Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Нұрқанат Ғайыпбаевтың өлімі: Сот-медициналық сараптамасы жарияланды

    Нұрқанат Ғайыпбаевтың өлімі: Сот-медициналық сараптамасы жарияланды

    Алматы облысының полиция департаменті Нұрқанат Ғайыпбаевтың қазасына байланысты сот-медициналық сараптамасының алдын-ала болжамын жариялады.

    Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі інісі Шерзат жерленген зират маңынан тізерлеп отырған күйі мойнында оралған сыммен бірге табылды. Алматы облысы полиция департаментінің ресми ақпаратына сәйкес, сот-медициналық сараптаманың алдын-ала болжамы ер адамның өлімі өзін-өзі асу арқылы механикалық асфиксия нәтижесінде болғанын көрсетті.

    Сот-медициналық сараптамасының алдын-ала болжамы бойынша, 9 желтоқсанда Талғардың шетінде табылған 30 жастағы ер адамның мәйіті өзін-өзі асу арқылы механикалық асфиксия нәтижесінде болғанын көрсетті.Денесінде зорлық-зомбылық сипаттағы белгілер жоқ.

    Сарапшылар анықтаған дене жарақаттары, суицидті көрсетеді, мойынындағы зақымдану сипаты осындай жағдайларға тән. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары болған оқиғаның барлық мән-жайларын тексеруді жалғастыруда.

  • Прокуратура Шерзат Болаттың отбасына қатысты үндеу жасады

    Прокуратура Шерзат Болаттың отбасына қатысты үндеу жасады

    Ведомство бейбіт жиналыстарды, митингтерді және пикеттерді ұйымдастыру мен өткізу тәртібі Қазақстан Республикасының «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңымен қатаң реттелетінін еске салды.

    «Тұрғындарды жауапкершілік танытып, заңсыз митингтерге қатысуға шақырған үндеулерге ермеуге шақырамыз. Мұндай іс-шараларды ұйымдастыру және оларға қатысу – заңды өрескел бұзу және бұл ауыр зардаптарға әкеледі. Бұл әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы) және қылмыстық жауапкершілік (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 400-бабы) қарастырылған. Заңсыз акцияларға қатысу әкімшілік қамауға алу, ірі айыппұл салу және қылмыстық қудалауға әкелуі мүмкін екенін еске саламыз», – делінген Алматы облысы прокуратурасының үндеуінде.

    Ведомство үндеуі 10 желтоқсанда Азат ауылында болған оқиғадан кейін жарияланды.

  • Есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

    Есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

    Шымкентте жедел іс-шаралар кешенін өткізу барысында есірткі өткізумен айналысатын 5 ер адам ұсталды.

    Ақпаратқа сәйкес,  күдіктілердің бірінің үйінде арнайы желдету жүйесімен, жарықдиодты шамдармен, ылғалдылықты өлшеу құралдарымен, желдеткіштермен, термометрлермен және автоматты суару жүйесімен жабдықталған қарасора өсіру бөлмесі анықталған.

    Фитолаборатория жойылып, өсірілген 46 қарасора бұталары мен құрал-жабдықтар тәркіленді. Күдіктілерден 17 доза синтетикалық есірткі және 30 грамнан астам кептірілген марихуана табылып, тәркіленді, – делінген полиция хабарламасында.

    Іс бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды.

  • Саран қаласына жаңа әкім тағайындалды

    Саран қаласына жаңа әкім тағайындалды

    Жаңадан тағайындалған әкім бұрын Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы қызметін атқарған. Қала басшысын қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев таныстырды. Депутаттар кандидатураны мақұлдады.

    Саран басшысына қаланы дамытудың басым міндеттері белгіленді.

    Дарын Бұлқайыр 2012 жылдан бастап мемлекеттік қызмет саласында қызмет атқарып келеді. Қарағанды қаласы әкімінің аппаратында мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді.

    2013 жылдан 2015 жылға дейін «Қарағанды қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі» ММ бас маманы, басшысының орынбасары болды.

    Содан кейін Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында — бас маман-заңгер, бюджетті атқару бөлімінің бас маманы, мемлекеттік сатып алу және құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы болып жұмыс істеді.

    2017 жылдан 2021 жылға дейін Қарағанды қаласы Октябрь ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

    2021 жылдан 2023 жылдың шілдесіне дейін Қарағанды облысының жер қатынастары басқармасын басқарды.

    2023 жылдың шілдесінен бастап осы тағайындауға дейін Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасын басқарды.

    Айта кетейік, бұған дейін Саран қаласында тұрғындар үйлерде жылудың жоқтығына жаппай шағымданған болатын.

    Саран қаласындағы жылу жағдайына байланысты Энергетика министрі бастаған комиссия құрылды. Комиссия құрамына энергия қадағалау саласының және тиісті органдардың өкілдері кірді. Алмасадам Сәтқалиев Сарандағы қазандықтың іске қосылмауының себептерін атады.

