Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Қазақстанда крематорий мен колумбарий салынады

    Қазақстанда крематорий мен колумбарий салынады

     Денсаулық сақтау министрі «Зираттар мен жерлеу объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына түзетулер әзірледі.

    Ашық НҚА порталына орналастырылған түзетулерге сәйкес, колумбарийлер мен қайтыс болған адамдардың күлі бар жәшіктерді жерлеуге арналған қайғы қабырғалары арнайы бөлінген жер учаскелеріне орналастырылуы керек. Колумбарийлер мен қайғы қабырғаларын зираттар аумағынан тыс жерлерде тұрғын үйлерден, емдеу, балалар, білім беру, спорттық-сауықтыру, мәдени-ағарту мекемелерінің, бау-бақша серіктестіктерінің, коттедждік құрылыстардың, халықты әлеуметтік қамсыздандыру мекемелерінің аумақтарынан кемінде 50 метр қашықтықта оқшауланған жер учаскелерінде орналастыруға болады. Кремациядан кейінгі қалдықтарды (күлді) урналарға көмуге колумбарийлерде және қабірлерде жол беріледі.

    Крематорийлер және колумбарийлер құрамында үй-жайлардың мынадай топтары көзделеді:

    — қайтыс болған адамдарды тамбурмен, вестибюльмен, тоңазытқыш камерамен қабылдау үй-жайлары және қайтыс болған адамдарды кремациялауға дейін сақтауға арналған үй-жайлар;

    — қайтыс болған адамдарды кремациялауға, кремация залы, кремацияланған қалдықтарды өңдеу үй-жайы, күлі бар жәшіктер қоймасы, газ тазарту үй-жайы, жөндеу шеберханасы, инженерлік-техникалық қызмет үй-жайлары, санитариялық-техникалық үй-жайлары, демалыс және психологиялық тұрғыдан жеңілдену бөлмесі бар өңдеуге және сақтауға арналған үй-жайлар.

    Крематорийлердің құрамына кіретін барлық үй-жайларды механикалық ынталандырумен жабдықтау және шығару желдету жүйелерімен жабдықтау қажет. Ауаны қайта өңдеу жүйелерін қолдануға жол берілмейді.

    Крематорий — қайтыс болған адамдарды кремациялауға (өртеуге) арналған пештермен жабдықталған технологиялық кешен.

    Колумбарий – қайтыс болған адамдарды кремациялаудан кейінгі күлі бар жәшіктерді сақтау орны.

    Құжат 2 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылып отыр.

     

     

  • Қазақстан президенті Мажарстанға мемлекеттік сапармен барды

    Қазақстан президенті Мажарстанға мемлекеттік сапармен барды

    19 қарашада кешқұрым Будапешт әуежайында Қасым-Жомарт Тоқаевты Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан қарсы алды.

    Сапар аясында мемлекет басшысы Мажарстан президенті Тамаш Шуйокпен және премьер-министр Виктор Орбанмен келіссөз жүргізіп, екі елдің саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы стратегиялық серіктестігін одан әрі дамыту перспективасын талқылайды, – деп жазды Ақорда баспасөз қызметі.

    Сонымен қатар президент Мажарстанның ірі бизнес өкілдерімен кездесуді жоспарлап отыр.

  • Еліміздің 13 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды

    Еліміздің 13 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды

    Атырау облысының батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде тұман болады деп күтіледі. Атырауда да кей уақытта тұман түседі.

    Түнде Қарағанды облысының батысында, оңтүстігінде күндіз көктайғақ болады деп күтіледі. Қарағандыда да күндіз көктайғақ болады.

    Түнде Ұлытау облысының орталығында, шығысында кей уақыттарда қатты қар жауады, көктайғақ болады деп күтіледі. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде тұман түседі. Жезқазғанда да түнде қатты қар жауады деп күтіледі. Түнде және таңертең тұман болады.

    Түнде және таңертең Ақмола облысының батысында, солтүстігінде, шығысында тұман болады деп күтіледі. Күндіз облыстың оңтүстігінде, шығысында көктайғақ болады. Астанада түнде және таңертең тұман түседі деп күтіледі.

    Түнде Қызылорда облысының орталығында көктайғақ болады деп күтіледі. Облыстың орталығында, солтүстігінде, оңтүстігінде тұман түседі. Қызылордада да кей уақытта тұман болады деп күтіледі.

    Жетісу облысында оңтүстік-шығыстан жел соғады, Алакөл көлдері аудандарындағы екпіні — 15-20 м/с.

    Батыс Қазақстан облысының батысында, оңтүстігінде, солтүстігінде тұман түседі деп күтіледі. Түнде облыстың батысында, солтүстігінде, орталығында, күндіз облыстың солтүстігінде, шығысында көктайғақ болады деп күтіледі. Оралда да түнде және таңертең тұман түседі, түнде көктайғақ болатыны болжанады.

    Маңғыстау облысының батысында, солтүстігінде, шығысында тұман түседі деп күтіледі.

    Күндіз Қостанай облысының батысында, солтүстігінде көктайғақ болады деп күтіледі. Облыстың солтүстігінде, батысында, оңтүстігінде тұман түседі. Қостанайда күндіз көктайғақ, тұман болады деп күтіледі.

    Түнде және таңертең Ақтөбе облысының батысында, оңтүстігінде тұман болады деп күтіледі.

    Жамбыл облысының таулы аудандарында қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар), түнде көктайғақ болады деп күтіледі. Облыстың солтүстік-батысында, оңтүстігінде найзағай ойнайды. Облыстың оңтүстігінде, таулы аудандарында тұман болады. Оңтүстік-батыстан жел соғады, облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аудандарында соққан желдің екпіні 15-20 м/с, кей тұста 23-28 м/с дейін жетеді. Таразда түнде және таңертең кей уақыттарда найзағай ойнап, тұман түседі, оңтүстік-батыстан жел соғады, таңертең және күндізгі екпіні 15-20 м/с құрайды.

    Күндіз Солтүстік Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде жаяу бұрқасын жүреді деп күтіледі. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде, шығысында тұман түседі. 21 қарашада түнде облыстың солтүстігінде, шығысында қатты қар жауады деп күтіледі. Тәулік бойы күн райы бұрқасындатып, облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде көктайғақ болады. Түнде облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде батыстан, солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с, облыстың оңтүстігінде екпіні 23 м/с дейін жетеді. Петропавлда қар бұрқасындатып, көктайғақ болады деп күтіледі. Батыстан, солтүстік-батыстан жел соғады, екпіні — 15-20 м/с.

    Түнде және таңертең Түркістан облысының таулы аудандарында қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ болады деп күтіледі. Облыстың оңтүстігінде, батысында, солтүстігінде, таулы және тау бөктерлі аудандарында тұман болады. Оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ойыса соққан желдің облыстың таулы аудандарындағы екпіні 15-20 м/с құрайды. Шымкентте де Түркістанда да түнде және таңертең тұман болады деп болжанады.

  • Семейде мектеп мұғалімі оқушысын зорлады

    Семейде мектеп мұғалімі оқушысын зорлады

    Семейде мектеп мұғалімі сегізінші сынып оқушысын зорлады деген күдікке ілінді. Алғашқы әскери дайындық пәнінің ұстазы қамауға алынып, тергеу жүргізіліп жатыр. 

    Информбюро мәліметінше, 32 жастағы педагог мектепте екі жыл жұмыс істеп келеді. Әріптестері мұғалімнің тек жақсы қырынан көрінгенін айтты. Тіпті, сабақтан тыс уақытта балалармен жиі түрлі шаралар өткізетін деп отыр. Оқушылары қалалық жарыстарға қатыстырып, жүлделі орындарға ие болғанын да атап өтті.

    Жәбірленуші қыз сегізінші сыныпта оқиды. Ол қазір сабаққа келіп жүр дейді мамандар. Аталған жағдай бойынша қазіргі уақытта құзырлы органдар тиісті зерттеу-тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта ұстаз  уақытша ұстау изоляторында.

  • Қызылорда облысында алимент төлемеген төрт адам сотталды

    Қызылорда облысында алимент төлемеген төрт адам сотталды

    Қызылорда облысы Арал ауданында алимент төлеуден жалтарған төрт адам бас бостандығынан айырылды.

    Оларға Қылмыстық кодекстің 139-бабымен (балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару) қылмыстық жауапқа тартылды.

    Алимент төлеуден жалтарғандардың жалпы қарызы 8,1 млн теңгені құрайды. Олар осы әрекеті үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

    Сонымен қатар жыл басынан 16 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 8 млн теңге алимент өндірілген.

    «Сотталушылар кінәсін толығымен мойындап, Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен 1 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған. Үкім заңды күшіне енген», — делінген прокуратура хабарламасында.

  • Мектептерде тамақтандыру сапасы төмен облыстар аталды

    Мектептерде тамақтандыру сапасы төмен облыстар аталды

    Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елдегі мектеп асханаларының санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігіне жүргізілген мониторинг қорытындысы туралы айтты.

    Министрдің айтуынша, республикалық мониторинг қорытындысы бойынша атқарушы органдар тарапынан әлі де болса бақылау жеткіліксіз болып отыр. Сондай-ақ ол мұны заңнама талаптарының бұзылу фактілерінен де анық аңғаруға болатынын атап өтті. Мониторинг тобы заң талаптарын бұзу бойынша 771 фактіні анықтаған.

    Ведомство басшысы мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша кешенді бағалау жүргізілгенін атап өтті.

    Бағалау кезінде тамақтандыру сапасына жүргізілген мониторинг нәтижелері, асханалардың қажетті материалдық-техникалық жабдықталуы, 1 оқушыға шаққандағы өңірлердегі тамақтану құны, ата-аналар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері ескерілді. Оның нәтижесінде Жамбыл, Маңғыстау, Алматы, Атырау облыстарының және Шымкент қаласы әкімдіктерінің тарапынан мектептерде сапалы тамақтануды ұйымдастыруға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей отырғандығы анықталды. Қазір министрлік мектепте тамақтандыру қызметтерін сатып алу кезінде өнім берушілерді іріктеу талаптарын бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесін пысықтап жатыр, – деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында.

    Айта кетсек, бұған дейін министрлік талаптарды күшейтіп, білім беру ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастыруға қатысты 7 нормативті-құқықтық актіні қайта қараған болатын.

  • Уақыт белдеуі өзгермейтін болды

    Уақыт белдеуі өзгермейтін болды

    Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев өз баяндамасында қолданыстағы уақыт белдеуіне қатысты жан-жақты дәлелдерді келтіріп, нақты жауап берді. Үкімет бұл шешімді қолдайды. Біз бірыңғай уақыт белдеуіне бекерден бекер ауысқан жоқпыз. Ел аумағының көп бөлігі UTC+5 уақыт белдеуінде орналасқан. Сондықтан бұл – ғылым тұрғыдан дұрыс шешім. Сауда және ақпарат министрліктеріне жан-жақты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тасырамын, – деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

    Айта кетейік, географиялық жағынан Қазақстан UTC+3, UTC+4, UTC+5, UTC+6 белдеуінде орналасқан. Бұған дейін елімізде UTC+5, UTC+6 белдеуі қолданылады. Еліміздің батыс өңірі басқа аймақтарға қарағанда бір сағат артта жүрді. 2024 жылдың 1 наурызынан бастап ел бойынша UTC+5 белдеуі енгізілді.

     

  • Үкіметте декларация тапсырудан босатылатын санат аталды

    Үкіметте декларация тапсырудан босатылатын санат аталды

    «Қазақстанда жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау жүйесін енгізу 2021 жылдан бастап кезең-кезеңімен іске асырылуда. Ыңғайлы болу үшін салық төлеушінің кабинеті, «Электрондық үкімет» веб-порталы, «e-Salyq Azamat», «eGov mobile», «Halyk», «Банк Центр кредит» және «Kaspi» мобильді қосымшалары арқылы, декларацияларды тапсыру бойынша электрондық сервистер іске қосылды. Бүгінгі таңда алғашқы үш кезеңнің нәтижесінде, жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне 4,8 млн адам, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, коммерциялық ұйымдардың, квазимемлекеттік сектордың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары кірді. 2025 жылдан бастап декларацияларды ұсыну бойынша міндеттемелер азаматтардың қалған санатында туындайды. Бұл шамамен 8 миллион адам», — деді министр Мәди Такиев.

