Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Талғардағы Шерзат өлімі: аудан прокуроры қызметінен кетті

    Талғардағы Шерзат өлімі: аудан прокуроры қызметінен кетті

    Әлеуметтік желіде Талғар ауданының прокуроры қызметінен босатылғаны жөнінде хабар тарауда. Әзірге құзырлы орган ақпаратты растамады.

    Бұған дейін Талғар ауданы әкімінің аппарат басшысы Аслан Қасымбаев та қызметінен кетті.Сондай-ақ, Талғар қаласының әкімі Бахыт Қуатбекұлы Бахыт Күрішбеков пен оның орынбасары Сағындық Матан да өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылғанын хабарлаған болатынбыз.

     

  • Айдос Рысбаев Ішкі істер министрінің орынбасары қызметінен босатылды

    Айдос Рысбаев Ішкі істер министрінің орынбасары қызметінен босатылды

    Айдос Рысбаев ішкі істер министрінің орынбасары лауазымынан босатылды, — деп хабарлайды Ақорда.

    «Мемлекет басшысының өкімі бойынша, Айдос Какашаұлы Рысбаев Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары лауазымынан босатылды», — делінген хабарламада.

  • Алматыда көпқабатты үй өртенді

    Алматыда көпқабатты үй өртенді

    Алматыда көпқабатты үй өртеніп, адамдар құтқарылды.

    ТЖМ мәліметінше, Алматы ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде 1-қабаттағы пәтерден өрт шыққан.

    ТЖД қызметкерлері баспалдақ маршымен 5 адамды эвакуациялап, бір кейуана мен екі баланы құтқарды.

    Өрт сөндірушілер жалынның таралуына жол бермей, оны жедел сөндірді. Өрттің аумағы – 8 шаршы метр.

    Оқыс оқиғадан зардап шеккендер жоқ.

  • Тұрсынбек Қабатов жоспарланған барлық концертін неге 2025 жылға ауыстырды?

    Тұрсынбек Қабатов жоспарланған барлық концертін неге 2025 жылға ауыстырды?

    Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды.

    ‘Ассалаумағалейкум құрметті көрермендер. Денсаулығыма байланысты ауруханаға жатып қалдым. Сол себепті 45 жас деп жоспарлаған концерттерімді 2025 жылға ауысқанын хабарлаймын. Өздеріңізді көруге асықпын», — деп жазды Қабатов.

  • Бекболат Тілеухан қарғаған ақын өмірден өтті

    Бекболат Тілеухан қарғаған ақын өмірден өтті

    Ақын Тоқтарәлі Таңжарық жазбасында: «Ақын досымыз Серік Боқан қаза болыпты. Мына өмірде ешбір ереже мен тыйымға бағынуға болмысы сай келмейтін жандар болады. Секең, Серік Боқан сондай жан еді. Ол бұл өмірдің қулық-сұмдығын үйрене алмай-ақ кетті. Басын тауға да, тасқа да ұрды. Ақыры, діннен марқадам тапты… бәлкім, таппады. Өзін көп іздеді. Өзін сыйлайтын ортаны көп іздеді. Жолы болмады. Үнемі тығырыққа тіреле берді. Өзі де менің алдымнан бір кетпелтек томар кетпейді деуші еді. Шынымен, тап-таза еді. Тез жараланғыш еді. Онысын білдірмейтін. Өзін дәлелдегісі келетін. Дәлелдей алмады. Мына қоғамда ондай бөлек мінез, өзге жаратылыс иесіне орын жоқ еді. Өзі де төгіліп: «Баяғы сол жылдар недеген ізгі едің?!» дегеніндей, ол тек Балалық Шағында ғана бақытты болған шығар. Жазда Алматыда әлдебір базардан кезігіп қап, телефон алмасып, хабарласып тұрып едік. Өлеңдерін сұрағам. Осы әлеуметтік желіде саған іздеу салайын дегем. Келіскен. Өлеңдерін жіберген. Әңгімелесейікші, тек әдебиет туралы деген. Менің бір өлеңімді қатты сүйіп оқығанын айтқан. Амал не, сол өлеңдері уатсаптың қуысында қалыпты. Көп өлеңі жоғалған шығар. Әй, сақтамады-ау… Қазірше бір өлеңін жариялап қояйын. Рухың шат болсын, досым!” , – деп жазды ол.

