Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Антикор спорттағы «жалған спортшылар» туралы айтты

    Антикор спорттағы «жалған спортшылар» туралы айтты

    Сондай-ақ, қызмет мәліметінше, Туризм және спорт министрлігі «жалған спортшыларды» бақылауды жоғалтқан.

    «Әлсіз спорттық инфрақұрылым. Қазіргі заманғы спорт нысандарының жетіспеушілігі спортшыларды сапалы даярлау мүмкіндігін шектейді. Бұл әсіресе спорттық нысандар жиі қол жетімді емес немесе қанағаттанарлықсыз жағдайда болатын аймақтарда байқалады», – делінген хабарламада.

    Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы кәдімгі жаяу жүргіншілер жолдары мен велосипед жолдарының тапшылығына бағытталған. Ал еліміз бойынша 374,2 мың м2 жабық спорт ғимараттарының, 376,4 мың м2 бассейндердің тапшылығы байқалады (Алматы, Астана, Түркістан және Алматы облыстарындағы ең үлкен тапшылық).

    «Спорт кешендері мен футбол академияларын салудың орнына спорттық ұйымдар легионерлерді ұстауға көп ақша жұмсаған. Мысалы, ең қымбат «Астана» ФК (2018-2023 жылдары 50 миллиард теңге, құрылтайшысы – Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Қазспортинвест» АҚ «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» корпоративтік қоры және ҰОК) өзінің футбол академиясы мен инфрақұрылымына ие емес. 6 жыл ішінде (2018-2023 жж.) клуб футбол алаңдары мен үй-жайларды жалға алуға 1,4 миллиард теңге жұмсады», – делінген хабарламада.

    Халықаралық жарыстарға қатысу үшін спортшыларды ашық іріктеудің болмауы. Жоғары жетістіктер спорт саласында процестерді цифрландыру мүлдем жоқ.

    «Нәтижесінде бейінді министрлік қазақстандық спорттың жай-күйі туралы толық деректерді білмейді, жүлдегерлердің, спорт ғимараттарының, спорт секциялары мен жаттықтырушылардың бірыңғай есебін жүргізбейді. Цифрландырудың болмауы жалған спортшыларға спорттық атақтар беруге, жарыстарға қатысу үшін спортшыларды ашық емес және субъективті іріктеуге ықпал етеді».

  • Қарақшылық шабуыл жасаған күдікті Ресейден экстрадицияланды

    Қарақшылық шабуыл жасаған күдікті Ресейден экстрадицияланды

    Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы қылмыстық топтың құрамында қарақшылық шабуыл жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында күдіктіні Ресей Федерациясынан экстрадициялады.

    «Күдікті 2015 жылы таныстарымен алдын ала сөз байласып, Қарағанды облысы Шахтинсктегі мейрамханалардың біріне қарақшылық шабуыл жасаған. Қылмыс салдарынан мейрамхана иесіне 46 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірілген. Күдіктінің серіктестері қылмыстық жауапқа тартылды, ал күдікті бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланды», – делінген хабарламада.

    Биылғы мамырда ол Ресей Федерациясының Ростов облысында ұсталды, содан кейін Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланған.

    «Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Аталған қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған».

  • Қазақстан Қытай мен Ауғанстанға бидай экспортын ұлғайтпақ

    Қазақстан Қытай мен Ауғанстанға бидай экспортын ұлғайтпақ

    Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен астық экспортын ұлғайту мәселесі қаралды. Жедел штабта «ҚТЖ» АҚ басқарушы директоры Бауыржан Орынбасаров биыл 9 айда теміржолы арқылы 6,6 млн тонна астықтың 5 млн тоннасы экспортқа жіберілгенін айтты. Тек қыркүйекте 900 мың тонна астық шетелге шығарылған.

    Тартылған өнімдердің экспорты – 2,1 млн тонна, қыркүйектегі көрсеткіш – 310 мың тонна.

    Қазақстанның астығы негізінен Орталық Азияға (2,9 млн тонна), Қытайға (1,3 млн тонна), Ауғанстанға (127 мың тонна) жеткізіледі. Салыстырмалы түрде тыныштықтан кейін Иранға 211 мың тонна астық жеткізу қайта жанданды. Оның 140 мың тоннасы қыркүйекке тиесілі. Италияға, Түркияға және Ресейге 423 мың тонна астық жіберілді, — деді Бауыржан Орынбасаров.

    Оның айтуынша, 9 айда Орталық Азияға – 495 мың тонна, Қытайға – 639 мың тонна, Ауғанстанға 666 мың тонна астық жөнелтілген.

    Қаңтар-қыркүйектің қорытындысы бойынша астықты жабық вагондарда тасымалдау көлемі 75%-ға, астық тасығыштарда 5%-ға өскен, ал контейнерлермен жеткізу 26%-ға төмендеген.

    Қазақстандық бидай негізінен Қытайдың шекаралық және орталық провинцияларына жеткізіледі. ҚХР-ға астық негізінен контейнерлермен тасымалданады.

    Биыл Қытайға 2 млн тонна астық жеткізу міндеті тұр. Жалпы біз оның көлемін 3 млн тоннаға дейін арттыра аламыз. Сондай-ақ Ауғанстанға ұн жеткізуді ұлғайту қажет. Жаңа келісімшарттар мен логистика Алматыда өтетін Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумының басты мәселелерінің бірі болуға тиіс, – деді Серік Жұманғарин.

    Айта кетейік, 7 қазандағы мәлімет бойынша Қазақстанда дәнді дақылдар алқабының 94%-ы, картоптың 90,5%-ы, көкөністердің 84,6%-ы, майлы дақылдардың 30%-ы, қант қызылшасының 23%-ы жиналды. Егін жинау науқаны басталғалы элеваторларға 4,4 млн тонна астық түсті.

  • «Отбасы банк» төлем терминалдарын жабады

    «Отбасы банк» төлем терминалдарын жабады

    «Отбасы банк» 2025 жылдан бастап депозитті толықтыру және кредитті өтеуге болатын төлем терминалдарын жабады. Бұл туралы банктің ресми сайтында хабарланды.

    Бұл шешім процесті оңтайландыру және қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қабылданді, – делінген ақпаратта.

    Сондай-ақ «Отбасы банк» келиенттерге төлем жасау үшін бірнеше балама нұсқа ұсынып отыр:

    Halyk Bank, CenterCredit, Еуразиялық банктің терминалы мен банкоматы;
    Kaspi Bank, Halyk Bank және CenterСredit Банк интернет-банкингі арқылы;
    «Қазпошта» АҚ бөлімшесінде;
    Otbasy Bank lite, Jysan Bank, Еуразиялық банк, ForteBank, RBK Банкі, Bereke Bank, Kaspi bank мобильді қосымшасы арқылы.

  • Референдум: 24 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды

    Референдум: 24 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды

    Бүгін елордада ТМД байқаушылары миссиясының жетекшісі Леонид Анфимов 6 қазан күні Қазақстанда өткен референдумға қатысты пікір айтты.

    «ТМД байқаушылары миссиясының сұрауы бойынша ҚР Орталық сайлау комиссиясы, Жоғарғы сот, Ішкі істер министрлігі және Бас прокуратура референдум науқаны кезінде жолданған өтініштерге қатысты ақпарат берді. Олардың мәліметінше, осы уақыт аралығында заң бұзудың санаулы ғана деректері тіркелген. 24 адам республикалық референдумға қатысты сауалнама жүргізу тәртібін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қылмыстық істер қозғалған жоқ. Ішкі істер министрлігі референдумға қатысты бір ғана құқық бұзу дерегін, яғни ресми деректерсіз үнпарақтар таратылғанын хабарлады», — деді Л. Анфимов ҚР Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингіде.

    Оның айтуынша, ҚР ОСК-ға негізінен анықтамалық-ақпараттық сипаттағы 66 өтініш, сауал және ұсыныс келіп түсті. Олар заңда белгіленген мерзімде қаралып, өтініш берген адамдарға тиісті жауап берілді.

    «Қазақстанда референдумды дайындау және өткізу барысында заң бұзу оқиғаларына дереу әрекет ету үшін қажет жағдайлар жасалды. 2024 жылғы 6 қазандағы референдум күні ТМД байқаушылары Қазақстанның 9 өңірінде – Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қызметін жүзеге асырып, 618 дауыс беру учаскесіне барды. Олар дауыс беру процесінің ашықтығы қамтамасыз етілгенін мәлімдеді. Мен өзім 10-нан астам учаскеге бардым және референдум өткізу жақсы ұйымдастырылғанына көз жеткіздім», — деді Леонид Анфимов.
    Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Орталық референдум комиссиясы дауыс берудің алдын ала  қорытындысын  шығарды.

    Осы ретте сайлау учаскелеріне барған қазақстандықтардың 71,12 пайызы референдумда АЭС құрылысын қолдап дауыс бергені айтылды.

  • Астанада 150 тұрғынға құмар ойын ойнауға тыйым салынды

    Астанада 150 тұрғынға құмар ойын ойнауға тыйым салынды

    Астана қаласының 150 тұрғынына құмар ойынға қатысуға тыйым салынды. Олар балаларына алимент төлеудің орнына ақшасын ойынға салған. Қалалық прокуратураның ақпаратынша олардың балалары алдындағы жалпы қарызы 350 млн теңгеге жетіпті. Тіпті төленбеген алиментінің соммасы 2,5 млн теңгеге жеткен әкенің құмар ойындағы айналым ақшасы 80 млн теңге екені анықталды. Осылайша сот орындаушылары 150 адамға құмар ойынға қатысуға тыйым салды.

  • Қостанай облысындағы диірменде төрт адам қаза тапты

    Қостанай облысындағы диірменде төрт адам қаза тапты

    Қостанай облысының Рудный қаласындағы диірмендердің бірінде төрт адам қаза тапты. Олар тереңдігі 5 метрлік бункерді тазалауға түскен.  Қайта шықпай қалған. Бункерде ес-түссіз жатқан жұмысшыларды төтенше жағдай қызметкерлері алып шықты. Қазір жұмысшылардың өліміне нақты не себеп болғаны анықталып жатыр.

  • Көкшетауда шетелдік жүк көліктерін заңсыз тіркегендер сотталды

    Көкшетауда шетелдік жүк көліктерін заңсыз тіркегендер сотталды

    Көкшетауда шетелдік жүк көліктерін заңсыз тіркеген халыққа қызмет көрсету орталығының бұрынғы қызметкері 5 жылға сотталды. Ол ұзақ уақыт бойы жалған құжаттар жасап, 68 темір тұлпарға мемлекеттік нөмір таққан. Осылайша мемлекетке 448 миллион теңге шығын келтірген. Көкшетау қалалық сотының мәліметінше, бұл іске қатысы бар тағы екі адам 5 және 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

  • АЭС бойынша референдумның алдын ала қорытындысы шықты

    АЭС бойынша референдумның алдын ала қорытындысы шықты

    7 қазанда таңертеңгі дауыс берудің алдын ала қорытындысы төмендегідей болды: қолдап 71,12 пайыз дауыс берді, 2 452 071 азамат қарсы болды.

    Еске салайық, АЭС бойынша референдум 6 қазан, жексенбіде сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтті. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметінше, сағат 20:00-дегі жағдай бойынша азаматтардың 63,87 пайызы, 7 820 918 адам дауыс берді.

  • ДСМ жаңа вирустың өршуіне байланысты дабыл қақты

    ДСМ жаңа вирустың өршуіне байланысты дабыл қақты

    Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа қауіпті инфекция – Марбург вирусының өршуі туралы ескертуіне байланысты эпидемиологиялық жағдайды бақылауды күшейтеді.

    Марбург вирустық ауруы – адамдарға да, басқа приматтарға да әсер ететін сирек кездесетін, ауыр вирустық геморрагиялық қызба. Вирус табиғатта жарқанаттарда кездеседі және жарқанаттардан адамдарға берілуі мүмкін. Марбург қызбасының табиғи ошақтары – Оңтүстік, Батыс және Орталық Африка елдері: Оңтүстік Африка (Оңтүстік Африка Республикасы), Габон, Судан, Конго Демократиялық Республикасы, Либерия, Гвинея, Зимбабве, Кения.

    Аурудың клиникалық белгілері вирусты жұқтырғаннан кейін 2-21 күннен кейін пайда болады.

    Халықтың жоғары көші-қонын ескере отырып, министрлік қазақстандықтарға эндемиялық елдерге барған кезде мынадай профилактикалық шараларды сақтауды ұсынады:

    1. жұқтырған адамдармен байланыста болудан аулақ болу;
    2. Африка ормандарын мекендейтін жабайы жануарлардан сақ болу;
    3. жергілікті жануарлардың жеткіліксіз қуырылған етін жемеу;
    4. мысырлық жарқанаттардың көпбөлігі — вирустың асимптоматикалық тасымалдаушылары бар үңгірлер мен шахталарға бармау;
    5. аурудың белгілері пайда болған кезде дереу медициналық көмекке жүгіну;
    6. жеке гигиена ережелерін сақтау.

    Ақпаратқа сәйкес, Марбург вирусына қарсы арнайы ем мен вакцина жоқ. Тек симптоматикалық емдеу ғана жүргізіледі. Вирус адамға тікелей байланыс арқылы беріледі. Оны зақымдалған тері немесе шырышты қабықтар арқылы жұқтыру қаупі бар. Сонымен қатар, вирусты заттардың бетіне тигенде және төсек-орын немесе науқастың киімі сияқты материалдарды ұстаған кезде жұқтыру мүмкін.

    Аурудың негізгі белгілері: қызу көтерілу, тамақ ауру, бөртпе, іш ауру, мұрын мен көздің қанауы.

    ДСМ Марбург вирусының эпидемиологиялық жағдайының дамуын мұқият қадағалайды. Халықаралық әуежайларда аурудың республикаға әкелінуіне және таралуына жол бермеу мақсатында барлық келетін жолаушылардың байланыссыз термометриясы жүргізілетін мемлекеттік шекарада санитариялық-карантиндік бақылау іске асырылады, – деп атап өтті Сархат Бейсенова.