Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Референдумға дайындық кезінде 24 заң бұзу фактісі анықталды

    Референдумға дайындық кезінде 24 заң бұзу фактісі анықталды

    «Референдум кезінде учаскелік комиссиялардың мүшелеріне ерекше жауапкершілік жүктелді. Заңға сәйкес, олардың келесідей әрекеттері жазаланады: азаматтарға басқа адамдар үшін дауыс беруге мүмкіндік беру мақсатында бюллетеньдерді беру; Азаматтардың сайлаушылар құқығымен танысуын бұзу немесе дауыстарды санау басталғаннан кейін оларға өзгерістер енгізу; Референдумның қорытындысы жайлы іс әрекеттерге әкімшілік жауап көзделген», – дейді Өмірәлиев.

    Оның айтуынша, кейбір фактілер үшін қылмыстық жауапкершілік те бар.

    «Референдумға қатысу құқығына немесе комиссиялардың жұмысына кедергі жасау, референдум құжаттарын бұрмалау және дауысты дұрыс есептемеуге қатысты қылмыстық жауапқа тартылады. Референдумға дайындық күнінен бастап 24 заң бұзу фактісі анықталған. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – дейді Өмірәлиев.

  • 400 күнге созылған ақпараттық-түсіндіру жұмысы аяқталады – Ерлан Қарин

    400 күнге созылған ақпараттық-түсіндіру жұмысы аяқталады – Ерлан Қарин

    Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты референдум аясында тура 400 күнге созылған ақпараттық-түсіндіру жұмысы аяқталғанын мәлім етті.

    Оның айтуынша, президент референдум өткізу туралы идеясын былтыр жария еткен.

    «Бүгін елімізде Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты референдум аясында тура 400 күнге созылған ақпараттық-түсіндіру жұмысы аяқталады. Оны Қазақстанның саяси тарихындағы ең ұзақ науқан деуге толық негіз бар. Неге 400 күн? Себебі Мемлекет басшысы референдум өткізу туралы идеясын былтыр, яғни 2023 жылғы 1 қыркүйекте кезекті Жолдауында айтты. Дәл сол күні референдумға қатысты ауқымды жұмыс басталды деуге болады. Осы уақыт ішінде әр аймақта қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды, ақпарат кеңістігінде сарапшылар мен қоғам белсенділері жан-жақты пікір алмасты», — деп жазды Қарин.

    Қариннің пайымынша, бұл науқан «байсалды түрде, өзара түсіністік жағдайында» өткен.

    «Рефендум кезінде еліміздегі қоғамдық күштер алғаш рет саяси емес, экономикалық мүдде тұрғысынан күш-жігерін біріктіргенін атап өткен жөн. «Amanat» партиясының бастамасымен 6 саяси партия және 20-дан астам қоғамдық бірлестік Атом электр стансасын салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб құрды. Штаб мүшелері барлық өңірдің тұрғындарымен кездесу өткізді, оған энергетика саласының жетекші сарапшылары мен мамандары қатысты.  Осылайша, азаматтарымыздың Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға қатысты байыпты тоқтамға келуіне мүмкіндік берілді», — деп жазады Қарин.

  • Прокуратура Астанада 37 үй заңсыз салынып жатқанын айтты

    Прокуратура Астанада 37 үй заңсыз салынып жатқанын айтты

    Астана прокуратурасы қалада 37 көп қабатты үй заңсыз салынып жатқанын мәлімдеді. Бұдан өзге, прокуратура жекелеген компаниялар үлескерлердің ақшасын заңсыз алғанын да анықтаған.

    Осы негіздерге сүйене отырып, биыл 64 құрылыс нысанына жауапты 51 құрылыс иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 12 құрылыс иесіне қатысты қылмыстық іс бар, – деп хабарлады Астана прокуратурасы.

    Еске сала кетейік, Астанадағы көпқабатты үйлердің шатырына шығатын люктар жабылады.

  • Сенат депутаты Ләззат Қалтаеваның өкілеттігі тоқтады

    Сенат депутаты Ләззат Қалтаеваның өкілеттігі тоқтады

    «Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Молдабекқызы Қалтаеваның өкілеттігі тоқтатылды», — делінген Ақорда жариялаған құжатта.

  • Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтерінің басшыларын қабылдады

    Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтерінің басшыларын қабылдады

    2024 жылдың 4 қазанында Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдері қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтері басшылары кеңесінің 55-ші отырысына қатысушылармен кездесті.

    Мемлекет басшысы бұл алаңның қауіпсіздік саласындағы күш-жігерді үйлестіру тетігі ретінде танылғанын, сондай-ақ қазіргідей күрделі кезеңде Кеңестің рөлі бұрынғыдан да артып келе жатқанын атап өтті.

    Президент шұғыл және сараптамалық ақпаратпен дер кезінде алмасу өңірлік қауіпсіздікке төнетін қауіптер мен сын-қатерлерге қарсы тұру қабілетін арттыра түсуге және елдеріміздің ұлттық мүдделерін қорғау үшін үйлестірілген тәсілдерді дайындауға ықпал ететінін айтты. Мемлекет басшысы бұл кездесудің қорытындысы халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізіп, Достастық мемлекеттерінің арнаулы қызметтері арасындағы өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға оңтайлы жағдай жасайтынына сенім білдірді.

    Жиынға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінің, сондай-ақ ТМД терроризмге қарсы орталығы мен Атқарушы комитеті делегацияларының басшылары қатысты.

  • Ішкі істер министрінің орынбасары қызметінен босатылды

    Ішкі істер министрінің орынбасары қызметінен босатылды

    Мемлекет басшысының өкімімен Марат Шәдетханұлы Қожаев Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары лауазымынан босатылды.

    Марат Қожаев 1964 жылы 23 ақпанда туған. Білімі жоғары, 1989 жылы КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін, 2001 жылы ҚР ІІМ Академиясын тәмамдаған.

    Мансабы:

    • 1984 жылдан – Алматы облысы ІІБ Қаскелең ауданының ІІБ уақытша ұстау изоляторының милиционері;
    • 1989 жылдан 2001 жылға дейін тергеу қызметінде, оның ішінде Алматы облысы ІІБ басшылық лауазымдарында жұмыс істеді;
    • 2004 жылдан 2009 жылға дейін – Алматы қаласы ІІД бастығының орынбасары
    • 2012 жылғы ақпаннан бастап – Қазақстан Республикасы ІІМ Тергеу комитетінің төрағасы;
    • 2014 жылдың қыркүйегінен – Павлодар облысы ІІД бастығы;
    • 2017 жылғы желтоқсаннан бастап – Нұр-сұлтан қаласы ПД бастығы;
    • 2019 жылғы 6 сәуірден бастап – ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары.

    Қызметте жеткен жетістіктері үшін ІІМ басшылығымен бірнеше рет көтермеленген, 2-ші дәрежелі «Айбын» (2013) орденімен және 7 медальмен марапатталған.

  • Қашаған кен орны уақытша жабылады

    Қашаған кен орны уақытша жабылады

    7 қазанда Қашаған кен орны жөндеуге жабылады. Кен орнындағы жөндеу жұмыстары қарашаның басына дейін жалғасады.

    «Қашаған кен орнында жөндеу жұмыстары 7 қазанда басталып, 30 күнтізбелік күнге созылады», – делінген Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарламасында.

    Қашаған – Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқан Қазақстанның қайраңды мұнай-газ кен орны. Соңғы 40 жылда ашылған әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі.

  • Балалар үйіне түскен бөбектер саны рекордтық деңгейге жетті

    Балалар үйіне түскен бөбектер саны рекордтық деңгейге жетті

    Қазақстанда өткен жылы балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны 8,5 пайызға өскен, деп хабарлайды Finprom.kz.

    Былтыр бір жыл ішінде бөбектер үйлеріне 4 жасқа дейінгі 1,3 мыңға жуық бүлдіршін жіберілген. Бұл соңғы бірнеше жылдан бергі рекордтық деңгей. Айта кету керек, бұл бүлдіршіндердің тек 546-сы жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған. Ал 800-дей баланың ата-аналары ата-ана құқығынан айырылмаған.

    2024 жылдың басындағы мәлімет бойынша Қазақстанда ата-ана қамқорлығынсыз қалған 21,4 мың бала бар.

  • Антикор қазақстандықтарды сақ болуға шақырды

    Антикор қазақстандықтарды сақ болуға шақырды

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мессенджерлерде (WhatsApp, Telegram және т.б.) Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығы мен қызметкерлерінің атынан жалған аккаунттар құрған және жалған ақпарат тарататын алаяқтарға сенбеу керегін ескертті, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.

    «Алаяқтар Антикор символикасы бар жалған құжаттарды, хабарламаларды және файлдарды жасап, халыққа жолдап жатыр.  Жалған ақпараттық таратуларға сенбеу, күмәнді сілтемелерге өтпеуді, сондай-ақ қолма-қол ақша аудармауды сұраймыз», – делінген хабарламада.

    Осындай қоңыраулар мен таратуларды алған жағдайда, осы фактілер туралы Қазақстан Республикасының Құқық қорғау органдарына дереу хабарлауды сұрайтынын жазған.

  • Қазфосфатқа 10 млн теңге айыппұл салынды

    Қазфосфатқа 10 млн теңге айыппұл салынды

    Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті 2024 жылы жүргізген жұмыстарының қорытындысын шығарды.

    Осы уақытқа дейін департамент 5 тергеу жүргізген. Оның бірі «Қазфосфат» ЖШс-ға қатысты.

    Департамент мәліметінше компания сұйық оттегі бағасын 36 460 теңгеден 102 320 теңгеге негізсіз көтерген. Нәтижесінде компанияға 9,5 млн теңге айыппұл салынды.

    Бұған дейін де экологтар «Қазфосфат» ЖШС-ны тексеру кезінде заң бұзушылықтарын анықтаған болатын.