    Еске сала кетсек, оны кезінде экс-депутат Бекболат Тілеухан «қарғадым» деп, артынан «қарғысты қайтарып алдым» деген еді.

    Серік Боқан Facebook-тегі парақшасына Бекболат Тілеуханды пандемия кезінде халыққа көмектеспеді, оралмандарға қол ұшын созбады деген мағынада парақшасына сын жазба қалдырған. Артынан Бекболат Тілеуханның әлеуметтік желіде Серік Боқанға «Жаза бер!» деп қарғыс айтқан аудиосы тараған еді. Кейін Серік Боқан кешірім сұрап тағы пост жазды.

    Айта кетейік, ол «Жас қазақ үні» газетінде, «Үн» журналында қызмет атқарған. Біраз жыл бойы «Асыл арна» телеарнасында журналист болып еңбек еткен.

  • «Тұман, көктайғақ, жаңбыр»: Қазақстанның 14 өңірінде дауылды ескерту жарияланды

    «Тұман, көктайғақ, жаңбыр»: Қазақстанның 14 өңірінде дауылды ескерту жарияланды

    Синопиктер 18 қазанда Алматы мен Қазақстанның 14 облысында дауылды ескерту жариялады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК-нің баспасөз қызметі хабарлады.

    Түнде және таңертең Ұлытау облысының орталығында, шығысында тұман түседі деп күтіледі. Жезқазғанда да түнде және таңертең тұман болуы ықтимал.

    Түнде және таңертең Қарағанды облысының солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде тұман түседі деп күтіледі.

    Түнде Батыс Қазақстан облысының батысында, оңтүстігінде, күндіз басым бөлігінде найзағай ойнап, күн райы бұзылады деп болжанады. Түнде және таңертең облыстың батысында, солтүстігінде тұман түсуі ықтимал. Күндіз облыстың батысында, оңтүстігінде, солтүстігінде оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды. Оралда күннің екінші жартысында найзағай ойнайды деп күтіледі. Түнде және таңертең тұман түседі. Жел оңтүстік-шығыстан соғады, күндізгі екпіні — 18 м/с.

    Түнде және таңертең Алматы облысының оңтүстігінде, тау етегіндегі, таулы аудандарында тұман түседі деп күтіледі.

    Алматыда түнде және таңертең тұман болады.

    Ақтөбе облысында оңтүстік-шығыстан, шығыстан жел соғады, күндіз облыстың орталығында, оңтүстігінде соққан желдің екпіні 15-18 м/с құрайды.

    Қызылорда облысының орталығында шаңды дауыл тұрады деп күтіледі. Жел шығыстан, солтүстік-шығыстан соғады, облыстың орталығында, солтүстігінде соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды. Облыстың орталығында, солтүстігінде, батысында жоғары өрт қаупі сақталады. Қызылордада кей уақытта шаңды дауыл тұрады деп күтіледі. Шығыстан соққан желдің екпіні — 15 м/с.

    Түнде және таңертең Қостанай облысының солтүстігінде тұман болады деп күтіледі.

    Түнде Жетісу облысының солтүстік-шығысында, таулы аудандарында тұман түсіп, күндіз көктайғақ болады деп болжанады. Солтүстік-шығыстан жел соғады, Алакөл ауданында соққан жел екпіні 15-20 м/с, кей уақыттарда 23-28 м/с дейін жетеді. Талдықорғанда сынап бағаны түнде 2 градус суықты көрсетіп, үсік жүреді деп күтіледі.

