Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Арал теңізіне 200 млн текше метр су құйылды

    Арал теңізіне 200 млн текше метр су құйылды

    Қызылорда облысының шаруалары су үнемдеу технологияларын енгізудің нәтижесінде 200 млн текше метрге жуық су үнемдеді. Бұл су Арал теңізіне құйылды, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігі.

    Айта кетейік, биыл өңірдің дихандары 55 мың гектар күріш алқабында су үнемдеу технологияларын қолданды. Айта кету керек, Қызылорда облысындағы күріш алқаптарының жалпы ауданы 84 мың гектар.

    Осылайша, 2024 жылғы суару маусымында теңізге шамамен 1 млрд текше метр су жіберілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есе көп.

    Жыл басынан бері Солтүстік Аралға шамамен 2 млрд текше метр су жіберілді. Бүгінгі таңда теңіздегі судың жалпы көлемі 22 миллиард текше метрге жетті.

    «Су дипломатиясы мен Орталық Азиядағы әріптестерімізбен тығыз жұмыстан бөлек, Арал теңізіне су жіберуге үнемді технологияларды енгізу де маңызды рөл атқарады. Оларды қолдану жүздеген млн текше метр су үнемдеуге және оны теңізге бағыттауға мүмкіндік береді. Ол үшін біз шаруалардың су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсаған шығындарын субсидиялау көлемін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайттық. Алдағы үш жылда су үнемдеу технологияларымен суармалы суды пайдаланатын шаруа қожалықтары үшін субсидия мөлшері 50%-дан 85%-ға дейін ұлғаяды», — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

  • Балабақшадан 240 млн теңгеден астам бюджет қаражаты қолды болған

    Балабақшадан 240 млн теңгеден астам бюджет қаражаты қолды болған

    Ақтөбе облысының Хромтау және Мұғалжар аудандары прокуратуралары мектепке дейінгі мекемелерде 240 млн теңгеден астам бюджет қаражатын талан-таражға салу фактілерін анықтады.

    «Бюджет қаражаты жұмысшыларға қосымша сыйлықақы беруде бюджеттік өтінімдерді негізсіз жоғарылату арқылы иемденiлген. Бақылаусыз өзгерістер енгізіліп, оның ішінде басшыларға сыйлықақы беру туралы бұйрықтарға сомаларды асыра көтерген. Иемденіп алу схемалары жалақыны белгіленген нормадан тыс аудару, аударымдарды қайталау, жалған іссапарлар арқылы жүзеге асырылған», — делінген облыстық прокуратура хабарламасында.

    Сонымен қатар есепшілердің бірі кейбір қызметкерлерге жоғарылатылған жалақы, қосарланған еңбек демалысы мен іссапар төлемдерін заңсыз есептеу арқылы жалпы көлемі 24 млн теңгеден астам қаражатты иемденген.

    Осы қаражат ешқандай негізсіз есепшінің немесе балабақша меңгерушісінің жеке есепшоттарына аударылған.

    Аудан прокуратураларымен аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшыларына, 3 балабақша меңгерушілері мен 4 есепшілеріне қатысты ҚК-тің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен (аса ірі мөлшерде cенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

  • Ауа райы: Кей аймақта жаңбыр соңы қарға ұласуы мүмкін

    Ауа райы: Кей аймақта жаңбыр соңы қарға ұласуы мүмкін

    Еліміздің солтүстік және шығыс аймақтарында жауын-шашын күтіледі, кей жерлерде жаңбыр қарға ұласуы мүмкін. Батыс және оңтүстік өңірлерде ауа райы жауын-шашынсыз болады, алайда жел күшейіп, кейбір аймақтарда тұман түсуі ықтимал.

    Жетісу облысы

    Жетісу облысында солтүстік-шығыстан жел күтіледі, Алакөл көлдері ауданында екпіні 15-20, күндіз кей уақыттарда 23-28 м/с. Облыстың батысында, орталығында 3 градус үсік. Талдықорған қ.: 21 қазанда түнде 1-3 градус үсік күтіледі.

    Қостанай облысы

    Түнде және таңертең Қостанай облысының солтүстігінде, шығысында тұман күтіледі. Қостанай қ.: 21 қазанда түнде және таңертең тұман күтіледі.

