Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Ұлттық олимпиада комитетіне жаңа бас хатшы тағайындалды

    Ұлттық олимпиада комитетіне жаңа бас хатшы тағайындалды

    Астанада Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті Бас Ассамблеясының кезектен тыс жиыны өтті.

    Бас ассамблеяның күн тәртібінде қаралған мәселенің бірі – жаңа бас хатшыны сайлау. Геннадий Головкин Әлімжан Ақаевтың кандидатурасын ұсынып, ұсынысты қатысушылар бірауыздан бекітті.

    Әлімжан Ақаев 2024 жылдың ақпанынан бастап Қазақстан ҰОК президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарған.

  • Су шаруашылығы мамандарының жалақысы өседі

    Су шаруашылығы мамандарының жалақысы өседі

    Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қарағанды облысына ресми іс-сапары барысында айтты.

    «Биыл «Қазсушар» қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 25 пайызға өсті. Еңбекақысы тариф есебінен төленетіндердің де, республикалық бюджеттен алатындардың да айлығы көтерілді. Келесі жылы да біз су саласындағы мамандардың еңбекақысын көтеру бойынша жұмысты жалғастырамыз. Еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандардың еңбегі лайықты түрде бағалануға тиіс», – деді министр.
  • Қасым-Жомарт Тоқаев: Түркістанға облыс мәртебесін берген Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор

    Қасым-Жомарт Тоқаев: Түркістанға облыс мәртебесін берген Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор

    Мемлекет басшысы Түркістан қаласында жаңадан бой көтерген «Достық үйінің» жұмысымен танысты.

    Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен салынған кешенде «Қоғамдық келісім» мекемесі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Ардагерлер кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі, сондай-ақ аймақтағы 11 этномәдени бірлестіктің өкілдіктері орналасқан.

    Мемлекет басшысы ғимаратты аралап көріп, жергілікті зиялы қауыммен және Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелерімен жүздесті.

    «Қастерлі Түркістан жеріне арнайы келіп отырмын. Түркістан өңірінің келешегі жарқын деп ойлаймын. Жастарымызға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ардагерлерге алғыс айтқым келеді. Ең алдымен, жастарға қолдау білдіруіміз керек. Біз бәріміз бірігіп, ел үшін еңбек етуіміз қажет. Сырттан келетін тәуекелдер аз емес. Ахуалды жақсы білесіздер. Түркістан облысында 50 ұлт өкілі тұрады. Ауызбіршілікті сақтау және елімізді дамыту жолындағы ерен еңбектеріңізге ризашылық білдіремін. Қазақстанда ешқашан ешқандай фобия болған емес, болмайды да. Біз – бірлігі мығым, толерантты, ұстамды әрі еңбекқор халықпыз. Ең бастысы – осы. Сондықтан ынтымағы жарасқан қоғамның іргесін әлі де бекіте түсеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Мемлекет басшысы Түркістанның көрікті, таза қалаға айналғанына назар аударды. Бұл ретте Түркістанға облыс мәртебесін берген еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор екенін атап өтті.

    Кездесуде Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов Түркістанның облысқа айналған сәтінен бері орын алған оң өзгерістерге тоқталып, халық саны тығыз орналасқан өңірге мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық үшін алғыс айтты.

  • Бүгін – Дүниежүзілік туризм күні

    Бүгін – Дүниежүзілік туризм күні

    Еліміздегі туризм саласына құйылған инвестиция биыл екі есеге өсіп, 390 млрд теңгені құрады. Бүгінде ҚР Туризм және спорт министрлігі арқылы жалпы құны шамамен 400 млрд теңгені құрайтын 61 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Туризм саласындағы жұмыспен қамту 497,7 мың адамға жеткен.

     

    Биыл қаңтар-маусым аралығында 3 млн 431 мың қазақстандық ел ішінде саяхаттаған.

     

    Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, елімізге келетін шетелдік туристердің географиясы жыл сайын кеңейіп келеді. Мысалы, жақын көршілерден бөлек, елімізге мұхиттың арғы бетіндегі мемлекеттерден де саяхатшылар келе бастаған. Шекаралас Ресей мен Қытайдан бөлек Үндістан (53 695 адам), Түркия (30 312), АҚШ (19 597) елдері үздік бестіктің қатарына кірген.

    The New York Times бойынша осы жылы Алматы қаласы үздік 52 туристік бағыт қатарына енді.

    Шығыс Қазақстандағы Қатонқарағай ауданы британиялық Wanderlust журналының Travel Green List атты «жасыл» туризм бағыттарының тізіміне және халықаралық ITB Berlin 2024 туристік көрмесі аясында «Тұрақты туризмнің 100 үздік бағыты» аталымы бойынша 3-орынды жеңіп алды.

    Ал қыркүйекте Астанаға 12 400-ге жуық шетелдік турист келді. Олардың жатын орынға, көлікке, тамақтануға, ойын-сауыққа жұмсаған жалпы шығыны 7,5 млрд теңгені құраған.

  • Бишімбаевтың бұрынғы әйелі оны әкелік құқығынан айырмақ

    Бишімбаевтың бұрынғы әйелі оны әкелік құқығынан айырмақ

    Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман оны ата-аналық құқығынан айырғысы келеді.

    Назымның айтуынша Қуандық Бишімбаевты ата-аналық құқығынан айыру үшін арыз берген. Бірақ сот бас тартыпты. Себебі Салтанат Нүкенова Қуандықтың заңды әйелі болған жоқ. Демек Бишімбаев туысқанын немесе өз отбасының мүшесін өлтірген жоқ.

    Сондай-ақ Назым Қаһарман балаларының фамилиясын да ауыстырмақ болған, бірақ одан да бас тартыпты.

    «Өкінішке қарай қазір мен шындықты айтуға мәжбүрмін. Себебі көмек сұрағым келеді. Менің ойымша соттың бас тартуы – әділетсіз. Мен мұнда қоғамға, Бас прокуратура мен Жоғарғы сотқа жүгініп отырмын. Олардың назарын аударғым келеді», — деді Назым.

  • ШҚО-да көпір опырылып түсті

    ШҚО-да көпір опырылып түсті

    ШҚО Алтай ауданындағы 48-50 км учаскесінде Октябрь өткелі – Алтайка – Жаңа Хайрузовка облыстық маңызы бар автомобиль жолы уақытша жабылды, деп хабарлады YK-news.kz.

    Жолдың жабылуына Таволжанка өзені арқылы өтетін көпірдің негізгі тіректерін жер асты суларының шайып, құлауы себеп болған.

    Қазіргі уақытта оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Көпірмен жүруге шектеу қойылып, жол белгілері орнатылды. Сондай-ақ уақытша айналма жол салу жұмыстары басталып кетті.

     

  • Қытайға астық экспорты 6 есе артты

    Қытайға астық экспорты 6 есе артты

    «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының деректері бойынша, жыл басынан бері астықпен 582 маршруттық пойыз құрылып, жөнелтілді: 551 экспресс-пойыз астық жүктерін Қытайға, Түркменстанға, Иранға, Ресейге, Өзбекстанға жеткізді.

    Ел бойынша астық жүктерін маршруттық жөнелтілімдермен тасымалдау үшін 31 құрам ұйымдастырылды.

  • Қазақстанда санақ жүргізу ережесі бекітілді

    Қазақстанда санақ жүргізу ережесі бекітілді

    Ұлттық статистика бюросы басшысының 2024 жылғы 16 қыркүйектегі бұйрығымен адамдарды интервьюер ретінде тарту және жалпымемлекеттік статистикалық байқаулар мен ұлттық санақтар жүргізу кезінде олардың жұмысын ұйымдастыру қағидалары бекітілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

    Қағидалар бастапқы статистикалық деректерді алу мақсатында адамдарды интервьюерлер ретінде тарту және олардың жұмысын ұйымдастыру және Ұлттық статистика бюросының аумақтық бөлімшелерінің жалпымемлекеттік статистикалық байқаулар мен ұлттық санақтар жүргізуі рәсімдерінің жиынтығын айқындайды.

    Байқаулар аумақтық бөлімшелер жүргізетін кездейсоқ таңдау әдісімен іріктелген респонденттердің және (немесе) үй шаруашылықтарының ерікті қатысу қағидаттарына негізделеді.