    Күндіз Атырау облысының оңтүстігінде, шығысында аздап қатты жаңбыр жауады деп күтіледі. Түнде және таңертең облыстың батысында, оңтүстігінде тұман болады. Түнде облыстың оңтүстігінде, шығысында оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды. Атырауда оңтүстік-шығыстан жел соғады, күндізгі екпіні — 15-20 м/с

    Абай облысының оңтүстігінде көктайғақ болады деп күтіледі. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде, шығысында тұман болады.

    Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде көктайғақ болады деп күтіледі. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде, шығысында тұман болады. Облыстың оңтүстік-шығысында батыстан, солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15-18 м/с дейін жетеді.

    Түнде және таңертең Түркістан облысының таулы аудандарында тұман түседі деп күтіледі. Шығыстан жел соғады, облыстың солтүстігінде, таулы аудандарында соққан желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Түнде облыстың солтүстігінде, таулы аудандарында сынап бағаны 2 градус суықты көрсетіп, үсік жүреді деп болжанады.

    Жамбыл облысының таулы аудандарында тұман болады деп күтіледі. Облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аудандарында оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды. Таразда түнде және таңертең тұман түседі деп күтіледі. Түнде сынап бағаны 1-3 градус суықты көрсетіп, үсік жүреді деп күтіледі.

  • Депутат алимент мөлшерін айқындау тетігін қайта қарауды ұсынды

    Депутат алимент мөлшерін айқындау тетігін қайта қарауды ұсынды

    Балалардың өміріне тиісті жағдай жасау үшін алимент әрдайым жете бермейді. Сенатор Жанна Асанова осындай төлемдерді есептеу тәртібін қайта қарауды ұсынды. Сондықтан ол өзінің депутаттық сауалында осы саладағы проблеманы көтерді.

    Депутаттың айтуынша, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексте алимент бір балаға ата-ана табысының төрттен бірін құрайтыны көрсетілген. Алимент төлейтін ата-ана көбінесе іс жүзінде ең төменгі жалақыны 85 мың теңге етіп көрсетіп, кірісін төмендетіп жүреді. Нәтижесінде бір балаға алимент небәрі 22 мың теңгені құрайды.

    «Біздің еліміздегі әрбір бала тек тамақ пен киім ғана емес, сонымен қатар білім алуға, медициналық қызмет пен басқа да әлеуметтік игіліктерге қол жеткізуді қамтитын лайықты өмір сүру деңгейіне құқылы. Алимент мөлшерін анықтаудың қолданыстағы тәртібі ескірді және баланың жас ерекшелігі де ескерілмейді. Бұл балалардың толыққанды дамуына қажет ресурсқа қол жеткізе алмауына әкеледі. Қазіргі кезде еліміздің заңнамасында алименттің ең төменгі мөлшері туралы түсінік жоқ, өйткені олар алимент төлеушінің кіріс мөлшеріне қарамастан үлестік қатынаста есептеледі. Мұның бәрі өндіріп алынатын алимент мөлшерін азайту мақсатында төлеушіге өзінің нақты табысын жасыруына алып келеді», – деді Жанна Асанова Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың атына жолдаған сауалында.

    Сонымен қатар депутат сот арқылы алимент мөлшерін өзгерту немесе оларды белгіленген мөлшерде белгілеу мүмкіндігіне қарамастан, борышкердің нақты кірісін еңбек қатынастарының ерекшелігіне байланысты дәлелдеу қиын екенін атап өтті.

    «Отбасылық жағдай мен балалар саны және олардың нақты сұранысын ескере отырып, алименттің неғұрлым әділ мөлшерін белгілеу үшін неке-отбасы заңнамасының ережелерін қайта қарау мүмкіндігін қарастыруды сұраймын. Жасына және әлеуметтік факторларға байланысты балаларға негізгі қажет заттар мен сұранысына талдау жасау керек. Алиментті төмендетудің алдын алу үшін жұмыс берушілер мен өзін өзі жұмыспен қамтығандардың кірістерді жасыруын анықтау тетігін әзірлеу керек», – деді Жанна Асанова.

  • Сенатор Жақып Асанов: «Хуторлықтарды танымаймын»

    Сенатор Жақып Асанов: «Хуторлықтарды танымаймын»

    Бұрынғы бас прокурор және Жоғарғы соттың төрағасы, қазіргі сенатор Жақып Асанов Қасымбаевтармен, олардың бірі Хасан – полиция мойындамаған ұйымдасқан қылмыстық топтың (ҰҚТ) «Хуторлықтар» жетекшісі делінген азаматпен туыстығы жайлы қауесеттерді үзілді-кесілді жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазТАГ

    «Мен бұл адамдарды мүлде танымаймын және бұл ақпараттың қайдан шыққанын білмеймін. Бұл фейк деп санаймын», – деп мәлімдеді Асанов сенат дәлізінде айтқан пікірінде.

    Ол Талғарда туыстарының бар екенңін жоққа шығарып, бұл қауесеттердің еш негізі жоқ екенін айтты.

    «Хуторлықтар» ҰҚТ туралы қауесет жасөспірім Шерзат Болаттың өліміне және Талғар ауданындағы полицияның әрекетсіздігіне қатысты жергілікті тұрғындардың көптеген шағымдарына байланысты тараған. БАҚ өкілдері қойған сұрақтарға жауап берген ҚР ІІМ өкілдері 2017 жылы жария болған топты мойындаудан бас тартты.

  • Теріс діни ақпарат таратқан 37 адам анықталды

    Теріс діни ақпарат таратқан 37 адам анықталды

    Атырауда дәстүрлі емес діни ағымды ұстанатын 2000-нан астам азаматты оңалту үшін тиісті жұмыстар жүргізілген.

    Бұл туралы Атырау облысы Дін істер басқармасының басшысы Қаһарман Рахметұлы баяндады.

    Оңалту жұмыстарын жүргізу барысында теріс діни сенімдегі 88 адам райынан қайтқан.

    Бір тұлғаның көзқарасын өзгерту үшін кемінде 1 жыл уақыт кетеді. Дін саласының арнайы мамандары тұрақты түрде түсіндіру және оңалту жұмыстарына көңіл бөліп отырады, – деді Қаһарман Рахметұлы.

    Теріс ағымдағы діни ақпарат таратқан 37 облыс тұрғыны айыппұл арқалаған. Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзып, теріс діни ақпаратты таратып, жариялаған азаматтарға 490-бапқа сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған. Бүгінде 37 тұрғын 50 АЕК мөлшерiнде айыппұл төлеуге міндеттелген.

  • Көксу аудандық ауруханасының медбикесі зейнеткерлер атынан несие алып, бостандықта жүр

    Көксу аудандық ауруханасының медбикесі зейнеткерлер атынан несие алып, бостандықта жүр

    Көксу аудандық орталық ауруханасының медбикесі Баян Садықова Жұмақанқызы науқастардың атына несие рәсімдеген. Алайда, бұл әрекет әшкере болған соң, медбикені бірден жұмыстан шығарып жіберген. Бір айта кетерлігі, ол бұған дейін де дәл осындай әрекеті үшін істі болып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған болып шықты.

    Ең қызығы, медбике Баян Садықова зейнет жасындағы қарттарды тақырға отырғызып кеткен. Зардап шегушінің бірі: «Өзім ауырып, химия алып жүргем. Ауруханада бізге қараған медбикеге сеніп, алданып қалдық. Home bank-тен атымыздан несие алып, тығырыққа тіреп кетті. Біздің ЖСН нөмір, аты-жөніміз туралы толық мәлімет қолында болған соң, осылай істеп отыр. Бізге екі айдан кейін төлем туралы түбіртек келіп тұр. Алатын зейнетақым – 40 мың теңге. Оның көбі дәрі-дәрмекке кетеді. Банктен қайта-қайта хабарласып, маза бермейді. Ол аздай, картаны бұғаттап тастады. Зейнетақы алмағанымызға үш ай болды. Бұл хабарды естіп, аурумызға ауру жамап алдық», – дейді.

