Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Алматыда ірі құрылыс нысанына айыппұл салынды

    Алматыда ірі құрылыс нысанына айыппұл салынды

    Алматы қаласында табиғатты қорғау полициясы Бостандық ауданы әкімдігінің қоршаған орта және экология бөлімімен бірлесіп, экологиялық талаптарды бұзған және абаттандыру ережелерін сақтамаған құрылыс нысанын анықтады.

    Polisia.kz мәліметінше, құрылыс алаңында қоқыс қалдықтарының шамадан тыс жиналуы және лас қоқысты рұқсатсыз тасымалдау фактілері тіркелген. Осыған байланысты учаске басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, болашақта осындай заң бұзушылықтардың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қалдықтарды өңдеудегі экологиялық талаптардың бұзылуы туралы материал қалалық экология департаментіне жолданды.

    Алматы қаласы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізовтің айтуынша, «Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық бағдарламасы мен «Алматы – ортақ үйіміз» қалалық кампаниясы аясында шаһарды абаттандыру және экологиялық талаптарды сақтау шаралары күшейтілді.

    «Жарқын күз» шарасы аясында 16 қыркүйектен бастап қалада абаттандыру ережелері мен санитарлық нормаларды бұзған 2 757 дерек тіркелсе, қоғамдық орындарды ластағаны үшін 2 232 хаттама толтырылды. Ірі көлемдегі қалдықтарды, сынған жиһаздарды, тұрмыстық техника мен құрылыс қалдықтарын көшеге жинақтаған 569 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген ақпаратта.

  • Жаңа жылда қазақстандықтар неше күн демалады?

    Жаңа жылда қазақстандықтар неше күн демалады?

    ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруды көздейтін бұйрық дайындады.

    «ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «2025 жылы демалыс күнін ауыстыру туралы» бұйрығына сәйкес, 2025 жылғы 5 қаңтардағы жексенбі, яғни демалыс күні 2025 жылғы 3 қаңтарға, жұмаға ауыстырылады», – деп хабарлады министрлік.

    Осылайша, аптасына бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар 1-4 қаңтар, ал жұмыс аптасы алты күнді құрайтын азаматтар – 1-3 қаңтар күндері демалатын болды.

    Демалыс күнін ауыстыру жұмыс уақытын оңтайлы бөлуге және азаматтардың демалысы үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

  • Ауа райының нашарлауына байланысты үш өңірде жол жабылады

    Ауа райының нашарлауына байланысты үш өңірде жол жабылады

    Ауа райының нашарлауына байланысты тағы үш өңірде, атап айтқанда Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарында көлік қозғалысына шектеу қойылады.

    – 2024 жылғы 21 қарашада сағат 17:30–да ауа райының бұзылуына байланысты «Екатеринбург-Алматы» автожолының 1353-1426 шақырым аралығында (Ақмола облысының шекарасынан Теміртау төлемақы алу пунктіне дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылады. Сонымен қатар, 2024 жылғы 21 қарашада сағат 17:30-да Қарағанды облысында ауа райының бұзылуына байланысты «Екатеринбург-Алматы» автожолының 1291-1353 шақырым аралығында (Жібек Жолы төламқы алу пунктінен Қарағанды облысының шекарасына дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылады. Жолдарды 2024 жылғы 22 қараша сағат 08:00-де ашу жоспарланған, – делінген хабарламада.

    Бұдан бөлек, 2024 жылғы 21 қарашада сағат 18:00–де ауа райының бұзылуына байланысты «Екатеринбург-Алматы» автожолының 1426-1457 шақырым аралығында (Теміртау төлемақы алу пунктінен Қарағанды қаласына дейін) жүк және жолаушылар көліктерінің қозғалысына шектеу қойылады. Жолды 2024 жылғы 22 қараша сағат 07:00–де ашу жоспарланған.

    – «Қазгидромет» болжамдарына сәйкес ауа райы жағдайларының нашарлауына байланысты (көрінудің шектелуі, үстіңгі қар, бұрқасын, көктайғақ), автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды және республикалық маңызы бар а/ж 10 учаскесінде (Ақмола, Қарағанды) жүк және қоғамдық автокөлік үшін қозғалыс шектелді. Павлодар облысында жабу жоспарлануда, – делінген Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан хабарламада.

    ТЖМ қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.

    – Дауылды ескерту жариялаған кезде, әсіресе қараңғы уақытта алыс жерлерге сапарға шығудан бас тартып, жаяу жүруден аулақ болыңыздар. Ауа райы жағдайы мен автожолдардағы көлік қозғалысының шектеулері туралы ақпаратты бақылаңыздар, – деп ескертті ведомство.

  • Қазақстандықтар несиелік қабілетін онлайн бақылай алады

    Қазақстандықтар несиелік қабілетін онлайн бақылай алады

    EGov Mobile мобильді қосымшасында «Кредиттік және сақтандыру тарихы бойынша нұсқаулық» атты жаңа сервис іске қосылды. Енді пайдаланушылар өздерінің несие алу және сақтандыру тарихын қадағалап, жалпы кредиттік қабілеттілік деңгейін онлайн бағалай алады.

    «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы дерегінше, сервис «Кредиттеу» және «Сақтандыру» атты бөлімдерден тұрады. Бұл бөлімдерде пайдаланушы бұрын алған несиелері мен сақтандыру қызметтері туралы АО «Мемлекеттік несие бюросының» деректеріне негізделген өзекті ақпарат ұсынылған.

    «Кредиттеу» бөлімінде пайдаланушының соңғы бес жылдағы несие алу тарихы туралы есеп, белсенді несие міндеттемелері мен скорингтік балл ұсынылады. Ол несие алу тарихының деректері негізінде қалыптасады және пайдаланушыға өзінің несие беделін бағалауға көмектеседі. Скорингтік балл тек ақпараттық сипатқа ие және пайдаланушылар үшін оның кредиттік мінез-құлқын бағалауға арналғанын айта кету керек» делінген хабарламада.

    «Сақтандыру» бөлімінде пайдаланушыға бұрын жасалған сақтандыру шарттары мен полистері туралы жалпы есеп, сондай-ақ міндетті автосақтандыру құнына әсер ететін бонус-малус класы туралы ақпарат қолжетімді.

    Егер алынған мәліметтер бойынша сұрақтар туындаса, пайдаланушы тікелей кредит берушіге немесе сақтандыру компаниясына жүгінуі қажет.

  • Мүфтият энергетикалық сусындарға қатысты пәтуа шығарды

    Мүфтият энергетикалық сусындарға қатысты пәтуа шығарды

    Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарды ішу-ішпеуге қатысты пәтуа шығарды.  Мүфтият энергетикалық сусындар алкогольсіз және алкогольді болып екіге бөлінетінін атап өткен.

    «Энергетикалық сусындардың құрамында алкоголь аз мөлшерде болса да оны ішуге тыйым салынады», — деп хабарлады мүфтият.

    Ал, алкогольсіз энергетикалық сусындарға тоқталған ҚМБД «кез келген сусынның құрамында алкоголь, зиянды заттар, харам, нәжіс нәрселер болмаса оны қолдануға рұқсат» дейді.

    «Ал құрамында адам баласының денсаулығына зиян беретін заттар болса (алкоголь, қауіпті заттар, харам, нәжіс т.б.) қолдануға тыйым салынады. Энергетикалық сусындарды жиі қолдану ағзаға (жүрекке, жүйке жүйесіне, қан қысымының жоғарылауына, қант диабетіне, семіздікке, аяқ-қолдың діріліне, т.с.с.) қауіпті екені медицина тұрғысынан нақтыланған. Сондықтан мұсылман адамға мұндай сусындардан аулақ болғаны дұрыс», — деп атап өткен зерттеулерге сүйенген ҚМБД-ның баспасөз қызметі.

  • Алматыда кеден зертханасының басшысы сотталды

    Алматыда кеден зертханасының басшысы сотталды

    Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Қалалық орталық кеден зертханасының басшысы А. Сатыбалдиев пен бас маман Әлібеков Б-ға қатысты үкім шығарды. 

    Антикор мәліметінше, олар қызметін пайдаланып, бірнеше рет пара алғаны үшін ұсталған. «Олар кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдерінен кеден сарапшыларының қорытындыларын жеделдетіп бергені үшін бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Сатыбалдиев пен Әлібековке мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, әрқайсысына 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды» делінген хабарламада.

    Сонымен қатар сот үкімі бойынша, кеден брокерлері Николас В., Казанцева С. және Гаруни С-ға пара бергені үшін айыппұл салынды. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

  • СҚО-да құны 1 млрд теңгеге жуық жер мемлекетке қайтарылды

    СҚО-да құны 1 млрд теңгеге жуық жер мемлекетке қайтарылды

    Бас прокуратураның мәліметінше, 2024 жылдың басынан бері қадағалау органы кадастрлық құны 932 млн теңге болатын жалпы ауданы 49 мың гектардан асатын жерді мемлекетке қайтарды.

    Ақжар, Тайынша, Тимирязев, Уәлиханов аудандарында  ұзақ уақыт бойы 42 жер телімі пайдаланылмаған.

    «Прокурорлық қадағалау актілері бойынша жоғарыда аталған жерлер мемлекетке қайтарылды, олар қазіргі уақытта заңды экономикалық айналымға тартылуда» делінген хабарламада.

  • Сенат үш жылдық бюджетті мәжіліске қайтарды

    Сенат үш жылдық бюджетті мәжіліске қайтарды

    Сенаттың жалпы отырысында жоғары палата депутаттары «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын мәжіліске қайтарып берді.
    Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов депутаттардың кейбір ұсыныстары қолдау тапқанын айтты.

    «Сенат комитеттері мен депутаттарының барлық ескертуі мен ұсынысы салыстырма кестеге жинақталды. «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңын Сенат отырысының қарауына енгізеді және Конституцияның 61-бабының 4-тармағына сәйкес заңның жекелеген баптарын мақұлдамауды және заңның көрсетілген баптарының жаңа редакциясын ұсына отырып, оны Мәжіліске қайтаруды ұсынады»,- деді Мәкежанов.

    Бірақ, сенаторлар «Ұлттық қордан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын мақұлдады.

    Қаржы министрі Мәди Тәкиев заң жобасы бюджет кодексінің ережелері негізінде әзірленгенін айтқан еді.

    «Кепілдендірілген трансферттің мөлшері бюджеттік қағидаларға сәйкес анықталған. Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2025 жылы барреліне 42,3 доллары, 2026-2027 жылдары барреліне 41-39,4 доллары деңгейінде белгіленген. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2025-2027 жылдарға жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде айқындалды. Жоспарлы кезеңде Ұлттық қордың таза валюталық активтері болжам бойынша 2025 жылы 62,2 млрд  долларын, 2026-2027 жылдары 69,9-78,7 млрд долларын құрайды. Заң жобасын қабылдау республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді министр сенат отырысында.

    2025 жылы шығыстарды ұлғайту бойынша ұсыныстарға 60,0 млрд теңге сомасына қолдау көрсетілді. Шығыстарды ұлғайту үкімет резервін қайта бөлу есебінен жүзеге асырылады.

    «Баяндалғанның негізінде қаржы және бюджет комитеті мыналарды ұсынады: »Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының заңы мақұлдансын», – деді Мәкежанов.

  • Қазақстанда қаңғыбас иттерге эвтаназия қолданылуы мүмкін

    Қазақстанда қаңғыбас иттерге эвтаназия қолданылуы мүмкін

    Қазақстанда бұралқы иттер мәселесін шешу үшін белгілі бір мерзімнен кейін эвтаназия арқылы санын азайту ұсынылды. Мұндай норма Мәжілісте қаралып жатқан «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізілген.

    Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі осы заң жобасына бастамашы болғандардың бірі Еділ Жаңбыршин қаңғыбас иттерге 15 күннен кейін, ал қараусыз қалған иттерге 60 күннен кейін эвтаназия жасау ұсынылып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, депутаттар өкілетті органдармен бірлесіп, халықаралық тәжірибені зерттеген.

    «Мәселен, Норвегияда 2004 жылы ит асырау туралы заң қабылдаған. Бұл елде полиция бір аптадан кейін ауланған итті біреуге сата алады немесе басқа жерге орналастырады, не ұйықтатып тастайды. Исландияда 2015 жылы қабылданған жануарларды қорғау туралы заңға сәйкес, бір апта ішінде үй жануарының иесі табылмаса, ол жартылай жабайы деп танылып, утилизацияланады. Ұлыбританияда ит ауланғаннан кейін жеті күннен соң иесі табылмаса, кері алмаса және ақшасын төлемесе, оны сатып, не жансыздандыра алады. Бұлар жеті күндік мерзімді қолданатын елдер. Ал Латвия мен Эстонияда қаңғыған ит-мысыққа эвтаназия 15 күннен кейін жасалады. Біз осы тәжірибелерді зерттеп, 15 күн деп алдық», — деп түсіндірді Жаңбыршин Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде.

    Депутаттың айтуынша, он бес күн ішінде зооқорғаушылар немесе басқа да адамдар қаңғыбас итті асырап ала алады. Оған ешкім тыйым салмайды.

    «Егер ауланған итті ешкім алып кетпесе, ол жануар ауырса, не агрессивті болса, оған 15 күннен кейін эвтаназия қолданылады. Бұл біз ұсынған норма», — деді Жаңбыршин.

  • «Шайн мускат» жүзімінде ағзаға зиянды заттар жоқ – АШМ

    «Шайн мускат» жүзімінде ағзаға зиянды заттар жоқ – АШМ

    Ауыл шаруашылығы министрлігі «Шайн мускат» жүзімінде ағзаға кері әсері бар зиянкес анықталмағанын мәлімдеді.

    Республикалық өсімдіктер карантині орталығының қызметкерлері карантиндік фитосанитариялық бақылау кезінде жүзім үлгілеріне зертханалық сараптама жүргізді. Оның қорытындысына сәйкес, жүзімде карантиндік зиянкестер табылмаған.

    Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» РМК-ның Абай ауданы бойынша филиалы (Қытай Халық Республикасымен шекарада) «Shine Muscat» нитратының құрамы бойынша зерттеу жүргізді. Оның қорытындысы бойынша өнімдегі нитрат мөлшері 13,7 мг/кг құрады, бұл – осы өнім үшін рұқсат етілген көрсеткіш, – делінген министрлік хабарламасында.

    Еске сала кетсек, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров елімізде үлкен сұранысқа ие Shine Muscat корей жүзімінің сапасы тексерілетінін айтқан болатын.