Рубрика: Жаңалықтар

  • Жапонияда жойқын жер сілкінісі болды

    Жапонияда жойқын жер сілкінісі болды

    Жапонияның оңтүстік-батыс бөлігінде магнитудасы 6,9 балдық жойқын жер сілкінісі болды. Зілзаладан соң өңірде цунами қаупі туралы ескерту жарияланды, – деп хабарлады NHK

    Жапония метеорологиялық агенттігінің мәліметінше, жер сілкінісі жергілікті уақытпен сағат 21:19-дан (Астана уақыты бойынша сағат 17:19) кейін болған. Осыған байланысты Кюсю аралындағы Миядзаки префектурасында, сондай-ақ Жапонияның оңтүстігіндегі Коти префектурасында ескерту жарияланды.

    Жер сілкінісінен соң шамамен 30 минут ішінде биіктігі бір метр болатын алғашқы цунами толқыны жағалауға жетті.

    Жергілікті билік цунами қаупі туралы ескертуді дүйсенбі күні кешкісін алып тастады, бірақ тұрғындарды теңізден және жағалаудан аулақ болуға шақырып жатыр. Себебі екінші және үшінші толқындар алғашқы толқыннан биік болуы мүмкін деп болжанып отыр.

    Синоптиктердің айтуынша, осы ауданда дәл осындай күшті жер сілкіністері болса, жартастардың құлауы және тастардың домалауы тұрғындарға қауіп төндіруі мүмкін.

    Жапонияның көп бөлігі Тынық мұхитының отты сақинасында орналасқан. Сондықтан бұл аймақ қарқынды сейсмикалық және вулкандық белсенділігімен танымал.

  • Ақтөбеде кепілге алынған үйден екі адам қайтыс болды

    Ақтөбеде кепілге алынған үйден екі адам қайтыс болды

    Ақтөбеде облыстық ПД бастығы соңғы ақпаратты таратты.

    – Оқиға болған жерді зерделеу барысында жертөледе пышақ жарақаттарымен егде жастағы ата-анасы табылды. Өкінішке қарай, зардап шеккендердің бірі тасымалдау кезінде, ал екіншісі ауруханада көз жұмды. Үшінші жәбірленушіге дәрігерлер барлық қажетті медициналық көмек көрсетіп жатыр. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция департаменті қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Кінәлі адам заңның барлық қатаңдығымен жазаланатын болады, – деп хабарлады облыстық ПД бастығы Абай Жүсіпов.

    – Жедел тергеу тобы мен арнайы бөлімшелер оқиға орнына дереу жетті. Жедел қызметтер келген бойда бір әйелдің кепілге алынғаны белгілі болды. Олар күдіктімен таныс болған. Бұл ретте күдікті қандай да бір талаптар қойған жоқ. Үш сағаттық келіссөздерден кейін және күдікті кепілге алынған адамды босату туралы талаптарды орындаудан бас тартқаннан соң шабуыл жасау туралы шешім қабылданды. Арнайы операция нәтижесінде күдікті ұсталып, кепілге алынған әйел босатылды, – деді Абай Жүсіпов.

    Айта кетейік, оқиға 13 қаңтар күні сағат 20:00 шамасында болды. Хабарлама Жедел басқару орталығына түсті. Ақтөбеде жеке үйлердің бірінде белгісіз ер адам қызды кепілдікте ұстаған болатын.

    «102 нөміріне жеке үйлердің біріне белгісіз адамның кіріп, қызды кепілге алғаны туралы хабар түсті. Барлық жедел қызметтер оқиға орнына дереу жетті, аудан қоршауға алынды. Оқиға орнында полиция департаментінің бастығы мен қала прокуроры бар, келіссөздер жүргізілуде», – деп хабарлады полиция.

     

  • Қыз баланы әуежайда қалдырып кету оқиғасы: Air Astana сотта жеңілді

    Қыз баланы әуежайда қалдырып кету оқиғасы: Air Astana сотта жеңілді

    Бүгін Air Astana-ның Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының шешіміне түсірген аппеляциялық шағымын қарау аяқталды. Тасымалдаушы моральдық шығынды 5 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге төмендетуді сұраған еді.

    Алматы қалалық сотының сот алқасы шағымды қанағаттандырудан бас тартып, шешімді өз күшінде қалдырды. Бұл баланың анасы алғашқы сот үкім еткендей 5 млн теңге моральдық шығын алады деген сөз, — делінген аввокаттың Telegram арнасындағы хабарламасында.

    Қорғаушы осы бір даулы істің нүктесі қойылып, онда жеңіп шыққандарына қуанышты екенін жеткізген.