    Респонденттерден және (немесе) үй шаруашылықтарынан алғашқы статистикалық деректерді жинау статистикалық нысандарды өз бетінше толтыру және (немесе) арнайы дайындалған интервьюерлердің сауал салуы әдісі арқылы жүзеге асырылады.

    Байқауларда алғашқы статистикалық деректерді жинауды автоматтандыру мақсатында компьютерлендірілген жеке сауал салу жүйесі, ұлттық санақтарды өткізуден басқа жағдайларда пайдаланылады.

    КЖСЖ пайдалана отырып байқау респонденттерге және (немесе) үй шаруашылықтарына сауал салу және мәліметтерді портативті есептеуіш құрылғыға электронды түрде енгізу арқылы жүзеге асырылады.

    Адамдарды интервьюерлер ретінде тарту тәртібі

    Аумақтық бөлімшелерде байқау жүргізу кезінде адамдарды интервьюерлер ретінде тарту мынадай жолдармен жүзеге асырылады:

    • аумақтық бөлімшенің интернет-ресурсына интервьюерлердің бос орындарын жариялау;
    • интервьюердің бос орнына орналасуға тілек білдірген адамдардан өтінімдер қабылдау;
    • аумақтық бөлімшелердің мүдделі құрылымдық бөлімшелерінің қатарынан байқаулар жүргізу кезінде интервьюерлер ретінде адамдарды іріктеу үшін арнайы комиссия құру. Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ болуы және үш адамнан кем болмауы керек;
    • комиссияның адамдардың өтінімдерін білімін есепке алумен (жоғары немесе техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім немесе жалпы орта білім) жұмыс өтілі бойынша талаптарды ұсынусыз қарауы;
    • комиссияның интервьюердің бос орнына орналасуға тілек білдірген үміткерлермен әңгімелесу өткізуі;
    • интервьюер ретінде көпшілік даусымен комиссияның оң шешімін алған адамдармен өтеулі қызмет көрсету шартын жасау. Облыс орталығынан шалғай елді мекеннен интервьюердің бос орнына орналасуға тілек білдірген адамдардан өтінімдер түскен жағдайда комиссия аумақтық статистиканың тиісті қалалық немесе аудандық бөлімшесінде қашықтықтан режимінде әңгімелесу өткізеді (бейнеконференция байланысы арқылы, ол болмаған жағдайда телефон арқылы тілдесу жолымен).
  • Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті

    Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті

    Президенттің Түркістан облысына жұмыс сапары Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуден басталды. Бұл жөнінде ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің фейсбук парақшасында жариялады.

    Мемлекет басшысы ақын, ғұлама, бүкіл түркі дүниесіне ортақ рухани ұстаз Қожа Ахмет Ясауидің және кесене аумағында жерленген басқа да тарихи тұлғалардың рухына тағзым етіп, құран бағыштады.

    Қасым-Жомарт Тоқаевқа ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген кесенеде жүргізіліп жатқан кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жөнінде баяндалды.

    Бұған дейін Президент Түркістан облысына жұмыс сапарымен барғанын хабарлаған болатынбызhttps://sona.kz/kk/qasym-zhomart-toqaev-tuerkistan-oblysyna-keldi-6633/

  • Футзал: Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының ширек финалына шықты

    Футзал: Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының ширек финалына шықты

    Футзалдан Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының ширек финалына шықты. Ұлттық құрама 1/8 финалда Португалияны 1:2 есебімен жеңіп, әлемдік доданың ширек финалына жолдама алды.Тартысқа толы кездесудің 11-минутында-ақ Шыңғыс Есенаманов қарсыластардың қақпасына гол салды. Кейін португалиялықтар есепті теңестіргенімен, Дәурен Тұрсағұлов ұлттық құраманы қайта алға шығарды. Есеп 1:2. Бұған дейін Қазақстан осы жарыстың топтық кезеңінде Испания, Ливия, Жаңа Зеландия құрамаларымен кездескен еді. Енді ширек финалда Аргентина — Хорватия командалары арасындағы ойын жеңімпазымен бақ сынасады.