Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Қостанай облысының бұрынғы әкімі қайтыс болды

    Қостанай облысының бұрынғы әкімі қайтыс болды

    Шенеуніктің қайтыс болғаны туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жазды. Ол Укиннің туғандары мен жақындарына көңіл айтты.

    Кенжебек Укинович Укиннің өмірден озғаны туралы суық хабарды зор күйзеліспен қабылдадық. Ол елдің дамуына үлкен үлес қосқан абыройлы мемлекет және қоғам қайраткері болды. Кенжебек Укинович еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, облыс әкімшілігінің басшысына дейінгі ұзақ жолды жүріп өтті. Ол, әсіресе, Қазақстанның тәуелсіздігін қалыптастыру жылдарындағы қиын кезеңдерде ерен еңбегімен танылды. Марқұмның отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Оның еңбегі мен парасаты болашақ ұрпаққа әрдайым үлгі болып қалады. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын, — деп жазды Құмар Ақсақалов Instagram-парақшасында.

  • Қазақстандық теннисші Қытай турнирінде жеңіске жетті

    Қазақстандық теннисші Қытай турнирінде жеңіске жетті

    Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина ресейлік Ирина Хромачевамен бірге Қытайдың Ухань қаласында өтіп жатқан WTA 1000 сериясы турнирінің финалында жеңіске жетті, – деп мәлімдеді Olympic.kz.

    Екі сетте олар АҚШ-тан келген жұп Айша Мухаммад/Джессика Пегулаларды жеңді. Матч 6:3, 7:6 есебімен аяқталды.

  • Астанада бір түнде 146 жол апаты тіркелді

    Астанада бір түнде 146 жол апаты тіркелді

    Астанада бір түнде 146 жол апаты тіркелді. Қолайсыз ауа райы салдарынан 12 қазанда 118 жол апаты болған. 12 адам зардап шеккен. Полицияның ақпаратына сәйкес,  13 қазанда тағы 28 оқиға тіркелген. Әлеуметтік желіде Астана қаласында түсірілген кадрлар көптеп тарады. Видеодан көктайғақ салдарынан көліктердің тоқтауы қиынға соғып жатқанын  көруге болады. Қолайсыз ауа-райы әлі де сақталады. Қазгидромет 14 облыс пен Астанада қаласына ескерту жариялады. Мамандардың болжамына сәйкес, еліміздің басым бөлігінде бұрқасын соғып, көктайғақ болуы ықтимал. Ал, Қарағанды облысында жол қозғалысына шектеу қойылды. Екатеринбургк-Алматы автожолының  Ақсу-Аюлы-Балқаш бағытында автокөліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды.  Ал, сахараны соңғы елу жылда болмаған  су басты. Марокканың оңтүстік-щығысында бір жылдық көлемнен артық жауын жауған.

  • Шахтинск қаласында әскери қызметшінің денесі табылды

    Шахтинск қаласында әскери қызметшінің денесі табылды

    Шахтиск қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде ҚР Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығы 6505 әскери бөлімінің келісімшарт бойынша әскери қызметшісінің мәйіті табылды.

    Қайғылы оқиға 13 қазанда болған. Келісімшарт бойынша қызмет етіп жатқан әскери қызметшінің денесін өзі тұрып жатқан пәтерден тапқан. Ол белдікке буынып қалған. Бұл оқиға қатысты ҚР Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады.

    «Осы жылдың 13 қазанында Шахтинск қаласында қызметтен тыс уақытта өзі тұрып жатқан пәтерден келісім шарт бойынша әскери қызметшінің денесі табылды. Болжамды ақпарат бойынша әскери қызметші отбасылық-тұрмыстық жанжал негізінде өзіне-өзі қол жұмсаған. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы „Орталық“ өңірлік қолбасшылығы әскери қызметшінің туыстары мен жақындарына көңіл айтады», — делінген хабарламада.

  • Қарағанды облысында жол қозғалысына шектеу қойылды

    Қарағанды облысында жол қозғалысына шектеу қойылды

    Ауа райының қолайсыздығына байланысты Қарағанды облысында жол қозғалысына  шектеу қойылды.

    «2024 жылғы 14 қазанда сағат 08:30-да ауа райының бұзылуына байланысты “РФ шекарасы(Екатеринбургке) -Алматы” автожолының 1610-1855 шақырымы аралығындағы Ақсу-Аюлы — Балқаш бағытында автокөліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылады», — делінген ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясының хабарламасында. 

    Еске салайық, қазгидромет 14 қазанда еліміздің 14 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жариялағанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

     

  • Еліміздің 14 облысы мен Астана қаласында ескерту жарияланды

    Еліміздің 14 облысы мен Астана қаласында ескерту жарияланды

    Қарағанды облысының батысында, шығысында бұрқасын, көктайғақ күтіледі. Облыстың солтүстігінде жолдарда көктайғақ. Солтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде екпіні 15-20 м/с. Облыстың оңтүстігінде, шығысында жоғары өрт қауіпі сақталады. Қарағанды қ.: 14 қазанда жолдарда көктайғақ күтіледі.

    Қостанай облысының оңтүстігінде бұрқасын, көктайғақ күтіледі. Солтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың оңтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с.

    Ұлытау облысының солтүстігінде бұрқасын, көктайғақ күтіледі. Түнде және таңертең облыстың оңтүстігінде, орталығында тұман. Солтүстік-шығыстан соғатын жел оңтүстік-батысқа ауысады, облыстың солтүстігінде, екпіні 15-20 м/с. Жезқазған қ.: 14 қазанда түнде және таңертен тұман күтіледі.

    14 қазанда түнде Абай облысының батысында, солтүстігінде қар күтіледі, облыстың оңтүстігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ күтіледі. Түнде және таңертең облыстың шығысында, оңтүстігінде тұман күтіледі. Жел солтүстіктен, солтүстік-шығыстан соғады, облыстың оңтүстік-батысында 15-20 м/с.

    14 қазанда түнде Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында қар, облыстың оңтүстігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), күндіз облыстың солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі. Облыстың солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде көктайғақ. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде, шығысында тұман күтіледі.

    Батыс Қазақстан облысының солтүстік-батысында, солтүстік-шығысында жоғары өрт қауіпі сақталады, облыстың батысында, оңтүстігінде, солтүстігінде, шығысында төтенше өрт қауіпі сақталады. Орал қ.: 14 қазанда төтенше өрт қауіпі сақталады.

    Қызылорда облысының орталығында, солтүстігінде төтенше өрт қауіпі, облыстың батысында жоғары өрт қауіпі сақталады.

    Түркістан облысының таулы аудандарында кей уақыттарда қатты жаңбыр, облыстың солтүстігінде, батысында, оңтүстігінде, таулы және тау бөктерлі аудандарында найзағай күтіледі. Түнде және таңертең тауда тұман. Солтүстік-батыстан жел соғады, облыстың таулы аудандарында күші 15-20 м/с. Облыстың шөлді аудандарында төтенше өрт қауіпі (5 класс) сақталады. Шымкент қ.: 14 қазанда кей уақыттарда найзағай күтіледі.

    Жамбыл облысының оңтүстігінде, таулы аудандарында қатты жаңбыр күтіледі. Облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде, таулы аудандарында найзағай күтіледі. Түнде және таңертең облыстың таулы аудандарында тұман күтіледі. Солтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аудандарында 15-20 м/с, күндіз облыстың таулы аудандарында 25 м/с күтіледі. Тараз қ.: 14 қазанда күндіз қатты жаңбыр күтіледі. Кей уақытта найзағай күтіледі.

    Алматы облысының солтүстігінде, оңтүстігінде, таулы аудандарында солтүстік-шығыстан жел соғады, екпіні 18-23 м/с. Қонаев қ.: 14 қазанда солтүстік- шығыстан жел соғады, екпіні 18 м/с.

    Атырау облысының батысында, солтүстігінде төтенше өрт қауіпі сақталады.

    Ақтөбе облысының шығысында, орталығында солтүстік-шығыстан, солтүстіктен жел соғады, екпіні 15-18 м/с күтіледі. Облыстың солтүстігінде жоғары, батысында, оңтүстік-шығысында төтенше өрт қауіпі сақталады. Ақтөбе қ.: 14 қазанда жоғары өрт қауіпі сақталады.

    Солтүстік Қазақстан облысында солтүстік-шығыстан жел соғады, күндіз облыстың оңтүстік-батысында екпіні 15-20 м/с күтіледі.

    Астанада жолдарда көктайғақ күтіледі.

    Ақмола облысында жолдарда көктайғақ күтіледі. Түнде және таңертең облыстың батысында, оңтүстігінде тұман күтіледі. Солтүстік-шығыстан жел соғады, облыстың батысында, оңтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с күтіледі.

     

  • Семейде жаңа туған баланы өртеп жіберген

    Семейде жаңа туған баланы өртеп жіберген

    Семей қаласында жаңа туған баланы  қоқысқа тастап, өртеп жіберген. Денесінің 80 пайызы жанып кеткен шақалақ ауруханада қаза болды.

    Абай облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта тәртіп сақшылары күдіктіні іздестіріп жатыр.  Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева нәрестенің сағат 19.40-та көз жұмғанын мәлім етті.

    «Оның денесінің 80 пайызын күйік шалған. Абай облысындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен байланыста болып отырмын», — деп жазды ол өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

  • Петропавлда алғашқы қар жауды: полиция жолда сақ болуды ескертеді

    Петропавлда алғашқы қар жауды: полиция жолда сақ болуды ескертеді

    Полиция қызметкерлері Солтүстік Қазақстан облысындағы климаттың өзгеруіне байланысты ауа райын мұқият бақылап отыруды және жолдағы жағдайдың шұғыл өзгеруіне дайын болуды ескертеді.
    Қысқы дөңгелектерге ауысуды уақытылы жоспарлаған жөн.