    – Сот қаулысы заңды күшіне енді. Бұл кейс алдағы уақытта жақсы үлгі болатыны сөзсіз, – деп түйген сөзін Данильхан Шағатаев.

    Еске сала кетейік, былтыр шілде айында FlyArystan әуе компаниясы ата-анасы сеніп тапсырған тұлғамен бірге Нью-Йорк қаласынан ұшып келіп, артынша Оралға ұшуы тиіс қыз баланы Астана әуежайында қалдырып кеткен болатын

  • Павлодарда 4 жасар бала ойын алаңындағы биік тордан құлап кеткен

    Павлодарда 4 жасар бала ойын алаңындағы биік тордан құлап кеткен

    Павлодарда 4 жасар бала сауда орталықтарының біріндегі ойын алаңында биіктен құлап кеткен. Кішкентай бала жіп торларда өрмелеп жүріп, 5 метр биіктіктен жерге қарай құлап түскен.

    «Бүгін, 12 қаңтарда сағат 13.00- де 4 жасар баламыз Әмір «Батыр Молл» орталығындағы «Викинг Лэнд» ойын алаңында 5 метр биіктіктен құлап кетті. Әмір екі бауырымен бірге ойнап жүрген. Атасы сыртта күтіп отырған. Ол жерге үлкендердің кіруіне болмайды. Баламның аузы-басынан қан кетті, қатты қорқып қалған. Ортаншы ұлымда құлап қала жаздап, аяғы ілініп аман қалған. Фото мен видео айғақтар бар. Сол жерде жедел-жәрдем мен полицияны шақырдық. Облыстық ауруханаға бардық. Ұлым басынан жарақат алды, тексеріліп жатырмыз. Кінәлілерді жазалауды сұраймыз. Балалар ойнайтын алаңның қауіпсіздігі сақталға тиіс», – деп жазды баланың анасы.

    Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі аймақтық уәкіл Сәуле Шәкенова жағдайды жеке қарауына алғанын хабарлады.

    «Мен баланың анасымен байланыстамын. Қазір олар облыстық балалар ауруханасына жатты, дәрігерлердің бақылауында», – деп пікір білдірді уәкіл.

    Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бала жазылған соң, сот-медициналық сараптама тағайындалады, оның нәтижелері бойынша іс жүргізу шешімі қабылданады. Сондай-ақ, тексеру аясында жауапты тұлғалардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.

  • AZAL ұшағының неліктен Ақтауға қонуға шешім қабылдағаны белгілі болды

    AZAL ұшағының неліктен Ақтауға қонуға шешім қабылдағаны белгілі болды

    Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines Embraer-190 ұшағының ұшқыштары неліктен Ақтауға қонуға шешім қабылдағаны белгілі болды.

    Media.az мәліметінше, ұшқыштардың Ақтауды таңдағаны 29 адамның аман қалуына себеп болған. Ұшқыш-нұсқаушы Вугар Мехдизаденің айтуынша, ұшақтың Ақтауға бағытталуының себебі –  қаланың әуежайы айналасындағы жер бедерінің таулы емес, тегіс болуы. Ұшақ басқарылмай қалғандықтан, капитанның дәл осы жерде апатты қону туралы шешімі дұрыс болған. Мехдизаде ұшқыштардың қиын жағдайда Қазақстанға дейін жеткенін атап өтіп, олардың ерлігі мен кәсібилігін жоғары бағалады.

    Еске сала кетейік, 2024 жылдың 25 желтоқсанында Embraer E-190 ұшағы Баку-Грозный бағыты бойынша ұшып бара жатып, Қазақстанның Ақтау қаласы маңында апатқа ұшырады. Ұшақта 67 адам болған, оның ішінде 5 экипаж мүшесі және 62 жолаушы. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 адам аман қалды.

    Апаттың нақты себебі әлі анықталмағанымен, Әзірбайжан билігі Ресей зымыраны соққысынан зақым келді деп есептейді.

  • Зеленский Украинаға қарсы соғысып жүрген КХДР сарбазы қолға түскенін хабарлады

    Зеленский Украинаға қарсы соғысып жүрген КХДР сарбазы қолға түскенін хабарлады

    Владимир Зеленский өзінің телеграм-арнасында Украинаға қарсы соғыста Солтүстік Кореяның Ресей Федерациясы жағында қатысып жатқаны туралы дәлелдер табылғанын мәлімдеді. Украина әскерилері Солтүстік Кореяның екі сарбазын – атқыш пен снайперді тұтқынға алды. 

    Украина президентінің айтуынша, «оларды қолға түсіру оңай болған жоқ».

    «Әдетте ресейліктер мен Солтүстік Кореяның басқа сарбаздары қолға түспеу үшін жараланған сарбаздың көзін жояды. Олар Украинаға қарсы соғысқа басқа мемлекеттің, атап айтқанда  — Солтүстік Кореяның қатысуы туралы ешқандай дәлел қалмауы үшін бәріне барады», — дейді президент. 

    Оның айтуынша, тұтқынға түскен Солтүстік Корея сарбаздары жараланып, Киевке жеткізілген. Шетелдіктердің бірінде Ресейдің әскери билеті болса, екіншісінде мүлде құжат болмаған.

    Зеленский «барлық тұтқындар сияқты Солтүстік Кореяның бұл екі сарбазы да қажетті медициналық көмек алып жатыр» деп қосты. Ол сондай-ақ Украина қауіпсіздік қызметіне журналистердің тұтқындармен кездесуін қамтамасыз етуді тапсырды.

    Украина қауіпсіздік қызметі өзінің ресми сайтында тұтқынға алынған Солтүстік Корея сарбаздары туралы мәліметтерді жариялады.

    «Тиісті қылмыстарды құжаттап, тергейтін Украина қауіпсіздік қызметіне Солтүстік Кореяның біздің мемлекетке қарсы ресейлік соғысқа қатысқаны туралы бұлтартпайтын дәлел тапты. Әңгіме Солтүстік Кореядан келген екі сарбаз туралы болып отыр, олардың бірін 2025 жылы 9 қаңтарда арнайы операциялық күштердің № 84 тактикалық тобының сарбаздары, екіншісін Украина қарулы күштерінің десантшылары тұтқынға алды» деп жазды ресми сайт .

     

    Шетелдіктерге тұтқынға түскеннен кейін бірден Женева конвенциясында көзделген барлық қажетті медициналық көмек көрсетілді. Олар бірінші кезектегі тергеу шараларын жүргізу үшін Киевке жеткізілді. Олар халықаралық құқық талаптарына сай келетін тиісті жағдай жасалады»,  деп хабарлады Украина қауіпсіздік қызметі.

    «Тұтқындар украин, ағылшын немесе орыс тілдерін білмейді, сондықтан олармен байланыс Оңтүстік Кореяның LDC барлау қызметімен бірлесіп корей аудармашылары арқылы жүзеге асады» деп жазылған хабарламада.

  • «Келешек»: 5 жасқа толған балалардың шотына қанша теңге түсетіні белгілі болды

    «Келешек»: 5 жасқа толған балалардың шотына қанша теңге түсетіні белгілі болды

    Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі әзірленді.

    Мемлекеттік қолдаудың бұл шарасы Қазақстандағы балаларға 5 жастан бастап 18 жасқа толғанға дейін елде және шетелде білім беру қызметтеріне, соның ішінде жоғары, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін тұрақты түрде қаржы жинақтау мақсатына арналған.

    «Келешек» жүйесіне қатысу үшін ата-аналар мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің қатысушылары болатын екінші деңгейдегі банктерде және сақтандыру компанияларында шот ашуы қажет, оған 5 жасқа толған балаларға 60 АЕК (2025 жылы 235 920 теңгені құрайды) және жетім балалар үшін 120 АЕК (471 840 теңге) мөлшерінде бастапқы білім беру капиталы, 5-7% мөлшерінде мемлекеттік сыйлықақының жыл сайынғы төлемі және инвестициялық табыс есептеледі.

    «Келешек» жүйесінің шарты – ата-аналар кемінде 12 АЕК мөлшерінде жыл сайынғы міндетті ең төменгі жарнаны төлеуі тиіс.

    Шоттарды Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры, ал сақтандыру төлемдерінің сомасын Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры сақтандырады.

    Мемлекеттік білім беру грантын алған жағдайда қаражатты жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға пайдалануға болады.

    Сонымен қатар, жинақталған қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағыттауға және қажет болған жағдайда үшінші тұлғаларға беруге болады.

  • Алматы облысында қайтарылған активтер есебінен спорт кешені салынады

    Алматы облысында қайтарылған активтер есебінен спорт кешені салынады

    Жоба «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң шеңберінде іске асырылуда. Президенттің тапсырмасы бойынша Арнаулы мемлекеттік қордағы қаражат өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына бағытталады.

    Спорт кешені жалпы дене шынықтыру дайындығы бойынша оқу-жаттығу сабақтарына және жарыстар өткізуге арналған. Жобада бокс, күрес және басқа да спорт түрімен айналысуға арналған бірнеше зал қарастырылған.

