Рубрика: Жаңалықтар

  • Ақтөбедегі перзентханада жаңа туған сәбиді сатып жіберген

    Ақтөбедегі перзентханада жаңа туған сәбиді сатып жіберген

    Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

    «Ақтөбе облысының полициясы перзентханада жаңа туған нәрестені сату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Барлық мән-жайларды және қатысы бар адамдарды анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу жалғасуда», – деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов. 

  • Олимпиада жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев спорттан кетті

    Олимпиада жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев спорттан кетті

    Бұл туралы бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов айтты. Ол бокстан Олимпиада жүлдегері Қамшыбек Қонқабаев бокс алаңына қайта оралмайтынын ресми түрде мәлімдеді.

    Қамшыбек Қоңқабаев 33 жаста, 2020 жылғы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері. Сонымен бірге 2017 және 2019 жылғы әлем чемпионаттарында күміс жүлдегер атанған. Одан бөлек Азия біріншіліктері (2017, 2019, 2021, 2019) және Азия ойындарында күміс медаль алған.

    Бұған дейін Қайрат Сәтжанов Қамшыбек Қоңқабаевтың бокстағы мансабын аяқтауы мүмкін екенін айтқан еді.

    «Әзірге Асланбек Шымбергенов пен Қамшыбек Қоңқабаевқа қатысты жағдай түсініксіз. Егер 13 қаңтарда оқу-жаттығу жиынына келмесе, олар ұлттық құрамадағы мансабын аяқтауы мүмкін деп ойлаймын. Ал егер келсе, жұмысты әрі қарай жалғастырамыз», – деген Қайрат Сәтжанов. 

  • Журналист Әсем Жәпішеваны полиция ұстады

    Журналист Әсем Жәпішеваны полиция ұстады

    Журналист Әсем Жәпішеваны сатирикалық Qaznews24 паблигінің қамауға алынған авторын қолдау мақсатында өткізген пикетінде полиция ұстап әкетті.

    Бұл туралы  Oyan Qazaqstan telеrgram-аранасында мәлім болды. Журналист пикетте небары үш минутқа жетер-жетпес уақыт ғана тұрған. Сол арада полиция ұстап алып кетті.

    Еске сала кетейік, 17 қаңтар күні сатиралық Qaznews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке ұлтаралық араздықты қоздырды деген айып тағылған болатын.

  • Баланы тепкен тәрбиешіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды

    Баланы тепкен тәрбиешіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды

    Атыраудағы балабақшада әйел баланың бірін тепкен. Қазір тәрбиешіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

    Бұл туралы желіде видео тарады. Онда әйелдің кішкентай ұлды тепкен сәті түсірілген.

    – Атыраудағы Зейнеп-Амина балабақшасы МАД-1 тобында болған жағдай. Осындай жағдай Зейнеп-Амина балабақшасында бірінші емес, – деп жазба қалдырған желі қолданушысы.

    Атырау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, аталған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған.

    – Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды, – деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

     

  • Израиль мен ХАМАС арасындағы татулық туралы Қазақстанның ұстанымы қандай?

    Израиль мен ХАМАС арасындағы татулық туралы Қазақстанның ұстанымы қандай?

    Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Израиль мен ХАМАС арасындағы татулық туралы мәмілелерге қатысты Қазақстанның ұстанымын айтты.

    – Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату туралы келісімді қуаттаймыз. Қатар, Египет және АҚ мемлекеттерінің ара ағайындық талпыныстарын жоғары бағалаймыз. Бұл күш қолдануды тоқтатып, кепілдегілерді босатуға, Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізуді күшейтуге жасалған маңызды қадам. Қазіргі жағдайда бұл ауадай қажет шаралар. Қазақстан әрдайым бейбітшілік жағында. Бұл келісімдер қақтығысты ерте реттеуге жасалған қадамдардың негізін салды деп үміттенеміз, – деді Смадияров. 

    Айбек Смадияров бұл мәселеде Қазақстан БҰҰ аясындағы негізгі шешімдерді ұстанатынын еске салды.

    – Қазақстан Палестина-Израиль қақтығысын «екі халыққа екі мемлекет» формуласы негізінде шешуді табанды түрде қолдап келеді. Бұл екі тәуелсіз мемлекет құру керек деген сөз. Палестиндіктер мен израильдіктер осы екі мемлекетте қаупісіз әрі бейбіт өмір кеше алар еді. Біз халықаралық қауымдастықтың ұзақ мерзімге бейбітшілік орнатып, әділдік қалыптастыруға бағытталған талпыныстарын қолдауға дайынбыз, – деді СІМ ресми өкіл

     

  • TikTok АҚШ аумағында қызметін тоқтатты

    TikTok АҚШ аумағында қызметін тоқтатты

    Белгілі болғандай, 19 қаңтар күні TikTok АҚШ-тық қолданушыларға: «Кешіріңіз, TikTok-ты қазір пайдалану мүмкін емес. Америка Құрама Штаттары TikTok-ты пайдалануға тыйым салатын заң қабылдады. Өкінішке қарай, бұл қазірше TikTok-ты қолдана алмайтыныңызды білдіреді. Бірақ жақсы жаңалық та бар: Президент қызметіне кірісуге дайын отырған Дональд Трамп TikTok-ты қайта қолданысқа енгізудің жолын табу үшін бізбен бірге жұмыс істейтінін мәлімдеді. Жаңалықтарды бақылап отырыңыз!», – деген хабарлама жіберген.

