Рубрика: Жаңалықтар

  • Қонаев Абай көшесіндегі жабайы сауда мәселесін қалай шешті?

    Қонаев Абай көшесіндегі жабайы сауда мәселесін қалай шешті?

    Қонаев қаласындағы Абай көшесі ұзақ жылдар бойы жабайы сауда орнына айналып, шаһардағы мәселесі шешілмеген негізгі аумақ ретінде келген еді.  

    Осы маңайдағы үйлердің тұрғындары мұндағы антисанитариялық жағдай, қоқыс және рұқсат етілмеген сауда нүктелеріне байланысты туындаған қолайсыздықтар жайында әкімдікке бірнеше мәрте шағымданған. Жағдайдың шегіне жеткені соншалық, коммуналдық қызмет күн сайын аумақты тазаласа да, көпке дейін мәселені түбегейлі шешу мүмкін болмады.

    Қала билігі қолға алған нақты шаралар

    Биыл әкімдік Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіхановтың жетекшілігімен белсенді іс-қимылға көшті. Абай көшесіндегі барлық заңсыз дүңгіршектер алынып, аумақ тазартылды. Қала билігі көшені кеңейтіп, абаттандыру жұмысының жоспарымен таныстырды. Яғни, бұл аумақта заманауи жаяу жүргіншілер жолын, автотұрақтар мен демалыс орнын ашатынын жеткізді.

    Алайда, бұл өзгерісті бәрі бірдей оң қабылдаған жоқ. Көптеген саудагер үшін Абай көшесі жылдар бойы кәсіппен айналысқан мекені болды. Әрине, ақша әкеліп тұрған үйреншікті орнын жоғалту кәсіпкерлердің наразылығын тудырмай қоймады.

    Саудагерлермен диалогқа келу

    Бүгін Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов жабайы сауданы жүргізіп келген өкілдермен кездесіп, қала билігінің жоспарын түсіндірді. Жиында Абай көшесін абаттандырудың алдын ала жобалары таныстырылды. Мұнда тек инфрақұрылымды жақсарту ғана емес, сонымен қатар барлық қажетті нормаға сәйкес келетін сауда нүктелерін құру мүмкіндігі қарастырылатыны да айтылды.

    Қала әкімі өз пікірінде жаңа абаттандырылған аумақта сауда нүктелері модульдік, заманауи және қаланың жалпы сәулеттік келбетіне сай болуы керектігін баса айтты. Сондай-ақ ол кәсіпкерлерге қала билігінің қоғамдық мүддені бұзбайтын жағдайда жүргізілген шағын бизнесті қолдауға дайын екенін жеткізді.

    Аумақты жақсарту перспективалары

    Абай көшесін абаттандыру жоспарлары барлық тұрғындар үшін жайлы және қауіпсіз қалалық ортаны құруды көздейді. Жаңарту мен жөндеу жұмыстарының нәтижесінде көше кәдімгі серуендеуге, демалуға, сауда жасауға ыңғайлы заманауи қоғамдық кеңістікке айналады. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, жалпы қаланың дамуына үлес қоса отырып әрі инвесторлардың назарын аударады.

    Қонаев әкімдігі халықпен және кәсіпкерлермен тиімді диалог орнату қаланың күрделі мәселелерін шешуге негіз бола алатынын көрсетті. Алда атқаратын жұмыс көп. Дегенмен, қазірдің өзінде жасалған қадамдар алға қойылған міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыруға сенімділік ұялатады.

  • Президент Құрлық әскерлерінің жаңа бас қолбасшысын тағайындады

    Президент Құрлық әскерлерінің жаңа бас қолбасшысын тағайындады

    2024 жылдың 26 ​​қарашасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Қарулы Күштерінде кадрлық ауыс-түйіс жүргізді. Мемлекет басшысының өкімімен Құрлық әскерлерінің жаңа бас қолбасшысы болып Мереке Күчекбаев тағайындалды.

    «Мереке Мәтімұлы Көшекбаев Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы лауазымына тағайындалды», – деп жазылған ресми ақпаратта.

    Қазақ армиясында Күчекбаев әскери училище курсынан бастап «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысына дейін өтті. Осы жылдар ішінде жауынгерлік дайындықта жауапты қызметтер атқарды. Бірнеше әскери бөлімдердің қолбасшысы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлері Аэро-шабуылдаушы әскерлерінің қолбасшысы болды.

    1997 жылы Алматы жоғары құрама қару-жарақ командалық училищесін, 2007 жылы Ұлттық қорғаныс университетін, 2019 жылы Ресей Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын бітірген.

