Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Астанада есірткісі бар сәлемдемені алмақ болғандар 18 жылға сотталды

    Астанада есірткісі бар сәлемдемені алмақ болғандар 18 жылға сотталды

    Елордада есірткісі бар сәлемдемені алмақ болған тұрғындар 18 жылға сотталды.  ҚМА мәліметінше, агенттіктің елордалық департаменті қызметтік иттің көмегімен кедендік бақылау аймағындағы уақытша сақтау қоймасында салмағы шамамен 1 келі гашишті тауып тәркіледі.

    Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу барысында жүргізілген мониторинг нәтижесінде «Қазпошта» АҚ қалалық филиалында тағы бір сәлемдеме бары анықталды. Оның жалпы салмағы 7 грамнан асатын күшті психотропты зат – тетрагидроканнабинол және оның изомерлері екені анықталды. Айыпталушылардың бірінің пәтерін тінту кезінде есірткі құралдары, сондай-ақ орауыш материалдар мен таразы табылды.

    Сот шешімімен істің 2 қатысушысы кінәлі деп танылып, 8 және 18 жылға сотталды. Олар жазасын орташа қауіпсіздік колониясында жазасын өтейді.

    Айта кетейік, жыл басынан бері есірткі контрабандасы және заңсыз айналымы фактілері бойынша 116 қылмыстық іс тіркелді. 57,3 келі есірткі тәркіленді.
    Сондай-ақ 1,7 келі психотропты заттар, анаболиктер (206 мың дана), «Тропикамид» көз тамшылары (1 680 дана) тәркіленді.

  • Биыл 16,5 мың этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

    Биыл 16,5 мың этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

    2024 жылдың басынан бері 16,5 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды.

    Еңбек және халықты әлеуметтік қорпғау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы 16 535 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 144,9 мың этникалық қазақ оралды.

    Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 45,9%-ы Қытайдан, 39,2% – Өзбекстаннан, 5,8%  – Моңғолиядан, 5,2% – Түрікменстаннан, 2,8% – Ресейден және 1,1% басқа елдерден, – деп қосты ведомство.

    Осы жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,4%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 33,2%-ды және зейнеткерлер 9,4%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша, 17,8%-ы жоғары білімді, 24,8%-ы орта кәсіби білімді, 54,4%-ы жалпы орта білімді, және 3% білім жоқ.

    Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңіріне қоныстанды. Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

    Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 3 033 адамды құрайды. 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, қоныстандыру өңірлеріне 2 841 қандас қоныс аударды. Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде, – деп толықтырды министрлік.

    Жыл басынан бері 2 390 қандасқа түрлі қолдау шарасы көрсетілді. Атап айтқанда, 763 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.

  • Ақтөбе облысында балабақша бухгалтері сотталды

    Ақтөбе облысында балабақша бухгалтері сотталды

    Ақтөбе облысында бірнеше балабақшаның бухгалтері басшысы атынан құжаттарға қол қойып, өз шоттарына ақша аударған. Бұл туралы Мұғалжар ауданының прокуратурасы анықтады.

    Салдарынан мектепке дейінгі ұйымдарда 54 млн теңгеден астам бюджет қаражатын заңсыз иемденген. Заңсыз әрекет «Балауса», «Гүлдер», «Шапағат» және «Арай» балабақшаларында болған.

    Осы деректерге қатысты аудан прокуратурасы бухгалтерлерге қатысты қылмыстық кодекстің 189-бабының 2 және 4-бөлігі (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында «Шапағат» және «Арай» балабақшасы бухгалтерлері 5 млн теңгеден астам шығынды өтеді. Сол себепті қылмыстық іс тоқтатылды.

    «Балауса» және «Гүлдер» балабақшасы бухгалтеріне 49 млн теңге қаражатты заңсыз иемденгені үшін сот үкімі шығып, ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

  • Cиноптиктер ауа райына байланысты ескерту жасады

    Cиноптиктер ауа райына байланысты ескерту жасады

    «Қазгидромет» РМК синоптиктері елдің 12 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жасады.

    Түркістан облысының оңтүстігінде, таулы аудандарында тұман. Оңтүстік-шығыстан, шығыстан жел соғады, облыстың солтүстігінде, батысында, таулы аудандарында күші 15-20 м/с болады.

    Атырау облысында оңтүстік-шығыстан жел соғады, түнде облыстың оңтүстігінде екпіні 15-20 м/с-ке дейін жетеді.

    Ұлытау облысының шығыстан жел соғады, облыстың оңтүстігінде екпіні — 15-20 м/с.

    Ақмола облысының батысында тұман.

    Қызылорда облысында жел солтүстік-шығыстан, шығыстан соғады, түнде және таңертең облыстың орталығында, шығысында күші 15-20 м/с болады.

    Қарағанды облысының солтүстік-шығыстан, шығыстан жел соғады, облыстың оңтүстік-шығыста екпіні 15-20 м/с-ке жетеді.

    Батыс Қазақстан облысының батысында тұман.

    Абай облысының батысында, шығысында тұман түседі. Жел солтүстік-шығыстан, шығыстан соғады, облыстың оңтүстік-батысында екпіні 15-20 м/с болдаы.

    Жамбыл облысының оңтүстігінде, таулы аудандарында тұман түседі. Солтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың солтүстік-шығысында, таулы аудандарында екпіні 15-20, түнде 25 м/с-ке жетеді.

    Қостанай облысының солтүстігінде, шығысында тұман түседі.

    Алматы облысының оңтүстігінде тұман. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел батыс бағытқа ауысады, түнде облыстың шығысында екпіні — 15 м/с.

    Алматыда түнде және таңертең тұман.

  • WhatsApp-та жаңа пайдалы функция пайда болды

    WhatsApp-та жаңа пайдалы функция пайда болды

    WhatsApp әзірлеушілері 2024 жылдың 21 қарашасында қолданбада жаңа пайдалы мүмкіндіктің пайда болғанын мәлімдеді.

    Олар дауыстық хабарламалардың маңыздылығын атап өтіп, кейде оларды тыңдау қиын болуы мүмкін екенін айтты: мәселен, жолда, шулы ортада немесе хабарлама тым ұзақ болса.

    «Осындай жағдайларды ескере отырып, жаңа функция пайда болды. Енді дауыстық хабарламалардың мәтіндік транскрипцияларын оқып, оларға кез келген жерде және кез келген уақытта жауап беруге болады. Транскрипттер сіздің құрылғыңызда тікелей жасалады, сондықтан сізден басқа ешкім оқи немесе тыңдай алмайды – олар тіпті WhatsApp-та қол жетімді емес», – делінген ақпаратта.

    Дауыстық хабарламаларды транскрипциялауды қосу немесе өшіру

    Дауыстық хабарламаларды транскрипциялау әдепкі бойынша өшірілген. Пайдалану үшін оны қосу керек.

    1. WhatsApp Параметрлерін ашыңыз.
    2. Чат бөліміне өтіңіз.
    3. Дауыстық хабарламаларды транскрипциялау функциясын қосыңыз немесе өшіріңіз.
    4. Дауыстық хабарламаларды транскрипциялау функциясын қосқан кезде транскрипциялау тілін таңдаңыз.

    Хабарламаны транскрипциялау үшін оны басып тұрыңыз, содан кейін «транскрипциялау» түймесін басыңыз.

    «Алдағы апталарда барлық пайдаланушыларға кейбір тілдерде қол жетімді болады, ал басқа тілдерді келесі айларда қосу жоспарлануда», – деп сендірді әзірлеушілер.

    Дауыстық хабарламаны транскрипциялауға біраз уақыт кетуі мүмкін екені де ескертілді. Сондай-ақ, «Транскрипция қол жетімді емес» қатесі келесі себептерге байланысты пайда болуы мүмкін:

    • Таңдалған транскрипция тілі дауыстық хабар тілімен бірдей емес.
    • Фондық шуға байланысты кейбір сөздердің түсініксіздігі
    • Дауыстық хабарлама тілі түсініксіз болуы.

    «Дауыстық хабарламалардың транскрипциясы дәл болмауы мүмкін», – деп ескертті WhatsApp әзірлеушілері.

  • Республикалық маңызы бар жолдарда KAZ және KZ жаңа индекстері бекітілді

    Республикалық маңызы бар жолдарда KAZ және KZ жаңа индекстері бекітілді

    Еліміздегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында KAZ және KZ жаңа индекстері бекітілді.

    «Қазавтожол» ҰК» АҚ» ақпаратына сәйкес, KAZ индексі бірнеше өңір арқылы өтетін 23 автомобиль жолына берілген. Мәселен, Астана мен Алматыны жалғап, Қарағанды арқылы өтетін жол KAZ01 индексін еншілесе, «Астана-Көкшетау (айналма жолмен)-Петропавл-РФ шекарасы («Жаңа жол» өткізу пункті)» бағыты KAZ02 болып белгіленді.

    KZ индексі бір өңірдің шегінде орналасқан республикалық маңызы бар 88 жол үшін қолданылады. Мәселен, Ақтөбе облысындағы «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» тасжолы KZ04-02 индексін алды. Онда көрсетілген «04» нөмірі өңірді, ал «02» нөмірі облыс шегіндегі жолдың реттік нөмірін көрсетеді. Жамбыл облысындағы «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автомобиль жолы KZ08-04 деп белгіленді, мұндағы «08» өңірді, ал «04» облыс шегіндегі жолдың нөмірін білдіреді.

    E және АН сияқты халықаралық келісімдер арқылы тағайындалған автомобиль жолдарының индекстері өзгеріссіз қалады. Бұл халықаралық көлік жүйесіндегі жүйелілік пен транзиттік қозғалыс жайлылығын қамтамасыз етеді, – делінген компания хабарламасында.

    Автомобиль жолдарының тізімі, атаулары және индекстері сілтемеде берілген.

  • АҚШ Ресейдегі 50 банк пен басшысына санкция салды

    АҚШ Ресейдегі 50 банк пен басшысына санкция салды

    Украинадағы соғысқа байланысты 50-ден астам ресейлік банкке, 40 бағалы қағаздарды тіркеуші мен қаржы саласындағы 15 шенеунікке АҚШ-тың жаңа санкцияларына ұшырады.

    21 қарашада шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) АҚШ қаржы министрлігінің сайтында Ресейге жаңа санкциялар салынғанын хабарлады.

    Ұлыбритания, Канада, Австралия және Жаңа Зеландияның осыған ұқсас тізімдерінде пайда болған Газпромбанк санкцияларға ұшыраған. Сонымен қатар, БКС-банкке, «ЦентрКредит», «ДОМ.РФ», «Синара» және басқа да көптеген банктерге шектеулер енгізілген.

    OFAC басылымында санкциялар тізіміне енгендердің ішінде Ресей орталық банкінің оннан астам қызметкері, оның ішінде банк төрағасының бірінші орынбасары Владимир Чистюхин мен Дмитрий Тулин, сондай-ақ Ресей банкі төрағасының орынбасары Ольга Полякова бар.

    Газпромбанкке қарсы санкциялар Еуропаға газ жеткізуге әсер етуі мүмкін.

  • Алматыда метро басшылығы кәсіпкерлермен заңсыз келісім жасаған

    Алматыда метро басшылығы кәсіпкерлермен заңсыз келісім жасаған

    Алматыда метро басшылығы кәсіпкерлермен заңсыз келісім жасаған. Көлік прокуратурасы «Метрополитен» ШЖҚ КМК қызметін талдау барысында кәсіпкерлердің құқығына нұқсан келтіретін заңбұзушылықтарды анықтады.

    Метрополитен басшылығы салық шығындарын сауда алаңдарын жалға алушылар есебінен өтеуге шешім қабылдап, ол үшін оларды қосымша келісімдер жасауға мәжбүрлеген. Прокуратураның қадағалау актісі бойынша салық төлемдерін жабу бөлігіндегі заңсыз талаптар келісімдерден алынып тасталды, ал кәсіпкерлерге 12,5 млн теңге қайтарылды, – делінген прокуратура хабарламасында.

    Заңсыз әрекеттерден барлығы 11 кәсіпкер зардап шеккені белігі болды.

  • Заманбек Нұрқаділовтің жұбайы бақилық болды

    Заманбек Нұрқаділовтің жұбайы бақилық болды

    Құралай Нұрқаділова Instagram парақшасында Заманбек Нұрқаділовтің алғашқы жары, өзінің анасы – Нұрқаділованың қайтыс болғаны туралы жазды. 

    «Бүгін түнде еліміз үшін маңызды тұлға өмірден өтті. Ол – Заманбек Нұрқаділовтің қалыптасу жылдарында серігі болған әйел. Саясатта ақылды, білімді және сауатты Нұрбике Ілімбайқызы. Сонымен қатар, өте қарапайым және зиялы жан еді. Ол туралы көп айтуға болады», – деп жазды Құралай Нұрқаділова.

    Оның айтуынша, анасы Совет Одағы кезіндегі және одан кейінгі елдің жағдайы туралы көп нәрсе айта алатын еді. Көптеген жас саясаткерлер оның қолдауымен алға жылжыған. Ол барлық тарихи оқиғаларды жақсы білетін және оларды өте қызықты жеткізе алатын.

    «Менің анамның даналығына оны танитын әрбір адам тәнті болатын. Иманды бол, анашым, қолымнан келгеннің бәрін жасадым!» – деп түйіндеді сөзін.

    Нұрбике Нұрқаділова 79 жасында өмірден өтті.

  • Қазақстанда 58 мектеп лицензиясыз жұмыс істеген

    Қазақстанда 58 мектеп лицензиясыз жұмыс істеген

    Оқу-ағарту министрлігі биыл білім ошақтарына тексеріс жүргізіп, 58 мектептің лицензия алмағанын анықтады.

    Лицензиясы жоқ мектептер негізінен Астана мен Алматы қалаларында, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында орналасқан. Оларға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 463-бабы бойынша айыппұл салынды. Қазір 58 мектептің 17-сі тиісті лицензиясын алып, талапты орындаған.

    «Білім туралы» заңға сәйкес барлық мектеп білім беру қызметін бастамас бұрын рұқсат алуға міндетті. Лицензияның болмауы мектептердің талаптарға сәйкестігі бойынша тексерістен өтпегенін немесе рұқсат алу үшін құжат тапсырмағанын білдіреді. Мектептер лицензия алған сәттен бастап қана білім беру қызметімен айналысуға құқылы. Егер мектеп мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін алты ай ішінде лицензия алмаса, онда ол сот тәртібімен жабылуға тиіс», – деп мәлімдеді білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов.

    Лицензия алу үшін мектептердің материалдық-техникалық базасы, білікті ұстаздары болуы керек. Сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы нормалар сақталып, оқушыларға медициналық қызмет көрсету жұмысы ұйымдастырылуы қажет.

    Егер мектеп осы талаптарға сәйкес келмесе, алдымен әкімшілік жаза қолданылады. Ал заң бұзу фактілері қайталанған жағдайда білім ошағының қызметі уақытша тоқтатылуы мүмкін.