    2024 жылы Қазақстанда барлығы 90 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды, олардың басым бөлігі ауылдық жерлерде. Бұдан басқа, Үкімет 2025 жылдың соңына дейін спорттық инфрақұрылымға ауқымды түгендеу бағдарламасын іске асыруда: 113 жаңа нысан салу және жұмыс істеп тұрған 26 спорт мекемесін реконструкциялау жоспарлануда.

    Бүгінгі таңда Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға шамамен 50,6 млрд теңге бөлді. Олардың қатарында 4 мектеп, оның ішінде біреуі музыкалық мектеп, спорт кешені, көпсалалы аурухана кешені, жатақхана, 2 балабақша бар.

    «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң субъектілерінің қаражаты есебінен Арқалық, Астана, Алматы қалаларында бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүргізілуде.

  • Қаңтар айында өтетін ҰБТ басталды

    Қаңтар айында өтетін ҰБТ басталды

    Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 167 мыңға жуық адам ҰБТ-ға қатысуға өтініш берді. Олардың 76,7%-ы қазақ тілінде, 23,2%-ы орыс тілінде, 142 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді.

    Қаңтар ҰБТ-сын өткізудің бірінші күні ғылым және жоғары білім  министрі Саясат Нұрбек Астана қаласындағы тестілеу орталықтарының бірінде болды. Ол ҰБТ-ның өту барысымен танысып, болашақ студенттерге сәттілік тіледі.

    Талапкерлер өтініш беру барысында тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады. Тестілеудің бірінші күні еліміз бойынша 2277 адам, оның ішінде елордада 155 талапкер ҰБТ тапсырады. Ең көп таңдалатын бейіндік пәндер комбинациясы бірнеше жыл қатарынан өзгеріссіз қалып отыр. Талапкерлердің 17,5%-ы «Математика-Физика» комбинациясын таңдаған. Яғни, бұл болашақ инженерлер, механиктер, мұғалімдер, техниктер мен технологтар, энергетиктер, құрылысшылар. Ал 17,3%-ы «Биология-Химия», 10,3%-ы «Математика-Информатика» пәндерін таңдады, сәйкесінше болашақ медицина қызметкерлері мен IT мамандары, – деді министр Саясат Нұрбек.

    ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша пәндер. ҰБТ тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл – 140.

    Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.

    Естеріңізге сала кетсек, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шығармашылық ББТ-дан басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.

    ҰБТ 10 ақпанға дейін жалғасады.

     

  • Д.Қонаев туған күні: қонаевтық 80 отбасы баспаналы болды

    Д.Қонаев туған күні: қонаевтық 80 отбасы баспаналы болды

    Алдымен барша жұрт Д.Қонаевтың туғанына 113 жыл толуына орай, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Кейіннен Мәдениет үйінде мемлекет және қоғам қайраткерін еске алу кеші өтті.

    Шараға қала әкімі Асхат Бердіханов қатысып, Д.Қонаевтың өр тұлғалы азамат болғаны жайында маңызды деректерге тоқталды.

    «Бүгін біз үшін ерекше күн. Себебі, дәл осы күні, 1912 жылдың 12 қаңтарында қаламызға есімі берілген еліміздің даңқты перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев дүние есігін ашты. Қонаев атамыз ел басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 43 қала салынды. Ол Іле өзенінің бойына бөген салдырып, жаңа су электр стансасының бой көтеруіне, осы маңда жаңа Қапшағай қаласының іргетасы қалануына еңбек сіңірді», – деді Асхат Бердіханов.

    Содан кейін әлеуметтік осал топтағы отбасыларға және кезекте тұрған азаматтарға 80 пәтердің кілті табыс етілді. Шағын концерттік бағдарламадан соң, шаһар басшысы бүгін баспаналы болған екі отбасының үйіне барып, құттықтап шықты.

    «Өзім көпбалалы анамын, 7 балам бар. Үй кезегінде 17 жылдан бері тұрғанмын. Бүгін атамыздың туған күнінде жақсы жаңалық болып, үйге қолымыз жетті. Қуаныштымын! Әлеуметтік осал топтағыларды, көпбалалы аналарды, жетімдер мен ардагерлерді қолдап жүрген мемлекеттік қызметкерлерге алғысым шексіз», – деді үй иесі Назым Ахметова.

    Айта кетейік, пәтерлер жекешелендіру құқығынсыз жалға берілді. Жалға алу құны – қолжетімді. Былтыр Қонаевта 85 отбасыға пәтер кілті табысталған болатын.