Рубрика: Қазақстан жаңалықтары

  • Ақтау қаласының әкімі тағайындалды

    Ақтау қаласының әкімі тағайындалды

    Бұған дейін қала әкімі болған Ұлықбек Тналиев өз еркімен қызметінен кеткен. Мұны Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

    Қалалық мәслихат депутаттары ұсынылған кандидатураны қолдады. Маңғыстау облысы әкімінің өкімімен ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Байпақов Әбілқайыр Жаңайұлы Ақтау қаласының әкімі қызметіне тағайындалды.

    Әбілқайыр Байпақов 1978 жылы Маңғыстау облысы Шетпе ауылында дүниеге келген. Мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша жоғары білімі бар.

    Осы жылдар ішінде облыстың мемлекеттік органдарында, оның ішінде Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасы мен мәдениет басқармасында, Ақтау қаласы, Түпқараған және Қарақия аудандары әкімі аппаратында, облыс әкімі аппаратында басшы, Баянды ауылының әкімі, «Каспий» ӘКК ҰК» АҚ директоры, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

    2023 жылдан бүгінгі күнге дейін Маңғыстау облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы болды.

  • Атырауда заңсыз айналымнан 7,8 тонна прекурсор тәркіленді

    Атырауда заңсыз айналымнан 7,8 тонна прекурсор тәркіленді

    Атырауда заңсыз айналымнан 7,8 тонна прекурсор, 751 психотроптық дәрі тәркіленді, деп хабарлайды Sona.kz Атырау облыстық ПД-ға сілтеме жасап. 

    Мәліметке сүйенсек, «Дәрмек» іс-шарасы кезінде кәсіпкерлік нысандары мен дәріханалар тексерілді. 

    «Бес күнде есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымына қатысты ережелерін сақтамаған 10 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Құқық бұзушылардан 7 тонна 840 келі прекурсор мен 751 дана есірткі, психотроптық дәрілік препараттар тәркіленді», — деп хабарлады ПД.

    Сонымен қатар ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігіне сай, 3 қылмыстық іс тіркелген. Осыған байланысты күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Күдіктілерден 529 грамм синтетикалық есірткі, тропикамид препараты табылған. 

  • Биыл Алматы облысында орман өртінің 9 дерегі тіркелді

    Биыл Алматы облысында орман өртінің 9 дерегі тіркелді

    Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе аз көрсеткіш. Мұны Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ТЖД маманы мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz.

    Мамандардың айтуынша, наурыздың жиырмасы мен қарашаның бірі аралығы өртке қауіпті кезең деп саналады. Бүгінде Алматы облысында 9 табиғи өрт оқиғасы орын алған. Салдарынан 2 млн.221 мың теңге залал келтіріліп, 5653 га жерді қызыл жалын шарпыды.

    Десе де, алдын алу шаралары жүргізілуде. Айталық, «Орман» республикалық профилактикалық іс-шарасының нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 367-бабына сәйкес, 3 жеке тұлғаға 553 мың 800 теңге айыппұл салынған.

  • Головкин Мемлекет басшысына Олимпиадаға дайындық туралы есеп берді

    Головкин Мемлекет басшысына Олимпиадаға дайындық туралы есеп берді

    Мемлекет басшысы Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкинді қабылдады Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық құраманың Париж Олимпиадасына әзірлігі жөнінде мәлімет берілді.

    «Ақорда» мәліметінше, Геннадий Головкин ұйымның халықаралық бағыттағы қызметін үйлестіру шаралары, сондай-ақ салалық білім беру жобалары туралы баяндады.

    Оның айтуынша, ҰОК Халықаралық Олимпиада комитетімен, Азия Олимпиада кеңесімен және басқа елдердің осындай құрылымдарымен байланысты жандандырып жатыр.

    Сонымен қатар Ұлттық олимпиада комитеті спортшылардың құқығын қорғауға бағытталған жобаларға баса мән беріп келеді.

  • Алматы облысында шопандар мотожүргізушілерге  қарумен шабуыл жасады

    Алматы облысында шопандар мотожүргізушілерге қарумен шабуыл жасады

    Алматы облысының полициясы тауда мотоциклшілерге шабуыл жасаған ер адамдарды іздеуде.