    Ал тағы бір алданған кісі: «Балпық би ауылындағы зейнеткерлер мен балаларға осы медбикені бөліп қойған. Алданған, опық жеген адамның бәрі – қарт мүгедектер. Мен де. Әрқайсымыздың үйімізге келіп, дәрігер тіркелмегендерді тексеруге жіберді.

    Сондықтан тегін дәрі алу үшін сізді суретке түсіріп, құжаттарыңызды алуым керек. Ауырып қалған жағдайда сіздерге өзім қараймын деп, аты-жөнін айтты. 2023 жылы екі рет, 2024 жылы тағы келді. Біз оның бұл әрекетін екі айдан кейін ғана біліп отырмыз. Менің атымнан 500 мың теңге несие рәсімдеген. Үстіне қосылғанымен 678 мың қайтаруым керек екен.

    Ол бұрын екі рет сотталған екен, осымен үшінші рет қылмыстық іске тартылды. Алданған бәрімізден жауап алынды. 6 қазақ күні сот шешімі шықты. Оны үйқамақта ғана болуын талап етті. Ол неге бостандықта жүруі керек? Неге қамауға алынбайды? Бізге осы сұрақ маңызды», – дейді зейнеткер.

    «Менің атымнан несиені 16 сәуірде алыпты. Тамыз айында құқық қорғау мекемесінен өкіл келіп, «Несие алдыңыз ба?» деп сұрады. «Онда сіздің және жұбайыңыздың атынан Баян Садықова 1 млн теңге несие рәсімдеген» деп тұр. Дереу бірге еріп, Home bank-ке баруымызды сұрады» десе, тағы бір қарт: «Атымнан 1 млн теңге рәсімдепті. 70-ке келгенше несие дегенге жолаған жоқпын. Ешбір құжатқа қол қойған жоқпыз. Бірақ суретке түсіріп алатын», – дейді келесі бір алданған қария.

    Қысқасы, алданып, несие қарызына батқан он шақты зейнеткер сот үкімімен де, Home bank шешімімен де келіспейді. Себебі, банк: «Біздің қызметкерлер жауапкершілік алмайды. Өз еріктеріңізбен суретке түсіп, құжат беріп, қол қойғансыздар» деген уәжді алға тартқан. Ол ол ма, сот Баян Садықованы үйқамаққа жіберіп және несие берешегін зейнеткерлердің өздері төлейтін болған.

    Сот шешімінде: «Жәбірленушілер Б.К.Терликбаеваның, Ғ.Жолаушыбайдың, Т.Раушанның, К.Жұмажанның, К.Кыдырбекованың, М.Қаташтың, М.Конкышевтің. К.Бахияның азаматтық талаптары қанағаттандырылсын. Сотталған Баян Садықова жәбірленушілер пайдасына келтірілген материалдық шығын өндірілсін. Садықоваға азаматтық талап қою бойынша ерікті түрде орындау мерзімі үкім заңды күшіне енген соң бір ай деп белгіленсін. Үкімде көрсетілген мерзім өткен соң сот актісі азаматтық талабы бөлігінде мәжбүрлі түрде орындалсын. Жәбірленушілерге өтемақы қорына, бірінші үкім бойынша өндірілген төлем есепке алына отырып, 10 АЕК мөлшерінде, яғни 36 920 теңге мәжбүрлі төлем өндірілсін» делінген.

    Алайда, Баян Садықоваға қатысты «ешқайда кетпеу және дұрыс мінез-құлық қолхаты» түріндегі бұлтартпау шарасы үкім заң күшіне енген кезінен жойылатыны айтылған. Демек, бұған дейін екі мәрте сотталып, бостандықта тайраңдап жүрген медбике үшінші рет те оңай құтылатын сияқты. Ал зейнетақысы дәрі-дәрмегінен аспайтын мүгедек қарттардың ендігі жағдайы не болмақ? Енді олар облыстық сотқа шағымдануға дайын.