    2-дәрежелі «Даңқ» және «Айбын» ордендерімен, ведомстволық наградалармен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

    Басқа бұйрықпен Асан Қуанышұлы Жүсіпов бұл қызметтен босатылды.

    Өзгерістер мұнымен бітпеді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қуанышбек Үштаевты «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы қызметінен босатады. Оның орнына бұл қызметке Ержан Ибраев келді.

  • Қазақстанда 1,3 мың шақырым болатын теміржол салынады – Министр

    Қазақстанда 1,3 мың шақырым болатын теміржол салынады – Министр

    Қазақстанның көліктік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту мақсатында жалпы ұзындығы 1300 шақырымды құрайтын 4 теміржол жобасын іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

    Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында айтты.

    «Достық-Мойынты теміржол учаскесінде екінші жолдардың (836 км) және Алматы айналма жолының (74 км) құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ, Дарбаза-Мақтаарал (152 км) және Бақты-Аягөз (272 км) желілерінің құрылысы басталды. Бұл жобаларды іске асыру Достық станциясының өткізу қабілетін жылына 35 млн тоннаға дейін ұлғайтуға, Алматы станциясы арқылы жүк өткізу уақытын қысқартуға, Сарыағаш станциясын босатуға мүмкіндік береді», – деді Марат Қарабаев.

    Министр бұл Орталық Азия мен Қытай бағыттарындағы инфрақұрылым қабілетін 20 млн тоннаға артыратынын да айтты.

    Айта кету керек, осыған дейін «Қазақстан темір жолы» компаниясы пойыздардың кешігу себебін түсіндіргенін жазған болатынбыз.

  • Арал теңізіне тағы 1,6 млрд текше метр су жіберіледі

    Арал теңізіне тағы 1,6 млрд текше метр су жіберіледі

    Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді.

    «Жыл басынан бері Солтүстік Аралға шамамен 2 млрд текше метр су жіберілді. Бүгінгі таңда теңіздегі судың жалпы көлемі 22 млрд текше метрге жетті. Су дипломатиясы мен Орталық Азиядағы әріптестерімізбен тығыз жұмыстан бөлек, теңізді толтыруда су үнемдеу технологияларын енгізу де маңызды рөл атқарады. Жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде биыл Қызылорда облысының шаруалары 200 млн текше метрге жуық су үнемдеді. Бұл су Солтүстік Аралға жіберілді. Мәселе өте маңызды, біз оны жан-жақты қарастырып, үнемі бақылауда ұстаймыз», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

    Сонымен қатар Түркіменстанда өткен көрші елдермен келіссөздер кезінде 1-сәуірге дейін Шардара су қоймасына 11 млрд текше метр су жіберу туралы шешім қабылданды. Бұл еліміздің оңтүстік аймақтарына 2025 жылғы суару маусымы үшін қажетті су көлемін жинауға мүмкіндік береді.

  • Шымкенттік спортшылар Қонаев қаласы әкімінің кубогін жеңіп алды

    Шымкенттік спортшылар Қонаев қаласы әкімінің кубогін жеңіп алды

    Өткен демалыс күндері Қонаевта алғаш рет волейболдан қала әкімінің кубогі сынға түсті. Әуесқой ересектер арасында өткен жарысқа еліміздің түрлі өңірінен 12 команда қатысты.

    Спортшыларды шараның ашылуымен әкімнің орынбасары Төлеген Кенжебеков құттықтады.

    «Қонаев қаласы облыс орталығы статусын алғалы тұңғыш рет әкім кубогі өтіп отыр. Алдағы уақытта да түрлі шараларды ұйымдастыру жоспарлануда. Сондай-ақ қаламызда бірқатар спорт нысаны бой көтереді деп көзделуде. Келген қадамдарыңызға нұр жаусын! Баршаларыңызға сәттілік тілеймін!», – деді ол.

    Ашық турнирдің 1-ші күні топтық кезең ойнатылып, жартылай финалға «Жаркент-Талды», «Жетісу облысы», «Шымкент», «Ширин» командалары шықты. Командалар ішінен Шымкент спортшылары кіл мықты екенін дәлелдеп, 1-орынды иеленді. 2-орынды Ұйғыр ауданынан келген жігіттер жеңіп алды, ал 3-орынға жетісулық команда табан тіреді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды.

    Сонымен қатар спортшылар жекелеген «Үздік ойыншы», «Үздік үйлестіруші», «Үздік тосқауылшы», «Үздік шабуылдаушы» номинацияларымен марапатталды.