    28 қазанда аппараттық жиналыста Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов пен Қарағанды облысының энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаев қатаң сөгіс алғанын мәлімдеді. Сондай-ақ облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжановқа ескерту түрінде тәртіптік жаза жарияланды.

    29 қазанда Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов қызметінен босатылды.

  • Қытайдан заңсыз әкелінген 35 млн теңгенің киімі тәркіленді

    Қытайдан заңсыз әкелінген 35 млн теңгенің киімі тәркіленді

    Қытайдан заңсыз әкелінген 35 млн теңгенің киімі мемлекет пайдасына тәркіленді. Көлік прокуратурасы мәліметінше, Астанада кеден бекеттерінің бірінен жалған құжаттармен рәсімделген жүк вагоны анықталды. Құжатта көретілген граниттің орнына вагонда Қытайдан келген киімдердің үлкен партиясы табылды.

    Ақмола көлік прокуратурасының талабы бойынша жалпы құны 35 млн теңге болатын 30 тоннадан астам тауар мемлекетке тәркіленіп, әлеуметтік көмек алу үшін балалар мекемелеріне берілді, – делінген хабарламада.

    Сондай-ақ, Алматы авиациялық көлік прокуратурасы әуежайдың уақытша сақтау қоймасында 6 жылдан астам уақыт сақталған 2018 жылы Делиден келген фильм жабдықтарын анықтады. Салмағы 7 тонна, құны 2 млн теңгеден асатын тауарлар кедендік рұқсатсыз болған.

    Прокуратураның өтініші бойынша сотпен жүк иесіз деп танылып, кейін Мәдениет және ақпарат министрлігіне берілді.

  • Бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты зерттеу алдағы наурызда аяқталады

    Бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты зерттеу алдағы наурызда аяқталады

    Парламент депутаттары мүдделі мемлекеттік органдарға бірыңғай уақыт белдеуі мәселесіне қатысты ғылыми-зерттеу жұмысын 2025 жылдың наурызына дейін аяқтауды тапсырды. Бұл туралы Мәжіліс спикері, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Үкімет мүшелерінің қатысуымен өткен фракцияның кеңейтілген жиынында айтты.

    Мәжіліс депутаттары Үкімет мүшелеріне бірыңғай уақыт белдеуін енгізуге қатысты азаматтарды толғандырған өзекті сауалдарды жеткізді. Атап айтқанда, мәжілісмен Жанарбек Әшімжанов Алматы облысының, Жетісу облысының және өзге де өңірлердің тұрғындарынан депутаттық корпус атына келіп түскен көп өтінішке назар аударды.

    Депутат Ерлан Саиров үйлесімді қоғам құру үшін Парламент пен Үкіметтің осы мәселе бойынша біртұтас ұстанымы болуға тиіс екенін мәлімдеді. Депутат Ю. Кучинская мұндай мәселе Үкімет қаулысы деңгейінде шешілмей, заң деңгейінде реттелуі керек деген пікір білдірді.

    Фракция жиынын қорытындылай келе Мәжіліс спикері уақыт белдеуін өзгерту қоғамда ең көп талқыланатын тақырыптың бірі екенін атап өтті. Ол мұндай шешімдерді алдын ала егжей-тегжейлі талдау және кеңінен талқылау арқылы қабылдау керек екенін жеткізді.

    Бұл қадам қоғамға тиімді түсіндіру жұмысын жүргізуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты Үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің әсері туралы көпфакторлы ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу жөнінде шешім қабылдады. Аталған шешім бірқатар сұрақтың жауабын беруге тиіс.

    Уақыттың өзгеруі, ең алдымен, азаматтарымыздың денсаулығы мен әл-ауқатына, тұрмысына қалай әсер ететініне қатысты нақты жауап алуымыз керек. Осы мәселеге баса мән беру қажет. Сонымен қатар Үкімет айтып отырған үш жыл – тым ұзақ мерзім. Зерттеу жұмысын үш айда аяқтағандарыңыз жөн. Алдағы жылдың наурыз айында зерттеу қорытындыларымен және нақты шешу жолдары бар ұсыныстармен келесіздер деген үміттеміз, – деді Ерлан Қошанов.

  • Қазақстан IT саласы бойынша 24-ші орында

    Қазақстан IT саласы бойынша 24-ші орында

    Бүгінде БҰҰ бағалауы бойынша Қазақстан цифрландыру саласында ілгері жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Еліміз 193 мемлекет арасында 24-ші орында, сондай-ақ онлайн-қызметтер индексі бойынша 10 көшбасшының қатарына кіреді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

    Бүгінде интернет арқылы мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу 92%-ға жетті. 2024 жылы Қазақстанның IT-саласы қарқынды өсімді көрсетті. IT-компаниялардың саны 18 683-ке жетті. Соңғы үш жылда 16% өсім.

    «IT-мамандарға сұраныс артып келеді. Қазіргі уақытта IT-саладағы жұмыспен қамту 12%-ға артып, 187 мың адамға жетті. Бұл саладағы орташа айлық жалақы 2024 жылы 54%-ға өсіп, 673 мың теңгеге жетті», — делінген хабарламада.

    Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында жеке IT-мектептерді ынталандыру арқылы 2025 жылға қарай 20 мың IT-маман даярлауға бағытталған Tech Orda бағдарламасы іске қосылды. Бүгінгі таңда олар ақпараттық технологиялар саласында 16 мыңнан астам сарапшы дайындады.

  • Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке қамалды

    Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке қамалды

    Марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов қоғамдық тәртіпті бұзып, бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік соттың шешімімен 15 тәулікке қамалды. Кезекші судьяның шешімі туралы осы отбасының қорғаушылары justice_for_sherzat инста-парақшасында хабарлады.

    Отбасының қорғаушылары кезекші судьяның үкіміне 11 желтоқсан күні аппелияциялық шағым түсіретінін хабарлады.

    Қаржаубай Нұрымовтың немере әпкесі Бақыт Реймова да жауапқа тартылды. Ол халықты митингке шақырғаны үшін айыпты деп танылып, 15 тәулікке қамалды және шет елдің азаматы ретінде елден депортацияланатын болды.

    Нұрымовтың әпкесі – Салтанатқа да бұзақылық жасады деген айып тағылып, 20 АЕК көлемінде (73 840 теңге) айыппұл салынды.

    Сонымен қатар осы отбасының күйеубаласы Айғазы да қамауға алынған. Алайда оған қатысты кезекші судья үкім шығармаған.

  • Шерзаттың әкесі полициядан ауруханаға жеткізілді

    Шерзаттың әкесі полициядан ауруханаға жеткізілді

    Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты полиция басқармасынан ауруханаға жеткізді. 

    Қаржаубай Нұрымов өзіне қол жұмсайтынын айтқаннан кейін полиция ұстап әкеткен еді.  Ол бірнеше сағат бойы Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөлімінде болып, онда онымен психологтар жұмыс істеді. Алайда, оның жағдайы жақсармаған соң шұғыл түрде  Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық ауруханасына жеткізген. Қазір Нұрымов дәрігерлердің бақылауында. Оның жанында адвокаттары бар. Ал оны обасымен қоғам белсендісі Айтбек Амангелді күтіп отыр.

    Сонымен қатар, Қаржаубай Нұрымовқа қоғамдық тәртіпті бұзу, бейәдеп сөздер қолдану мен адамдарға тиіскені үшін әкімшілік іс қозғалды. Қазіргі таңда іс материалдары сотқа жолданды. Нұрымов 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.

  • Бүгін ауа райы қандай болады?

    Бүгін ауа райы қандай болады?

    Синоптиктердің болжамынша, 11 желтоқсанда елдің кей өңірінде тұман түсіп, екпіні күшті жел соғады, ал кей өңірде аяз болады.

    Қарағанды облысының солтүстігінде, шығысында тұман түседі. Оңтүстік-батыстан, оңтүстіктен жел соғады, облыстың батысында, солтүстігінде екпіні секундына 15-20, күндіз кей уақыттарда 23 метрге дейін жетеді.

    Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, батысында, орталықта тұман түседі. Ақмола облысының батысында, солтүстігінде, шығысында жаяу бұрқасын. Оңтүстік-батыстан жел соғады, түнде облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында екпіні секундына 15-20, күндіз 15-20, облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында екпіні 25 метрге жетеді.

    Алматы облысының солтүстігінде, таулы аудандарында 25-27 градусқа дейін қатты аяз болады. Түркістан облысының оңтүстігінде, таулы және тау бөктерлі аудандарында тұман түседі. Шымкентте түнде және таңертең тұман.

    Павлодар облысының солтүстігінде, шығысында, орталығында жаяу бұрқасын. Оңтүстік-батыстан жел соғады, облыстың солтүстігінде, батысында, оңтүстігінде күші 15-20, екпіні секундына 23 метрге жетеді.

    Абай облысының батысында, солтүстігінде, орталығында жаяу бұрқасын. Жел оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен соғады, таңертең және күндіз облыстың батысында, солтүстігінде, орталығында екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.

    Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында тұман түседі. Күндіз облыстың солтүстігінде, шығысында жаяу бұрқасын. Жел шығыстан, оңтүстік-шығыстан соғады, күндіз облыстың солтүстігінде, шығысында екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.

    Солтүстік Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде, шығысында бұрқасын. Оңтүстік-батыстан жел соғады, күші секундына 15-20, облыстың батысында, оңтүстігінде, шығысында екпіні 25 метрге жетеді.

    Қостанай облысының солтүстік жартысында жаяу бұрқасын. Түнде және таңертең облыстың батысында тұман түседі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.

    Маңғыстау облысында оңтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың батысында, оңтүстігінде екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.

    Атырау облысының батысында, оңтүстігінде көктайғақ, тұман түседі.

    Астанада кей уақыттарда жаяу бұрқасын. Оңтүстік-батыстан жел соғады, таңертең және күндіз күші екпіні секундына 15-20, күннің екінші жартысында 23 метрге дейін жетеді.

    Жамбыл облысының оңтүстігінде, таулы аудандарында тұман түседі.