Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Әділет министрлігі алаяқтыққа қарсы пилоттық жобаны іске қосты 

    Әділет министрлігі алаяқтыққа қарсы пилоттық жобаны іске қосты 

    Алаяқтық әрекеттермен күресу мақсатында ҚР Әділет министрлігі 1414-тен СМС және EGov-mobile push-хабарламалар арқылы азаматтарды хабардар ету бойынша пилоттық жобаны іске қосты. 

    Бұрын нотариустар мен сот орындаушылары азаматтарды тапсырыс хат арқылы хабардар етсе, енді олар электрондық хабарламаларды сенімді байланыс арналары арқылы жібереді.

    Өткен жылы әділет органдарына нотариустар мен сот орындаушыларының әрекеттеріне қатысты 40 мыңнан астам шағым келіп түсті. Көптеген шағымданушылар нотариустардың атқарушылық жазбаларды шығарғаны туралы білмегенін, тек қандай да бір тыйымдар мен шектеулер салынғаннан  кейін ғана білгенін хабарлады. 

    Енді азаматтарға атқарушылық іс туралы және нотариус немесе сот орындаушысы туралы егжей-тегжейлі ақпараттар 1414-тен СМС-хабарламалар және EGov-mobile-дан push-хабарламалар арқылы уақытылы келіп отырады.

  • Эрик Робертс Астанада: Голливуд актері Көшпенділер ойындарымен танысты

    Эрик Робертс Астанада: Голливуд актері Көшпенділер ойындарымен танысты

    Танымал Голливуд актері Эрик Робертс 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарымен танысу мақсатында Қазақстан Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының арнайы шақыртуымен Астанаға келді.

    5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау жəне өткізу дирекциясы танымал актерге елордадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде Ойындардың таныстырылымын өткізді.

    Эрик Энтони Робертс — америкалық кино жəне телевизия актері. Ол 700-ден астам фильмдер мен телехикаяларға түскен жəне кино əлеміндегі атақты «Оскар» мен «Алтын глобусқа» үміткер болған.

  • Елімізде жүк көліктерінің жүруіне уақытша шектеу енгізілді

    Елімізде жүк көліктерінің жүруіне уақытша шектеу енгізілді

    «ҚазАвтоЖол» компаниясы бұл шаралар жол жабынын сақтауға, аптап ыстықта жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын алға тартты.

    Жыл сайын 1 маусым мен 31 тамыз аралығында, ауа температурасы 25°С жоғары болған кезде сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін келесі аймақтарда жүк көліктерінің қозғалысына шектеулер енгізіледі:

    • Алматы облысы;
    • Атырау облысы;
    • Жамбыл облысы;
    • Жетісу облысы;
    • Ұлытау облысы;
    • Қызылорда облысы;
    • Түркістан облысы;
    • Маңғыстау облысы.

    Ал 1 маусым мен 15 тамыз аралығында, сағат 11:00-ден 21:00-ге дейін келесі аймақтарда ауыр көліктердің қозғалысы шектелмек:

    • Абай облысы;
    • Ақмола облысы;
    • Ақтөбе облысы;
    • Шығыс Қазақстан облысы;
    • Батыс Қазақстан облысы;
    • Қарағанды облысы;
    • Қостанай облысы;
    • Павлодар облысы;
    • Солтүстік Қазақстан облысы.
  • Шымкенттің бұрынғы әкімінің ағасы ұсталды

    Шымкенттің бұрынғы әкімінің ағасы ұсталды

    Астана полициясы отбасын үйінен қуып шыққан шулы бейнеден кейін тергеу жүргізілгені туралы хабарлады. 

    Ресми мәліметке сүйенсек, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер фактісі бойынша азаматтың бұрынғы жұбайы А. — ға қатысты әкімшілік іс қозғалды.

    «Ол уақытша ұстау бөлмесіне орналастырылды. Материал сотқа жіберілді. Дене күшін қолдану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», — делінген ПД хабарламасында.

    Сондай-ақ полицейлердің іс-әрекеттеріне қатысты қызметтік тексеру басталды.

  • Жамбыл облысында жол апатынан бес адам қаза тапты

    Жамбыл облысында жол апатынан бес адам қаза тапты

    Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолында бірнеше көліктің қатысуымен жол апаты болды.

    Жол-көлік оқиғасының салдарынан 5 адам қаза тауып, тағы бесеуі ауруханаға жатқызылды.

    Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

    Жамбыл облысы полиция департаменті тиісті жедел-тергеу шаралары жүріп жатқанын хабарлады. 

    Тергеу барысы облыс прокуратурасының бақылауында. 

  • Алматы-Астана-Милан әуе рейсі ашылды

    Алматы-Астана-Милан әуе рейсі ашылды

    Бүгін Астана халықаралық әуежайынан Италияның Милан қаласына алғаш рет әуе рейсі бағыт алды, деп хабарлайды Sona.kz.

    Рейсті итальяндық NEOS әуе компаниясы жүзеге асырады.