  • Алматы облысында 60-тан аса құрылыс компаниясы жауапқа тартылды

    Алматы облысында 60-тан аса құрылыс компаниясы жауапқа тартылды

    Ақпаратқа сәйкес, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы инспекторлары ауқымды тексерістер жүргізіп, құрылыс нормалары мен ережелерін бұзудың жүздеген фактісін анықтады.

    Тексерістердің қорытындысы бойынша 78 әкімшілік материал әзірленді. Олардың 28-і облыстық соттарға жолданды, ал қылмыстық іс қозғалмаған құқықбұзушыларға жалпы сомасы 14 млн 644 мың 140 теңге айыппұл салынды. Тексерістер барысында 23 заңсыз құрылыс нысаны анықталды. Олардың материалдары да сотқа жолданды. Заңсыз салынған құрылыстар, оның ішінде Талғар ауданындағы көпқабатты тұрғын үй кешені, бұзылуға жатады. Қазір 4 сабан үй бұзылып, 7 нысанға бұзу туралы талап-арыздар жолданды, – делінген хабарламада.

    Сондай-ақ, Қонаев қаласындағы оқу корпусының, «Eco-Park Alatau» ТК-ның кәріз жүйелері мен Райымбек ауданындағы су бөгеттерінің құрылысы барысында көптеген заңбұзушылықтар анықталды. Мердігерлер мен техникалық қадағалау ұйымдарына қатысты шаралар қабылданды. 61 құрылыс компаниясы жауапқа тартылды, оның екеуі – «Sheberbuild» ЖШС және «Жаңарту» ЖШС Сот шешімімен лицензиясынан айырылды.

  • Автобуста әйелді ұрған ер адам қамауға алынды

    Автобуста әйелді ұрған ер адам қамауға алынды

    Алматы полициясы департаменті қоғамдық көлікте әйелді ұрған 66 жастағы жергілікті тұрғынды қамауға алды.

    Полиция департаментінің мәліметінше, ер адам әйелдің қатты сөйлегеніне наразы болып, оған дене жарақатын салған.

    «Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда», – деді Алмалы ауданы полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Батыржан Абдумасаров.

    Әрбір азамат құқықтық тәртіп қатаң сақталып, кез келген құқыққа қайшы әрекетке заңды түрде баға берілетініне сенімді болуы тиіс.

  • Қырғызстанда электронды темекіге тыйым салынды

    Қырғызстанда электронды темекіге тыйым салынды

    Көрші ел президенті тиісті заңға қол қойды. Енді мұнда электронды темекі әкелгендер мен оны пайдаланғандар айыппұл арқалайды. Бұл туралы 24 kz жазды.

    Жеке тұлғалар үшін оның мөлшері – 10 мың сом. Бұл біздің ақшамен 57 мың теңгеден асады.

    Заңды тұлғалар 6 есе көп төлейді. Тыйым салынған затты елге алып кіргендер үшін жаза қатаң. Олар үшін ірі мөлшерде айыппұл, бір жылға дейін түзету жұмыстары, бір жыл белгілі бір іспен айналысуға тыйым салу және екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
     

  • Түркістан облысында ветеринария қызметінің басшысы сотталды

    Түркістан облысында ветеринария қызметінің басшысы сотталды

    Түркістан қалалық сотының үкімімен облыстық ветеринария басқармасы Ветеринарлық қызметінің басшысы Бахытжан Бегманов сотталды.

    Антикор мәліметінше, ол аудандық ветеринариялық қызметтің 115 қызметкеріне сыйақы ретінде төленген жалпы сомасы 5,5 млн теңгені жинаған. Осылайша, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған. Сот оны кінәлі деп тапты.

    Сот үкімімен Бахытжан Бегмановқа 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеліп, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

    Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

  • Абай облысында боранға байланысты көлік қозғалысы шектелді

    Абай облысында боранға байланысты көлік қозғалысы шектелді

    Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, боран соғып, жолдың дұрыс көрінбеуіне байланысты екі учаскеде көлік қозғалысына тыйым салынды.

    «Атап айтқанда, «Мақаншы – Жалаңашкөл» тасжолының 0-133 шақырымы, «Мақаншы – Үшарал» тасжолының 0-48 шақырымы көліктің барлық түрі үшін жабық тұр. Жүргізушілерден сақтық шараларын қаперде ұстауды және бұл ақпаратты жол жүру жоспарында ескеруді сұраймыз», — деп хабарлады ведомство өкілдері.

    Осы ретте, полицейлер жабық жол учаскесімен жүріп кеткен жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертті.