Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Он алты жастағы Шерзаттың өлімі: сот Талғарда жеті күдіктіні 2 айға қамады

    Он алты жастағы Шерзаттың өлімі: сот Талғарда жеті күдіктіні 2 айға қамады

    Айта кетейік, күні кеше баланың әкесі әлеуметтік желі арқылы Бас прокурор Берік Асыловқа үндеу  жасап, жергілікті құқық қорғау органдары тергеуде заң бұзып отыр деген еді. Бүгін облыстық прокуратура істің обьективті түрде тергелетініне кепілдік берді.

    «Өздеріңіз білетіндей, биыл 4-қазан күні Талғар қаласында төбелес орын алып, қаланың 16 жастағы тұрғыны пышақталып көз жұмды. Тағы екі азамат ауыр жарақат алды. Біз қоғамның толқуын түсінеміз және баланың отбасына көңіл айтамыз. Прокуратура органдары кісі өлтіру бұл істі ерекше бақылауына алғанын ресми түрде мәлімдейміз», — деп жазылған прокуратураның ақпаратында.

    Дереккөзге сүйенсек, осы қылмысты жасады деген күдік бойынша сот жеті адамды 2 ай мерзімге қамаған.

    «Біз жағдайды толық анықтап, кінәлілердің бәрін жауапқа тартатындай обьективті тергеу жүретініне кепілдік береміз. Осы қылмысқа қатысы бар адамдарды жауапкершіліктен босататындай ешқандай әрекет болмайтынына сендіреміз. Тергеуге көмектесетін ақпарат білсеңіз, прокуратура немесе ішкі істер органдарына жүгінуге шақырамыз», — деп хабарлайды Алматы облысының прокуратурасы.

    Еске салсақ, 2024 жылдың 4 қазанында Алматы облысы Талғар деген шағын қалада марқұм Шерзаттың әкесі мен анасы жалдап отырған дүкенге бір жігіт келген. Ол сыра алып, оның ақшасын төлегісі келмей, жанжал тудырған. Видеодағы жігіттің інісі мен ұлы, яғни, Шерзат бұзақыны тыныштандырып, сыртқа шығармақ болған. Сол сәтте ол бір топ досын шақырып, төбелес шығарған. Суыт қару асынған күдіктілер баланы анасының көзінше пышақтап кеткен. Алматы облысы ПД бастығының орынбасары Мәлік Қабдуалиев қылмыс жасағандар қамалғанын айтқан еді.

  • Ержан Төлепов, Түркістан облысының бас имамы: Ол аттестациядан құлап қалған имамның сойылын соғып отыр

    Ержан Төлепов, Түркістан облысының бас имамы: Ол аттестациядан құлап қалған имамның сойылын соғып отыр

    Оның пікірінше, Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов пен оның іс басқарушысы Әлімхан деген азамат жол ережесін бұзып, мешіт балансында тұрған көлікті айыппұлға белшесінен батырып тастаған. «Ержан Төлепов айыппұлды неге жанқалтасынан төлемейді?» деген сұрақты төтесінен қойған жазбада:

    «Суреттегі Toyota Camry 50 көлігі «Ахмет Яссауи облыстық орталық мешітінің» балансына тіркелген. Бұл машина бас имам Ержан Төлеповтың қызмет көлігі саналады. Toyotaны Ержан мен оның іс басқарушысы Әлімхан екеуі кезектесіп тепкілеп мініп жүр. Үнемі жылдамдықты асырып айдап, айыппұлға түсіп қалады. Әрине, көлік мешітке тіркелгендіктен, жол ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұлды Төлепов емес, мешіт есепшісі төлейді. Мешітке Құдай аспаннан ақша жаудырып жатқан жоқ, бұл қаржы жамағаттың бала-шаға аузынан жырып мешітке берген пітір-садақасы. Ал бас имам мешіт көлігімен жол ережесін бұзып, айыппұлға түсіп, халықтың қаржысын ысырап қылып жүр» делінген.

    Sona.kz тілшісі Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлеповке хабарласып, мәселенің анық-қанығын өзінен сұрады.

    – Ержан Сматұлы, әлеуметтік желіде жария болған ақпарат жайында хабардарсыз ба? «Қызметтік көлікпен айыппұлға көміліп қалыпты» дейді ғой. 

    – Дін саласында облыстық деңгейде қызмет атқарып жатқаныма екі жылдың жүзі. Бұған дейін де талай жерде жұмыс істедім, ешқандай мәселе туындаған жоқ.

    Бұл көлік мүфтияттың атындағы қызметтік көлік. Енді біз Түркістан облысын түгел аралаймыз. Үнемі күре жолда жүреміз. Сондай кезде жылдамдық асырып, түсіп қалуымыз мүмкін. Кейде қайда түскенімізді де білмей қаламыз. Келген айыппұлды өз уақытында төленіп тұрады. Асыра сілтеп жазғандай, айыппұл көп емес.

    Бұрыннан көлік жүргізіп жүрген адам да камераға түсіп қалады ғой. Бір-ақ рет түскен айыппұлды көрсеткен. Бірақ үнемі жылдамдықты асырып айдап, айыппұл арқалай берсек, оған да арнайы бап бар емес пе? Заңды түрде, шығарып берсін. Екі жылда бір рет түскен екенбіз, соған бола әлеуметтік желіге дабырайтып жазған дұрыс емес қой.

    – Сонда бұл қолдан жасалған арандату ма?

    – Әлбетте. Ораз Әлімбек ұсынып отырған мәлімет – жалған. Ол аттестациядан құлап қалған имам Таңат Серкебайдың сойылын соғып жатыр. 2023, 2024 жылы да аттестациядан өте алмай, қызметтен босап қалған ол қайтадан қызметке келгісі кеп бұйрық шығаруды талап етіп, қоқан-лоқы жасауда. Бұл бұйрықты біз емес, комиссия шешімімен мүфтият шығарады. Сол имамның өрескел іс-әрекеті жайында жазсаңыздаршы. Аттестациядан құлап қалса – өзінің білімсіздігі, біліксіздігі, оқығаны туралы бірде бір құжатының жоқтығы. Ал енді блогерді пайдаланып, әлеуметтік желі арқылы бопсалау жасауы дұрыс па? Менен ілік іздейтін басқа жол таппаған сияқты. «Сіздің осындай кінәратыңыз бар екен» деп өзіме келіп, айыбымды неге бетіме айтпайды?

    Сондықтан нақты ақпаратты алғашқы қайнар көзден алу керек. «Біреу айтты» екен деп шешім шығаруға болмайды. Шариғаттың өзінде де неке бұзылып, талақ сұрап келген жағдайда тек әйелді ғана емес, еркекті де, олардың куәгерлерін де тыңдап, шешім шығарамыз. Сол сияқты біз де шағымданып, арыз түсіріп, сотқа береміз. Бірақ әлгі имам артын ойламай, бопсалап, жағдайды ушықтырып отыр.

    Қазір Астанадан заңгер келіп, бәрін тексеріп жатыр. Заңды түрде жұмыс жүргізіледі. Жалпы, даудың басы қай жақтан шыққанын анықтамайынша, әлеуметтік желіге ақпарат жариялауға болмайды. Әлеуметтік желіні шулатып, елдің арасында алауыздық туғызғанша, сотқа берсін. Екі адамның арасындағы әңгімені 20 млн халық тыңдауы шарт па?

  • Димаш Құдайберген Діндер съезінің Ізгі ниет елшісі болып тағайындалды

    Димаш Құдайберген Діндер съезінің Ізгі ниет елшісі болып тағайындалды

    Белгілі қазақ әншісі Димаш Құдайберген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің Ізгі ниет елшісі болып тағайындалды.

    Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІІ отырысында съездің Ізгі ниет елшісі лауазымына 5 адам ұсынылды. Осы бес адамның ішінде әнші Димаш Құдайберген де бар.

    Хатшылық отырысына қатысушылар осы бес үміткердің кандидатурасын да бірауыздан мақұлдады.

    Қалған Ізгі ниет елшілерінің тізімі мынандай:

    Иерусалим Патриархы III Феофил;

    Англикан қауымдастығы бас хатшысының орынбасары Бэйли Уэллс;

    Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Әбдел Салам;

    Вьетнам буддистік сангха атқару кеңесі төрағасының орынбасары, бас хатшы Тик Дык Тьен.

     

     

  • Биыл жылыту маусымы тұрақты өтеді – Скляр

    Биыл жылыту маусымы тұрақты өтеді – Скляр

    Биыл Қазақстанда жылыту маусымы тұрақты өтеді. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты.

    Биылғы жылыту маусымына тоқталайын. 5 энергоблокта, 32 қазандықта, 28 трубинада жөндеу жұмысы аяқталды. 19,9 мың шақырым электр желісі, 376 қосалқы станция, 4 мың 46 басқарушы пункті жөнделді. Сондай-ақ 536 шақырым жылу желісі жөнделіп, жылдық жоспар 99%-ға орындалды. Оңтүстік өңірлерде жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Алайда бұл тұтынушыларға жылу беруге әсер етпейді, – деді Роман Скляр Үкіметтің баспасөз орталығында.

    Үкімет басшысының орынбасары биыл жылыту маусымында мәселе туындамауы үшін тиісті жұмыс жүргізілгенін атап өтті.

    Өңірлерде коммуналдық қажеттілік үшін тиісті жанар-жағармай қоры, оның ішінде көмір қоры бар. Осылайша, биыл жылыту маусымы тұрақты болады деп жоспарлап отырмыз, – деді вице-премьер.

  • Қазақ-қырғыз шекарасында айына 10 мың тонна бензин заңсыз тасымалданады

    Қазақ-қырғыз шекарасында айына 10 мың тонна бензин заңсыз тасымалданады

    Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.  Дереккөзге сүйенсек, қырғыз көліктер бензинді көлігінің багына немесе қолдан жасалған қосымша бактарына құйып алып, заңсыз әкетіп жатыр.

    «Қаржы мониторинг агенттігі шекара маңындағы өңірлерде жанар-жағармайды елден шығаруға қарсы бірлескен бақылауды күшейтуге қатысты ведомствоаралық кездесу өткізді. Баға айырмашылығына байланысты жеңіл көліктер көлігінің багына және қолдан жасалған багына бензин құйып алып, оны ел аумағынан заңсыз әкетіп жатыр. Тек қазақ-қырғыз шекарасында айына осындай тәсілмен 10 мың тонна бензин тасымалданады», – деп хабарлады ҚМА.

    Жалпы, жыл басынан бері жанар-жағармай тасымалына байланысты 21 қылмыстық іс тіркелген. Бұл заңсыз айналымның көлемі 3,5 мың тоннадан, ал құны 900 млн теңгеден асқан.

  • Алматыда Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары жауапқа тартылды

    Алматыда Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары жауапқа тартылды

    Алматы қаласы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары жауаптылыққа тартылды.

    Прокуратура 2019-2023 жылдарға ұлттық киноны қолдауға бөлінген бюджет қаражатын игеру кезіндегі заңдылықтың жай-күйіне тексеру жүргізді.

    Ақпаратқа сәйкес, ұлттық фильмдердi тиімсіз қаржыландырудың фактiлерi анықталды. Мысалы, 2019-2021 жылдар кезеңінде «Выбор» кинофильмі 500 млн теңгеге қаржыландырылды. Алайда мемлекет толықтай қолдағанына қарамастан, аталған фильм прокатқа сол күйі шықпаған.

    Ал «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасы заңының 12-бабы 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік қаржылық қолдау, ұлттық фильмдерді және соған байланысты іс-шараларды шығаруды, прокаттауды және көрсетуді ұйымдастыру, сондай-ақ ұлттық фильмдерді шетелде көрсету үшін ұсынылады. Оның үстіне, аталған фильмге прокаттан өткізу куәлігі алынбаған, бұл Заңның 14-бабы 1-тармағына қайшы келеді (ұлттық деп танылған фильмге ұлттық фильмнің куәлігі беріледі).

    Осылайша мемлекет заңнамада көзделген прокаттан және фильм көрсетілімінен түсетін кірістің 20 %-ын алу мүмкіндігінен айырылған, – делінген прокуратура хабарламасында.

    Сонымен бірге 421 млн теңгеге қаржыландырылған «Тырналар» фильмі де прокатқа шықпаған.

    Прокуратура 2019 жылдан бастап фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесі қолданысқа енгізілмегендігін атап өтті. Жүйе елдің барлық кинотеатрларында көрсетілімдер мен сатылған билеттер бойынша, сондай-ақ фильмнің бюджеті бойынша статистиканы қадағалауға мүмкіндік берер еді.

    Бұған қоса сараптамалық кеңестің жұмысы наразылық тудырып отыр. Кинокомпаниялардың продюсерлері, режиссерлері, актерлері мен құрылтайшылары сараптамалық кеңестің құрамына кіргендіктен, киножобаларға объективті іріктеу жүргізілмеген. Жобаларды осылайша қаржыландыру ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 15 наурыздағы №113 Қаулысына қайшы келеді, – делінген хабарламада.

    Көрсетілетін орасан зор мемлекеттік қаржылық қолдауға қарамастан, күтілетін мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізілмеген.

    Қала прокуратурасының қадағалау актісі бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары, сондай-ақ «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

  • Референдум бойынша түпкілікті нәтиже шықты

    Референдум бойынша түпкілікті нәтиже шықты

    Бұған дейін жарияланған мәліметтен айырмашылығы жоқ. Азаматтардың 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдады. 7,8 млн адамның 5,5 млн-ы “иә” деген нұсқаны таңдаған.

    Еске салайық, ҚР Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумда дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялаған болатын. Ол кездегі мәліметтерге сәйкес, референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 миллион 284 мың 487 адамды құрады. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар санының 7 миллион 820 мың 204 адамды немесе 63,66% құрады.Референдумға шығарылған мәселені оң шешуге дауыс берген азаматтардың саны 5 миллион 561 мың 937 адамды немесе 71,12% құрады.

     

     

  • eGov.kz сайтында жаңа қызмет пайда болды

    eGov.kz сайтында жаңа қызмет пайда болды

    Қазақстандықтар eGov.kz порталындағы «Автокөлік тарихы» сервисі арқылы автокөлікке иелік ету тарихы туралы барлық ақпаратты тексере алады.

    «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мәліметінше, сервис пайдаланушыларға сатып алмас бұрын көлік тарихын тексеруге көмектеседі.

    «Қызметті енгізу пайдаланушыға ықтимал сатып алу туралы қосымша ақпаратпен танысуға көмектеседі және сәйкессіздіктер туындаған жағдайда бірқатар мәселелерден қорғайды. Тексеру үшін әлеуетті сатушыдан автокөліктің мемлекеттік нөмірін және тіркеу нөмірін сұрау керек «, – делінген 2024 жылдың 8 қазанында таратылған хабарламада.

  • Елімізден көмір тек лицензия арқылы экспортталады

    Елімізден көмір тек лицензия арқылы экспортталады

    «Алдағы жылыту маусымына шамамен 12 мың автономды қазандық дайындық жұмыстарынан өтті. Автономды қазандықтар қажетті көмірмен — 93, мазутпен — 99 және дизель отынымен 90 пайыз қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні білім беру және денсаулық сақтау нысандары мен тұрғын үйлер жылыту маусымына толықтай дайын», — деді министр.

    Оның атап өтуінше, коммуналдық тұрмыстық қажеттілікке және халықтың пайдалануына арналған көмірге қажеттілік 8,2 млн тоннаны құрайды. Жылыту маусымы басталғаннан бері шамамен 3 млн тонна жеткізілді. Бұл жылдық жоспардың 37,1 пайызды құрайды. Ал өткен жылы жоспардың орындалуы 35,1 пайыз құраған болатын.

    «Бүгінгі таңда еліміздің көмір тұйықтарындағы түрлі маркадағы отын қоры шамамен 577 мың тоннаны құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мың тоннаға артық. Министрлік тарапынан өңірлерді көмірмен қамтамасыз ету бойынша тұрақты мониторингі жүргізілуде. Қазақстан темір жолы мен көмір өндіруші кәсіпорындар көмірдің қажетті көлемін жеткізуге дайын. Сонымен қатар, әлеуметтік көмірдің елден тыс жерлерге кетуін болдырмау мақсатында көмір экспортына лицензия беруді көздейтін Үкімет қаулысы қабылданды. Бұдан бөлек, делдалдардың жұмысын болдырмау мақсатында көмірді сатуды биржаға шығару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде жылыту маусымы басталып, халық тарапынан көмір сатып алу белсенді түрде жүріп жатыр. Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде, халықтың көмірді сатып алуы бойынша ақпараттандыру жұмыстарын белсендету қажет», — деді Қанат Шарлапаев.

    Министрдің айтуынша, барлық өңірде жылыту маусымы жоспарға сәйкес басталып жатыр. Жөндеу жұмыстары қалған өңірлерде жылу беру басталғанға дейін аяқталатын болады. Халықты көмірмен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар министрліктің тұрақты бақылауында тұр.

  • «Made with Italy»: Қазақстан мен Италияның бірлескен жобалары жүзеге асады

    «Made with Italy»: Қазақстан мен Италияның бірлескен жобалары жүзеге асады

    Миланда «ҚАЗАҚСТАН – ИТАЛИЯ: Қазақстан жолындағы сауда және инвестициялық мүмкіндіктер» атты Қазақстан-Италия форумы басталды. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Италиядағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерболат Сембаев, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, сондай-ақ Италия Сенатының Президенті Игнацио Ла Русса, Италияның Туризм министрі Даниэла Сантанке және «Made in Italy» вице-министрі Валентино Валентини сияқты жоғары дәрежелі италиялық өкілдер қатысты.

    Форумда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдың қаңтарында Италияға жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша берген тапсырмаларын орындау барысы талқыланды. Бұл Қазақстан-Италия қарым-қатынасын нығайтудағы маңызды қадам болды. Талқыланған негізгі тақырыптарға жаңартылатын энергетика, агроөнеркәсіп кешені, туризм, фармацевтика және технологиялық инновациялар кірді. Сондай-ақ, Қазақстанның Еуропа мен Орталық Азия арасындағы экономикалық ынтымақтастықтағы стратегиялық маңыздылығы атап өтті.

    Сауда министрі Арман Шаққалиев Италия Қазақстан үшін Еуропалық Одақтағы негізгі сауда серіктестерінің бірі екенін және тауар айналымы бойынша үздік үштікке кіретінін атап өтті. Ынтымақтастықты нығайту аясында Қазақстан италиялық компаниялардың қатысуымен бірлескен кәсіпорындарда өндірілген өнімді ілгерілетіп, тауарлардың халықаралық нарықтағы позициясын күшейтетін «Made with Italy» тұжырымдамасын енгізуді ұсынды.

    «Made in Italy» вице-министрі Валентино Валентини бұл идеяны қолдап, бірлескен жобалар екі елдегі шағын және орта бизнестің дамуын ынталандыратынын айтты. Сондай-ақ, форумда туризм саласындағы перспективалар талқыланды, онда Италияның Туризм министрі Даниэла Сантанке Астана мен Милан арасында тікелей рейстердің іске қосылуы туристердің қатынауына  үлкен үлес қосады деді.

    Бұл бастаманың маңызды бөлігі қазақстандық өнімнің Қазақстан аумағында ЕО және Италия нарығына жылдам шығуын қамтамасыз ету үшін еуропалық сапа стандарттарына көшу үшін алдыңғы қатарлы тәжірибе орталықтарын («Excellence Center») құру болып табылады.

    Форум аясында ашылған Италиядағы қазақстандық компаниялардың алғашқы сауда-экономикалық миссиясына ерекше назар аударылды. Миссияға ауыл шаруашылығы, мұнай сервистік қызметтер, тоқыма өнеркәсібі, туризм және IT сияқты секторларды қамтитын 50-ден астам қазақстандық кәсіпорын қатысты. «QazTrade» АҚ бас директоры Жеңіс Өсербайдың айтуынша,  миссия жаңа серіктестіктердің дамуы мен перспективалы жобаларды жүзеге асыру үшін үлкен мүмкіндіктер береді.

    Форумда Maire Group, Ansaldo Energia, Filiera Italia, Confindustria Kazakhstan және басқа да жетекші компаниялардың өкілдері сөз сөйледі. Форумның негізгі мақсаты – екі елдің үкіметтік және бизнес құрылымдары арасындағы өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін диалог пен идеялармен алмасуға арналған алаң құру болды. Бұл өзара сауда-инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

    Сауда миссиясы Қазақстан мен Италия арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту және ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін іздеу мақсатындағы B2B кездесулер және көрмелерге қатысу арқылы жалғасады.

     

    Айта кетейік, 2023 жылы Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналымы 7,8%-ға өсіп, 16,1 млрд долларды құрады. Қазақстан экспорты 14,8 млрд долларды, импорт – 1,2 млрд долларды құрады. 2024 жылдың 8 айында тауар айналымы 33%-ға өсіп, 13,8 млрд долларға жетті, ал қазақстандық экспорт 36%-ға өсті (12,9 млрд доллар). Негізгі өсу драйверлері: шикі мұнай (+38,1%), көмір (+309,5 есе), зығыр тұқымдары (+4,1 млн доллар), пропилен полимерлері (+71,6 есе) және т.б.

    Форум аясында сондай-ақ «Қазақстан Конфиндустриясы» қауымдастығы ұйымдастырған Қазақстан мен Италияның елдік тұсаукесері ұсынылды. Іс-шараға екі ел компанияларының өкілдері жиналып, одан арғы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылау үшін диалог алаңы құрылды. Қауымдастық пайдаланатын экономикалық дипломатия құралдары энергетика, фармацевтика, аграрлық азық-түлік өндірісі және өнеркәсіп сияқты секторлардағы коммерциялық және инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған.