486,5 миллиард теңге болатын мүліктік активтер мен қаражат қайтарылған.

    Президентке ведомствоның мемлекеттік сатып алу мен қаржының мақсатты игерілуіне мониторинг жүргізіп, 87,7 миллиард теңгенің тиімсіз жұмсалуына жол бермегені жөнінде айтылды. Маңызды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың құрылысын бақылау жұмыстары жалғасып жатыр. Агенттіктің қадағалауында 182 нысан бар, оның ішінде 81 құрылыстың жұмысы аяқталған.

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Президент тапсырмаларының орындалуы жайында баяндады. Атап айтқанда, жол саласындағы жемқорлықты жою үшін талдау жүргізіліп, уәкілетті органдарға бірқатар ұсыным берілді. Агенттік қызметкерлерінен арнайы құрылған топтар өңірлердегі жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына мониторинг жүргізіп жатыр. Бақылауға алынған 258 жобаның жалпы ұзындығы 1,8 мың шақырым болатын 119 учаскесі пайдалануға беріліп, оларда анықталған ақаудың 95 пайызы ретке келтірілді.

    «Цифрлық теңге» платформасында «ақшаны бояу» пилоттық жобасы іске асырылуда. Бұл тетік ауыл шаруашылығы мен жол салаларының жекелеген бағыттарында қолданылып жатыр. Кейіннен оны цифрлық жүйемен бірге бюджет қаржысын жұмсаудың барлық кезеңіне енгізу жоспарланған.

    Бұдан бөлек, медицина, спорт және әлеуметтік қолдау салаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстары аяқталды.

  • Қонаев қаласы әкімдігі жылдық жоспарын жария етті

    Қонаев қаласы әкімдігі жылдық жоспарын жария етті

    Қонаев қашласы әкімдігінің баспасөз қызметнің хабарлауынша, биыл халықты әлеуметтік қамсыздандыру саласына 1 млрд 87 млн теңге көзделіп отыр.

    Оның ішінде АӘК төлеу, тұрғын үй көмегі, мұқтаж жандарды гигиеналық жабдықтармен қамту, жәрдемақылар, біржолғы әлеуметтік көмек, мүгедектігі бар адамдарға үйде әлеуметтік көмек көрсету, азаматтардың жекелеген санаттарын қоғамдық көлікте жеңілдікпен, тегін жол жүру түрінде әлеуметтік қолдау сияқты бағыттар қарастырылған. Сондай-ақ әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін пәтерлер сатып алынады.

    Инфрақұрылымды дамыту бойынша жоспар:

    • Ауылдарда бағдаршамдар, жол белгілері орнатылады
    • 10-шы шағынауданда учаскелік полиция пунктін салуға, қаңғыған иттер мен мысықтарға уақытша ұстау пунктін салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді.
    • 8-10-шы шағынауданның жолын күрделі жөндеу жұмысы жалғасады. Қала көшелеріне 35 дана аялдама орнатылып, ағымдағы жөндеу жасалады. Сонымен қатар жолаушылар тасымалдау шығындарын субсидиялауға 335 млн 624 мың теңге бөлінді.
    • Қонаев қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту жоспарына сәйкес, 2025 жылы 56 жобаның құжаттамаларын әзірлеу жұмысы жалғасады. Бірқатар жоба мемлекеттік сараптамадан өтеді деп жоспарлануда. Оның ішінде сумен қамту, абаттандыру, жылумен және электр энергиясымен қамту, жолдарды күрделі жөндеу жобалары қарастырылған.
    • 60 пәтерлік тоғыз тұрғын үй мен 50 пәтерлік тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу аяқталады.
    • Қаланың детальды жобасы әзірленеді.
    • «Халық қатысатын бюджет» жобасы биыл да жалғасын табады. 32 Тұрғын үйдің қасбеті мен шатыры жөнделеді. Қаладағы ағаштар мен гүлдерді, газондарды суару жүйесін жаңарту үшін жоба дайындалады. Тұрғындар демалатын бірқатар орынға шағын сәулеттік нысандар қойылады
    • Самал, Ардагер шағынаудандарына инженерлік желілерді тарту жұмысы жалғасады
    • Бірнеше трансформатор ауыстырылып, 1000 В дейінгі және одан жоғары қуатты электр желілеріне ағымдағы жөндеу жасалады.

    Мәдениет және спорт

    «Қонаев әуендері» ансамблін құру жоспарлануда. Мәдениет үйінің штаттық бірлігі кеңейтіледі. Қонаев қаласының 55 жылдығы кең көлемде аталып өтеді. Дене шынықтыру және спорт орталығының қызметін қамтамасыз етуге 23 млн 468 мың теңге бөлініп отыр.

    Ауыл шаруашылығы

    Ауыл шаруашылығы саласы бойынша ауылдарға жұмыс істеуге және тұруға келген 25 маманға 393 мың 200 теңгеден көтерме жәрдемақы төлеуге 9 млн 830 мың теңге, 10 маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредиттер беруге 78 млн 640 мың теңге бөлінді.

    Қонаев қаласының әкімдігі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған тапсырмаларды орындау бағытындағы жұмысын тұрақты түрде жалғастырады.

  • Өлімге әкелген инъекция салған дәрігерге қатысты үкім шықты

    Өлімге әкелген инъекция салған дәрігерге қатысты үкім шықты

    Әзербайжанның Шеки аудандық соты өз үйінде жасалған заңсыз медициналық пункте инъекциядан кейін пациенті өліп кеткен дәрігерді кінәлі деп тапты.

    Орталық аудандық аурухананың ортопед-травматологы Хикмет Әлиевке (1955 жылы туған) қатысты қылмыстық іс материалдары сотқа берілді.

    Сот Әлиевтің лицензиясыз медициналық тексерулер жүргізіп, өз үйінде науқастарды емдегенін анықтады.

    Мәліметтерге сәйкес, Киш ауылының тұрғыны Садигва Гасанова 2023 жылы дәрігерге арқа ауруы туралы шағымдармен жүгінген.

    Оған кифосколиоз диагнозы қойылды. Дәрігер науқасқа «Флостерон», «Новокаин», «Этофлекс» және «Тиофлекс» препараттарын енгізді. Алайда, стерильділіктің бұзылуына байланысты дәрі-дәрмектерді әйел денесіне енгізу кезінде инфекция пайда болды, бұл флегмонаға әкеп соқтырды.

    Көп ұзамай науқаста ағза интоксикациясынан жүрек-өкпе жеткіліксіздігі дамып, қайтыс болды. Сот отырысында Әлиев оның әрекеттері Гасанованың өліміне себеп болмағанын айтты.

    Сот 70 жастағы дәрігерді кінәлі деп тауып, оны 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын учаскелік үлгідегі түзеу мекемесінде өтейді.

  • Алдағы күндері 35 градусқа дейін суытады

    Алдағы күндері 35 градусқа дейін суытады

    Синоптиктердің болжамына сәйкес, Атлант мұхитынан келген ылғалға толы циклон Қазақстан аумағындағы ауа райына ықпал етеді. Циклонның фронтальды бөліктерінде қар, бұрқасын күтіледі, еліміздің батысы мен оңтүстігінде, ал 20-21 қаңтарда солтүстік өңірлерде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын болжанады. Еліміз бойынша желдің күшеюі, тұман және көктайғақ күтіледі.

    18 қаңтарда Түркістан облысында түнде қатты жауын-шашын күтіледі.

    «Қатты қар 20 қаңтарда Ұлытау, 21 қаңтарда Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында, 21-22 қаңтарда Ақмола облысында, 22 қаңтарда Павлодар, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл және Абай облыстарында жауады. 22-23 қаңтарда Шығыс Қазақстан, Алматы және Жетісу облыстарындада күтіледі», – делінген синоптиктер болжамында.

    22 қаңтардан бастап суық ауа массасы таралып, түнде температура айтарлықтай төмендейді:

    • батыста температура 10-20 градус аяз;
    • солтүстік-батыс пен солтүстікте 20-30 градус аяз;
    • орталық пен шығыста 25-35 градус аяз;
    • оңтүстікте 12-25 градус аяз;
  • Wildberries және Russ балаларды алдаудың жаңа алаяқтық схемасын анықтады

    Wildberries және Russ балаларды алдаудың жаңа алаяқтық схемасын анықтады

    Wildberries және Russ біріктірілген компаниясы балаларды алдау бойынша алаяқтықтың жаңа схемасын анықтады. Бұл схема келесідей – алаяқтар мессендждерде ойын блогерлерінің атынан жалған аккаунттар құрады. Содан кейін ықтимал құрбан «сүйікті блогерінен» пайдалы ұсынысы бар хабарлама алады – мысалы, ойын ішіндегі заттарды төмендетілген бағамен сатып алу. Бала келіскенде, одан ата-анасының картасының мәліметтерін немесе маркетплейстегі жеке кабинеттің логин мен құпиясөзін енгізу сұралады.

    Ақпаратты алған алаяқтар танымал маркетплейстерден әртүрлі цифрлық тауарлар, мысалы, ойын платформаларының валютасын, сыйлық сертификаттарын және т.б. сатып алады. Содан кейін тауарлар айтарлықтай жеңілдікпен қайта сатылады. Ақшаны қайтарудың жалғыз жолы – полицияға хабарласу.

    – Wildberries-тің өткен айда анықталған жағдайлардың үлгісіне негізделген бағалауынша, мұндай схемаға «ілінген» нарықтағы клиенттер алдағы бір жылда шамамен 350 млн рубль шығынға ұшырауы мүмкін, – деп түсіндірді компаниядан.

    Wildberries and Russ біріккен компаниясы Trust&Safety бөлімінің басшысы Игорь Сомовтың айтуынша, балалар – алаяқтар әрекетінен зардап шеге алатын әлеуметтік топ. Осыған байланысты балалардың цифрлық ортадағы белсенділігін жіті қадағалап, олардың кибер санасын ерте жастан дамыту маңызды.

    Осылайша, ата-ана баласына арнайы ұсыныстар мен сыйлықтар туралы кез келген ақпаратты ойынның немесе қызметтің ресми порталдарында тексеріп отыру керектігін үнемі түсіндіруі керек.

  • Алматыда 10 мыңға жуық пәтер мен үй газсыз отыр

    Алматыда 10 мыңға жуық пәтер мен үй газсыз отыр

    «QazaqGaz Aimaq» АҚ мәліметіне сәйкес, 16 қаңтар күні белгісіз тұлғалар кәріз құбырларын жүргізу кезінде орташа қысымды жерасты газ құбырын зақымдаған.

    – Оқиға асфальтты тесу кезінде жеке тұлғалардың кәсіби емес әрекеттері нәтижесінде болды. Осыған байланысты қазіргі уақытта «QazaqGaz Aimaq» АҚ Алматы өндірістік филиалының мамандары газ құбырының зақымдалған учаскесінде авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жедел орындауға кірісті, – деп хабарлады «QazaqGaz Aimaq» АҚ баспасөз қызметі.

    Авариялық-қалпына келтіру жұмыстары кезінде көп қабатты тұрғын үйлердегі 8048 пәтерге, жеке сектордағы 2543 үйге және 67 коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік кәсіпорынға газ беру уақытша тоқтатылады.

  • 7 жасар қонаевтық оқушы ашық суда жүзуден күміс жеңіп алды

    7 жасар қонаевтық оқушы ашық суда жүзуден күміс жеңіп алды

    Дубайда өткен «Оушенмен» жарысында Қонаев қаласының спортшысы, 7 жасар Дмитрий Кремпин күміс медаль жеңіп алды.

    Халықаралық додаға 20 елден 4 пен 17 жас аралығындағы 100-ден астам бала мен жасөспірім қатысып, ашық суда жүзуден жарысты. Жас спортшылардың қатарында Дмитрий де болды. Ол 500 метр қашықтықты бағындырып, жүлделі ІІ орынға табан тіреді. Қазақстан намысын қорғаған Дмитрий 5 жасынан бастап жүзумен айналысып келеді.

    Дмитрий Қонаев қаласындағы «Айдария» бассейнінде жаттығады. Анасы Лариса Кремпина ұлының осы спорт түрін таңдағанына қуанышты.

    Ал Дмитрийдің жаттықтырушысы – Мадияр Кемелжан. Ол осы жетістіктермен шектеліп қалмай, келесі жылы өз шәкірттерін ірі додаларға көбірек қатыстыруды жоспарлап отыр.

    Облыс орталығы Қонаев қаласында жүзу спортына арналған тек бір бассейн ғана бар. Оның қызметі ақылы. Мекеме көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арнайы жеңілдіктер ұсынады. Бүгінгі күні мұнда 115 бала жаттығады, олардың шамамен 20-сы мүмкіндігі шектеулі балалар.