    Оқиға туралы бейне 2024 жылдың 15 шілдесінде әлеуметтік желілерде таратылды. Бейненің жазбасында Қаскелең таулары аймағында эндурист мотоциклшілерге шопандардың шабуылы болғандығы жазылған. Кадрларда қамшы ұстаған шопан мотоциклшіге күш көрсетеді, содан кейін оған қаруы бар адам мен тағы бір шопан қосылады.

    Алматы облысының ПД баспасөз қызметі бұл жағдайға түсініктеме берді.

    «14 шілдеде Алматы облысы Қарасай ауданының полициясына «Известковый» тауларында бір топ адамға белгісіз адамдар шабуыл жасағаны туралы арыз келіп түсті. Жәбірленуші шабуылдаушылар оны және оның достарын жануарларды үркітті деп айыптағанын, содан кейін оны қамшымен ұрып, қарумен қорқытқанын хабарлады. Қазіргі уақытта осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Шабуылдаушыларды ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде», — деп хабарлады полиция.

  • Жамбылда халықаралық іздеуде жүрген әйел ұсталды

    Жамбылда халықаралық іздеуде жүрген әйел ұсталды

    Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Қырғызстан Республикасының 43 жастағы азаматшасын ұстады, деп хабарлайды Sona.kz.

    Әйел адам 2023 жылдың қараша айынан бастап Өзбекстан Республикасы қылмыстық кодексінің 169-бабы 2-бөлігінде (Ұрлық) көзделген қылмыс жасағаны үшін мемлекетаралық іздеуде болған.

    Ол Ресей, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан аумағында зергерлік дүкендерден алтын бұйымдар ұрлаған. Біздің елдің аумағында Жамбыл облысы Қордай ауданындағы зергерлік дүкеннен алтын бұйымдарды ұрлап кеткен. 

    Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды және Өзбекстан Республикасы Самарқанд облысының ІІБ қызметкерлеріне берілетін болады.

  • Алматы облысында «Қажымұқан жолы» жарысы өтті

    Алматы облысында «Қажымұқан жолы» жарысы өтті

    Спорттық іс-шараны «Қазақстандық спортшылар одағы» ұйымдастырды.

    Жарысқа облыстағы аудандар мен Қонаев қаласының салмағы 90 келіден асатын жасөспірімдер мен ересектер санатынан тоғыз балуаны қатысты. Ең жасы үлкен қатысушы 65 жастағы Артықбай Қазақов өзінің төзімділігі мен шеберлігімен көрермендерді таң қалдырды.

    «Бұл турнирдің жаңғыруы өте маңызды. Ол Балуан Шолақ пен Қажымұқан сияқты ұлы ата-бабаларымыздың дәстүрлерін жалғастыруда. Мұндай жарыстар еліміздің жастарын спортпен шұғылдануға шабыттандыру, әр аймақтың спорттық мәдениетін көрсету және рухани күшке тәрбиелеу үшін қажет. Бұл турнирден қазақстандық спорттың болашақ аңыздары, тарихта өз ізін қалдыратын ұлы ата-бабаларымыздың лайықты ізбасарлары шығатынына сенімдімін», — деді Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков.

    Бұл ұлттық жоба Қазақстанда 2021 жылы іске қосылды. Турнирді ұйымдастырушы, күш жаттығулары бойынша әлемнің төрт дүркін рекордшысы Сергей Цырульниковтың айтуынша, жарыс физикалық денсаулықты нығайтып қана қоймай, мәдени-тарихи мұраны жалғастыруға арналған.

    Жарыс Қонаев қаласының орталық алаңында өтті. Қатысушылар бірнеше сайыстар бойынша бақ сынасты, соның ішінде ауыр сөмкелерді жылдамдыққа көтеру, үстел үстіне тасты орнату, темірді майыстыру, бөренелерді көтеріп, күресті.

    Жарыс қорытындысы бойынша чемпион атағын және бас жүлде – «Қажымұқан жолы» белдеуін спорт шебері, армрестлингтен Азия және Еуропа чемпионы Евгений Инкин жеңіп алды. Ол біздің облысты келесі жылы Астанада өтетін республикалық кезеңде таныстырады. Екінші орынды Еламан Жүніс, үшінші орынды Бауыржан Әбдірайым иеленді.

  • «Құнар» жобасының артықшылықтары қандай?

    «Құнар» жобасының артықшылықтары қандай?

    Алматы облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.

    Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасында тауарлық несие беру тетіктері де қарастырылған. Өз кәсібін ашуға ниет білдіргенге жер, мал немесе құс беріледі, тұрақты табыс көзін қамтамасыз ете отырып, дайын өнім кепілдендірілген бағамен сатып алынады.

    Сондай-ақ өңірде кәсіпкерлер қолдауымен «Құнар» жобасы қолға алынған. Жоба аясында бір отбасыға 30 қой беріледі, ал арнайы мамандар мал бағудың қыр-сырын үйретеді және жыл бойына қажетті кеңес беріледі. Жобаға алғашқы қатысушы ретінде Ақсеңгір ауылынан 3 отбасы таңдалды. Бастама авторы Жәнібек Кенжебаев жобаның басты мақсаты ауыл тұрғындарына тұрақты табыс көзін ұсыну екенін алға тартып отыр.

    «Біздің бастамамызды «Kusto group» компаниясы мен «Qunar creative» қоғамдық қоры қолдап отыр. Біз қойларды құр беріп қана қоймаймыз. Сонымен қатар ветеринарлық қолдау көрсетіліп, жайылым мен мал күтімі үйретіледі. Тұрақты түрде шаруаның барысын қадағаланып отырады. Жобаға қатысушылар кәсіби мамандардың көмегімен мал басын көбейтіп, өз кәсібін дөңгелетеріне сенеміз», — деп атап өтті кәсіпкер.

    Жобаға қатысушылардың бірі – Дәуіт Әбдірахымов. Жұбайымен 6 бала тәрбиелеп отырған азаматтың сөзінше, ата кәсіппен айналысуға ниетті жандар көп, алайда бәрі бірдей малдың бабын біле бермейді. Сондықтан қой өсіруде мамандардың көмек беруі тиімді екенін атап өтті.

    «Үкімет түрлі қолдау бағдарламаларын жүзеге асыра отырып, ауыл шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөліп келеді. Бұл ретте жеке кәсіпкерлердің бастамалары да маңызды рөл атқарады. Азаматтарға өз кәсібін бастауда алғашқы қадам жасауға көмек беру маңызды. Жобаға қатысып жатқандарға сәттілік тілеймін», — деп түйіндеді сөзін Тамара Дүйсенова.

  • Қазақстанда алғаш өткен IBO олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды

    Қазақстанда алғаш өткен IBO олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды

    Бүгін марапаттауға IBO халықаралық комитетінің төрағасы Ленка Либусова келіп қатысты. 

    Олимпиадаға 81 елден 305 оқушы мен 275 ғалым келген. Олар 150-ге жуық марапатқа ие болды. 

    Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Олимпиаданың маңыздылығын атап өтті. 

    «Бұл – дүниежүзіндегі беделді 7 Олимпиаданың бірі. 35 жылдың ішінде алғаш рет Қазақстан жерінде өтіп жатыр. Біздің ел үшін үлкен жаңалық деуге болады. Өткен Олимпиадаларға 60 елден үміткер келсе, бұл жолы елімізге 80-нен астам елден үміткерлер жиналды», – деді министр. 

    Биыл үздіктердің қатарынан отандастарымыз да көрініп, қола медальді иеленді. Олар — Ғалымжан Бақтыбай, Амина Тынарбай, Нұртөре Төреханұлы, Диас Сүлейменов.

    Жарысқа қатыстушылар бір апта бойы биохимия, молекулалық биология, биоинформатика және жануарлар анатомиясы, физиологиядан екі теория және 4 практикалық турда бәсекеге түсті. 

    Келесі IBO халықаралық олимпиадасы Филиппинде өтеді.

  • Түркияда студенттер мінген автобус апатқа ұшырады

    Түркияда студенттер мінген автобус апатқа ұшырады

    Түркияның оңтүстік-батысындағы Мугла провинциясында туристер мінген автобус жолаушылар көлігіне соқтығысып, 1 адам қаза тапты, деп хабарлайды Sona.kz тілшісі 24kz-ке сілтеме жасап.

    Тағы 30-дан астам адам жарақат алды. Зардап шеккендер жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, жол-көлік оқиғасына тежегіштің істен шығуы себеп болған.

    Ақау кесірінен автобус жол жиегінде тұрған бірнеше жолаушылар көлігіне, артынша үйге соғылып барып тоқтаған. Көлік ішінде экскурсияға шыққан жергілікті студенттер болған. Оқиғаға қатысты тергеу басталды.