    «Біз италиялық әріптестерге ынтымақтастық үшін алғысымызды білдіреміз. Жаңа рейстің ашылуы туристік ағынның дамуына және елдер арасындағы мәдени және іскерлік байланыстардың нығаюына ықпал ететініне сенімдіміз», — деді ҚР Азаматтық авиация комитетінің басқарма басшысы Әділет Көбенов. 

    Бұл рейс аптасына екі рет халыққа қызмет көрсетпек. 

  • Соңғы жылдары жол саласында қанша жемқорлық дерегі тіркелді? 

    Соңғы жылдары жол саласында қанша жемқорлық дерегі тіркелді? 

    Антикордың мәліметінше, жұмыстарды жоспарлаудан бастап оларды қабылдауға дейінгі барлық құрылыс процестері зерделенеді, деп хабарлайды Sona.kz тілшісі. 

    Қазіргі таңда НҚА мен ҚНжЕ жемқорлық нормаларына, олқылықтарға тексеру жүргізілді.

    Агенттіктің қылмыстық-құқықтық тәжірибесіне жүгінсек, жол құрылысында ЖСҚ құнын асыра бағалау, сапасыз материалдар, жабдықтар мен технологиялар пайдаланылады.  

    Жалпы, соңғы 3,5 жылда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 65 жемқорлық құқық бұзушылықты тіркеді, олар бойынша залал шамамен 9 млрд теңгені құрады.

    Жұмыстың екінші бағыты — жолдардың ағымдағы құрылысына мониторинг жүргізу.

    Бүкіл ел бойынша 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлінген 217 учаске қамтылды.

    Агенттіктің ерекше бақылауында 12 ауқымды жоба бар. Олардың әрқайсысына жергілікті жерлерде жұмысты үйлестіретін жауапты тұлғалар бекітілді.

    Барлық өңірлерде қоғам белсенділері, сондай-ақ осы саладағы сарапшылар кіретін мониторингтік топтар құрылды.

    Қазірдің өзінде талдау барысында бұзушылықтар анықталуда. Мәселен, 5 өңірде 4,8 млрд теңге сомасына артық және қайталама жұмыстарды қосу жолымен сметаларды асыра бағалау анықталды, ал 6 өңірде жүргізілетін жұмыстарды тиімсіз жоспарлау белгіленді.

    Мысалы, Абай облысында 20 млн теңгеге шұңқырлы жөндеу жүргізілгеннен кейін, сол учаскеде 1 млрд теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізілуде.

    Көлік министрлігінің Жол активтерінің сапасы орталығының жұмысына ерекше назар аударылады.

    Тек 4 өңірде ғана орталықпен 526 бұзушылық анықталды, олар кейіннен жойылмады.

    Талдау қорытындылары туралы Президент пен жұртшылық хабардар етіледі.

  • СҚО-да су тасқынынан зардап шеккен отбасылар жаңа үйлерге кірді

    СҚО-да су тасқынынан зардап шеккен отбасылар жаңа үйлерге кірді

    Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқынынан зардап шеккен қызылжарлықтар жаңа үйлерге қоныстануын жалғастыруда, деп хабарлайды Sona.kz kazinform.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

    Петропавл қаласындағы «Бірлік» шағын ауданы жаңа тұрғындармен толықты. Бүгін 49 отбасы жаңа үйлердің иесі атанды. Осылай су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін 200 жаңа тұрғын үй салынып, кілттері табыс етілді. Жоспарланған 700 үйдің 500-інде құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде, бұл үйлер қыркүйек айына дейін аяқталады.

    Айта кететін жәйт, су тасқынынан зардап шеккендер үшін тұрғын үйлердің құрылысына 1,5 мың құрылысшы жұмылдырылды.

    Сонымен қатар, зардап шеккен өңір тұрғындарына екінші нарықтан 621 баспана сатып алынды.

    Бескөл ауылының тұрғыны Айман Ғайнуллинаның үйі су тасқынынан кейін апатты деп танылды. Қазір комиссияның барлық кезеңдері артта қалды, ауыл тұрғыны отбасымен бірге жаңа үйде алғашқы қонақтарды қарсы алуға дайындалуда.

    «Біздің жаңа қонысымыз өзімізге қатты ұнайды. Бұл жерде адамдар үшін барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, жаңа үйде өзіміздің жеке бау бақшамыздың болатындығы қатты қуантады», — деді Подгора ықшамауданындағы тұрғын Юлия Малявко.

    Сәйкесінше, Бірлік ауданының тұрғыны Аубәкіровтер отбасы су тасқынынан кейінгі мәселелердің тез, оңтайлы шешілгендігі үшін алғыстарын білдірді.

    ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Ахуалдық орталығының мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысында барлығы 3 993 объектіге техникалық тексеру жүргізілді, оның нәтижелері бойынша:

    — 700 үй салу — 200 аяқталды;

    — 1329 үй сатып алу — 621 сатып алынды;

    — 1964 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу — 949 аяқталды.

  • Антикор жыл басынан 876 қылмыс тіркеді

    Антикор жыл басынан 876 қылмыс тіркеді

    Ағымдағы жылдың маусым айында ел Президенті «барлық деңгейдегі жемқорлыққа қарсы қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын» атап өтті.