    Қытайлық БАҚ-тардың жазуынша, TikTok -тың иесі – ByteDance компаниясына тиесілі CapCut, Lemon8, Gauth және Hypic қосымшаларының да АҚШ-тық қолданушыларға қызмет көрсетуді уақытша тоқтатқаны туралы хабарлама жіберілген.

    17 қаңтар күні АҚШ-тың Жоғарғы соты «TikTok-қа тыйым салу» туралы заңды қолдауға шешім шығарды. Бұл аталған заңның 19-шы қаңтарда күшке енуіне рұқсат берілгенін білдіреді. Жоғарғы сот шешім қабылдағаннан кейін Байден үкіметі мәлімдеме жасап, «TikTok АҚШ-тықтар үшін қолжетімді болуға тиіс», бірақ оның меншік құқығы АҚШ-қа немесе АҚШ-тың көңілі толатын басқа бір тарапқа тиесілі болуы керек деп атап көрсетті.

    – Уақыттың тығыздығына байланысты, заңды іске асыру міндеті келесі үкіметтің мойнына жүктеледі, – делінген тиісті хабарламада.

    Дональд Трамп 18 қаңтар күні журналистермен жүздескенде президенттік қызметке кіріскеннен кейін TikTok-қа қатысты тыйымның орындалуын 90 күнге кейінге шегеруі мүмкін екенін айтты.

    2024 жылғы сәуірде АҚШ Президенті Джо Байден Конгрестің екі палатасы бірдей мақұлдаған заң жобасына қол қойды. Осы заңға сәйкес, ByteDance компаниясы 270 күн ішінде TikTok-ты қытайлық емес компанияға сатуға міндетті. Олай болмағанда, TikTok қосымшасы 2025 жылдың 19 қаңтарынан кейін АҚШ-та шектеледі.

     

  • Қаскелең мен Алматы арасындағы жол сегіз жолақты болады

    Қаскелең мен Алматы арасындағы жол сегіз жолақты болады

    Жобаның алғашқы кезеңінде Алматыдағы үлкен айналма жолдан Қаскелең өткеліне дейін, екінші кезеңде өткелден Айтей ауылына бұрылысқа дейінгі бөлігі жөнделеді. Қазір жобалау жұмыстары басталып кетті.

    «Бұл көлік қатынасын жақсартып, жолға кететін уақытты қысқартады деп күтілуде. Жолдың өткізу мүмкіндігі тәулігіне 60-90 мың көлік аралығында болады. Жолды кеңейту кептелісті азайтады. Көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін 12 жер асты жаяу жүргіншілер өткелі салынады», – делінген министрлік таратқан хабарламада. 

  • Ауа райына байланысты Алматы облысында жол жабылды

    Ауа райына байланысты Алматы облысында жол жабылды

    2025 жылғы 19 қаңтар сағат 22:00-де Алматы облысы бойынша ауа райының бұзылуына байланысты «Алматы-Өскемен»  автожолының 25-67 шақырымында көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» компаниясы.

    Жолды  2025 жылғы 20 қаңтар сағат 08:00-де ашу жоспарланған. Жолаушылар 1403 байланыс орталығына хабарласып, тәулік бойы қосымша ақпарат ала алады.

  • Қонаевта қысқы дрифт шоу өтіп жатыр

    Қонаевта қысқы дрифт шоу өтіп жатыр

    Шара 16 қаңтар күні басталған. Бүгін ақтық мәре өтуде.

    Шараны тамашалауға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те келді.

    Дрифт шоу үшін ауданы 20 600 шаршы метрді құрайтын Орта Азиядағы ең үлкен мұз айдыны ашылды.

    Көлік жарысына әлемнің түкпір-түкпірінен жүргізушілер жиналған. Көрермен үшін мейрамхана жұмыс істеп тұр және тегін ыстық шай, кофе ұйымдастырылған.

    Сыйлық қоры жекелей қатысушыларға 1000 АҚШ доллары мен командалық есепте 2000 АҚШ долларын құрап отыр. Дрифт шоудан кейін AFTERPARTY өтеді. Оның хедлайнері – Нигатив және V$XV PRiNCE.

    Сондай-ақ бүгін Қонаев қаласының әкімдігі білім, спорт және әлеуметтік қорғау басқармаларымен бірлесіп, 500 балаға тегін коньки тебу демалысын ұйымдастырды.

    Жалпы ASP arena — Қонаевта жүзеге асып жатқан ірі инвестжобаның бірі. Арена аумағында қонақ үй кешені, мейрамхана, картинг, 3200 көрермен  сиятын трибуна салынған. Жалпы аумағы 63 гектарды құрайды. Тартылатын инвестиция көлемі — 8,1 млрд.тг. Аталған нысан қалада туризмді, автоспортты дамытуға ерекше мүмкіндік береді. Инвесторлардың сөзінше, бір күндік демалысқа жатын орын, мұз айдынына кіру, мейрамхана, картинг қосқанда 35000 теңге жұмсалады. Бағалар — қолжетімді.

    Естеріңізде болса, мұнда былтыр жазда дрифт шоу және Rock festival өткен болатын.