    Қызылорда облысы

    Түнде Қызылорда облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, орталығында найзағай күтіледі. Жел батыстан, оңтүстік-батыстан соғады, күндіз облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде, орталығында күші 15-20 м/с. Қызылорда қ.: 21 қазанда түнде найзағай күтіледі.

    Түркістан облысы

    Таңертең және күндіз Түркістан облысының солтүстігінде, батысында, таулы және тау бөктерлі аудандарында найзағай күтіледі. Оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысатын жел соғады, таңертең және күндіз облыстың солтүстігінде, батысында, таулы және тау бөктерлі аудандарында күші 15-20 м/с. Шымкент қ.: 21 қазанда күннің екінші жартысында найзағай күтіледі. Оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысатын жел соғады, күндіз екпіні 15- 20 м/с. Түркістан қ.: 21 қазанда күндіз найзағай күтіледі. Оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысатын жел соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с.

    Атырау облысы

    Түнде Атырау облысының шығысында кей уақытта қатты жаңбыр. Облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде тұман күтіледі. Атырау қ: 21 қазан түнде және таңертең тұман күтіледі.

    Ұлытау облысы

    Ұлытау облысында оңтүстік-шығыстан соғатын жел оңтүстік-батысқа ауысады, күндіз облыстың батысында, оңтүстігінде екпіні 15-20 м/с.

    Солтүстік Қазақстан облысы

    Түнде және таңертең Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігінде, батысында тұман күтіледі.

    Ақтөбе облысы

    Түнде Ақтөбе облысының батысында, орталығында қатты жаңбыр күтіледі.

    Жамбыл облысы

    Күндіз Жамбыл облысының батысында, солтүстігінде, 21 қазанда солтүстігінде, оңтүстігінде, таулы аудандарында найзағай күтіледі. 21-22 қазанда түнде және таңертең облыстың батысында, шығысында, таулы аудандарында тұман күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-шығыс желіне ауысады, 21 қазанда облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аудандарында 15-20, күндіз екпіні 23 м/с, 22 қазанда облыстың таулы аудандарында 15-20, екпіні 23 м/с күтіледі. Тараз қ.: 21-22 қазанда түнде және таңертең тұман күтіледі. 22 қазанда күндіз найзағай күтіледі.

  • Павлодарда жанармай құю бекеті өртенді

    Павлодарда жанармай құю бекеті өртенді

    ТЖМ мәліметінше, құтқарушылар ЖҚС жарылысының алдын алған.

    – Павлодар қаласының шығыс өнеркәсіптік аймағында жанармай құю станциясының аумағында сыйымдылығы 3 текше метр жерасты газгольдері жанып, кейіннен өрт автожуу ғимаратына ауысқан. Өрт 41,5 шаршы метр алаңда сөндірілді, – делінген ақпаратта.

    Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталуда.

  • Имам көлікпен қаққан 11 жастағы қыз көз жұмды

    Имам көлікпен қаққан 11 жастағы қыз көз жұмды

    Абай облысы Үржар ауданында имам көлікпен қағып кеткен 11 жастағы қыз ауруханада көз жұмды. Қазір полиция тергеу жүргізіп жатыр.

    Оқиға 14 қазанда сағат 11:40 шамасында Үржар ауылында болған.

    «Toyota Rav-4 маркалы автокөлікті тізгіндеп келе жатқан 44 жастағы жүргізуші Гагарин көшесінде 11 жастағы қызды қағып кетті. Бала Үржар ауданының орталық аудандық ауруханасында қаза болды», – деп хабарлады Абай облыстық Полиция департаментінен.

    Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Абай облысының бас имамы Асқар Мұқанов  жүргізушінің имам болғанын растады.

    «Үржар ауылдық мешітінің имамы абайсызда жеке көлігімен жеткіншекті қағып кеткен. Оның айтуынша, бір үйдің ауласында байланып тұрған иттің үргенінен шошыған қыз жолға жүгіріп шыққан. Сол кезде өзі 40-пен келе жатқан. Көлікті тоқтатып үлгермей қалыпты. Оқиға болғаннан кейін қызды дереу ауруханаға өзі жеткізген. Өкінішке қарай, басымен асфальтқа құлаған бала ота үстінде қаза болды. Бүлдіршіннің ата-анасы мен туған туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз. Қарындасымыздың оқыстан болған қазасы бәріміздің жүрегімізге ауыр батып отыр», – деді ол.

    Имамның Үржар ауылдық мешітінде қызмет етіп келе жатқанына 10 жылдан астам уақыт болыпты.

    «Қызмет барысында оның қандай да бір тәртіп немесе ереже бұзған жағдайлары кездеспеді. Бұндай оқыс оқиға бірінші рет болып отыр», – деді Асқар Мұқанов.

  • Журналист Данияр Әділбеков сотталды

    Журналист Данияр Әділбеков сотталды

    Лауазымды тұлғаларға қатысты жалған ақпарат таратты деп айыпталған журналист Данияр Әділбековке үкім шықты. Сот үкімімен Данияр Әділбеков 4 жарым жылға сотталды.

    Прокурор бұған дейін оны 5 жылға соттауды сұраған еді. Ал қорғаушы тарап журналистке тағылған айыптың ешбірі дәлелін таппағанын айтады.

    Еске сала кетейік, наурызда қамауға алынған журналист Данияр Әділбековтің   істі болуына Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов, журналист Гүлжан Ерғалиева және елорда әуежайының инвесторы Юсуш Рашед Альджаудердың арызы себеп болды.

    «Дикая Орда» телеграм-каналындағы анонимді жазбалары үшін журналиске екі бап бойынша айып тағылды. Оның бірі – Қылмыстық кодекстің 419-бабы мұнай трейдері Ерлан Саудагеровтің тапсырысымен энергетика вице-министрі Ерлан Аккенженов туралы көрінеу жалған сөз жеткізу, екіншісі – Гүлжан Ерғалиева мен астаналық әуежайдың топ-менеджері Юсуш Альджаудер туралы көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату (274-бабы) бойынша.

    Ал Әділбековті айыптаған журналист Гүлжан Ерғалиева оны бас бостандығынан айыруды көздемегенін айтып, ақырғы шешімді судьяға қалдыратынын жеткізген. Данияр Әділбеков «Дикая Орда» телеграм-каналында Бишімбаевтың адвокатынан сұхбат алғаны үшін Ерғалиева 5-10 млн теңге алғаны жайлы шындыққа жанаспайтын ақпарат жарияланғаны үшін әріптесінен кешірім сұраған болатын.

  • Талғардағы оқиға: Тағы екі лауазымды тұлға қызметінен босатылды

    Талғардағы оқиға: Тағы екі лауазымды тұлға қызметінен босатылды

    Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 18 қазандағы бұйрығымен Алматы облысы прокурорының орынбасары С. С. Бакиров пен Талғар ауданының прокуроры Е. К. Бекманов қызметінен босатылды.

    Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бұйрығымен Алматы облысы прокурорының орынбасары С. С. Бакиров пен Талғар ауданының прокуроры Е. К. Бекманов атқаратын лауазымдарынан босатылды. Қылмыстық процесте заңдылықты қадағалау бойынша жұмыста елеулі кемшіліктердің болуы негіз болды, – делінген хабарламада.

    Сонымен, Талғардағы жасөспірім Шерзат Болаттың өлімінен кейін қанша адам қызметтен кетті?

    6 адам жұмыстан шығарылды:

    ▪️2023 жылдың соңынан бастап ұйымдасқан қылмысқа қарсы күреске жауапты Ішкі істер министрлігі бастығының орынбасары қызметін атқарған Айдос Рысбаев.

    ▪️Алматы облысы прокурорының орынбасары Саян Бакиров. Ол бұл қызметті 2022 жылдан бері атқарып келеді.

    ▪️Талғар ауданының прокуроры қызметіне тағайындалғанына 2 жыл болған Ескендір Бекманов қызметтен кетті.

    ▪️2022 жылы сайланған Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков пен  оның орынбасары Матан Сағындық  «өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін» қызметтен босатылды.

    ▪️Көпшілікке таныс Хасанның ағасы – Аслан Қасымбаев. Ол 2021 жылдың жазынан бері Талғар ауданы әкімі аппаратының жетекшісі болды.

    ▪️Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков және оның орынбасары Бидаев Айбек сөгіс алды.

  • Шерзат Болаттың өлімі: Тағы бір күдікті ұсталды

    Шерзат Болаттың өлімі: Тағы бір күдікті ұсталды

    Алматы облысы ПД мәліметінше, 17 қазанда Шерзатты өлтіру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеу аясында тағы бір күдікті К. ұсталды.

    «Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-тергеу іс-шараларының кешенін жүргізу жалғасып жатыр», – делінген хабарламада.

    Осылайша, Талғарда Шерзат Болатты өлтіру ісі бойынша 11 адам ұсталды. Бұған дейін 10 күдікті туралы хабарланған болатын.

  • Жанар Айжанова «Немерең бандиттің қолынан өлсін» деген оқырманын сотқа бермек

    Жанар Айжанова «Немерең бандиттің қолынан өлсін» деген оқырманын сотқа бермек

    Бұған дейін блогер Жан Ахмадиев өнер иелерінің аузына микрофон тосып, Талғардағы оқиғаға қатысты көзқарасын сұраған. Сол кезде танымал әнші Жанар Айжанова Шерзат Болаттың өліміне қатысты пікір білдіруден бас тартқан еді.

    «Мен ондайды айтпаймын. Саясатта шаруам жоқ, аулақ жүріңдерші», – деп ашуланып жауап берген әнші. Ал блогер өз сөзінде: «Әнші болсын, блогер болсын халықтың арқасында күн көріп отырғаннан кейін есеп беруі керек деп ойлаймын. Әншілердің бірказы бас тартып, бұл тақырыпты қозғағысы келмейтіндерін айтты», – деген.

    Ал әнші Жанар Айжанованың осы пікірінен кейін әлеуметтік желіде қаншама адам ауыр сөздерді қарша боратыпты. Бұл туралы ол өзінің Инстаграмдағы парақшасында: «Ауыз менікі деп оттай бермеңіздер! Маған бір әйел үйіңде өсіріп отырған немереңді өскен кезде бандиттер келіп, бауыздап өлтірсін. Мен соны тілеймін» депті.

    Сендер қандай анасыңдар?! Қызымды жерден алып, жерге салып жатырсыңдар. Мен ешкімге ештеңе деген жоқпын ғой. Мұндай мәселені жақсы түсінемін. Менің де інімді 12 жыл бұрын өлтіріп кеткен.  Атақты адамдар екен. Істемегені жоқ. Ешкімді шулатпай, өзім шештім. Мені де «тұқымыңмен құртамын» деп қорқытқан сол кезде. Біреудің баласына өлім тілеп отырған қандай анасыңдар?! Он екіде бір гүлі ашылмаған 17-18 жастағы қыздар жазып жатыр. Сендерге не жоқ?! Ешкімнің отбасына араласпаймын. Не істейсіңдер маған?

    Ертең сол әйелдің үстінен арыз жазып,  тауып алып, бетіне тура қарап, қандай адам екенін елге көрсеткім келіп отыр. Жан Ахмадиев әркімді тіміскілеп, өзіне пиар жасап жүрген адам. Оны өзіне де айттым, «маған жолама» деп. Талғардағы мәселеге қатысты ІІМ айналысып жатыр. Мен айтқанда не өзгереді? Өліп жатқан балаға тыныштық берсеңіздерші. Атын жамылып, оқырман жинау үшін өліп жатырсыңдар. Жан Ахмадиевтің өзі не істепті? Басын сүйеп пе, үй салып беріп пе?», – деді ашуға булығып.

     

     

    Посмотреть эту публикацию в Instagram

     

    Публикация от SONA.KZ — НОВОСТИ КАЗАХСТАНА (@sonanews.kz)

  • Айдос Рысбаев Алматы облысының полициясына басшы болып тағайындалуы мүмкін

    Айдос Рысбаев Алматы облысының полициясына басшы болып тағайындалуы мүмкін

    Бірер сағат бұрын  Ішкі істер министрінің орынбасары лауазымынан босатылған Айдос Рысбаев жаңа қызметке тағайындалуы мүмкін. Ресми ақпарат дерегінше, бүгін Алматы облыстық полиция департаментіне жаңа басшы тағайындалады.  Кадрлық ауыс-түйіс 18 қазан күні  сағат 14:30 ге жоспарланған. Sona ақпараттық порталы бұл қызметке Айдос Какашаұлы Рысбаев келуі мүмкін деп болжайды. Себебі, Алматы облысындағы соңғы криминалдық жағдайды ескерсек,  Айдос  Какашаұлы бұл қызметке лайықты.  Себебі, ол 2022 жылдан ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы, 2023 жылғы қарашадан бастап Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары  қызметін атқарды.