Рубрика: Жаңалықтар

  • Абай облысындағы «Dala SK Construction» ісі бойынша тергеу аяқталды

    Абай облысындағы «Dala SK Construction» ісі бойынша тергеу аяқталды

    Абай облысы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті Dala SK Construction ЖШС басшылығы мен оған аффилиирленген компанияларға қатысты тергеуді аяқтады. Тергеу мәліметінше, компания азаматтардың қаражатын үлестік құрылыс ретінде заңсыз тартқан, деп хабарлайды Sona.kz afm_rk-ға сілтеме жасап.

    Агенттік хабарлағандай, компания екі жыл бойы рұқсат беру құжаттарын, жобалық-сметалық құжаттаманы, мемлекеттік сараптаманы және авторлық қадағалауды рәсімдемей тұрғын үй кешендерін салумен айналысқан.

    Азаматтарды тарту үшін интернетте нарықтық бағадан төмен баспана мен пайызсыз бөліп төлеу туралы жарнама жарияланған. Алайда Irtysh Riverside тұрғын үй кешеніндегі алты жоспарланған ғимараттың тек біреуінің қаңқасы ғана салынған.

    2024 жылдың қазан айында Dala SK Construction заңсыз құрылыс және рұқсатсыз кәсіпкерлік қызмет бойынша ӘҚБтК-нің үш бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құрылыс жұмыстары тоқтатылды.

    Сот шешімдеріне қарамастан, компания басшылығы жобаның жүзеге асып жатқанын көрсетіп, жарнаманы жалғастырған. Соның нәтижесінде 64 азаматпен жалған брондау шарттары жасалған.

    Тергеу мәліметі бойынша, заңсыз тартылған қаражаттың жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асты. Қаражаттың бір бөлігі Өскемендегі аффилиирленген компанияларға аударылып, онда да рұқсатсыз құрылыс жүргізілген.

    Зиянды өтеу мақсатында күдіктілердің мүлкіне: екі пәтер, он жер телімі және алты автомобильге тыйым салынды. Ұйымдастырушы қамауға алынды.

    Агенттік ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайтынын мәлімдеді.

  • Павлодарда жеті жастағы балаға тілін кесуге әрекет жасалған

    Павлодарда жеті жастағы балаға тілін кесуге әрекет жасалған

    Павлодарда жеті жастағы оқушыға қатысты оқиға тергеліп жатыр. Баланың анасының айтуынша, 9 желтоқсанда он жастағы екі бала оның ұлын ұрып, қайшымен тілін кесуге әрекет жасаған, деп хабарлайды Sona.kz Jagdai-ға сілтеме жасап.

    Полиция денсаулыққа жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталып жатыр.

    Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың ата-аналарының іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі. Оқиға Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда қаралады.

     

  • Астана стоматологиясындағы қайғылы оқиға: айыпталушыға қатысты жеңілдететін мән-жай алынды

    Астана стоматологиясындағы қайғылы оқиға: айыпталушыға қатысты жеңілдететін мән-жай алынды

    Астанада 2024 жылдың қазан айында тіс емдеу кезінде наркоздан кейін көз жұмған үш жасар қыздың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Айыпталушылар орындығында – анестезиолог-дәрігер. Ол ҚР ҚК-нің 317-бабы 3-бөлігі бойынша «Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы, абайсызда адам өліміне әкелуі» дерегімен сотқа берілген, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    10 желтоқсанда өткен сот отырысында мемлекеттік айыптаушы айыптау актісіне өзгерістер енгізілгенін мәлімдеді. Прокурордың айтуынша, құжаттан бұрын көрсетілген бір жеңілдететін мән-жай  «қылмыстың алғаш рет кездейсоқ жағдайда жасалуы»  деген алынып  тасталды. Дегенмен айыптаудың негізгі мазмұны өзгеріссіз қалды.

    Сот айыпталушыға жаңартылған мәтінмен танысу үшін уақыт берді. Үзілістен кейін процесс қайта жалғасады.

    Еске салайық, оқиға 2024 жылдың 30 қазанында болған: бала жеке стоматологияда наркозбен ем алған соң оянбаған. Қылмыстық іс 2025 жылдың қарашасында Астананың қылмыстық істер жөніндегі межрайондық сотына түсті.

  • Балаларға арналған «Цифрлық қалқан»: Жетісу облысында «E-Bakylau» жүйесі іске қосылды

    Балаларға арналған «Цифрлық қалқан»: Жетісу облысында «E-Bakylau» жүйесі іске қосылды

    Жетісу облысының Панфилов ауданында «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында «E-Bakylau» инновациялық жүйесі енгізілді. Қосымшаның мақсаты  кәмелетке толмағандардың құқығына төнетін қауіптерді ерте кезеңде анықтап, дер кезінде шара қолдану, деп хабарлайды Sona.kz ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.

    Прокуратураның мәліметінше, жүйе педагогтарға әлеуметтік осал отбасылардағы балалардың мектептегі күнделікті бейімделу көрсеткіштерін бақылауға мүмкіндік береді. Баланың мінез-құлқындағы ең ұсақ өзгерістердің өзі тіркеліп, ықтимал қауіп туралы белгі ретінде қарастырылады.

    Жүйе арқылы түскен ақпарат бірден прокуратураға, қамқоршылық органдарына, полиция мен психолог мамандарға жолданады. Бұл мобильді топтың жедел әрекет етуін және балаға уақытылы көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.

    Оқу жылы басталғалы бері «E-Bakylau» арқылы 10 хабарлама тіркелген. Әрбір жағдай бойынша мамандар дер кезінде профилактикалық жұмыс жүргізді.

    Прокуратура жүйенің жазалау емес, алдын алу мақсатын көздейтінін, балаларға қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

    Балалардың құқықтарын қорғау және ерте көмек көрсету тетіктерін дамыту жұмысы жалғасады.

  • Әсел Жанасова Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары болды Тиісті жарлық Ақорда сайтында жарияланды

    Әсел Жанасова Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары болды Тиісті жарлық Ақорда сайтында жарияланды

    Тағайындалғанға дейін ол алты ай бойы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі қызметін атқарды. Бұған дейін Жанасова «Қазпошта» ұлттық пошта байланысы операторын басқарған, деп хабарлайды Sona.kz Ақорда сайтында сілтеме жасап.

    Президент Әкімшілігі басшысының орынбасарлары ведомство жұмысының үйлестірілуін қамтамасыз етіп, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын және орталық мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды қадағалайды.

    Әсел Жанасованың тағайындалуы Президент Әкімшілігінің басқару құрамын күшейтуге бағытталған кезекті кадрлық шешім болды.

  • Тоқаев цифрландыру саласына мораторий енгізді

    Тоқаев цифрландыру саласына мораторий енгізді

    Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасында цифрландырудың кейбір мәселелері туралы» жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Sona.kz Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

    Құжат мемлекеттік функциялардың қайталануын болдырмауға, бюджеттік шығындарды оңтайландыруға және платформалық модельге көшуге бағытталған. Жарлыққа сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға QazTech «электрондық үкімет» платформасынан тыс жаңа ақпараттық жүйелерді әзірлеуге мораторий енгізіледі.

    Егер жаңа жүйені QazTech базасында әзірлеу мүмкін болмаса, әрбір жағдай Президент жанындағы цифрландыруды енгізу жөніндегі комиссияда жеке қаралады. Шешім әр жоба бойынша жеке қабылданады.

    Үкіметке, орталық мемлекеттік органдарға және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жарлықтан туындайтын шараларды орындау және талаптардың сақталуын қамтамасыз ету тапсырылды.

    Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістер мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және реттелмеген IT-жобаларға бюджеттің шашырауын болдырмауға бағытталған.

  • Алматыда автобус жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кетті

    Алматыда автобус жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кетті

    Алматыда қоғамдық автобус жүргізушісі телефонына назар аударып, жаяу жүргіншілер өткелінде қызды қағып кетті. Оқиға Алмалы ауданындағы Төле би даңғылында болған, деп хабарлайды Sona.kz.

    2007 жылы туған қыз ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалап отыр.

    Полиция мәліметінше, автобус жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты ҚК бойынша іс қозғалды.

    «Әрбір жүргізуші жолда барынша мұқият болуы тиіс. Оның бір сәт көңіл бөлмеуі адам өміріне қауіп төндіреді», — деді Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының басшысы Серік Шұмаев.

    Полиция қыстың қиын жағдайында жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

  • Талдыкорғанда есірткі жарнамасын салған тұрғын ұсталды

    Талдыкорғанда есірткі жарнамасын салған тұрғын ұсталды

    Талдыкорғанда полиция қызметкерлері көпқабатты үйдің кіреберісінде есірткі жарнамасы салғаны үшін 36 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады, деп хабарлайды Sona.kz Жетісу облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

    Тексеру барысында күдіктіден аэрозоль баллоны және Samsung A52 телефоны табылды. Тергеу нұсқасы бойынша, ол осы телефон арқылы заңсыз әрекетті ұйымдастырушылармен байланысқан.

    Полиция мәліметінше, азамат Талдыкорған мен Ескелді ауданында тыйым салынған заттарды жарнамалайтын жазбаларды қалдырып жүрген. Ол тергеу кезінде кінәсін толық мойындап, Telegram-арнадағы «қосымша табыс» туралы хабарламаға жауап бергенін айтқан. Бір белгі үшін оған 1000 теңге сыйақы уәде етілген.

    Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда, басқа қатысушылар анықталып жатыр.

    Полиция тұрғындарды күмәнді жазбалар мен «жеңіл табыс» ұсынатын тұлғалар туралы дереу хабарлауға шақырады.

  • Қостанайда 140 млн теңгелік алаяқтық ісі сотқа жіберілді

    Қостанайда 140 млн теңгелік алаяқтық ісі сотқа жіберілді

    Қостанай облысының прокуратурасы аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша айыптау актісін бекітіп, қылмыстық істі Қостанай қаласының №2 сотына жолдады, деп хабарлайды Sona.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.

    Тергеу мәліметінше, ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу және жеткізу саласында жұмыс істеген ЖСШ басшысы 2021 жылдың желтоқсанынан 2022 жылдың сәуіріне дейін Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және басқа да облыстардың кәсіпорындарымен жеткізу туралы келісімшарттар жасаған. Алайда ол келісім міндеттемелерін орындауды көздемеген.

    Айыпталушы контрагенттерді өнімнің қолжетімділігі және жеткізу мүмкіндігі туралы жалған ақпаратпен жаңылыстырып, алдын ала төлем қабылдаған. Келтірілген жалпы шығын 140 млн теңгеден асады. Нақты жеткізілімдер болмаған, логистика бойынша жалған деректер ұсынылған, ал түскен қаражат жеке мақсатта жұмсалған.

    Алаяқтық әрекеттерден 11 кәсіпорын зардап шеккен. Прокуратура бұл шығындардың айтарлықтай қаржылық салдарларға алып келгенін атап өтті.

    Айыпталушының әрекеті ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес («ірі көлемде, бірнеше рет жасалған алаяқтық») сараланған. Санкция 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, мүлікті тәркілеуді және белгілі бір қызмет түрлерімен айналысуға өмір бойы тыйым салуды көздейді.

    Прокуратура жәбірленушілердің құқықтарын қорғау және экономикалық саладағы қылмыстар үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыратынын хабарлады.

  • Айгүл Сайлыбаева ісі бойынша күдіктілер іздестірілуде

    Айгүл Сайлыбаева ісі бойынша күдіктілер іздестірілуде

    Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Наталья Донцова мен оның ұлы Александр Донцовты халықаралық іздеуге жариялады. Ресми деректерге сәйкес, іздеу ісі Талдықорғанда тіркелген, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Айгүл Сайлыбаева  Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық сотының бұрынғы судьясы және «Болашақ» бағдарламасының түлегі. 2024 жылғы 4 маусымда Германияның Бенсхайм қаласында жоғалып кеткен. Сол күні ол қызын балабақшаға апарып, кейін байланысқа шықпай қалған. Сағат шамамен 14:30-да баланы әжесі  Наталья Донцова  алып кеткен, ол да байланыссыз қалған.

    Бірнеше аптадан кейін Айгүл Сайлыбаеваның денесі Бенсхаймның шет аймағынан табылды. Тергеу мәліметінше, денеден зорлық белгілері мойын, бет және қол аймақтарындағы пышақ жарақаттары анықталған. Мәйіт полиэтилен қаптан табылған.

    Қазіргі уақытта қазақстандық және халықаралық құқық қорғау органдары күдіктілерді іздестіру мен істі тергеп-тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр.