Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Қостанай облысында жеке тұрғын үй өртеніп, 5 бала қаза тапты

    Қостанай облысында жеке тұрғын үй өртеніп, 5 бала қаза тапты

    Бүгін таңғы сағат 04:29-да Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан шатыры опырылып түскен. Сағат 06:08-де өрт оқшауланып, толығымен сөндірілді.

    Апат кезінде үйде ересектердің қарауынсыз 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 жылғы кәмелетке толмаған балалар  болған. Өкінішке қарай, үйінділерді тазарту барысында  бес баланың өлі денесі табылды. Балалардың үлкені 2011 жылы туылған бала ғана аман, зардап шекпеген.

    Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың анасы кешкісін құрбысына кеткен, ал жұбайы түрмеде отыр.

  • Sax Invest қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы ұсталды

    Sax Invest қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы ұсталды

    Астанада Sax Invest қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы ұсталды.

    Қаржылық мониторинг агенттігі елордада Sax Invest қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша бір топ адамды тергеп-тексеріп жатыр.

    Компания өзін инвестициялық қор ретінде таныстырған. Бірақ уәде етілген дивидентті (ай сайын 2-3%-дан) қатысушыларға жаңа салымшылардан қаражат тарту арқылы ғана төленген.

    Азаматтарға брокерлік қызмет көрсету, бағалы қағаздар нарығындағы сауда және Ангола Республикасында (Африка) алмаз өндіру жобасына инвестициялау бойынша қызметтерді орындаймыз деп сендірген. Осылайша, қазақстандықтардың қаржысын жобаға тартқан.

    Sax Invest ресми сайтында тіркелу және жеке кабинетке кіру үшін жоба клиентінен сілтеме алу қажет, яғни жобаға кіру шақыру-сілтеме арқылы ғана жүргізілген.

    Бонустар жаңа салымшылар тартылған жағдайда өскен. Кейіннен оларды компания жүйесі ішінде басқа тұлғаға аудару арқылы қолма-қол ақшаға айналдыруға болатынын айтқан.

    Салымшылардың барлық ақшасы компанияның банктік шотына емес, ұйымдастырушының жеке банк картасына аударылған.

    2018 жылғы қаңтардан бастап 2022 жылға дейін компанияның айналымы 18 млн долларға (шамамен 9 млрд теңге) жетіп, салымшылардың саны 3 мың адамнан асқан. Бүгінде Sax Invest қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларының бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, — деп жазылған ҚМА таратқан хабарламада.

    Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

    Айта кетейік, жыл басынан бері елімізде қаржы пирамидаларының қызметін ұйымдастырғаны және жарнамалағаны үшін 35 адамның мүлкі тәркіленіп, 2 жылдан 6 жылға дейін сотталды.

  • Еліміздің басым бөлігінде күн бұзылады

    Еліміздің басым бөлігінде күн бұзылады

    «Қазгидромет» РМК ел аумағында 10 қазанда болатын қауіпті метеорологиялық құбылыстарға болжам жасады.

    Қазақстанның көп бөлігінде циклон мен атмосфералық фронтальды бөлімдердің әсерінен жауын-шашын, оңтүстікте, шығыста, елдің орталығында жаңбыр түрінде, кейде қатты жаңбыр, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста найзағай ойнап, бұршақ жауады, солтүстікте, солтүстік-батыста жауын-шашын (жаңбыр, қар), боран, көктайғақ күтіледі.

    Елдің батысында ғана жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. ҚР бойынша желдің күшеюі күтіледі, батыста, солтүстік-батыста түнгі және таңертеңгі сағаттарда тұман болады.

    «Павлодар облысында, батысында, солтүстігінде, Абай облысының орталығында, солтүстігінде, Шығыс Қазақстан облысының орталығында, Қарағанды облысының шығыс жартысында, Ұлытау облысының оңтүстігінде, Ақтөбе облысының солтүстігінде, солтүстік-шығысында, Батыс Қазақстан солтүстік-шығысында, Жамбыл облысының солтүстік-шығысында, Қостанай облысының батысында, оңтүстік-шығысында, Қызылорда облысының батысында жоғары өрт қаупі сақталады», — деп жазды синоптиктер.

  • Доллар бағамы 490 теңгеден асты

    Доллар бағамы 490 теңгеден асты

    Қазақстан қор биржасында (KASE) 2024 жылғы 10 қазанда сағат 15:30-да шетел валюталары бойынша күнделікті сауда-саттық жабылды.

    Сауда-саттықтың қорытындысы бойынша доллардың орташа сараланған бағамы тағы 1,35 теңгеге көтеріліп, 490,81 теңге болды.

    Юань бағамы да көтеріліп, 69,33 теңгені (+0,09) құрады.

    Ақша айырбастау орындарында доллар 490,7-493,7 теңгеге, еуро 537-541,5 теңгеге, ресей рублі 4,99-5,09 теңгеге сатылуда.

    Бұл ретте 10 қазандағы аукционда мұнайдың әлемдік бағасы көтерілуде.

    Осылайша, ICE бойынша желтоқсандағы Brent фьючерстері 1,16%-ға өсіп, барреліне 77,47 долларды құрады.

    Қараша айында жеткізілетін WTI маркалы мұнай барреліне 1,38%-ға өсіп, 74,25 долларды құрады.

    Ұлттық банк таңертең доллар бағамын 489,06 теңге, еуроны 536,21 теңге, рубльді 5,05 теңге деп белгіледі.

  • Дәрігерлер қазақстандықтарға үндеу жолдады: ЖРВИ кезінде үйде қалыңыз

    Дәрігерлер қазақстандықтарға үндеу жолдады: ЖРВИ кезінде үйде қалыңыз

    Тұмау және ЖРВИ ауруының алдын алу үшін қарапайым алдын алу шараларын сақтау керек: көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық үй-жайларға баруды шектеу; үй-жайларды жүйелі түрде желдету; қолды өңдеу үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды пайдалану; науқас адамдармен байланысты шектеу, оларды оқшаулау; тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдыру және мектепке дейінгі ұйымдарға, мектептерге жібермеу; ауру белгілері пайда болған кезде уақытылы медициналық көмекке жүгіну керек.

    «Ауру жеңіл өтіп жатса да, тәуекел етпеңіздер, балаларды үйде қалдырыңыздар, өйткені вирустар ассоциациясы болу қаупі өте жоғары. Эпидемиялық маусым ушыққан кезде ересектер 2-3 рет, ал балалар, әсіресе бес жасқа дейін, 6-9 рет ауырады, өйткені олар вирустық инфекцияға алғаш рет тап болады. Антибиотиктерді өз бетінше және жаппай қабылдамай, ағзаның вирусты өз бетінше жеңуіне мүмкіндік беру керек», – деді «Астана медицина университеті» КЕАҚ Балалар жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, жоғары біліктілік санатындағы инфекционист-дәрігер Динагүл Баешева ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
  • Қатар Қазақстанға 20 млрд доллар инвестиция құяды

    Қатар Қазақстанға 20 млрд доллар инвестиция құяды

    Қатарлық инвесторлар Қазақстанға 20 млрд доллар инвестиция құяды. Бүгін Сенатта тиісті заң жобасы мақұлданды.  Құжат екі елдің телекоммуникация, энергетика, мұнай-химия және басқа да салалардағы бірлескен жобаларын іске асыруға, сондай-ақ, сауда-экономикалық ынтымақты нығайтуға арналған. Жалпы, 9 ауқымды жоба жүзеге асырылады. Соның арасында «Bereke Bank» АҚ-ның 100% акцияларын сату да қарастырылған. Жобаларды жүзеге асыру кезінде 14 мың, ал іске қосылған соң 3 мың адам жұмыспен қамтылмақ. Тиісінше, Қатар инвесторларына салықтық жеңілідктер берілмек.

     

  • Қазақстандық тағы бір университет халықаралық рейтингке енді

    Қазақстандық тағы бір университет халықаралық рейтингке енді

    Астана Халықаралық университеті  2025 жылғы Times Higher Education әлемдік университеттер рейтингіне енді. Бұл рейтинг 2024 жылдың 9 қазанында жарияланды.

    Соған сәйкес, оқу орны 120 қазақстандық университет арасында ТОП-23 тізіміне енді.

    Университет рейтингте «reporter» статусына ие болды. Бұл статус оқу орнының оқыту, ғылыми зерттеулер, әлемдік перспективалар және өнеркәсіппен байланыс салаларындағы тиімділігін бағалайтын 18 негізгі көрсеткіш бойынша деректерді ұсынғанын білдіреді.

    Айта кетейік, AIU 2018 жылы құрылған. Оқу орны президенті Серік Ирсалиевтің сөзінше, бұл жетістік университеттің білім сапасы, жаһандық серіктестік және ғылыми жаңашылдық бағытындағы ұстанымын айқындайды.

    Айта кетейік, университет 10 000-нан астам студентке білім береді және 5 жоғары мектеп пен 1 институт аясында кең білім беру бағдарламаларын ұсынады.

  • Шерзаттың әкесі халыққа тағы да үндеу жолдады

    Шерзаттың әкесі халыққа тағы да үндеу жолдады

    «Алматы облысы Қонаев қаласының ішкі істер департаментінен келдім. Ол жерде іс оңынан қаралып жатыр. Адвокаттар келіп көмектесіп жатыр. Марқұм Салтанаттың ағасының көмегі бар. Ол кісіге де ерекше алғыс айтамын», – дейді Қаржаубай.

    Сондай-ақ ол халықтан митингіге шықпауын өтінді.

    «Қантөгіс болмасын. Адамдар шоғырланған жерге менің жауларым келіп пайдаланып кетуі мүмкін. Ертеңгі күні мені аяқтан шалу үшін көтеріліс ұйымдастырып, бауырыма қастандық жасауы мүмкін. Мен заң аясында дұрыс шешім шыққанын қалаймын», – деді Шерзаттың әкесі.

    Еске салсақ, 4 қазан күні Талғар қаласында болған қайғылы жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. 16 жастағы Шерзаттың өліміне қатысты іс Ішкі істер министрінің жеке бақылауында. Белсенді Айтбек Амангелді қаза тапқан жасөспірімнің отбасына адвокаттар тауып берген еді. Ол отбасыға тегін қызмет көрсетуге келіскен үш адвокатты ұсынған.

  • Тоқаев пен Бердімұхамедов Ашхабадта Абай ескерткішін ашты

    Тоқаев пен Бердімұхамедов Ашхабадта Абай ескерткішін ашты

    Ақорда хабарлағандай, Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедов пен түрікмен халқына Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына орай арнайы шығарылған медальмен марапаттағаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар мұны екі ел арасындағы өзара сый-құрмет пен достықтың белгісі ретінде қабылдайтынын айтты.

    Мемлекет басшысы салтанатты жиында сөйлеген сөзінде бұл ескерткіштің ашылуын түрікмен бауырлардың қазақ халқына айрықша құрметінің көрінісі деп санайтынын атап өтті.

    «Абай – әлемдік ауқымдағы алып тұлға. Оның шығармалары бүкіл адамзаттың асыл мұрасына айналды. Жер жүзіндегі көптеген қалада хакім Абайдың ескерткіші бар. Ұлы ақын саналы ғұмырын ағарту ісіне арнады. Абай «Талап қыл артық білуге» деп, өнер-білім философиясын кеңінен насихаттады. Ол теңдессіз туындылары арқылы мызғымас құндылықтарды дәріптеді. Жұртты отаншылдыққа, білімпаздыққа, еңбекқорлыққа баулыды. Жақсылық пен парасаттылыққа үндеді. Ашхабадта Абай ескерткішінің ашылуы – бауырластығымызды нығайта түсетін бірегей бастама», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Президент биыл Астанада түрікмен халқының ұлы ойшылы Мақтымқұлы Пырағының ескерткіші ашылғанын еске салып, қазақ елі түркі жұртына ортақ тұлғаның шығармашылығына зор құрметпен қарайтынын жеткізді.

    «Шын мәнінде, Абай мен Мақтымқұлы еңбектері – түркі дүниесінің құнды қазынасы. Оны сақтап, кейінгі ұрпаққа қалдыру – баршамызға ортақ міндет. Ұлы ақындарымыздың поэзиясында өзара сабақтастық мысалдары көп. Біз – түбі бір, тарихы ортақ, тілі мен мәдениеті ұқсас халықтармыз. Осы бауырластық елдеріміздің қарым-қатынасына арқау болып отыр. Қазір бұл байланыс стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатыр. Түрікменстанға бүгінгі ресми сапарым – соның айқын дәлелі. Абайдың ескерткіші қазақ-түрікмен достығының символына айналады деп сенемін», – деді президент.

  • Денис Теннің өлімі: Жоғарғы сот жазаны өзгеріссіз қалдырды

    Денис Теннің өлімі: Жоғарғы сот жазаны өзгеріссіз қалдырды

    Бүгін Жоғарғы сот мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері болған спортшы Денис Тенді өлтірген адамдардың жазасын өзгеріссіз қалдырды.

    Айта кетейік, сотталған Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясов тамыз айында Жоғарғы сотқа оларды ақтауды сұрап, шағым түсірген болатын.

    «Сот олардың шағымын қараудан бас тартты», — деп хабарлады Жоғарғы сот.

     

    Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде өлген.

    Сот үкімі бойынша Денис Тенге шабуыл жасаған Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергенов 18 жылға бас бостандығынан айырылған.

    Сонымен қатар, Жанар Толыбаева ҚР ҚК «Қылмыс туралы хабарламау» 434-бабы бойынша кінәлі деп танылды. Ол орташа 4 жылға сотталып, 2021 жылы бостандыққа шықты.