    Оның атап өтуінше, жалпыға бірдей декларациялау тұжырымдамасы қабылданғаннан бері 14 жыл өтті. Осы уақыт ішінде:

    — мемлекеттік органдар мен уәкілетті ұйымдардың дерекқорлары цифрландырылды;

    — қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 86 пайызға жетті;

    — қаржылық және валюталық бақылау күшейтілді;

    — халықаралық келісімдер (Страсбург конвенциясы, Fatsa, ТМД – 100-ден астам ел) аясында қаржы шоттары бойынша деректер алмасу жолға қойылды;

    — цифрлық қызметтер кең таралды.

    «Осыған байланысты, автоматтандырылған салықтық бақылау мүмкіндіктерін ескере отырып, және Мемлекет басшысының жалпыға бірдей декларациялау тәсілдерін қайта қарау туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында, осы санаттағы 4 кезеңге кіретін азаматтардың активтері мен міндеттемелері туралы декларацияларды тапсырудан босату ұсынылады. Олар: жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқалары. Босату рәсімі осы санаттағы жеке тұлғалардың 90 пайыздан астамын қамтиды», — деді ол.

    Бұл ретте Мәди Такиевтің атап өтуінше, декларациялауды келесі тұлағаларға қалдыру ұсынылады:

    — мемлекеттік қызметшілер;

    — коммерциялық ұйымдардың, квазимемлекеттік сектордың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары;

    — Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде активтері барларға және 1 жыл ішінде сатып алғандарға;

    — бір жыл ішінде құны 20 000 айлық есептік көрсеткіштен (74 млн. теңге) астам сатып алулар жасағандарға;

    — өз бетінше салық салынатын табыс тапқандарға.

    «Бұдан басқа, азаматтарға ерікті түрде декларациялау құқығы берілетін болады. Салықтық бақылауға келетін болсақ, жеке тұлғалардың қолда бар активтерін тіркеу үшін барлық цифрлық дерекқорлардан, оның ішінде екінші деңгейдегі банктерден мәліметтер алу тетігі қамтамасыз етілетін болады. Тиісті заңнамалық түзетулер дайындалды», — деді министр.

  • Қайыржан Жақсымбетов Іле ауданының әкімі болып тағайындалды

    Қайыржан Жақсымбетов Іле ауданының әкімі болып тағайындалды

    ҚР Президенті Әкімшілігінің және Іле ауданы мәслихаты депутаттарының келісімі бойынша, Алматы облысы әкімінің өкімімен Қайыржан Серікбайұлы Жақсымбетов Іле ауданының әкімі болып тағайындалды.

    Қайыржан Серікбайұлы 1975 жылы Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында дүниеге келген. 1997 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын «өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша, ал 2004 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Еңбек жолын Жамбыл облысында «Жамбылагропромстрой» АҚ құрылыс учаскесінің бригадирі қызметінен бастаған.
    Әр жылдары түрлі жауапты лауазымдарда жұмыс істеді:

    Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы «Сарыарқа» ауыл шаруашылығы кәсіпорнының вице-президенті,
    Алматы қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасында ғимараттарды реконструкциялауды және қайта жоспарлауды бақылау бөлімдерінің бас маманы мен басшысы,
    Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті директорының орынбасары,
    Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің бастығы,
    Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің орынбасары,
    Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары,
    Алматы облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы.

  • Доллардың құны 500 теңгеге жетті

    Доллардың құны 500 теңгеге жетті

    Kurs.kz мәліметінше, Қазақстанда доллар қымбаттап, 500 теңгеге жетті. Астанада 500 теңгеге сатылып, 495 теңгеге сатып алынып жатыр. Ал Алматыда АҚШ долларының құны мынандай: сату – 498,77 теңгені, сатып алу – 496,88 теңге.

    Айта кетейік, 15 қарашада Астана доллар 498,02 теңгеге сатылып, 493,02 теңгеге сатып алынған.