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жартыжылдық алқа отырысында айтылғандай, ағымдағы жылы Агенттік 876 қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеді.

    Оның едәуір бөлігі парақорлықпен, жымқырумен және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланумен байланысты.

    Әкімдіктердің, квазимемлекеттік сектордың және құқық қорғау органдарының қызметкерлері жемқорлыққа барынша бейім.

    Жемқорлық тәуекелдері жоғары салаларға білім беру, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру жатады.

    Ведомство басшысы А. Жұмағали атап өткендей, Агенттік жоғары лауазымды тұлғалардың қатысуымен қылмыстық схемаларды әшкерелеуге байланысты сандық емес, сапалық көрсеткіштерге бағдарланған.

    Анықталған қылмыстарды жасауда 592 адам әшкереленді, оның ішінде 107 басшы.

    Олардың ішінде бұрынғы министрлер, вице-министрлер, комитет төрағалары, облыстық басшылар бар.

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әділет экс-министріне және басқа да адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.

    Ол жеке компанияның басшылығымен бірге бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды, алаяқтық жасады және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты деп күдіктенеді.

    Сондай-ақ, Агенттік бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі мен мердігер ұйымның басшылығына қатысты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды және бюджет қаражатын жымқырды деген күдік бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады.

    Аталған істердің әрқайсысы бойынша залал 1 млрд теңгеден асады.

    Қарағанды облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдік бойынша ҚР ТЖ жөніндегі бұрынғы бірінші вице-министріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.

    Ол ҚР ТЖМ әскери бөлімінің қолбасшылығына және Қарағанды облысы ТЖ департаментінің лауазымды тұлғаларына жеке үй салу үшін әскери қызметшілер мен арнайы техниканы тарту туралы заңсыз нұсқаулар берді деп күдіктелуде.

    Зерттеу нәтижелері бойынша Бас әскери прокуратура қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін Ақмола гарнизонының әскери сотына жіберді.

    Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Н.Т.Жүнісов және оның қарамағындағылар – балық ресурстарын қорғау және балық аулауды реттеу басқармасының басшысы Е.К. Суықбаев сотталды.

    Сот үкімімен оларға 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

    Сонымен қатар, аталған адамдар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

    Олар жалпы қамқорлығы үшін 2021 жылдан 2024 жылдың ақпанына дейін шағын және орта бизнес өкілдерінен жүйелі түрде пара алды деп айыпталды.

    Үкім заңды күшіне енген жоқ.

    Солтүстік Қазақстан облысында облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы әшкереленді.

    Ол СҚО қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне ұн жеткізу бойынша қызметтерді мемлекеттік сатып алу шартын жасасуға жәрдемдескені үшін кәсіпкерлік субъектісінен 1 млн теңге көлемінде пара алды деп күдіктелуде.

    Соттың санкциясымен күдікті үй қамағына алынды.

    Өскемен қаласының №2 соты ҚАЖД бастығының ШҚО бойынша орынбасары Қ.А. Зияновқа қатысты үкім шығарды.

    Ол сотталған – «Оператор РОП» ЖШС бұрынғы басшысы М. Құмарғалиев үшін жазасын өтеудің қолайлы және артықшылықты жағдайларын жасау жолымен лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды.

    Сот үкімімен Зияновқа 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру және «әділет подполковнигі» арнаулы атағынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

    Үкім заңды күшіне енген жоқ.

    Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

  • Қонаевта жол құрылысына қатысты 10 жоба жүзеге асады

    Қонаевта жол құрылысына қатысты 10 жоба жүзеге асады

    Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов Бас жоспар мен Кешенді даму жоспарына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

    Қазіргі таңда Бас жоспар аясында №8-10 шағын аудандарының жолы күрделі жөндеуден өтуде. Бұл жол Абай көшесі арқылы Арна ауылы мен 10-шағын ауданды жалғастырады. Мердігер – «Асар строй» ЖШС.

    Көше 4 жолақты, ұзындығы 14,3 шақырымды құрайды. Сонымен қатар шағын аудандардың ішіндегі 12 көшенің жолына ағымдағы жөндеу жасалады. Жобаның аяқталу мерзімі 2025 жылға жоспарланған.

    Құрылыс басына барған әкім мердігерді сынға алды.

    «Мұның бәрі халық үшін жасалып жатыр. Ал сіздер созып жүрсіздер. Ақша бөлінген, жобалық-сметалық құжаты дайын. Хаттама толтырылып, іс бақылауға алынады», — деді Асхат Бердіханов.

    Кешенді даму жоспарына келсек, 2023-2027 жылдар аралығында инфрақұрылымды дамытуға арналған 187 жоба жүзеге аспақ. Биыл 51 жобаның құжаттары әзірленуде. Оның ішінде 10-ы жаңа жол салу мен күрделі жөндеуден өткізуге қатысты. Шаһар басшысы құрылыс жүретін көшелерді аралап, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына бірқатар тапсырма жүктеді.