    Көктайғақ кезінде апаттың қаупін азайту үшін аса маңызды екі кеңесті ұстанған абзал: қозғалыс жылдамдығын азайту және алда кетіп бара жатқан көлікке дейінгі арақашықтықты ұлғайту.

    Бұл жол-көлік оқиғасы туындауы мүмкін жағдайда шұғыл шешім қабылдау үшін уақытты ұтуға көмектеседі.

    «Жолда жаяу жүргіншілерден де аса сақтық таныту талап етіледі. Қар жауып, мұз пайда болған уақытта көлік құралдарының тоқтауы қиындайды. Жаяу жүргіншілер өткеліне шыққан кезде жүргізушілердің жол беріп жатқанына көз жеткізіңіз. Ересектер балаларға жолдағы қауіпсіздік ережелерін қосымша түсіндіруі қажет», – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллин.
    Соңғы 12 сағат ішінде СҚО-да жол-көлік оқиғалары тіркелмеді. Жолдағы жағдай тұрақты.

  • Ақтөбеде мектеп басшылары бюджет қаржысын бәс тігуге жұмсаған

    Ақтөбеде мектеп басшылары бюджет қаржысын бәс тігуге жұмсаған

    Прокуратураның мәліметінше, өңірдегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің басшылары бюджетке түсуге тиіс болған қаржыны жымқырған. Аталған қаражат спорт алаңдары мен залдарды жалға беру қызметінен, әуесқой спорт командаларынан түскен.

    Соңғы 3 жылда Ақтөбе облысында кәсіби клубтарды дамытуға арналған шығыстар 2 есе ұлғайтылған. Облыста республикалық және халықаралық жарыстарға дайындалуға және қатысуға бюджеттен 13 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Спорт мектептерінің басшылары 6 млн теңгеден астам бюджет қаржысын өз қажеттіліктеріне, соның ішінде букмекерлік кеңселердегі ставкаларға жұмсаған, – делінген прокуратура хабарламасында.

    Сонымен қатар, «Ақтөбе» футбол клубы командасы үшін әуе қызметтерін көтерілген бағамен 165 млн теңгеге бірнеше делдал арқылы сатып алу фактілері анықталды.

    Барлық фактілер бойынша прокуратурамен ҚК-тің 189-бабының 4-бөлігімен («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») 3 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, – делінген прокуратура хабаралмасында.

    Тексеру нәтижелері Ақтөбе облысының заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында қаралып, жауапты мемлекеттік органдарға бұқаралық спортты қаржыландыру жағдайын түзету, бюджет қаражатын мақсатты және тиімді пайдалану тапсырылды.

  • Оралда электронды темекі сатушыға айыппұл салынды

    Оралда электронды темекі сатушыға айыппұл салынды

    Оралда электронды темекі сатушыға айыппұл салынды.

    «Орал қаласы тұрғынының Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-1-бабымен (Шегілмейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы) көзделген қылмысты жасаудағы кінәсі толық дәлелденді», — делінген  БҚО прокуратурасының хабарламасында.

    Ведомствоның ақпаратына сәйкес, қала тұрғыны электронды темекіні сатумен айналысқан және вейптерді сатуға тыйым салатын заң күшіне енгеннен кейін сатылмай қалып қойған электронды темекілерді «Telegram» мессенджеріндегі топ арқылы сатқан.

    Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 227 вейптің қалдықтары тәркіленді. Орал қалалық сотының үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, 73 840 теңге айыппұл салынды.

    Сот үкімі заңды күшіне енді.

    Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы тұрғындардың назарын вейптерді сату және тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.

    Айта кетейік, 20.06.2024ж. вейптер мен электронды темекілерді сатуға, әкелуге және таратуға тыйым салу туралы норма күшіне енді.
    Аталған мәселе мемлекет басшысымен көтеріліп, 2024 жылғы 19 сәуірде тиісті Заңға қол қойылды.
    Заң әсіресе жастар арасындағы жаман әдеттермен күресуге бағытталған және бұзушылықтар үшін қатаң жазаларды қамтиды.
    Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес вейптерді сату мен таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін жаңа 301-1 бап белгіленді.

    Атап айтқанда, осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін (шамамен 738 400 теңге) айыппұл салу, түзеу жұмыстары немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.

    Сонымен қатар, вейптерді әкелу және өндіру 2000 АЕК-ке дейін айыппұл салуға (шамамен 7,3 миллион теңге), қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе тіпті екі жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғуы мүмкін.

    Қылмыстық топ жасаған немесе аса ірі көлемде пайда тапқан әрекеттер үшін жаза 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруға және 18,4 миллион теңгеге дейін айыппұл салуға әкелуі мүмкін.